Accessibility links

Лукашенко Кремльдің қырына ілікті


Ресей президенті Дмитрий Медведев пен оның артында тұрған Беларусь президенті Александр Лукашенко. Мәскеу, 3 ақпан 2010 жыл.
Ресей президенті Дмитрий Медведев пен оның артында тұрған Беларусь президенті Александр Лукашенко. Мәскеу, 3 ақпан 2010 жыл.

Беларустың авторитарлы президенті мен оның бұрынғы одақтасы Кремль арасындағы қайшылық шиеленісіп барады. Александр Лукашенко туралы «Крестный батька» атты ресейлік фильм Ресей оны биліктен тайдыруы мүмкін-ау деген болжам туғызды.


«ТҰРА ТҰР, БӘЛЕМ, ЛУКАШЕНКО!»

Соңғы екі айда Мәскеу мен Минск арасында газ жанжалы өрбіген еді. Енді, міне, Лукашенко мен Кремль бір-біріне топырақ шашуға көшті.

Александр Лукашенко бір кезде Мәскеудің бүкіл постсоветтік кеңістіктегі ең сенімді серіктестерінің бірі еді. Бірақ соңғы жылдары ол Батыспен жылы қарым-қатынас орнатып, Грузиядағы мәскеушіл сепаратистік аймақтар – Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындамай, сонысымен бірге ресейлік газ бағасын арзандатуды талап етіп, ресми Мәскеудің қытығына тие бастады.

Беларусь президентінің осындай қылықтарынан бүгінде Кремльдің төзімі таусылғаны аңғарылады. «Газпром» компаниясының иелігіндегі НТВ телеарнасы биылғы шілде айының 4-і күні Александр Лукашенко туралы «Крестный батька» атты екі бөлімді деректі фильмнің бірінші бөлімін эфирге шығарды.

«Күні кешеге дейін батыстық баспасөз Лукашенконы «Еуропаның соңғы диктаторы» деп келді. Ол өзін Гитлермен және Сталинмен теңестіреді, өзін барлық беларустердің өкіл әкесі санайды», – делінген фильмде.

ҚАРСЫ СОҚҚЫ

«Крестный батька» фильмінде Александр Лукашенконы өз саяси қарсыластарының көзін жоюды ұйымдастырды деп айыптайды. Фильмде 1990 жылдардың соңында жұмбақ жағдайда қаза болған және із-түзсіз жоғалып кеткен беларусь оппозициясының өкілдері жайында сөз болады, олар қазіргі билік ұйымдастырған «ажал эскадрондарының» құрбаны болған деген долбар айтылады. Бұған қоса фильм ауторлары беларусь көсемінің жеке өмірін де қозғаған.

Сол сияқты «Крестный батька» фильмі Ресей Беларуске жәрдем ретінде миллиондаған доллар бөліп келгенін көрермендердің есіне салады. Бейсенбі, шілденің 15-і күні осы медиа-соғыстағы екінші тарап – Александр Лукашенко Мәскеуге қарсы соққы жасады. Кремльдің қас дұшпандарының бірі Грузия президенті Михаил Саакашвили бірінші беларусь арнасының тілшісіне берген сұхбатында «Крестный батька» фильміне қатысты пікірмен бөлісті.

Михаил Саакашвили Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындамағаны үшін Александр Лукашенкоға алғыс айтып, Ресей
Ресей Беларусьті адам етін жегішке теңейтіндей айыптаулар айтқан. Бұл айыптаулардың бәрін Анна Политковскаяны өлтірген ел айтып отыр, мен ол адамды қатты сыйлайтынмын және жақсы білген едім.
билігін Беларуське қарсы үгіт-насихат соғысын жүргізіп отыр деп айыптады. Ресей құқық бұзушылық жөнінен өзге елдерге сын айтатындай жағдайда емес дей келе, Грузия президенті қаскүнемдер қолынан қаза тапқан журналист Анна Политковская мен адам құқын қорғаушы Наталья Эстемированы еске салды.

«Ресей Беларусьті адам етін жегішке теңейтіндей айыптаулар айтқан. Ал бұл айыптаулардың бәрін Анна Политковскаяны өлтірген ел айтып отыр, мен ол адамды қатты сыйлайтынмын және жақсы білген едім. Оны өлтіргендер табылған жоқ, тергеу әркез сәтсіз аяқталады. Дәл сол сияқты, Наталья Эстемирова да Тбилисиге келерінен екі күн бұрын өлтірілді», – деп мәлімдеді Михаил Саакашвили өз сұхбатында.

БАКИЕВ ТА БІР ІЛІК

НТВ телеарнасында шілденің 16-сы күні фильмнің екінші бөлімі – «Крестный батька - 2» көрсетілді. Бұл жолы әңгіме Александр Лукашенко мен шетелге қашқан ресейлік олигарх Борис Березовский, сондай-ақ Қырғызстаннан қуылған бұрынғы президент Құрманбек Бакиев арасындағы байланыс жайында өрбіген.

Бұл өсек-жала биылғы шілдеде газ бағасына байланысты болған өте жайсыз даудан соң және Александр Лукашенконың төртінші рет президенттік сайлауға түсу туралы шешімінен кейін пайда болды. Беларусь елінде президент сайлауы келесі жылдың басында өтеді.

Александр Лукашенко да қарап қалған жоқ, даулы «Крестный батька» фильміне байланысты өз пікірін білдірді. «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының Беларусь редакциясы Беларусь президенті Александр Лукашенконың әлгі фильмде айтылған сынды баспасөзде «Беларуське қарсы лас насихат» деп бағалағанын хабарлады.

Александр Лукашенконың айтуынша, ол өз әріптестерінің мұндай іске барғаны реніш туғызатын жағдай деп біледі, бірақ бұған Кремльдің еш қатысы жоқ деп есептейді.

БАЛАМА ТҰЛҒА КОЗУЛИН БЕ?

«Белорус халық майданы» қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Алексей Янукевичтің ойынша, «Крестный батька» деректі фильмі – Мәскеудің Лукашенконы биліктен тайдырудың жолын іздеп жатқанының айқын нышаны. Кремль алда болатын президент сайлауында Беларусьтің қазіргі басшысына қолдау танытпау туралы ұйғарымға келген болар деп топшылайды оппозиция өкілі.

«Кремльдің бұл саясаты Лукашенконың жеке басын төмендетіп, беделін түсіруді көздейді. «Крестный батька» фильмі – кезекті ақпараттық
Оппозициялық саясаткер, бұрынғы саяси тұтқын Александр Козулин. Минск, 20 тамыз 2008 жыл.
шабуылдың бір бөлігі ғана», – дейді Алексей Янукевич.

Кейбір сарапшылар Лукашенко туралы бұл деректі фильмде 2006 жылғы наурыз айында Беларусь президентінің сайлауына түскен оппозициялық саясаткер, бұрынғы саяси тұтқын Александр Козулин туралы жиі айтылуы тегін емес деген түйін жасайды.

Бұдан Мәскеу 2011 жылғы президенттік сайлауда Лукашенконы тұғырдан тайдыру үшін Александр Козулиннің жеңіске жетуін қалайды деп түсіну керек дейді Минсктегі «Наша нива» газетінің бас редакторы Андрей Дынько. Ол «Крестный батька» фильмі көрсетілгеннен кейін беларусь оппозициялық күштерінің үміті қайта оянды деген пікірде.

«Меніңше бұл фильм – Александр Козулинді саясатқа қайтару үшін оны президенттік сайлауға қатысуға итермелейтін жеке жолдау. Егер осы белгіден кейін Козулин өз кандидатурасын ұсынса болды, соның өзі алдағы сайлаудың шешуші сәті болмақ. Бұл екі фильм оппозициялық саяси күштердің жанын кіргізді деп ойлаймын», – дейді Андрей Дынько.

НЫСАНАСЫ АЙҚЫН ОПЕРАЦИЯ

Беларусьтің «Стратегия» орталығының директоры, экономист Леонид Зайканың пікірінше, Кремль экономикалық көмек пен беларусь экономикасын ұстап тұрған арзан энергиядан айыру арқылы Александр Лукашенконы құртып тынатын «нысанасы айқын операцияны» қолға алғанға ұқсайды. Сонымен бірге, Кремль президенттікке балама үміткерге жасырын көмектесіп отыр деп санайды Леонид Заика.

Александр Лукашенко сайлау нәтижесін бұрмалауға әрекеттенген жағдайда, Батыспен бірге Мәскеу де оның қайта сайлануын заңды деп танудан бас тартады, сөйтіп оны тақтан тайдыруда шешуші соққы да сол болады деген болжам жасайды Леонид Зайка.
Егер Вашингтон, Брюссель және Мәскеу сайлау нәтижесін мойындамайтын болса, ахуал толық өзгереді. Оларға одан басқа нәрсе істеп керек емес. Оларға еш сөз байласып та керек емес. Осылайша Кремль құқық пен заң аясында әрекет ете алады.


«Егер Вашингтон, Брюссель және Мәскеу сайлау нәтижесін мойындамайтын болса, ахуал толық өзгереді. Оларға одан басқа нәрсе істеп керек емес. Оларға еш сөз байласып та керек емес. Осылайша Кремль құқық пен заң аясында әрекет ете алады», – дейді Леонид Зайка.

Егер Кремль ауыспалы кезеңді бақылауда ұстайтындығына, өзіне икемдірек адамды тағайындай алатынына сенімді болмаса, Александр Лукашенконы тайдыруды көздейтін іс-қимылдарға бармас еді деген пікір айтады сарапшылар.

Ал «Коммерсантъ» газетінің саяси сарапшысы Павел Шереметтің ойынша, Кремльдің алдында тілалғыш әрі ізетті болуы үшін Ресей Александр Лукашенконы қорқытып алғанды жөн көреді. Сарапшы кейбір талдаушылардың Мәскеудің жоспары – Беларустегі билікті ауыстыру деген тұжырымына күмәнмен қарайды.

«Бұл Лукашенконы тақтан тайдыру мақсатында емес, президент қызметінде отырған оған белгілі бір шаруаны орындату үшін, бұрындары талай куә болғанымыздай, оны тағы бір қысып қою әрекеті болуы әбден мүмкін. Ол тағында қалады, президент сайлауы кезінде оған бөгет жасамайды. Бірақ ол осының ақысы ретінде Кедендік одақ шеңберінде ымыраға келуге немесе Ресеймен саяси одаққа бірігуге міндетті болады», – дейді Павел Шеремет.
XS
SM
MD
LG