Accessibility links

Аустрияда «Қазақгейт-2» басталып келеді, Астана мен Венаны қызу күз күтіп тұрған сыңайлы


Рахат Әлиев, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы. Вена, 2008 жыл.

Рахат Әлиев, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы. Вена, 2008 жыл.

Аустрияда қазақ арнаулы қызметтерімен байланыста болған деп күдіктелген елдің кейбір саясаткерлеріне қатысты жанжал өршіп барады. Ал Рахат Әлиев қазақ оппозициясының жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуіне байланысты Аустрияда тергеу ісін бастауға қол жеткізбек ойда.

АУСТРИЯДА «ҚАЗАҚГЕЙТ-2» ПАЙДА БОЛДЫ

Қазақстанға байланысты Аустрияда қызып келе жатқан жанжал бұл тақырыпқа келгенде Еуропаның Америкадан басып озатынын байқатып отыр. Лоббизм шеберлерінің жүргізген әрекетінің арқасында америкалық «Қазақгейт» ісі ащы ішекше созылып кетті.

Нұрсұлтан Назарбаев пен оның жақын серіктестерін Қазақстанның энергия көздеріне америкалық фирмаларды жіберу үшін аса ірі мөлшерде қаржылай сыйлық алды деп айыптаған сот процесін қандай айла-тәсіл қолданып ақырына дейін жеткізбей отырғаны да әлі толық белгілі емес.

Бірақ, «Қазақгейт» географиялық тұрғыдан алғанда барынша жылжымалы құбылыс болып шықты. Қазақтардың қатысуымен Атлант мұхитының екі жағында жасалып жатқан көптеген әрекеттер осындай ойға жетелейді.

Еуропалық «Қазақгейттің» басталуына Аустрия жол ашты. Аустриялық «Қазақгейттің» табиғаты америкалыққа жақындау - онда да, мұнда да негізгі себептердің бірі ақшаға барып тіреледі.

Америкада, тергеудің дәлелдегісі келгеніндей, Ақорда пайдаға кенелген. Ал Венада болса қазақ жағы біреуден алған жоқ, қайта жергілікті саясаткерлерді риза қылу мақсатымен біраз шашылуға тура келген.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзі де, Қазақстандағы көптеген ресми тұлғалар да «Қазақгейт» – Американың ішкі ісі деп талай айтқан болатын. Қорғаудың желісі нақты белгіленген. Аустрияда жаңа басталып келе жатқан тыңшылық жанжалға байланысты Ақорда әзірге үнсіз отыр. Бірақ, Вена мен Астананың биылғы күзі қызу болатын түрі бар.

АУСТРИЯ ІІМ БАСШЫСЫ ҚАЗАҚ АРНАУЛЫ ҚЫЗМЕТТЕРІН АЙЫПТАЙДЫ

Енді бұл мәселені сол жақта зерттеген көздерге қайрылсақ. Аустрия парламентшілерін сатып алудың артында дәл қазақ арнаулы қызметтері тұр деп мәлімдеген Аустрия ішкі істер министрі Мария Фектердің сөзін «Остеррайх» газеті келтіреді.

Газеттің хабарлауынша, Аустрия парламентінің мақсаты – толықтай тексеру жүргізу. Бұл тексеру арқылы шетелдік ақшаның пайдаланылғандығын және оның қаншасы Аустрия саясаткерлері мен журналистерін қаржыландыруға жіберілгенін анықтау.

Америкалық және аустриялық жанжалдардың айырмашылығы – Америкада Астана ақша табумен айналысқан. Мүмкін бұл заңды түрде болмаған шығар.

Аустрия Конституциясын қорғау жөніндегі басқарманың арнайы тексеруіне сілтеме жасаған дәл сол «Остеррайх» газетінің хабарларына қарағанда, Аустрияның Бостандық партиясының көптеген саясаткерлері әдейілеп болса да, байқамай да, қазақ агенттерінің сілтеуімен жұмыс істеген.

Қазақ арнаулы қызметтерінің Венаға назар аударуында қисын бар. Конституцияны қорғау жөніндегі басқарма қызметкерлері анықтағанындай, өткен жылдың қыркүйек айында-ақ Рахат Әлиевті ұрлап әкетуге әрекеттер жасалған.

Міне, дәл осы жағдайға байланысты «Остеррайх» газеті өзінің бір мақаласында:«Қазақтар бұрынғы елші Әлиевті алып кетпекші болды. Аустрия оны беруден бас тартты. Содан кейін үлкен ақшалар ағылды» деп жазды.

ШАБДАРБАЕВ ӨЗІНІҢ ПЛЮСТЕРІ ЖАЙЫНДА АЙТАДЫ

Міне содан барып Астананың тыңшылары мен олардың жалдамалылары Венадағы «жұмыстарын» бастады. Олар Әлиевтің сыбайласы, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевты ұрлап әкетпек болды. Ол да Аустриядан баспана тапқан болатын.

Операция толық әшкереленіп, оның соңы шулы жанжалға айналды. Венадағы «Вальтер» апталығында бұған қатысты журналистік зерттеу жүргізіп, ол мақала газеттің 22 шілдедегі санында «Құпия актілер – Қазақстан» деген тақырыппен жарық көрді. Мақаланың тақырыпшасы «Полицейлер мен... саясаткерлер қазақ қауіпсіздік қызметіне қалай жұмыс істеді?» деп аталады.

Зерттеу қазақ агентурасының Аустриядан ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевты қалай ұрлап алып кетпек болғандығын егжей-тегжейлі сипаттаудан басталады.

Алғашқы әрекет өткен жылдың 17 шілдесінде болған. Бірнеше жігіт Мұсаевқа оның Венада тұрған үйдің жанында келіп: «Қайырлы таң, Әлнұр, президент Нұрсұлтан Назарбаев сені Қазақстанға шақырады» деген.

Ол әрекеттен нәтиже шықпады. Әлнұр Мұсаев құтылып кетті. Бұдан соң күш, тіпті қару қолданған екі әрекет болды. Бұл жағдайларда да шабуыл жасаушыларға Мұсаевты ұрлап әкету мүмкін болмады.

Тергеумен Аустрияның Конституцияны қорғау жөніндегі мемлекеттік басқармасы айналысты. Веналық «Вальтер» апталығы жазғандай, Әлнұр Мұсаевты Венада ұрлап әкету әрекеттері Қазақстан арнаулы қызметтері тарапынан тапсырыс беріліп, қаржыландырылып және үйлестірілгеніне басқарма нақты дәлелдер алған.

Қазақ ҰҚК-нің бұрындары аса көп сөйлемейтін төрағасы Амангелді Шабдарбаев биылғы жылдың маусым айында билікті қолдаушы «Айғақ» газетіне берген сұхбатында, газет тілшісінің Аустриядағы жанжалға байланысты сұрағына оның мекемесі халықаралық құқықтық нормаларды қатаң сақтап, тек заң шеңберінде жұмыс істейді дегенде осы жайында айтты ма екен? Шабдарбаевтың бұл сұраққа жауабы ұзын бір сөйлемге сиып кеткен.

Айтпақшы, бұл сұхбатында Амангелді Шабдарбаев сөзінің соңын 30 жылдан бері органда адал қызмет етіп келе жатқандығын айтуды ұмытпаған. «Интерфакс-Қазақстан» ақпарат агенттігіне берген сұхбатын да ол дәл осылай аяқтаған болатын. Бюрократтық тілде бұны жоғарыдағыларға, президент Назарбаевтың өзіне серт беру деп атайды.

«ҚАЗАҚ ДИКТАТУРАСЫНАН» КЕЛГЕН АҚША

Бірақ, Аустрия газеттерінің жазуынша, қазақ арнаулы қызметтері өздерін заң шеңберімен қысып тастаған жоқ. Баспасөздің жазуынша, қыркүйекте Венада Әлнұр Мұсаевты ұрлап әкетуді көздеген оқиға бойынша сот ісі басталмақ. Басты фигурант – Ильдар деп аталатын әлдебір азамат. Шамасы бұрынғы совет азаматының тұлғасы осы күзде газет тақырыптарында өз орнын алатын болса керек.

Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевты ұрлап әкету әрекетінен ештеңе шықпаған соң қазақ агенттері Венаның саясатына ықпал етіп көрмек болды деп жазады ресми тұлғаларға сілтеме жасаған Аустрия газеттері. Астанадағылар Аустрия парламентінде, парламентке Рахат Әлиевті Қазақстанға беруге мәжбүрлейтін қажетті саяси жағдай туғызбақ болып шешті.

Аустрияның тағы бір «Дер Штандарт» газеті Конституцияны қорғау жөніндегі басқарма жүргізген дәл сол зерттеуге сілтеме жасайды. Газеттің жазуынша, Рахат Әлиевтің айналасындағы дағдарыс одан әрі тереңдей түскен. Оған себеп болған жағдай, Әлиевтің Қазақстанға берілуіне қол жеткізу үшін қазақ арнаулы қызметтерінің Аустрия парламентшілеріне ықпал етпек болған әрекеттеріне байланысты дәлелдер Аустрия жағына белгілі болған.

Бұл үшін біраз қаржы бөлінгенге ұқсайды. Бұл жайында Аустрия парламенті мен үкіметінде ресми дәлелдер бар.

«Ди прессе» газеті жазғанындай, Қазақстанның арнаулы қызметтерімен тек оңшылдар ғана байланысып қоймаған, сонымен бірге ықпалды социал-демократтар да бұл қармаққа түскен. Бұл жайында Аустрияның Конституцияны қорғау жөніндегі басқармасының арнаулы есебінде жазылған.

Газет Аустрия баспасөзінде өте көп жазылған, белгілі саясаткер, социал-демократ Антон Гаалға байланысты оқиғаны да келтірген. Ол 2008 жылы қазақ арнаулы қызметтерінің өкілдерімен кем дегенде 95 рет байланысқа шыққан деген болжам бар.

Аустрия баспасөзінде жанжалға байланысты кезекті жазбалар жарық көруде.

«Қарапайым ғана парламенттік сұрау салу үшін Қазақстаннның арнаулы қызметтері бұл елдегі саяси партияны қаржыландырады деген кімнің ойына келіп еді?» деп жазады Аустрия журналисі Вольфганг Фельнер «Остеррайх» газетінде. Ол және былай деп жалғастырады:

«Ішкі істер министрлігі әлдебір шағынтиражды газет пен Аустрияның тағы бір орталық газетінен, болмаса онда жұмыс істейтін журналистерден, оларға «достық көмегін» беріп, газетте қажетті хабарларды жариялағаны үшін қазақ диктатурасынан ақша алады деп күдіктенетіні жайында кім ойлаған еді?»

Сөйтіп, Рахат Әлиевке қарсы жасалған тыңшылық жорық Ақорда тарапынан қосымша жалақы алуға ниет еткен Аустрияның саясаткерлері мен газетшілерін жаппай аулауға айналып кетті.

АЛТЫНБЕКТІҢ ІСІ ЖӘНЕ РЫСБЕК СӘРСЕНБАЙҰЛЫ

Бұл Қазақстан арнаулы қызметтерінің жай ғана сәтсіздігі емес. Аустриялық «Қазақгейт» оқиғасының бұдан арғы өрбуі Ақордаға жайлы тие қоймауы мүмкін.

Осылардың барлығы Рахат Әлиевтің ойымен үндесіп жатыр ғой. Ол өзінің мақсатын жасырып та жүрген жоқ. Ол Астанаға және Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне қарсы бірнеше сот процестерін ұйымдастырмақ болып әрекеттенуде. Қазақстандағы демократияға қарсы бірнеше қылмыстық әрекеттер Аустрия жерінде даярланғанына Әлиев сенімді.

Өзінің «Өкіл қайын ата» кітабында кемінде бір қылмысқа байланысты Әлиев өзін куәгер ретінде көрсетеді. Әлиев ол кезде қуғындала қоймаған, Қазақстанның Аустриядағы елшісі болатын. Бұл қылмысқа қатысты өз болжамын Әлиев ең көрнекті қазақ оппозиционерлерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуіне байланысты 25-ші тарауында жазған.

Рахат Әлиевтің жазуынша, Қазақстанның жоғары биліктегі адамдары Аустриядағы демалыс кезінде қажетсіз қарсылас пен бәсекелестен қалай құтылудың жоспарын жасағанына оның өзі куә болған.

Тағы да қазақтың танымал газеті «Айғаққа» сілтеме жасап көрсек. Жақында Қазақстанның Бас прокуроры Қайрат Мәми бұл газетке кеңінен сұхбат берген. Оған атышулы «Өкіл қайын ата» кітабына байланысты сұрақ қояды. Қайрат Мәми Қазақстанда тыйым салынған бұл кітап жаппай өтірік сөздердің арасына құжаттарды тықпалай отырып жазылған деді. Осылай деп кесіп айтты.

Бас прокуратура осы кітап жарық көрісімен, мамыр айында оны ұғымға қарсы деп тапқан. «Өкіл қайын ата» кітабын Қазақстанда оқуға болады, бірақ таратуға тиым салынған. Әзірге кітапқа байланысты сот болған жоқ, бірақ тергеу мүддесі үшін Бас прокуратура тарапынан жасалған тиым ғана бар. Тергеудің өзін ҰҚК жүргізуде. Тергеу барысы жайында әзірге ешнәрсе айтылмайды.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Рахат Әлиев өлтірілген оппозициялық саясаткердің ағасы журналист Рысбек Сәрсенбайұлын шақырып, оған өзінде бар барлық құжаттар мен деректерді беріп, осы арқылы Аустрияның заң процедуралары арқылы сот тергеуін бастамақ ойы барын айтқан.

Рахат Әлиев, Рысбек Сәрсенбайұлы бұған дейінгі барлық ұрыс-керіс пен өзара айыптауларды серпіп тастап, өзінің бауырын өлтірген адамдарды табу үшін шындап әрекет етеді деген үміті барын да айтқан.

«Ал енді Рысбек байланысқа шықпаса немесе бас тартса, онда бұл істі Аустрия сотына өзім жеткіземін», – дейді Рахат Әлиев.

Рахат Әлиевтің айтуынша, Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуі территориялық жағынан Аустриямен байланысты болғандықтан, Аустрияның сот жүйесінің өзі бұл істі қарауға мәжбүр болады дейді.

Осындай күрт өзгерістерден соң Еуропа мемлекеттері үшін де, Астана үшін де толып жатқан проблемалар туындайды. Әсіресе, 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі қарсаңында. Оның үстіне қырсық қылғандай, ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтері де дәл сол Венада орналасқан. Теориялық жағынан алғанда ЕҚЫҰ төрағасы Вена сотына шақырту алып қалуы да мүмкін.

(Мақалада журналист Александр Народецкийдің жеке көзқарасы білдірілген, ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).
XS
SM
MD
LG