Accessibility links

«Берік Ысмайылов» сән салонының директоры «өз елінде ұлтан болғысы» келеді


Сәнді киім тігуші шебер Берік Ысмайылов. Жеке мұрағаттағы сурет.
Сәнді киім тігуші шебер Берік Ысмайылов. Жеке мұрағаттағы сурет.

Қазақтың ер азаматтары арасында сирек кездесетін ісмерлік өнері қанмен дарыған Берік Ысмайылов сән бизнесінің құпияларымен бөлісе келіп, өзінің алғашқы мамандығы авиациялық зауыттың инженер-конструкторы болғанын айтады. Он саусағынан өнер тамған ол қазір халықаралық дәрежеде кең танылған сәнгер.

— Әке-шешем қарапайым жұмысшы, отбасындағы 9 баланы тек адал еңбектерімен ғана өсіріп жеткізген адал да, еңбексүйгіш адамдар болды. Жаз шыға егін егіп, күзге қарай оны жиып-теріп, сатып дегендей, тек қана еңбекқор болуға тәрбиелендік. Өмірі май құю станциясында жұмыс істеген әкем соғыс ардагері, қадірлі ақсақал болды. Әкем де, атам да өз әкелерінен жалғыз болған екен, шешем де жастық шақтары ашаршылықпен, одан кейін соғыспен сәйкес келіп, көп қиыншылық, жетімдік көрген адам. Сондықтан да болар,
Берік Ысмайловтың «Жеміс вазасы» атты туындысы. Жеке мұрағаттағы сурет.
ата-анам бізді өз еңбегімізбен күн көруге үйретті.

Әкемнің жалақысы 69 сом болатын, газет таратушы, еден жуушы болып істеген анамның да айлығы жартымсыз еді, соған қарамастан ол кісілер егін егіп, мал өсіріп дегендей, үйдегі 9 баланың бәріне жоғарғы білім алып берді.

Өзім өмір бойы құрметтеп өтетін әкем мен анам бір жылдың ішінде бірінің соңынан бірі өмірден озды, ол кісілер бақилық болғанымен өнегелері біздің жадымызда қалды, бәріміз де Аллаға шүкір деп айтайын өз еңбегімізбен күн көріп келе жатырмыз.

ҰШАҚ ЖАСАУДАН КӨЙЛЕК ТІГУГЕ ДЕЙІН

— Сізді көргенде менің көкейімде анау-мынау жұмысты қол көре қоймайтын қазақ баласының тігіншілік өнерге деген қызығушылығы неден пайда болды екен сұрақ тұрады, бұған не дейсіз?

— Менің әкем тері илеу, киімді қысқартып, қайта пішу деген шаруаларды қиналмай атқаратын, қолының икемі бар кісі болды, бұған қоса ол кісі қайтыс болған кезде білгенім — киіз үй жасаудың шебері екен, бұл еңбек кітапшасында жазылыпты.

Сондықтан болар бұл өнер менде бала кезімнен болатын, біздің кезімізде отбасындағы үлкен балалардың киімін кішілері кию деген аса
Берік Ысмайловтың «Жоқтау» деп аталатын сәнді киім үлгісі 2004 жылы халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды. Жеке мұрағаттағы сурет.
ұят саналмайтын, өзім үйдің алтыншы баласы болғандықтан маған үлкен бауырларымның бар ескі киімдері бұйыратын. Қанша жерден ұят емес дегеніммен, сол кезде бала болсақ та аздап намыстанатынбыз.

Тіпті бір күні әпкемнен қалған пүліш пальтоны маған кигізіп қойғаны бар үйдегілердің. Осындай кездерде мен өзіме бұйырған ескі киімдерді алып, өңін өзгертіп, пішінін ауыстырып дегендей, басқаша етіп тігіп алатынмын. Осылайша менің дизайнер-конструкторлық өнерім балалық шақтан басталған.

Әрине, бірақ ол кездегі өзіме көйлек-шалбар тігіп алуым мен қазіргі деңгейімді салыстыруға келмес, дегенмен осы нәрсенің бастауы осылай болған. Оның үстіне анам жүгеріден, тарыдан, күріштен талқан жасап базарға апарып сататын, соны салуға поштаның сары қағазынан қол машинамен қалта тігетінбіз, машинамен іс тігуді осылай үйрендім.

Бірақ менің пішу, тігу деген шаруалар қолымнан келіп тұрса да, бұл өнерді әрі қарай жетілдіруге айналадағылардың күлкі етуі кедергі болып, бұл мамандыққа бармадым. Оның үстіне баланың көбі ұшқыш, инженер болуды армандайды ғой, мен де Ресейдің Омбы қаласындағы политехникалық институтты бітіріп, инженер мамандығын алдым.

Сөйтіп, 1985 жылы дипломымды алып, Ташкенттегі авиациялық зауытқа инженер-конструктор болып кіріп, сол жерде 11 жыл жұмыс істедім. «ИЛ 76 МД» деген әскери ұшақты жасадық.

Әйелім Гүлнәрдің де мамандығы инженер, екеуміз осы зауыттағы «31-цех» деп аталатын плаза цехында жұмыс істедік, ол жақта бұл цехты қатты құрмет тұтады, бір кезде мұнда Өзбекстанның президенті Ислам Каримов та жұмыс істеген.
Ол кезде кеден деген ашылған кез болатын, одан өткізбейтіндіктен автобустан түсіп қалып, көпірдің астымен өтіп келетінмін. Алматының милициялары заттарымызды тартып алып, өзімізді қуып жіберіп, талай қиындықты көргенбіз...


1990 жылдардағы Совет одағының ыдырауы бұл зауытқа да қиындығын тигізіп, бізге төлейтін 120 рубль ақша ештеңеге жетпейтін болды, сол кезде осы тігін өнерін қайта қолға алдым. Киім тігіп, демалыс күндері Ташкенттің базарына шығарып сатып жүрдім, біреулер көріп қоймасын деп көзіме қара көзілдірік тағып алатынмын, кейіннен ол жақта сатушыларды қудалай бастаған соң, Алматыға тасып әкеліп, «Қызыл таң» дүкенінің алдында сатып та жүрдім.

Ол кезде кеден деген ашылған кез болатын, одан өткізбейтіндіктен автобустан түсіп қалып, көпірдің астымен өтіп келетінмін. Алматының милициялары заттарымызды тартып алып, өзімізді қуып жіберіп, талай қиындықты көргенбіз.

— Сөйтіп жүріп елге оралдыңыз ғой?

— Иә, Қазақстанға келіп, бүгінгі дәрежеге жетіп отырғандығым әке-шешемнен дарыған еңбексүйгіштік қасиет пен Өзбекстанда қызмет етіп, еңбекқор адамдардың арасында өмір мектебінен өткенімнің арқасы деп білемін.

Елге оралмас бұрын мен 1992 жылы Ташкенттегі пәтерімді сатып, Мәскеуге кеттім. Сонда барып атақты дизайнер Любовь Красникова - Аксенева деген маманнан дәріс тыңдап, екінші білімімді жалғастырдым.

Ол Алла Пугачеваның киімдерінің үлгісін жасаған, «Женщина, которая поет» фильмінен танымал маман. Ол сондай-ақ, Муслим
Берік Ысмайлов қазақ әншісі Роза Рымбаевамен және ресейлік танымал сәнді киім шебері Вячеслав Зайцевпен (сол жақта) бірге. Жеке мұрағаттағы сурет.
Магомаев, Нани Брегвадзе, Людмила Зыкина сияқты әртістердің имиджінің ауторы. Мен ол кісіден 4 жыл оқып, оның тігін жүйесіне арналған кітабын келісімшартпен Қазақстанға алып келдім.

