Accessibility links

Ә.Нұршайықов: Шығармаларымда еңбек пен ерлікті, махаббат пен достықты жырладым


Әзілхан Нұршайықов, соғыс ардагері, Қазақстанның халық жазушысы. Алматы, 6 мамыр 2009 ж.

Әзілхан Нұршайықов, соғыс ардагері, Қазақстанның халық жазушысы. Алматы, 6 мамыр 2009 ж.

9 мамыр қарсаңында Азаттыққа сұхбат берген соғыс ардагері, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов қан кешкен күндерден естелік айтып, өз шығармашылығы мен ұлт тәрбиесі жайында сөз қозғады.




ЖАМБЫЛ АҚЫНҒА МАЙДАННАН ӨЛЕҢМЕН ХАТ ЖАЗҒАН ЖАУЫНГЕР

– Осыдан 64 жыл бұрынғы 9 мамыр күні сіз қайда болдыңыз және сол күнгі көңіл күйіңіз қандай болып еді?

– Бұл күні біз Германияның Бисмар қаласына жетіп тоқтаған едік. Жеңістің қуанышын осы қалада қарсы алып, бір-бірімізден сүйінші сұрап, пилоткаларымызды аспанға аттық, қолымыздағы винтовкалардан салют бердік. Сол күнгі соғыс бітті, енді елге, туған жерге, сүйген қыздарымызға барамыз, ата-ана, туған-туыспен қауышамыз дегенді сезінген қуанышты көңіл күйді айтып жеткізу қиын еді.

Майдандағы күндерді ойлағанда ылғи топ-топ болып соғыс қаруын асынған жауынгерлер мен лек-лек болып ағылған зеңбіректер әлі күнге көзіме елестеп тұрады.

– Совет-герман соғысының шежіресі, әсіресе Қазақстанға қатысты жағынан алғанда қалыптасып бітті ме?

– Бұл соғыста жасалған ерліктер, сол ерліктердің авторлары болған майданда қан кешкен жауынгерлердің аты аталмай қалғаны жоқ, қазақтан 100-ден аса адам Совет Одағының батыры атанды, оққа ұшқандарымыздың бәрін дәріптеп келеміз. Сондықтан, мен бұл тұрғыдан соғыс тарихына ешқандай қиянат жасалған жоқ деп айта аламын.

– Соғыс уақытында Жамбыл ақынмен хат арқылы байланысып хабар алысып тұрыпсыз. Ол неден басталып еді?

– 1943 жылы Жамбылдың майдандағы баласына жазған хаты әскери газеттерде «Балама хат» деген атпен өлең түрінде жарияланды. Біздің 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасы деген тек қана қазақтың 18-19 жастағы жастарынан Алматы мен Ақтөбеде жасақталған Калинин майданындағы соғыстарда Великие Луки, Невель сияқты қалаларды жаудан азат етуге қатысқан жауынгерлер еді. Әлгі айтқан Жәкеңнің өлеңіне жауап ретінде өлең жазу үшін мені бригаданың саяси бөліміне шақырды, ол кезде мен жауынгерлердің рухын көтеру үшін ылғи патриоттық өлеңдер жазып, майдандағы газеттерге жариялап тұратынмын. Бригадамызда қазақ тілінде шығатын «Сталин үшін, алға!» деген газетіміз бар еді, соның редакциясында 2-3 күн отырып, бригаданың барлық жауынгерлерінің батырлық, ерлік істерін баяндап, өлеңмен жауап жаздым. Ол өлеңді редакцияда, бригадада, саясат бөлімінде оқыдым. Бригадамыздың комиссары Сақтаған Бәйішев тыңдап, ұнатып, сонымен хатты Қазақстанға салып жібердік. Хатта:

«...Уа, қадірлі, атажан!
Ұлы жолға аттанған ұлдарыңа сеніңіз,
Жауды аямай қырамыз, тазарғанша жеріміз...» деген жолдар болатын, мұнымызға Жамбыл ақсақал «Жүз жасаған жүректен...» деген өлеңімен былайша жауап беріпті:

«...Уа, қарағым, балалар!
Ер бол демей не дейін?!
Ереуілді майданда үстем болсын мерейің!
Жауды жеңіп, талқандап келгеніңді көрейін,
Қаһарманым, күнім деп беттеріңнен өбейін...»

Осы хатты майданда оқығанда батальон болып жиналып тұрып тыңдаған жауынгерлер құдды бір өз үйлерінен, әке-шешелерінен келген хаттай көздеріне жас алып қабылдап еді. Міне, осы жүз жасаған Жәкеңнің батасымен, хаты арқылы берген қуатының күшімен біз жауды жеңіп, елге жеңіспен оралдық.

Майданда жүргенде елге барғасын: «Жәке, сіздің тапсырмаңыз орындалды» деп рапорт беремін деп ойлап жүргенмін. Соғыстан 1945 жылдың 15 қарашасы күні Алматыға келдім, мен майданнан оралғанша, жыр алыбы о дүниелік болып кетіпті, сөйтіп, ол кісімен бетпе-бет кездесу бұйырмады, дегенмен зиратына барып зиярат жасап, тәжім етіп қайттым.


"БАУЫРЖАНҒА ЖҰМСАҒАНША ЗООПАРКТЕГІ АРЫСТАННЫҢ ЖАЛЫН СИПАУҒА ЖІБЕРІҢДЕР"

– Ал «Ақиқат пен аңыз» атты кітабыңызға арқау болған Бауыржан Момышұлымен таныстығыңыз туралы да оқырмандарға кеңірек айтып берсеңіз?

– Ең алдымен 1943 жылғы «Знамя» журналының №5, 6 сандарында жарияланған Бауыржанның батальоны туралы Александр Бек деген жазушының повесінен Баукеңнің атымен таныс болдым, бұл шығарманы мен күндіз күннің жарығымен, түнде айдың сәулесімен оқып шықтым. Осы арқылы менің батыр Баукеңе деген ықыласым мен қызығушылығым артты, ол кісінің тұлғасына сондай сүйіспеншілікпен, құрметпен қарай бастадым.

Ал ең алғаш түр-тұлғасын көргенім — 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде еді. Павлодардағы облыстық газеттің редакторы ретінде бұл шараға шақырту бойынша барсам, онда менің «Махаббат, қызық мол жылдардағы» кейіпкерім Жомартбек — Мырзабек Дүйсенов те бар екен, екеуміз Қазақстаннан келгендерге бөлінген «Киев» қонақүйінің бір бөлмесіне орналастық.

Орналасып болысымен қыдырып келейік деп сыртқа шықтық. Қонақ үйдің алдында сұңғақ бойлы, ұзын пальтосы мен папахасы бар бір кісі әрлі-берлі жүр екен. Ол кісіні көре сала менің досым, «жүр, Баукеңе сәлем береміз» деді.

Бұған дейін түрін көрмегендіктен мен оның атақты Бауыржан екенін білмедім. Қасына барып амандасқан бізге Баукең одырая қарап: «Сендер кімсіңдер?» деді. Мен өзімді және жолдасымды таныстырып едім, «не шаруаларың бар?» деп сұрады.

«Басты мақсатымыз — сәлем беру, рұқсат етсеңіз суретке түссек», дедім.

Баукең менен «соғыста болдың ба?» деп, майданда қай жерде болғанымды тәптіштеп сұрап алды. Менің соғыстан келгенімді естіген соң рұқсатын беріп, екеуміз суретке түстік. Мырзабектің де ол кісімен суретке түскісі келіп тұр, осыны айтып едім, «ол соғысқа барды ма?» деп сұрады.

«Жоқ» деп едім, «онда барыңдар, айда, мен соғыста болмағандармен суретке түспеймін» деді. Бұл Баукеңді алғаш көруім және тілдесуім еді. Одан кейін ол кісінің 60 жылдығы тұсында Қазақ совет энциклопедиясында қызмет істеп жүрген маған «Жұлдыз» журналы Баукең туралы 6 беттік мақала жазуды тапсырды.

Мен бұл тапсырмадан азар да безер болып қашып, одан сұхбат алуға жұмсағанша, зоопарктегі арыстанның жалын сипауға жіберіңдер дедім. Олай дейтін себебім, ол кісінің бұған дейін талай журналистерді қуып жібергенін естігенмін.

Бірақ Рахметолла Райымқұлов, Тілек Жәкешев деген сыйлас ағаларым жалынғандай болғасын амалсыз келістім. Сөйтіп, ол кісінің үйіне хабарлассам, Жуалыда демалып жатыр, бір айдан соң келеді деген жауап алдым.

Содан бір ай бойы ол кісінің өз жазғандары мен ол туралы жазылғандарды түгел оқып шығып, 60 сұрақ дайындадым да, үйіне бардым. Баукең ас үйінде шәй ішіп отыр екен, әскердегіше «здравия желаю» деп амандасып кірдім.

«Не шаруа?» деді ол. Мен келуімнің мәнісін түсіндіріп, «Сіз туралы біраз авторлар жазыпты, өзіңіз де біраз жаздыңыз, енді маған не жазу керектігін сізбен ақылдасайын деп едім» дегенім сол еді, оның қабағы түйіліп, мұрты едірейіп, шашы тікірейіп: «Сонда саған мақаланы мен жазып беруім керек пе? Кругом..!» деді.

Мен жалт қарап бұрыла бере: «Бауке, дат!» деп едім, сол сөз ұнап кеткен болу керек, мырс етті де: «Айтқын!» деді. «Мен теріс қарап тұрмын ғой, бұрылуға рұқсат етіңіз» дедім, «Бұрылғын!» дегесін, оң қарап жөнделіп алдым да: «Сіз менің сұрақтарыма жауап берсеңіз мақаланы өзім жазамын» деп сарт-сұрт басып бардым да сұрақтарымды қолына ұстаттым.

Төрт беттік сұрақтарды парақтай бастаған Бәукеңнің жүзі жылып: «Это серъезно, садись» деп алдында тұрған орындықты нұсқады. Сол отырғаннан 4 жыл отырып, «Ақиқат пен аңызды» жазып шықтым, ол үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері болдым.

Ол уақытта Баукеңнің әйел мәселесіне байланысты басылымдарда сыналып, жүні жығылып жүрген кезі еді, менің жазғандарым ол кісіге рухани демеу болды деп ойлаймын, ал ол кісінің сұхбаты маған қанша танымалдылық әкелгені оқырманға мәлім, осылайша біз достасып кеттік, бір-біріміздің үй-ішімізбен танысып, араласып тұрдық.

– Совет Одағының батыры атағын алған қазақтардың қайсысымен майдандас болдыңыз, соғыстан кейін кездескендеріңіз бар ма?

– Ең бірінші Совет Одағының батыры болған, соғыс уақытында Мәскеуде саяси басқармада үгітші болып қызмет атқарған Мәлік Ғабдуллинмен кездестім, ол біздің бригадаға қонаққа келіп танысты. Оған арнап мен өлең оқыдым, сол кезде ол кісі менің мекен-жайымды, аты-жөнімді жазып алып кетіп, екеуміз соғыс кезінде хат алысып тұрдық.

Елге келген соң мен «Социалистік Қазақстан» газетінде қызметте болдым, Мәкең КазПИ-дің директоры болды, одан соң академияда бірге қызмет істедік, осы уақыттардың бәрінде байланысымыз үзілген жоқ, ол мені ылғи таңертең серуенге шақыратын.

Мен серуен кезіндегі әңгімелердің бәрін жазып жүрдім, сөйтіп жүргенде Мәкең қайтыс болып кетті, осы әңгімелердің нәтижесінде менің ол кісіге арнаған «Тоғыз толғау» деген кітабым жарық көрді.

Майданда Мәншүк Мәметовамен бірге болдық, бірақ ол кезде Мәншүк Совет Одағының батыры атағын алмаған. Ол жайында «Невель түбінде» атты повесть жаздым. Соғыстан кейін Павлодарда тұрғанда Совет Одағының батыры Махмет Қайырбаев деген азаматпен араластым, ол туралы «Батырдың өмірі» деген повесть жаздым.

"КҮНДЕЛІК ЖАЗБАЙТЫН КҮНІМ ЖОҚ"

– Сіздің күнделік жазатыныңызды білеміз, бұл әдетті қашан бастадыңыз?

– Күнделік жазуды соғыс кезінде бастадым, оның басты себебі – менің оқ атудан басқа майдандастарымның ерлігін насихаттау, өлең жазу деген қызметім болды, сол арқылы күнделікке де ден қоя бастадым.

Күніне бірнешеуі мерт болып, бірнешеуі жараланып жатқан серіктерім туралы күнделікті қойын дәптерге жазып отыру әдетіме айналды. Соғыстан жазып қайтқан 15 дәптерімнің көшірмесін өзіме алып қалып, түпнұсқасын орталық мұрағатқа тапсырдым.

Соғыстан кейінгі журналистік жылдарымнан жазылған 200-ден аса дәптерім бар, ал 1973 жылдан бері күнделікті күн сайын жүргізіп отыратын болдым. Одан бергі жазғандарымның өзі қалың дәптермен 130 күнделік болды, мұның бәрін кітап қылып шығаруға шамам жоқ, ең болмаса компьютерге бастырып қойсам деп отырмын.

– Кітапханаңызға қолтаңба қойылған кітаптар жинапсыз, кімдердің қолтаңбалары бар және мұндай кітаптардың саны қаншаға жетті?

– Менде қолтаңба қойылған 1500 кітап бар, олардың ішінде Дінмұхаммед Қонаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сияқты азамат ағалардан бастап өнер адамдарының, ғалымдар мен ақын-жазушылардың талайының қолтаңбасы бар. Бұл кітаптардың 1200 данасына марқұм әйелім Халима картотека жасап беріп еді, қалғандары жүйеленбей қалды.


МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРШЫСЫНА - "МАХАББАТ ПАТШАСЫ" АТАҒЫ

– «Махаббат, қызық мол жылдардың» кейіпкерлерімен байланысыңыз одан әрі жалғасты ма?

– Бұл менің соғыстан кейін келіп оқуға түскендегі бірге оқыған, маған көп көмек еткен курстас қыздардың құрметіне жазған шығармам екені белгілі. Бұл қыздардың көбісімен көзі тірісінде араласып тұрдым, қазір олардан қалғаны Меңтай ғана.

2002 жылы Меңтай 75 жасқа толған тойын жасады және оған 40 жыл ұстаздық қызметпен айналысып, әдеби кейіпкер болғаны үшін өзі тұратын Кентау қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілді, соған байланысты шақыртқан соң ауруханада жатқан жерімнен сұранып барып қайттым.

Бірақ мені тойға шақырған Меңтайдың келіні Тамараға: «ат мінгізбеңіздер, шапан кигізбеңіздер, қалтама ақша салмаңыздар» деген үш шарт қойдым. Сөйтіп, Меңтайға және үй-ішіне сыйлықтарымды алып, жол жүргелі отырғанымда үйге министр Мұхтар Құл-Мұхаммед келді, қасында жазушы Кәдірбек Сегізбаев бар.

Сөйтсем, Мұхтар Халима қайтыс болғаннан кейін берген уәдесін орындап, «Махаббат, қызық мол жылдардың» жаңа басылымын жасап алып келген екен. Бұл кітаптың дүкенге түскенін білген соң 75 кітап сатып аламын деп едім, Мұхтар оны не қыласыз деп сұрады.

Мен жайымды айттым. Мұхтар шопырына телефон шалып, дүкеннен 75 дана кітапты әкелдіріп берді. Соны алып Кентауға тарттым. Тойдан қайтарда Меңтай мені шығарып салып тұрып, маған жүзік сыйлады.

«Бұл сақинаны мен 15 жасқа толғанда анам саусағыма салып еді, мұны мен 60 жыл тағыппын, енді осыны сіздің қолыңыз ұялмасын деп сыйлаймын», — деді Меңтай. Ол жүзікке «Меңтай – Ербол. Кентау қаласы, 2002 жыл» деп жазыпты. Сақина қазір менің сейфімде тұр.

– Сексеннің бел ортасынан асқан шағыңызда жазумен айналысу қаншалықты?

– Әрине, сексен жетіге келген адамда бұрынғыдай шығармашылық қуат болмасы белгілі ғой, менің де шығармашылығымда анау айтқан жаңалық жоқ. Мен қазір бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беру мен оқу орындарына кездесуге барудан-ақ босамай жүрмін.

Оның үстіне маған дем беріп отыратын жан жолдасымнан айырылып қалдым. 9 жыл ғашық болып қосылып, 54 жыл бірге бақытты өмір сүрген жан жарым Халимаға арналған «Мәңгілік махаббат жыры» атты кітабымды 5 жыл жылап отырып жаздым.

Негізі, қазақ өлген адамды 40 күн жоқтайды ғой, ал мен Халимамды 1000 күн жоқтадым, осы мың күнде бақидағы жан жарыма менің пәниден жазған хаттарымның негізінде кітап жазылды.

Бұл кітап қазір оқырманға тарап кетті, оны оқығандардың бірі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ризалығын білдіріп, маған хат жазды.

– Шығармаларында махаббатты, жарды аялауды жырлаған жазушының қазіргі «заманы басқа» жастарға айтар тілегі қандай?

– «Мәңгілік махаббат жыры» атты кітабым жарыққа шыққан кезде тұсаукесері Қыздар институтында өтті, сол жерде маған «Махаббат президенті» деген атақ берді, жақында ғана шетел тілдері институты кездесуге шақырып «Махаббат патшасы» деген атақ ұсынды. Осы сияқты маған оқырманның берген атағының өзі жеткілікті, ол үшін, әрине, ризашылығым зор.

Ал жастарға келетін болсақ, менің оларға айтарымның бәрі шығармаларымнан көрініс тапқан. Мен жалаң махаббатты ғана емес, сол арқылы адамның адам болып қалуын көрсетуге ұмтылдым. Қазақтың жастарының бәрі Меңтай мен Ербол сияқты адал болса деп армандаймын.

Менің шығармаларымның тақырыбы еңбек, ерлік, махаббат, достық тақырыбында жазылған. Қай заманда да қазақ деген ұлттың атын шығаратын, халықты ұялтпайтын жастарымыз болады, ол үшін үлкендер тарапынан да зор тәрбие керек.

Ұлттық дәстүрімізге жат қылықты жастарымыз, көшеде сүйісіп тұрған қыздарды көргенде, әрине, ренжіп қаласың. Мұның бәрі біз сияқты аз ұлтты жойып, азғындатып, құрту үшін теледидар арқылы әдейі жасалып отырған саясат, оны түсінбеген жастарымыз не көрсе соны істеп әлек.

Бұл үлкен трагедия, ол үшін ата-ана мен ұстаздардың мықты да тегеуірінді тәрбиесі қажет.

– Сіз бұл жайында «Қыздар — Ұлт Анасы» деген баяндама жазып едіңіз ғой...

– Иә, жаһандану деген сөз ұлттың жанын жаһаннамға жіберу деген сөзбен бірдей ғой, осыдан кейін жазған баяндама еді бұл. Дәл осы баяндамада жазылғандай, қазақтың қызы ұлттың анасы болғандықтан, бар жақсы қасиетті бойына жинап өсуі керек. Мен осы баяндаманың бір үзігін сіздердің оқырмандарыңызға оқып берейін:

«...Қыз ең алдымен — ана тілінің көзі, бастауы, бұлағы. Ана тілі қызбен бірге туады, қызбен қоса жаралып, сонымен бірге өседі, өркендейді. Қыз — ана тілінің анасы, академигі, қоғам қайраткері. Қоғамда әйел араласпайтын ешбір сала жоқ. Ол қоғамның ең тиянақты қызметкері, жаны, жүрегі. Әйелсіз ешбір қоғам алға баспайды. Бала да қоғамның жайқалған жемісі, ол жақсы жемісті өсіретін де әйел! Міне, менің ойымша, қыз дегенің осы! Сондықтан Ұлт анасы, ұлт тәрбиешісі қыздарымыз аман болсын!..»

Қай ғасырда да ұлттың тәрбиешісі бола білген қыздарымыз ХХІ ғасырда да осы қалпынан, осы тәрбиелілігінен айырылмасын, менің тілегім осы!

– Әңгімеңізге рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG