Accessibility links

Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш - жауапты хатшы!


Жауапты хатшылар институтын енгізу арқылы Назарбаев министрліктерді де тікелей өзіне бағындырды. Ал жауапты хатшылар тақырыбы - президенттің тағы бір немере інісінің лаузымға ие болуымен де назар аудартады.


Назарбаевтың немере інілері Астананың төрінде


Осыған дейін Қазақстанда президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын туыстары көбіне прокурор сынды мәртебелі қызметтерге ие болып келді. Өткен жылдың наурызында “Тасжарған” газеті хабарлағандай (Племянник Назарбаева стал прокурором города, «Тасжарган», № 10 (38) от 15.03.2007 года), президенттің жақын туысы Астана қаласындағы Сарыарқа ауданының прокуроры болып бекітілді.

Тағы да сол “Тасжарғанның” мәліметіне қарағанда, өткен жылдың наурыз айында президенттің немере інісі Нұрбол Болатұлы Назарбаев Қапшағай қаласының прокуроры болды. Дәл сол сәтте ҚазМҰУ-дің түлегі 23 жаста көрінеді, яғни ол прокурорлық лауазымға тағайындалу жасына жетпеген.

Назарбаевтың немере інілері туралы тақырып алғаш рет сонау республика астанасы Алматыдан сол кездегі Ақмолаға көшкен уақытта пайда болды. Сол кезде әлі 30-ға да толмаған, көпшілікке бейтаныс Қайрат Назарбаев Ақмола-Астана қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Одан кейін президенттің осы немере інісі бірде Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі, бірде “Қазақойл” ұлттық мұнай компаниясындағы басшы лауазымдарға отырғызылды, біресе ҰҚК-іне қайта оралды.

Бұл жолы аты-жөнін “Қайрат Сатыбалды” деп өзгерткен Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі 35-ке келген шағында қауіпсіздік комитетінің генерал-майор шенін алған соң, тағы да “Қазақстан теміржолы” ұлттық компаниясының вице-президенті сынды бейбіт қызметтен бірақ шықты.

Бір кезде Қайрат Назарбаев-Сатыбалдыдан ірі мемлекет қайраткерінің бейнесін сомдауға көп күш жұмсалды – ол тарихи тұлғалар мен қайраткерлерге арналған мұражайлар тұрғызуға мұрындық болды, жаңа мешіттер ашты, ұлттық ат спортының қайта өрлеуіне қамқор болды. Алайда Қайрат Сатыбалдының абырой-беделін көтеруді көздеген ол шаралар тез ұмытылды.

Бірақ Астананың төрінен Қайраттың інісі көрінді. Жуырда президент Н. Назарбаев Әбіш Самат Сатыбалдыұлын өзінің өкімімен Әділет министрлігінің жауапты хатшысы етіп тағайындады. Ол туралы Қазақстан президентінің ресми интернет-сайтына сілтеме жасаған мәскеулік Сentrasia.ru парақшасы хабарлады. Ресейлік сайттың жазуынша, Самат Әбіш – президенттің туған інісі Сатыбалдының кенже ұлы көрінеді.

Қазақстандағы жауапты хатшы - ол кім?

Бұл жерде Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жақын туысын неге прокурор етіп тағайындамады немесе тағайындауға нұсқау бермеді әлде прокурордың мәртебесі жауапты хатшыдан төмендеп қалды ма? -деген заңды сауал туады. Олай болса “Министрліктің жауапты хатшысы” деген қандай лауазым? Олар неліктен қалың жұртшылыққа екпінді қызметімен немесе аса пайдалы ісімен емес, түрлі жанжалымен көбірек танылып жатыр?

Қоғамдық проблемаларды сараптау Орталығы директорының орынбасары, экономикалық сарапшы Қанат Берентаев Қазақстан министрліктеріндегі “жауапты хатшы” сынды жаңа лауазым туралы пәлен деп кесіп айту қиын деп санайды. Өйткені, оның пікірінше, олар көзге онша көп түспейтін тұлғалар.
“Әлдекім жекелеген министрліктің жауапты хатшысын таниды дегенге мен онша сенбеймін”.

Ал кезінде Қазақстанның мемлекеттік қызмет істері бойынша Агенттігінің төрағасы болған Әлихан Байменов жауапты хатшылардың төңірегінде түрлі дау-дамайдың шығып жатқанын мойындап, оның қыр-сырын түсіндіріп көрді.

Ә.БАЙМЕНОВ: “Сөзсіз ондай фактілер бар. Жалпы мемлекеттік қызметтің қандай моделі болмасын, тиімді жұмыс атқаруының бірнеше шарты бар. Соның бірден-бірі – мемлекеттік қызметтегі жариялылық.

Мемлекеттік қызметкерлер – халықтың қаржысына жалданған менеджерлер, демек халық солардың барлығына жұмыс беруші. Міне Қазақстанда осындай ұғым берік қалыптасуы керек.

Ендеше барлық шешім, оның ішінде маман-кадрлар бойынша шешімдер де мейлінше халық алдында жария болуға тиіс. Сонда ғана әлгіндей өрескел заң бұзушылықтарға жол берілмейді”.

Сонымен, соңғы кезде маңайында түрлі дау-дамай шығып жүрген жауапты хатшы деген кім? Қазақстанның атқарушы жоғарғы билігіне жаңа лауазымды енгізудің қандай қажеті болды, жаңа институттың пайдасы немесе тиімділігі бар ма, жауапты хатшылыққа кімдер және қандай талап-шартпен тағайындалады?

Азаттық радиосы бүкіл ТМД елдерінің ішінен алғаш рет Қазақстанда пайда болып, өзінің бір айрықша тиімді немесе аса пайдалы ісімен емес, түрлі жанжалға тап болуымен жұрт назарына ілінген “жауапты хатшы” институтына қатысты осы және басқа да сауалдарға жауап іздеп көрді.

Негізі жауапты хатшы министрлік жұмысының тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге тиіс; жауапты хатшы институты - басқаша аталғанымен де, өзге елдерде, әсіресе дамыған мемлекеттерде бар; жауапты хатшы – барлық министрліктегі екінші тұлға болып табылады және Қазақстанда оны министрдің ұсынуымен президенттің тікелей өзі тағайындайды.

Әлихан Байменовтің айтуынша, жауапты хатшы лауазымы Германия, Жапония сынды елдерде бар, олар тағайындалуы жағынан саяси, қызмет жолы бойынша әкімгершілік қызметкерлер болып табылады...

Ал қоғамдық проблемаларды сараптау Орталығы директорының орынбасары Қанат Берентаевтың айтуынша, Англияда жауапты хатшының қызметі министрдің “тұрақты орынбасары” деп аталады. Министр ауысқан кезде, тұрақты орынбасар министрлік жұмысының сабақтастығын қамтамасыз етіп, жаңа министр келгенше оны үзіліссіз басқара береді.

Қ.Берентаевтың сөзіне қарағанда, Қазақстанда мемлекеттік қызметті реформалаудың бірінші қадамы жасалған 1995-1996 жылдарда дәл осы ағылшындар басты кеңесшілер болды және республиканың мемлекеттік қызмет саласындағы соңғы реформа да сол ағылшындардың кеңесімен жүзеге асырылды.

Алайда, Қ.Берентаевтың пікірінше, Қазақстанда жеңіске жеткен партиялардың коалициясы негізінде немесе партия жаңа үкіметті жасақтай алатын көппартиялы парламент сайланатын шынайы демократиялық негіз қалыптасып болмай, жауапты хатшылар институты ешқандай шешуші рөл атқармайды. Қазақстанда жауапты хатшыға Англиядағы министрдің тұрақты орынбасарына тән билік құзыры мен жауапкершілігі берілгенімен де, оның аты бар да заты жоқ.

Жауапты хатшы – президенттің асқан қулығы

Қазақстанда көппартиялық жүйе қалыптасқан жағдайда ғана “жауапты хатшы” институтын енгізу өзін-өзі толық ақтар еді, -деп мәлімдейді Қ.Берентаев. - Алайда Қазақстанда ештеңе өзгере қойған жоқ. Сол себепті де Қазақстанда екі қарама-қайшылық пайда болды.

Бірінші қайшылық орталық атқарушы биліктің деңгейінде – министр мен атқарушы хатшының арасындағы “кім бірінші бастық” деген талас-тартыс болса, екіншісі облыстардың деңгейінде - әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың төрағалары мен облыс әкімдерінің арасындағы “аймақтық ресурстарды кім басқаруға тиіс” деген күрес-тартыс.

Азаттық радиосы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары тақырыбына арнайы тоқталатын болады.

Ал қазіргі тақырыпқа оралсақ, Қазақстан билігі жауапты хатшы институтын бастапқыда игі ниетпен енгізуді ойлаған. Кейін ресми биліктің мүддесі басым болып кеткен. Мысалға, экс-сенатор, Демократиялық “Азат” партиясының Астана қалалық бөлімінің жетекшісі Уәлихан Қайсаровтың мәлімдеуінше, қазір министрліктердегі бүкіл билік министрдің құзырында емес, министрліктің ішкі саясатын, мамандар мәселесін шешу – барлығы да жауапты хатшының қолында...

Экс-сенатордың пікіріне қарағанда, “түк шешпейтін министрді қызметінен алып тастау немесе ауыстыру – ресми биліктің істеп отырған көзбояушылығы. Оның есесіне қазір министрліктерде отырған жауапты хатшылар өздерінің билік құзырын, күшін, маңыздылығын біліп алып, енді министрлерге тіс батыра бастады”.

“Жалпы жауапты хатшы лауазымы бүкіл министрлікті тікелей өзіне бағындыру мүддесімен енгізіліп отыр. Егер бұрын министрліктер үкіметке, премьер-министрге бағынған болса, ал енді жауапты хатшылар арқылы президентке тікелей бағынатын болды. Көрдіңіз бе, бұл президенттің істеп отырған асқан қулығы, -деп мәлімдейді Уәлихан Қайсаров.

Назарбаев биліктің үшінші вертикалін қалыптастырды

Ал сарапшы Қ.Берентаев экс-сенатордың пікірін теріске шығармайды, керісінше оны толықтырады. Оның атап көрсетуінше, Қазақстанда шынайы көппартиялық жүйе мен парламент қалыптасқан жағдайда президент Нұрсұлтан Назарбаев өз билігін сақтау үшін биліктің үшінші вертикалін құруға бел буды.

Қазіргі билігіне қоса елдің барлық активін өзіне бағындыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, мемлекеттік холдингтер, даму институттарын ашу арқылы биліктің үшінші вертикалін құрды. Оған қоса жауапты хатшылар арқылы үкіметті де өзіне тікелей қаратып, өзінің билігін үкімет пен парламент жағынан да сақтандырып алды.

Ақыр аяғында, -деп қорытындылады өз ойын қоғамдық проблемаларды сараптау Орталығы директорының орынбасары Қанат Берентаев, - ол құрылымдардың барлығы қалай аталмасын, барлығының басқару тетігі президент әкімішілігінен бірақ шықты. Сөйтіп президент өзін үш жақтан да сақтандырып алды.
XS
SM
MD
LG