Accessibility links

Балқаштағы советтік станса әлі тоналып жатыр


Бұрынғы советтік «Балқаш-9» әскери нысанына кіреберістегі ескі жазу. 23 маусым 2009 жыл.

Бұрынғы советтік «Балқаш-9» әскери нысанына кіреберістегі ескі жазу. 23 маусым 2009 жыл.

Балқаш көлінің жағасындағы бұрынғы советтік «Дарьял-У» әскери базасында құрамы мыс пен алюминийден тұратын улы конденсаторларды тонау әлі жалғасуда. Мамандардың жасаған ескертпелеріне қарамастан Балқаш көлінің ластану қаупі сейілген жоқ.


РЕСЕЙДЕН КЕЛГЕН ХАТ


Қазіргі уақытта болжам бойынша Ресейде тығылып жүрген Қарағандыдағы «Меркурий Плюс» компаниясының директоры Сергей Походяев қол қойған хат Азаттық радиосының тілшісіне электронды пошта арқылы келіп түсті. Естеріңізге сала кетсек, аталған кәсіпорын Балқаш көлінің жағасындағы бұрынғы советтік «Дарьял-У» радиолокациялық стансасының аумағында әлі күнге дейін сақталып келе жатқан улы конденсаторларды залалсыздандыру жобасының негізгі қатысушысы болған.

Құрамында органикалық улы зат – полихлордефинилі (ПХД) бар лмерконденсаторларды залалсыздандыру жобасына байланысты 2009 жылы Қазақстан экология министрлігінің бұрынғы басшыларына қатысты шулы сот процесі жүрген. ПХД-нің өзі Стокгольм конвенциясының тізіміне енген және міндетті түрде залалсыздандырылуы тиіс улы зат.

Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2009 жылғы 16 қазандағы шешімімен бұрынғы министр Нұрлан Ысқақов сыбайлас жемқорлық қылмысқа қатысы бар деген айыппен төрт жылға абақтыға қамалды. Оған аталған улы конденсаторларды неміс зауыттарында залалсыздандыру үшін бөлінген 1,172 миллиард теңге (шамамен 6,7 миллион доллар) қаржыны қымқырды деген айып тағылған. Алайда
Бұрынғы экология министрі Нұрлан Ысқақов (сол жақта) пен орынбасары болған Әлжан Бралиев (оң жақта) айыптау қорытындысын тыңдап тұр. Астана, 15 қазан, 2009 жыл.
судья Ерлан Тасыров бұрынғы министр Нұрлан Ысқақовтың қылмыстық топтың «ұйымдастырушысы» болғандығына дәлел таба алмады.

Бұрынғы вице-министрлер Әлжан Брәлиев пен Зейнолла Сәрсенбаевтар «қызметтік міндеттеріне немқұрайды қарғаны үшін» тиісінше екі және үш жылға шартты түрде бас бостандықтарынан айрылды.

ҚҰРМЕТСІЗ МЫРЗАЛАРҒА

Алайда үкім шықпай тұрып-ақ «Меркурий Плюс» компаниясы Қазақстанның қаржы полициясы тұтқынға алған бұрынғы әскери база аумағында белгісіз біреулердің бір бөлігі полихлордефинилмен ластанған радиолокациялық стансаның алып ғимаратын бұза бастағандығы туралы ескерткен болатын. Осыдан кейін «Меркурий Плюс» компаниясы құқық органдарына бірнеше мәрте және жария түрде қайрылып, аса қауіпті осы нысанның талан-таражға салынуының жолын кесу жөнінде өтініш білдірген.

«Меркурий Плюс» компаниясының директоры Сергей Походяевтің осы жолғы хаты Қазақстанның қаржы полициясы, бас прокуратурасы, ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті және төтенше жағдайлар министрлігі басшыларының атына деген мысқылға тұнып тұр. Хат «Мен үшін мүлдем құрметсіз, мырзалар!» деген батыл сөйлеммен басталған.

Хатында Сергей Походяев өзінің пікірінше кінәлі деп санайтын адамдарды ашық атаған: «Полиция мен қаржы полициясының қамқорлық жасауымен станса ғимаратын рұқсатсыз, ойланбай бұзу барысында 2010 жылдың 22 қаңтарында ғимараттың бір бөлігі құлап кеткен. Осының салдарынан төрт адам қаза болған, бірақ құрбандардың нақты саны мұқият жасырылып отыр. Божко мырза (Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі) нысанда төтенше жағдай жариялау үшін тағы қанша адам өліп немесе жазылмайтын ауруға ұшырауы керек екен?

Бір жағынан мен сізді түсінемін, Божко мырза. Төрт-бес адамның өлімі тәйірі генерал айналысатын шаруа ма? Ал енді құны елу
«Меркурий Плюс» компаниясының директоры Сергей Походяев қазіргі уақытта бойтасалап шетелде жүр.
миллиардтық (елдің оңтүстігіндегі ТЖМ жүргізіп жатқан Көксарай су қоймасын салу жобасына емеуірін жасалып отыр) әлдебір бөгет салу керек болса, онда бұны әңгіме етуге болады.

... Осы хатты соңына дейін оқып шығуға шыдамдары жетпестен телефон тұтқасына жармасып, Мәскеуге мына бір сандалбайды бері жіберіңдерші деп өтініші мен бұйрығын араластырып телефон шалатындықтарын көз алдыма елестетіп отырмын. Мені Қазақстанға кілемге орап алып кетер ме екен, әлде автозактің ішінде таза ауа жұтуға мүмкіндік берер ме екен? Бірақ бұл өзі қисынсыздау шаруа болып тұр, сталинше емес бұл. Адам бар, ал іс жоқ», -деп Қазақстанның құқық органдарын бір түйреп өтеді «Меркурий Плюс» компаниясының директоры өзінің хатында. Алайда ашынған, бірақ ақылын жоғалтпаған компания директоры Қазақстанның құқық органдарының басшыларына: «Сіздерге айта кетейін, мен бұл жағдайды өзіме белгілі барлық халықаралық ұйымдарға, оның ішінде өздеріңіз аса жақсы көретін ЕҚЫҰ-да бар, жазған төрт хатымда да жан-жақты сипаттадым», -деп ескерте кетеді.

Мүмкін өз атына айтылуы мүмкін аса ауыр айыптың алдын алу үшін болар Сергей Походяев нағыз қазақстандықтарша хатының соңында: «оппозицияға ешқандай қатысым болған емес, қатысым болғанын қаламаймын да», -деп саяси көрегендігін байқата кетеді.

ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ҒАНА ҚОРҒАУДА

Экология министрлігінің басшылығына қарсы қылмыстық іс қозғалған соң барып «Меркурий Плюс» компаниясының директорлығына тағайындалған Сергей Походяев Азаттық радиосының электронды жауап хатына үн қатты. Телефон арқылы болған әңгімеде ол 2009 жылы Қазақстаннан қашуына не себеп болғанын айтып берді.

– Менімен жақсылап тұрып айналысқылары келіп жатқандығын маған ескертті. Егер мені қаладан көргілері келмесе, құқық органдарының қалай жұмыс істейтіндігін шамалап білемін. Сол себепті мен кетіп қалдым, -деп түсіндірді өзінің кету себебін бұрынғы Қарағанды облыстық полициясы бастығы орынбасарының ұлы.

Ол қазір қауіпті нысанның тек қағаз жүзінде ғана қорғауға алынғанын айтады. Өйткені нысан басында ешқандай қызметкерлер жоқ. Ол қылмыстық беделділер қамқорлықтарына алған 15-20 адамнан тұратын топтың қоймада сақталған улы конденсаторлардың қалдықтарын (түрлі болжамдар бойынша 5946-5966 дана шамасында) бұзып алу үшін барғалы жатқандықтарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарламақ болғанын жасырмайды. Өйткені әр конденсатордан 7 келідей мыс пен 3 келідей алюминий шығады.

Әңгіме барысында Сергей Походяев «бұл алдын-ала болжамдар» деп ескерте кетеді. Өйткені, оның айтуына қарағанда, бұл бригадаға жергілікті тұрғындарды алмайтын көрінеді. Бұған тек Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген келімсектер ғана алынады деп сеніммен айтады ол. Өйткені Қарағанды облысындағы ақпарат көзі бұған дейін ешқашан оған оқиға орнынан жалған ақпарат бермеген көрінеді.
«Меркурий Плюс» компаниясының директоры ғимаратты заңсыз бұзып жатқан машиналардың нөмірлеріне дейін көрсетілген фотосуреттерді қосып барлық сатыларға жіберген хаттарына бір де бір жауап алмағандығына түсінбейді.

«Әрине, менің хаттарым жан айқайы. Олардың құлақтарына айтқанымды ең болмаса осылай жеткізем бе деп ойладым», -деп шағымданды ол Азаттық радиосының тілшісіне.

МИНИСТР ҚАУІПТІҢ БАР ЕКЕНДІГІН РАСТАЙДЫ

«Меркурий Плюс» компаниясы директорының айтқан сөздерінің жаны бар көрінеді. Азаттық радиосына министрлік баспасөз-қызметінің хабарлағанындай, биылғы жылдың 23 маусымында Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қазіргі министрі Нұрғали Әшімов
"Балқаш-9" нысанындағы конденсатор сақталатын қойма. Қарағанды облысы, 22 мамыр 2010 жыл.
Қазақстан парламентінің депутаттарын Нұра-сарысу экология департаментінің ақпаратымен таныстырған.

«2010 жылдың 27 мамырында «Мыс Орда» ЖШС-нің күзетшілері ғимаратты рұқсатсыз бұзып жатқан бөтен адамдардың конденсаторлар жиналған қойманың есіктеріндегі пломбалары мен құлыптарын бұзғандығын байқаған. Осылайша, даяр өнімдер қоймасында сақталған, құрамында улы ПХД заты бар конденсаторлардың аман сақталатындығына ешқандай кепілдік жоқ. Біз «Дарьял-У» нысанын күзетке алуды ішкі істер министрлігіне тапсыру мәселесімен айналысудамыз», -деді Нұрғали Әшімов.

Министр, сонымен бірге, «бөгде адамдардың ғимарат пен оның металдан жасалған бөліктерін ары қарай сату мақсатында үздіксіз бұзып жатқандығы жайында» күн сайын ақпараттар түсіп жататындығын растады.

ШАХТАҒА БІР ГРАНАТ ТАСТАСАҢ, ӘҢГІМЕ БІТТІ!

Алмания зауыттарында Балқаштағы 10 мыңнан аса улы конденсаторларды залалсыздандырған немістің Juwenta DB GmbH оператор-компаниясының бас директоры Борис Меклердің пікірінше, ұйымдасқан тонаушылардың бұл нысанға ерекше қызығушылық танытуының себебі оп-оңай түсінікті. Өйткені, «пайда табу үшін әлдебір жұмысқа қаржы салудың қажеті жоқ. Миллиондаған ақша далада жатыр, оны ешкім де күзетіп жатқан жоқ».

Борис Меклер бұдан бұрын Азаттық радиосына Juwenta DB GmbH компаниясы қазақстандық «Меркурий Плюс» компаниясы арқылы
"Балқаш-9" нысанындағы бұрынғы советтік Дарьял-У радиолокация стансасының жұрнағы. Қарағанды облысы, 22 мамыр 2010 жыл.
«Дарьял-У» нысанын сатып алу үшін 1,3 миллион АҚШ долларын, ал конденсаторларды Алманияға тасымалдау үшін 1,6 миллион еуро жұмсады деп мәлімдеген еді. Және «бұл ақшаны оларға әзірге ешкім қайтармаған».

Бұл нысанды 2003 жылы әлдебіреулердің сатып алғанын ол жоққа шығармайды. Сатып алушылар мұндағы жоғары сапалы құрылыс материалдарын сатпақ болған. Кәсіпкердің ойынша мұнда тұрған оғаш ешнәрсе жоқ. Бірақ кейінгі қожалары радиолокациялық стансаның аумағынан 15 мыңнан аса улы конденсаторларды тауып алған.

Борис Меклер 24 маусым күні Азаттық радиосының тілшісімен телефон арқылы болған әңгімеде мынадай жайды айтты. Тіпті экология министрлігінің басшыларына қатысты сот процесі басталған соң да 2009 жылы «үндістер бұл нысан үшін үш жарым миллион доллар бермек болыпты». Қараусыз қалған нысанның мұншама қымбат болу себебін ол аталған нысанның ені 85 сантиметрлік мыңдаған тонналық құрылыс арқалықтарынан салынғандығымен түсіндірді.

Борис Меклердің айтуынша, мұндай арқалықтың бір тоннасының құны 5 мың доллар тұратын көрінеді. Өйткені «Ресей мұндай арқалықтарды енді жасамайды, ал Қытай әлі жасаған жоқ» көрінеді. Мысал үшін ол Астанадағы қалалықтар «оттық» атап кеткен 32 қабатты «Транспорт Тауэр» зәулім ғимаратын келтірді. Осы ғимаратты салар кезде осындай арқалықтар Оңтүстік Кореядан әкелінген екен.

Әр тоннасы бес мың доллар тұратын арқалықтардан кейін ол өзге де жүздеген тонна құрылыс материалдарын майда-шүйде деп атайды. Және Қазақстандағы меншігін әлдекімдердің тонап жатқандығы емес, конденсаторлардың күзетілмеуі, мемлекеттік мекемелер тарапынан жағдайға байланысты лайықты шешімнің болмауы алаңдататындығын айтты.
«Адам шығынымен, ел аумағын ластандыра отырып ғимаратты бұзуда», -деді Борис Меклер Азаттық радиосының тілшісіне Алманиядан телефон арқылы сөйлескенде. Конденсаторлардың алғашқы тобын Еуропаға алып кетер кезде оның жасап жатқан әрекеттеріне таң қалған көрінеді. Бұны ол жиренішпен еске алды.

Өзінің айтуынша, оған конденсаторларды тасымалдауға және Қазақстандағы толып жатқан келісім жұмыстарына кетер жүздеген мыңдық қаржылық шығынды қалай азайтуға болатындығын түсіндірсе керек. «Маған конденсаторлардың барлығын Қарағандыдағы қараусыз қалған шахталардың біріне апарып, үстінен екі гранатты тастай салсаң, әңгіме тәмам деп түсіндірді. Және бұны еш әзілсіз айтты», -деп еске алды ол бұрындары болған әңгімені.

Бұдан соң Борис Меклер Азаттық радиосының тілшісіне Қазақстанның үкіметіне қарсы Париж төрелік сотына берген оның шағымы сотқа дейінгі сараптан өткендігін айтты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG