Accessibility links

Қазақстан үкіметі дағдарысты ысырып қойып, енді жаппай блог ашуға кірісті. Бүгін үкімет отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімов барлық министрлерге бір айдың ішінде үкімет сайтынан жеке блогтарын ашу жөнінде тапсырма берді. Ал үкімет басшысының өзінің жеке блогы өткен жұма күні ашылған болатын.

Осы аралықта Кәрім Мәсімовтің жеке блогына Қазақстанның барлық аймақтарынан оқырмандар кіріп үлгеріпті. Олар өз аймақтарындағы шешімі табылмаған мәселелерді де жеткізіп қойыпты. Соның бірнешеуін үкімет отырысында көтерді.

Мәселен, астаналықтардың бірі жаңадан ашылған үлкен моншаға кіру мүмкін еместігін жазыпты. «Іші лас, барлығы бүлініп, сынып жатыр» деп хатты оқып берген Мәсімов Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовті моншаға жіберді. Артынша, Тасмағамбетовпен бірге өзі де моншаға барып көретінін жеткізді. Екінші бір оқырман Шымкенттегі мектептердің суық екенін, оқушылардың сабақта сыртқы киіммен дірдек қағып отыратынын жазыпты.

Осылай блогқа кірушілердің хаттарын оқудың қызығына түскен әрі өзінің заманауи ілгері екенін дәлелдегісі келген Кәрім Мәсімов қарамағындағы барлық үкімет мүшелеріне бір айдың ішінде жеке блогтарын ашуға тапсырма берді. Әрі ол блогтарын өзі де мұқият қадағалап отыратынын айтты.

Ал министрлер болса, блог ашып, оқырман хаттарына жауап жазуға уақыт табатындықтарын, жеткізіп жатты. Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов «ұялы телефон арқылы смс жазып жатамыз ғой, блогты қарауға да уақыт табылатын шығар» дейді.
Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев болса, күнімен жұмыс істесек, түнімен отырып блогқа кірушілердің сұрақтарына жауап береміз дейді. Әрі ол өзінің кез-келген сұрақтарға ашық жауап беруге дайын екендігін айтты.

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының президенті Қайрат Келімбетов те блог ашуға әзір екенін айтады. Ол «блог ашу дағдарыстан шығу бағдарламасының қалай жұмыс істеп жатқанын түсіндіру үшін, әрбір істелініп жатқан шаруаларды жеткізу үшін маңызды», - деді.

Блог – былайша айтқанда әрбір жеке адамның күнделігі іспетті. Ол өзінің блогына жеке өмірі, суреттерін, күнделікті өмірде не істеп жатқанын еркін жаза алады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG