Accessibility links

АЗТМ-нің бұрынғы инженері құрал-жабдықтардың бұзылған күйі жатқанын айтады


Алматы ауыр машина жасау зауыты. 15 қаңтар 2009 ж.

Алматы ауыр машина жасау зауыты. 15 қаңтар 2009 ж.

Қазақстандағы бірқатар баспасөз құралдары Алматы ауыр машина жасау зауытының (АЗТМ) құрал-жабдықтары толығымен бұзылып, шетелге металл сынығы ретінде сатылуда деп хабарлады. Зауыттың қазіргі басшылығы ондағы жағдай туралы түсінік бермей отыр.

Алматы ауыр машина жасау зауытының («АЗТМ» акционерлік қоғамы) жұмысшылары биылғы қаңтардың 15-інде кәсіпорынды таратуға қарсылық білдірген болатын. Олардың айтуынша, кәсіпорынның орнына «ЗТМ-стан» атты компания құрылмақшы болған. Содан бері не өзгерді? Зауыттың жағдайы мен жұмысшылардың тағдыры қандай күйде?

Кәсіпорынның қазіргі жағдайы туралы зауыттың бас директоры Жетпісбай Едігенов пен бас инженері Есет Дүйсенов Азаттық радиосына қандай да бір түсініктеме беруден үзілді-кесілді бас тартып отыр. Сондай-ақ, жұмысшылардың айтуынша, АЗТМ-нің 86 пайыз акцияларына иелік ететін Болат Назарбаевпен байланысу әрекеттері еш нәтиже берген жоқ.

Зауытқа қатысты Азаттық радиосының сұрақтарына АЗТМ-нің бұрынғы инженері Шараф Тәжібаев сұхбат беруге келісті. Мамандығы инженер Шараф Тәжібаев Алматы политехникалық институтын бітірген соң екі жылдан астам Алматы ауыр машина жасау зауытында инженер болып еңбек еткен. Қазір ол Атырау металлопрокат зауытында директордың өндіріс жөніндегі орынбасары.

– Шараф мырза, Қазақстандағы кейбір БАҚ-дарының хабарлауынша, Алматы ауыр машина жасау зауытының барлық құрал-жабдықтары металл сынықтары ретінде сатылып жатқан көрінеді. Сіз бұны растай аласыз ба?

– Жоқ, металл сынықтары ретінде ол жерде ешнәрсе сатылған жоқ. Өйткені, ол құрал-жабдықтар, шындығында, бірегей болып табылады. Оны жай ғана сата салу мүмкін емес. Бұл құрал-жабдықтарды тек қазақстандық мамандар ғана емес, бұрынғы бүкіл Совет Одағынан келген мамандар салған.

АЗТМ-дегі бұл құрал-жабдықтар бұзылған күйі жатыр. Бүгінгі күні технологиялық желілердің басым бөлігі Қапшағай бағытындағы бөлініп берілген жерде қайтадан құрастырылады.

– АЗТМ мен оның құрал-жабдықтарының бірегейлігі неде?

– Оның бірегейлігі – кең форматты болғандығында. Яғни, онда шегеден бастап машина жасау саласына керекті күрделі өнімдерге дейін шығаруға болады.

– Шараф мырза, бүгінгі күнге дейін Алматы ауыр машина жасау зауыты қандай болды, онда не өндірілді?

– Бүгінгі күнге дейінгі АЗТМ дегеніміз машина жасау өнімдерінің орасан түрін (қазір аяқ астынан өнімдердің барлығын атай алмаймын) шығаратын қуатты, ірі кәсіпорындардың бірі болды. Бұл – мұнай-газ, өнеркәсіп саласына, технологияға қажетті өнімдер. Атап айтқанда, кез-келген шикізатты қайта өңдеуге қажетті технологиялар, т.т.

– Ал кәсіпорын қай кезде жеке меншікке берілді?

– Алты жылдай бұрын шығар, шамасы, 2003 жылы-ау деймін.

– Шараф мырза, қаңтардың ортасында осы зауыттың жұмысшылары АЗТМ-нің қазіргі қожасының АЗТМ-ді тарату туралы ниетіне ашық қарсы шықты. Жұмысшылар зауыттың қазіргі қожасы Болат Назарбаевтың атын ашық айтты. Ал, зауыттың қауіпсіздік қызметінің бастығы Михаил Зазулин, Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында, Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі шынында зауыттың 86 пайыз акцияларының егесі екенін растады.

– Иә, бұл солай болуы керек. Бұл, АЗТМ-нің өндірістік қуатын қалай да жақсарту үшін зауытты басқарушы компанияның қабылдаған шешімдерінің бірі болуы мүмкін. Құрал-жабдықтардың ескіріп, тозып жатқаны жасырын емес. Оны жөндеп, қайта жабдықтау керек. Бұған ақша жетпейді, мемлекет жеткілікті түрде қаржыландырмайды. Мүмкін, басқарушы компаниия АЗТМ-нің атын қалай да өшірмеу үшін зауытты, зауыт орналасқан жерді сатудан түскен қаржыдан ақша алғысы келген болар.

– Шараф мырза, Қазақстандағы көп адамдардың, соның ішінде алматылықтардың пікірінше, АЗТМ-нің қазіргі қожасы Болат Назарбаев зауытты толықтай жойып, ал ірі кәсіпорын орналасқан жер учаскесін сатып жіберген көрінеді. Бұл солай ма?

– Мүмкін солай болар, бұл жайында мен де естігенмін. Бірақ оның шындыққа қаншалықты сәйкес келетінін нақты айта алмаймын. Менің білетінім, қаладағы экологиялық ахуалды бәсеңдету мақсатында бұл зауытты қала сыртында, яғни біздің президентіміз өзі белгілеп берген жерде салмақ болып шешкен. Олар бұл жерде заманауи, экологиялық талаптарға сай келетін жаңа технологиялардың тұтастай желісін салмақ.

– Жақсы, Шараф мырза. АЗТМ орналасатын жаңа орын Қапшағай маңында дедіңіз бе? Ол жерде қандай да бір жұмыстар атқарылып жатыр ма?

– Әзірге жай ғана жер бөлінген. Енді осы жерге құралдарды орналастырудың, сыртқы коммуникацияларды, электр энергиясын, суды, канализацияны және басқаларын тартудың технико-экономикалық негіздемесін (ТЭО) жасауға тапсырма берілді.

– Техника-экономикалық негіздемені жасауға қаражат бөлінді ме және кім бөлді?

– Кім бөлгенін білмеймін, бірақ жартылай бөлінді.

– Яғни, қалай болғанда да АЗТМ жабылудың алдында тұр ғой?

– Жоқ, оның із-түзсіз жойылып кетуі мүмкін емес. Оның қайта құрылуы, барынша ықшам, барынша заманауи болуы мүмкін. АЗТМ өлшемі жағынан кішірек, бірақ технологиялық жағынан заманға сәйкес болуы керек шығар. Бірақ, мүлдем жойылып кетуі мүмкін емес. Өйткені, ол өндіріс жағынан өзіне тек республикада ғана емес, жақын шет елде теңдесі жоқ бірегей кәсіпорын.

– Шыныңызды айтыңызшы, ал егер АЗТМ жабылатын болса ше?


– Бұл дегеніңіз елдің бүкіл машина жасау саласын жоғалтумен тең!

– Сұхбатыңыз үшін рахмет!
XS
SM
MD
LG