Accessibility links

Көпір апатында мерт болған 8-ші адамның мәйіті табылды, тірі қалған жұмысшылар жалақыға жете алмай жүр


Төтенше жағдай қызметкерлері көпірдің Жайыққа құлаған тұсында суға кеткендерді іздестіруде. Атырау, 12 қыркүйек, 2009 ж.

Төтенше жағдай қызметкерлері көпірдің Жайыққа құлаған тұсында суға кеткендерді іздестіруде. Атырау, 12 қыркүйек, 2009 ж.

Қыркүйекте Атырауда салынып жатқан көпірдің бір бөлігі Жайық өзеніне құлаған кезде жоғалған 8 жұмысшының 7-уінің мәйіті табылып, 27 жасар Талғат Базарбаев із-түзсіз кеткен еді. Апат себептері анықталуда, жұмысшылар болса жалақы қарызы өтелмей жатыр дейді.


Қарашаның 5-інде Талғат Базарбаевтың мәйіті Жайыққа құлаған көпір понтондарының арасынан табылған.

Бұл жайлы көпір құрылысын жүргізген «Трансстроймост» акционерлік қоғамы учаскесінің бастығы Жәнібек Бекмағамбетов Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментіне хабарлаған. Департамент баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, марқұмның денесі сол күні облыстық мәйітханаға жеткізілген.

Биылғы жылғы қыркүйектің 11-інде Атырау қаласындағы Мечников пен Баймұханов көшелерін байланыстыратын жаңа көпірдің бір бөлігі Жайық өзеніне құлаған кезде, сондағы жұмыс істеп жатқан 8 адамның жетеуінің денесі су астынан табылғанымен, тағы бір
Көпірдің Жайық өзеніне құлаған бөлігі. Атырау, 12 қыркүйек 2009 ж.
құрылысшы - Алматы облысы, Ескелді ауданындағы Сырымбет ауылының тұрғыны 27 жастағы Талғат Базарбаевтың өлі-тірісі осы күнге дейін белгісіз болып келген еді.

ТАЛҒАТ ШАҢЫРАҚ КӨТЕРЕМ ДЕП ЖҮРГЕН ЕДІ

Талғат Базарбаевпен бірге көпір құрылысына қатысқан жолдастарының бірі Райымбек Серікбаевтың айтуынша, Талғат өте ақкөңіл, мейірімді жігіт болған. Отбасының тұрмысы нашар еді. Ол ылғи ауру әкесі мен қарындасын ойлап, қатты уайымдайтын деп еске алады Райымбек Серікбаев.

Сондай-ақ, Райымбек Серікбаев марқұм Талғат Базарбаевтың анасының сол апаттан соң бір жарым ай бойы үйіне қайтпай, күн сайын таң атқаннан кеш батқанға дейін Жайықтың жағасында жылап отырғандығын көргенін айтады.

Марқұмның туыстары қыркүйек айындағы апаттан соң Атырау облысы әкімі Бергей Рысқалиевтың қабылдауында болған еді. Олар әкесінің денсаулығы жоқтығына байланысты отбасын асырап отырған жалғыз Талғат екендігін айтқан болатын. Талғат Базарбаевтың ата-анасы балаларының үйленуге әзірленіп және жүрек ауруымен ауыратын қарындасының операциясына ақша жинап жүргендігін де айтып берген еді. Облыс әкімі Т.Базарбаевтың қарындасын емдеуге көмектесуге уәде берген болатын.

ЖҰМЫСШЫЛАР УЧАСКЕ БАСТЫҒЫН КІНӘЛАЙДЫ

Қазір көпір апатының себебін анықтаумен құқық органдары айналысуда. Атырау облыстық ішкі істер департаменті «Трансстроймост» акционерлік қоғамының бірнеше жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс қозғады, облыстық прокуратура көпір құрылысының заңсыз салынғандығын мәлімдеді. Ал көпір құрылысы кезіндегі апаттың техникалық себебін анықтаумен Қызылордадан арнайы шақырылған сарапшылар айналысуда. Бірақ сот-техникалық сараптамасының қортындысы әзір шыққан жоқ.

Апат болған күні сол жерде жұмыста болған бір топ жұмысшы Азаттық тілшісімен әңгімеде қайғылы оқиғаның салдарын ұзақ зерттеудің қажеті шамалы деген пікірлерін білдіріп, өздері куә болған жайтты баяндап берді. Райымбек Серікбаевтың айтуынша, көпірді тезірек тапсыруды талап етуге байланысты, көпір құрылысы барысында оның бөліктері 28 метр жалғануға тиісті металл балкасыз жылжытылған. Бұндай бұйрықты сол жердегі учаске бастығы берген еді дейді ол.

"АЛАШАҚ АЙЛЫҒЫМЫЗ КӨПІРМЕН БІРГЕ ҚҰРДЫМҒА КЕТТІ"


Сондай-ақ, «Трансстроймост» компаниясының бес мыңға жуық жұмысшысы әлі күнге дейін 2008 жылдың желтоқсаны, 2009 жылдың қаңтар, ақпан, шілде айларының жалақыларын ала алмай отырғандарын айтады. Біздің жалақымыз сол құлаған көпірмен бірге кеткен тәрізді деседі олар.
«Трансстроймост» компаниясының жұмысшылары 8 ай бойы алмаған жалақыларын талап етіп, ереуілге шықты. Атырау, шілде, 2009 жыл.


– Шілде айында жалақымызды талап етіп ереуілге де шыққанбыз. Там-тұмдап төлегендерімен, әлі күнге дейін қорытынды жоқ. Қапшағайдағы «Трансстроймост» акционерлік қоғамының бас кеңсесіндегілер бізге жауап бермейді, не ақшамызды бермейді. Бұған парламент депутаттары көмектесе ала ма? – деп сұрайды Райымбек Серікбаев.

Бұл айтылған жайттарға байланысты «Трансстроймост» компаниясының басшыларына қойған сауалымызға жауап ала алмадық.

Қазір көпірдің Жайық өзеніне құлаған бөлігін көтеру жұмыстары жалғасып жатыр.
XS
SM
MD
LG