Сөйтіп, ұстазымның әдісімен «Любакс» мектебінде 1995 жылдан бері конструкторлар дайындай бастадым. Оларға 3 айдың ішінде киім пішудің ең оңай тәсілдерін оқытып шығарамын, осы уақыт аралығында біз 4-5 жыл оқитын материалды үйретеміз, біздің аналарымыз матаны қарыстап өлшейтін еді ғой, мен де сол әдісті пайдаланамын.

Менен оқып үйренгендер (олар Қазақстанның түкпір-түкпірінен келгендер) өздерінің тұратын аймақтарына барып, тігін ательелерін ашып, әрі қарай жұмыс істеп жол тауып кетіп жатыр, маған рақметін айтып хабарласып тұрады, бұл да болса өзімнің азғантай жетістігім деп білемін.

Бұған қоса өзімнің ауторлық сән салонымды аштым, ол жерде еліміздің эстрада жұлдыздары мен депутаттар, тағы басқа танымал адамдар келіп киімге тапсырыс беріп, олармен қоян-қолтық жұмыс істеудеміз.

Еліміздің танымал адамдарын өз қолыммен киіндіріп, олармен аралас-құралас жүргендігім, бала кезімде қол жетпестей болып көрінген Алматының төрінде жұмыс істеп, өнерімді ел бағалағаны үшін мен өзімді бақытты сезінемін, бұл үшін Аллаға мың шүкір деймін.

Қамшының сабындай дейтін ғұмырды бейнелі елестетсең, ол қамшының жуандығы, яғни сенің өміріңнің маңызды болуы тек қана өзіңе, еңбегің мен ниетіңе байланысты дер едім.

ОРТА ЖАСТАН АСҚАНДА ИТАЛЬЯН ТІЛІН ҮЙРЕНДІМ

— Ал әлемді жайлаған қаржы дағдарысы сізге қалай әсер етуде?

— Бұл негізі елдің бәріне жақсы сылтау болды деп ойлаймын, әрине, қаржы дағдарысы бар, ол әлемге ортақ жағдай, бірақ кейбіреулер
Берік Ысмайылов зайыбы Гүлнәр және немересі Әлібимен бірге. Жеке мұрағаттағы сурет.
оны тым асырып, өз бастарына телпек киіп алғандай әсер қалдырады. Жан-жағыңның бәрі күнде осы сөзді қайталап айта берген соң адамның санасы да күнделікті естіген сөзіне иланып қалатыны анық.

Маған да киім тіктіруші азаматтардың арасында осы сөзді ылғи айтып, мұңын шағып жүретіндер бар, тіпті осыны сылтауратып, бұйымды қарызға жасатушылар да көбейді, осы жағынан алғанда ықпалы бар. Бірақ жұмысымыз, шетелдерге сапарларымыз тоқтаған жоқ.

Сән бизнесі деген бизнестің ішіндегі қиыны деп айтқан болар едім, бұл жолдағы көптеген азаматтардың жұмыстарының тоқтағанын көріп жүрміз, осы жағдайлармен салыстырғанда, Аллаға тәубе, шүкіршілік. Инемен құдық қазғандай жұмысы соншалықты қиын болғанымен бұл шаруадан бірден ақшаны қаптап табу деген болмайды, бұл өзін-өзі аса қатты ақтай қоймайтын бизнестің түрі, сондықтан да кей адамдар әу баста қызығушылықпен кіріскенімен кейін қолдарын бір сілтеп басқа арнаға ауысып жатады.

Өз бизнесім де дәл бұрынғыша қарқындап жатпағанымен, қанағат етуге болатын тірлігіміз бар, негізі еңірей берген адамның алдынан күн шықпайды, сондықтан адам түңілмей өмірдің кез келген қиындығынан жол таба білсе, адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Дағдарыс деген де Алланың пендесіне жіберген кезекті бір сынағы шығар, мұның да өтпелі екенін ескерсек, алға жылжи беруіміз керек.

Бұл дағдарыстың мен үшін пайдалы болған бір жағын айта кетсем, өзім жұмыс бабында араласып, киім тігіп беріп жүрген талай адамның (олардың бәрі елге танымал адамдар) ішкі жан-дүниесін басқа қырларынан ашып танытты. Алдағы уақытта мен дәл осы адамдармен бірлесе жұмыс істегенде аяғымды абайлап басатын боламын, көрдіңіз бе уақытша қиындықтың өзі адамның шынайы бет-бейнесін көрсетіп берді.
Халықтың адамы деген жан-жақты болуы тиіс қой, сондайларды көргенде ұялып кететін кезім болады. Адам ақша табуды ғана ойламай, жүрген ортасына, өмір сүріп жатқан қоғамына, қызметіне сай болуы қажет қой...


Менің клиенттерімнің басым бөлігі әншілер, ал біздің елімізді шетелдерге танытатын да негізінен солар, сондықтан қазақ осы деп бүкіл халықтың бейнесін басқаларға ұсынып жүрген азаматтардың бойында мін болмаса ғой деп тілеймін.

Осы топтың өкілдерімен көп араласатындықтан, олардың бүкіл тірлігі менің көз алдымда ғой, бес саусақ бірдей емес, бұлардың арасында көргенде орныңнан тік тұрып сыйлауға лайықтылармен қатар, ән айтқаннан басқа көп нәрседен хабары жоқтары да кездеседі. Халықтың адамы деген жан-жақты болуы тиіс қой, сондайларды көргенде ұялып кететін кезім болады. Адам ақша табуды ғана ойламай, жүрген ортасына, өмір сүріп жатқан қоғамына, қызметіне сай болуы қажет қой.

Өзім орта жасқа келсем де күнделікті өмірдің ағымынан, қоғамдағы болып жатқан жайлардан бейхабар болмайын деп құлағымды жаңалықтарға түріп, көбірек ізденіп жүремін. Мәселен, жұмысыма тікелей қажеттілігі болған соң игеру қиын болса да, үш жылдан бері итальян тілін үйреніп жүрмін.

Оны білу арқылы тек тауар сатып алу ғана емес, сол елдің мәдениетін білуге, дәстүрімен танысуға мүмкіндік алдым. Бұл менің материалдық жағдайыма да әсер етпей қойған жоқ, қазір мен үшін ол елге барып келу Бішкекке барумен бірдей болып кетті, осының бәрі тілдің арқасы.

СӘН САЛАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖҮЙЕСІ КЕНЖЕЛЕП ҚАЛҒАН

— Берік мырза, осы саланың кәсіби деңгейі, жүзеге асуы жайында не айтасыз?

— Оның еш құпиясы жоқ, бұл саладағы білім беру жүйесі Совет одағындағы деңгейден өспеген. Тігін өнеріндегі әдіс-тәсілдердің бәрі сол
Қазақстанның халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова Берік Ысмайловтың қолынан шыққан сәнді көйлекпен тұр. Жеке мұрағаттағы сурет.
баяғыша, қазір бұл сала деген әлдеқайда дамып кетті ғой. Анда-санда ғана жарияға жар салып, бүкіл ақпарат құралдарынан айқайлатып жатып Ресейден, басқа да шетелдерден мамандарды алып келеді.

Олары қанша ақшаны алып кетеді, бірақ осы оқу орындарының түлектері маған жұмыс істеуге келгенде қарапайым көйлек-шалбарды жарты күн пішіп, оның 4-5 өлшемін жасағанын көргенде таң қалдым. Мен өзімнің қарамағымдағы мамандарға киімді бір өлшегенде пішіп, сол заматта бұйым етіп шығар деп талап етемін, өйткені бір киімді бір апта тігер болсаң, қазіргі уақыттың жылдамдығына ілесу мүмкін болмай қалады.

Ал 5-6 жыл оқығандардың киім пішудің өзін біраз уақытқа созғанын көргенде мен бұл кәсіп тек оқумен ғана емес, қанмен де келетін өнер деген баға беремін. Бұл кәсібилікке қатысты әңгіме, ал енді жүзеге асуы дегенге келсек, қазір әркім өз арбасын өзі сүйреген заман болды.
Біздің саланың мамандары өз елінен гөрі басқа мемлекеттерде танымал....
Бұрынғыдай бүкіл Қазақстанды киіндіретін фабрикалар жұмысы тоқтады, жеңіл өнеркәсіп деген жоқ болды.

Бізде небір талантты дизайнерлер мен тігіншілер бар, олар өздерінің жасаған жұмыстарын шетелдердегі көрмелер мен байқауларға қатыстырып, ол жақтарда атақты болып жүр, бірақ оларды Қазақстанда көп ешкім біле бермейді. Орыста «Нет пророка в своем отечестве» деген мақал бар ғой, қазақтар «алтынның қолда барда қадірі жоқ» дейді, сол айтқандай, біздің осы саланың мамандары өз елінен гөрі басқа мемлекеттерде танымал.

Бұған қоса біздің елге қазір барлық елдің киімдері дайын күйінде жеткізіліп, дүкендерге түсіп тұрғандықтан, қарапайым халықтың арасында киім тіктіруге сұраныс та аздау. Көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанның дизайнерлері бізге келіп гастарбайтер ретінде жұмыс істеуде, өзіміздің мамандар шетел асып кеткен, осындай бір ахуал бар біздің салада.

— Ал қазақстандық сәнгерлердің жұмыстарын әлемдік бренд есебінде таныту қаншалықты мүмкін деп ойлайсыз?

— Әрине, кәсіби жағынан алғанда ондай мүмкіндікті жасауға болар еді ғой, бірақ бізде сәнгерлер жеке-жеке жұмыс істеуде. Олар әлемдік деңгейде мойындалуы үшін үлкен қолдау қажет.

Мәселен, мен өзімнің «Берік Исмайлов» деген брендімді халықаралық дәрежеде заңдастырдым, бірақ онымен әрі қарай жұмыс істеп,
Берік Ысмайловтың Алматыдағы сән салоны. Жеке мұрағаттағы сурет.
әлемдік аренаға шығуға менің бір өзімнің қаржылық мүмкіндігім қолбайлау болады, бұл менің өзіме қатысты айтып отырғаным, мен сияқты қаншама мамандар осылай «қысқа жіптің күрмеуге келмейтіндігінен» алысқа ұзай алмай отыр.

«Dolce & Gabbana», «Versace» секілді әлемге танылған брендтерге мемлекеттік дәрежеде қызығушылық пен қолдау болғандықтан да олар әйгілі болды, ал жеке адамның аты жеке адам ғой қанша дегенмен, «жалғыздың үні шықпасы» әлімсақтан белгілі емес пе, сіздің сұрағыңызға байланысты айтарым, бізге кедергі осы ғана.

Мәселен халықаралық дәрежедегі сән көрмесіне өз дүниелеріңді қою үшін 500 мың еуро төлеу керек болады, жыл бойы тапқан табысыңды төлеп бір күндік көрмеге қатысып, одан кейін саусағыңды сорып отырмайсың ғой.

Сән бизнесі деген де қазанында маңдай термен келген қаражатпен бірге арам ақша да қайнап жататын кәдімгі мұнай, газ сияқты саладан кем түспейтін бизнес қой, ал мен мұндай жолмен атақты болғым келмейді. Тағы да қазақтың даналығына жүгіне сөйлесем «өз елімде ұлтан болу» маңыздырақ болды мен үшін.

1995 жылы Мәскеуден келген кезімде менің істеген жұмыстарымды көрген фабриканың өкілдері мені жалақың 10 мың доллар болады деп, Қытайдың Харбин қаласындағы бір фабрикаға жетекшілік етуге шақырды, ол кезде Алматыда бір бөлмелі пәтердің құны 5-6 мың доллар тұратын.

Ол кезде балаларым жас болды, оның үстіне қазақ болған соң ағайын-туысты қиып қалай кетемін, өзім енді оралғанда деп ұсыныстан бас тарттым, мүмкін сонда барып біраз жұмыс істеп, қаражат жиып келгенімде тіпті өз саламнан жоғарғы оқу орнын ашатын да мүмкіндік жасап алар ма едім деп қазір ойлап қоямын, бірақ өткенге өкініш жоқ, Алланың бергеніне тәубе дейтін қазақпыз ғой.

АРМАНЫМ — КИІЗ БАСУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН НАСИХАТТАУ

— Сізге мұндай халықаралық деңгейдегі байқаулар мен көрмелерге шақыртулар болды ма?

— Әрине, мұндай шақыртулардың талайын алып жүрмін, кей байқауларға қатысып жүлделі де болдым. Мұндай жерге барудың қалтаға оңай соқпайтынын айтып өттім ғой.

Оның үстіне мен бұл саланың ұңғыл-шұңғылын білетін маман ретінде мұндай көрмелердің қалай өтетінін, оның өзіме не беретінін жақсы білемін, сол себепті де көп жағдайда бас тартамын. Тіпті бір сауда палатасында істейтін француз досым Францияда көрме өткізуге көмектесемін деп шақырып отыр.

Қаңтар айында өтетін байқауға Италиядан шақырту алып отырмын. Бірақ мен қайда көрме өткізсем де шетелге тек қана ұлттық
Қолда барды ұқсата алмай, өзіміздің аналарымыз жасағандай бұйымдарды шетелден қыруар ақшаға сатып алып отырмыз...
нақыштағы бұйымдарды алып барғым келеді.

Жақында ғана мен шетелден жаңа бір мата алып келдім, бұл біздің ата-бабамыздың киіз басу технологиясына жақын тәсілмен жасалған тауарлар, көрдіңіз бе қолда барды ұқсата алмай, өзіміздің аналарымыз жасағандай бұйымдарды шетелден қыруар ақшаға сатып алып отырмыз.

Сондықтан да мен анамның шиге орап басқан киізі, қойдың жүнін иіріп жасаған тоқыма бұйымдары сияқты, осы технологияны заманауи стильде насихаттау тұрғысынан қатысар едім шетелдік көрмелерге, әзірше бұл арман мен жоспар күйінде тұр. Бірақ бұған тағы да сол қаржы жағы кедергі. Бұл бізге біріншіден арзанға түссе, екіншіден ұлттық дәстүрді жаңғырту, баба дәстүріне адалдық болған болар еді.

«Инемен құдық қазғандай» деуге болатын осы бір қиын саланы таңдағаным үшін өкінбеймін, өйткені өз жұмысымнан ләззат аламын. Және тігін өнерінің биік шыңы классикалық бағытта жұмыс істеу де мені шабыттандыра түседі.

Сөз соңында Азаттықтың оқырмандарына айтар тілегім, «киіміне қарап қарсы алатын» қоғамда әрдайым әдемі болып жүріңіздер, «әлемді құтқаратын» сұлулыққа құштар болыңыздар. Сіздердің бет-бейнелеріңіз өздеріңіз үшін ғана емес, Қазақстан деген байтақ елді тануға келген басқаларға елімізді таныту үшін маңызды екенін әрдайым естен шығармағайсыздар. Сыртқы келбеттеріңізге ішкі жан-дүниелеріңіздің сұлулығы сай болсын дегім келеді.

Кейіпкер туралы мәлімет

Берік Әбдішұлы Ысмайылов 1962 жылы 15 наурызда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Модельер-конструктор, халықаралық дизайнерлер қауымдастығының мүшесі, «Берік Ысмайылов» ауторлық сән салонының директоры. Омбы политехникалық институтының, Мәскеудегі Любовь Красникова — Аксенева ауторлық мектебінің түлегі.
XS
SM
MD
LG