Accessibility links

Орта Азияға сапармен шыққан БҰҰ бас хатшысына адам құқығын қорғаушылар өтініш айтты


БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун. Нью-Йорк, 9 наурыз 2010 жыл.

БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун. Нью-Йорк, 9 наурыз 2010 жыл.

Орталық Азияға сапары қарсаңында Пан Ги Муннан «Хьюман Райтс Уотч» ұйымы аймақтағы бес елде адам құқығы мәселесін көтеруін сұрады. Қазақстандық адам құқығын қорғаушы ұйымдар да бас хатшы арқылы Астанаға бірқатар сауалдар арнады.


«ГИ МУН АДАМ ҚҰҚЫҒЫ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРСІН»


Бейсенбі күні Пан Ги Мун Түркіменстан астанасы – Ашхабад қаласына тоқтады. Бұл елде екі күн аялдайтын бас хатшы одан кейін Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстанға келеді.

Осының қарсаңында Азаттық радиосына берген сұхбатында «Хьюман Райтс Уотч» халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымның Еуропа және Орталық Азия бөлімі директорының орынбасары Рейчел Денбер, аймақтағы мемлекеттердің басшыларымен кездесуде БҰҰ-ның бас хатшысының адам құқығы мәселесін көтергенін қалайтындығын мәлімдеді.

«Әлемдік ең маңызды ұйымның басшысы – БҰҰ-ның бас хатшысынан адам құқығы мәселелерін көтеруін сұрау арқылы, бұл мәселелердің маңызды екендігін көрсеткіміз келеді. Аймақтағы адам құқығы мәселелерін бас хатшының өзі көтерсе, Орталық Азия басшылары жауаптан бас тарта алмас еді», – деді Денбер.

«Хьюман Райтс Уотч» ұйымының 2010 жылы қаңтарда жариялаған баяндамасында Қазақстан жақсы қырынан көрінбеген.
Рейчел Денбер, «Хьюман Райтс Уотч» халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымның Еуропа және Орталық Азия бөлімі директорының орынбасары. Вашингтон, 5 қазан 2006 жыл.


Баяндама авторлары 2009 жылдың басындағы жасалған аздаған реформаларға қарамастан ел үкіметі кейінірек адам құқына байланысты бірнеше соққылар берді, бұл жағдай Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретіндегі рөлін төмендетеді деп жазған еді.

«Хьюман Райтс Уотч» құқыққорғаушылары Қазақстан бұдан бұрын уәде еткен елеулі реформаларды жүзеге асыра алмады деп есептейді.

Бұл ретте ұйым баяндамасында қазақстандық адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтистің төрт жылға сотталуы мен «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевке қатысты сот прецесіндегі заң бұзушылықтар туралы айтылды.

«БАҚ пен интернет туралы заңға құқықтарды шектейтін өзгертулер енгізді, бейбіт шерулер мен қарсылық шараларын өткізуге рұқсат бермейді. Сонымен бірге, Қазақстан билігі қамауда отырған адамға хат алысу, адвокатты пайдалану құқын бермегендігін ұлттық қауіпсіздік мәселесімен бүркемелейді» делінді баяндамада.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ САУАЛЫ

Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокинаның пікірінше, билікке сауал жолдау жағдайды түбірімен өзгертіп жібере алмайды, бірақ бұл жағдай осы мәселелерге әлемдік қауымдастық та алаңдаушылық танытып отырғандығын көрсетер еді.

«Қойылатын сауалдар – қарапайым әрі ауқымды. Қазақстанда еркін сайлау жағдайы қалай? Қазақстанда әділ сот, жиындар өткізу және

Нинель Фокина, Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы. Алматы, 4 қыркүйек 2009 жыл.
бірігу еркіндігі, сөз бостандығы, сондай-ақ діни сенім еркіндігі жағдайы қалай? Менің ойымша, осы сұрақтар қазіргі күні ең маңызды болып саналады», деді Нинель Фокина.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның мониторингке жауапты редакторы Андрей Гришин Астанадағы кездесулерде Пан Ги Мун, ең бірінші кезекте, Қазақстандағы сот жүйесінің тәуелсіздігі мәселелерін көтергені дұрыс болар еді деп есептейді.

«Өйткені бұл жүйенің жұмысына басқа да құрылымдар байланысты болып келеді және елдегі адам құқығына қатысты мәселелер көбінесе содан туындап жатыр. Екінші – күдіктілерді, айыпталушылар мен сотталушыларды азаптау мәселесі. Бұл жағдай баяғыда-ақ халықаралық дәрежеге көтеріліп кеткен-ді. Оны біздің елімізде де жоққа шығара алмайды, бірақ зорлық-зомбылықты тоқтата алмай отыр», – деді Андрей Гришин.

БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун сәуірдің 6-7 күндері Қазақстанда болады деп жоспарланған.

Пан Ги Мун Астана қаласында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен және парламент депутаттарымен кездеседі.


Сонымен бірге бас хатшы «қырғи-қабақ соғыс» кезінде Совет өкіметінің ядролық қаруды сынайтын полигоны орналасқан Семей аймағына баруды жоспарлап отыр.

БҰҰ-ның баспасөз хатшысы Мартин Несирскидің айтуынша, Пан Ги Мун ядролық қарудың сынақ алаңына айналған жерге барып, ядролық қаруды таратпаудың маңыздылығы жайлы айтып, оның салдарларының зияны мен зардабының қаншалықты ауқымды екеніне көз жеткізгісі келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG