Accessibility links

Тәуелсіз БАҚ-тар түзетулер енгізілген баспасөз туралы заң жобасына вето қоюға шақырады


Баспасөз заңына өзгертулер енгізу туралы Үкімет әзірлеген заң жобасын Мәжіліс депутаттарының екінші оқылымда мақұлдауын атқарушы билік өкілдері жылы қабылдаса, журналистер қатты сын айтып жатыр.

Желтоқсанның 25-і күні Астанада «Фридом хаус» қорының ұйымдастыруымен БАҚ заңына өзгертулерді кезекті мәрте талқыға түсті. Онда Үкіметтің дайындаған заң жобасында осыған дейін журналистік қауымның жолдаған ұсыныстары ескерусіз қалып отырғаны баспасөз өкілдерінің сынына ілікті.
Бұған дейін осы жобаны жұмыс тобында қараған депутаттар елдегі «телеарналар хабарларының тақырыбын Мәдениет және ақпарат министрлігімен алдын ала келісіп отырсын» деген пікірді жақтап дауыс берген болатын.
Сөз бостандығын қолдауға арналған митингте жұртшылық цензураны бейнелейтін қуыршақты өртеуде, Алматы, 24 маусым 2006 ж.
Ал қолданыстағы заңда «ар-намысқа тиген» деген айып бойынша журналисті қылмыстық жауапқа тартуды, сондай-ақ, газетке үлкен мөлшерде айыппұл салу секілді баптардың болуын қоғамды демократияландырып, сөз бостандығын нығайтқысы келетін мемлекетке жат құбылысқа жатқызатын журналистік қауымдастықтың пікірімен Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл келіспейді:
- Адам үшін ең маңызды болып саналатын қасиет – ар-намысқа тиетін қылықты қылмысқа теңемеу керек дегенді қалай қабылдауға болады? Ол дұрыс емес. Мысалы, менің ар-намысыма тиюге ешкімнің қақысы жоқ деп санаймын.
Алайда, журналистер бұған қарсы уәж айтады.
- Қателік жіберген ақпарат құралын немесе журналисті кешірім сұрату арқылы шешуге болады ондай даулы мәселені. Ал, біздің қазіргі заңымыз ше? Ар-намысқа тиді деген сылтаумен тіпті осыдан он жыл бұрынғы жарияланымдар үшін сотқа сүйрелеуге рұқсат беріп отыр. Бұл – күлкілі жайт, - дейді «Жас алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы.
Ал БАҚ туралы заңға өзгертулерді дайындаған Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева болса ар-намысқа тиюге байланысты дау-дамайлардың төрелігі сотта айтылғаны дұрыс деген пікірді ұстанады:
- Біздің Конституциямыз бойынша, ешкім де өзге адамның құқықтары мен ар-ожданына нұқсан келтіре алмайды.
Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңына өзгертулер енгізу жөніндегі жобаны желтоқсанның 24-і күні парламент Мәжілісі екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады. Ал жоғары палата бекіткен соң президентке қол қоюға жібереді.
БАҚ туралы заңға үкімет әзірлеген өзгертулерді сынға алғандар (солдан оңға қарай): Сейтқазы Матаев, Тамара Калеева, Рысбек Сәрсенбайұлы, Ермұрат Бапи. Алматы, 2 желтоқсан 2008 ж.
- Біз өз пікіріміздің ескеріліп, келісім болғанын қалаймыз. Ал егер билік оған көнбесе, онда заң аясында өз наразылығымызды білдіруге, халықаралық ұйымдарға дейін талап айтуға қақымыз бар. Мұндай дұрыс заң қабылдамайтын парламенттің бізге қажеті қанша? Ондай заң шығарушыларды тарату керек. «Біз әлі жас мемлекетпіз» деген алдарқату сөзге сеніп, былайша айтқанда, қашан сақалы сапсиып беліне түсер екен деп күтіп отыра алмаймыз. Ондай үкіметті отставкаға жіберуді талап етуге құқылымыз. Ал егер ондай заңға қол қоятын болса, онда президенттің де отставкаға кетуін талап етуге қақымыз бар, - дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Жобаны дайындаған министрліктің жауапты хатшысы бұл заң жобасы елдегі баспасөз бостандығы мен журналистердің құқығын қорғауға бағытталған десе, журналистік ұйымдар жоба бұл салада айтарлықтай демократиялық өзгерістер енгізуді көздемейді, ал биліктің үлкен жетістік ретінде көрсеткісі келетін кейбір баптар «журналистке ақпарат жинау кезінде қаламды пайдалануына рұқсат берумен пара-пар» деген теңеу айтады.
Оппозициялық ұстанымдағы журналист Ермұрат Бапи бұл жобаны биліктің кезекті көзбояуы деп бағалайды:
- Негізінде, бұл заң жобасын осы күйінде қабылдау тікелей Ақ орданың пәрменімен болып жатқан шаруа. Шынтуайтына келгенде, оған демократиялық оң өзгерістер енгізуге Үкіметтің де, Мәжілістің де, Сенаттың да ықпалы жоқ. Олар тек өздеріне айтылған нәрсені құжат түрінде заңдастырып беруді орындап отырғандар.
Осыдан бір апта бұрын Қазақстандағы бірқатар журналистік ұйымдар мен 15 басылымның жетекшілері БАҚ туралы заңға түзетулер енгізген кезде өздері әзірлеген толықтыруларды ескеруді сұрап, ел президенті әрі билеуші партияның көсемі Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдаған болатын.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG