Accessibility links

БТА банктің сыртқы берешегі Қазақстан үкіметін де қарызға батыруы мүмкін


БТА банктің Алматыдағы бөлімшелерінің бірі.
БТА банктің Алматыдағы бөлімшелерінің бірі.

Қазақстан экономистерінің пікірінше, шетел несиегерлері БТА банктің қарызын толық өтеп беруін талап еткен жағдайда бұл банк тақырға отырады. Өйткені, мемлекеттің өзінің мұндай ауқымды қарызды өтеп беруге шамасы жоқ. Сондай-ақ, жергілікті сарапшылар банктің дефолтқа ұшырауына ұлттық қордағы қаржының бейберекет жұмсалуы кінәлі деп есептейді.

Standard & Poor's халықаралық агенттігі қазақстандық БТА банктің ұзақ және қысқа мерзімдік рейтингісін "D" (дефолт) деңгейіне дейін түсірді. Бұған дейін бұл банк негізгі қарыздарын төлеуді тоқтатып, берешектерін қайта құрылымдайтындығын жариялаған еді. БТА банктің қарызы 12 млрд доллар, соның 4 млрд доллары биыл қайтарылуы тиіс.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҰНДАЙ ҚАРЫЗДЫ ЖАБУҒА ШАМАСЫ ЖОҚ

Бұрынғы қаржы министрі, Қазақстан экономистері қауымдастығының төрағасы Ораз Жандосов қазіргі күні БТА банктің әрі қарайғы тағдырына қатысты екі түрлі бағытты көретіндігін айтады:

– Банк үшін өзінің барлық несиегерлерімен қарызды қайта құрылымдау жөніндегі келіссөздерінің қаншалықты сәтті өтетіндігі аса маңызды болып тұр. Турасын айтқанда, мұнда екі жол бар: біріншісі–банк пен несиегерлер қарызды қайтарудың жаңа шарттарына келіседі; екіншісі – келісім болмаса, онда белгілі бір несиегерлер банктің қандай да бір активтерін алу үшін сотқа жүгінеді.

Белгілі экономист, әлемдік экономика және саясат институтының бас ғылыми маманы Қанат Берентаевтың пікірінше, үкіметтің банк капиталына күштеп енуі мен банктің бұрынғы жетекшісі Мұхтар Әблязовтың отставкасынан соң, БТА банктің халықаралық рейтингісі тез арада төмен құлдилайтындығы ешкімге жасырын болмаған.

Мемлекеттен банкке бөлінген ақша сыртқы қарызды өтеуге жұмсалады
Сондай-ақ, ол банктің бұрынғы төрағасының: «меншік иесінің ауысына байланысты банктен шетелдік несиегерлер қарыздарын тез арада өтеуін талап етуі мүмкін», - деп айтқан ескертулері қазіргі күні шындыққа айналып отыр деп есептейді. Бұдан бөлек, Берентаев несиегерлердің барлығы да қарызды толық өтеуін талап еткен жағдайда БТА банк тақырға отырады деп кесіп айтты.

– Менің пікірімше, қазірдің өзінде бірқатар шетелдік инвесторлар берешекті өтеуді талап еткен. Мемлекет бөлген 2 миллиард соны жабуға кетуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет бірінші кезекте банктің сыртқы қарызын реттеуге көңіл бөледі. Ал, банкке не төніп тұрғаны айдан анық. Өйткені, ол өз бетімен барлық талаптарды бірдей өтей алмайды. Қазақстан мұндай үлкен көлемдегі қаржыны таппайды. Бұл жердегі әңгіме Қазақстанның Ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) 10-13 пайызы туралы болып отыр. Банк сөзсіз тақырға ұшырайды. Сосын оны жою керек болады. Мемлекет атынан «Самрұқ-Қазына» банктің құрамына кіріп қойғандықтан, барлық қарыз үкіметке жүктеледі, - деді Қанат Берентаев.

S&P агенттігінің есептеуі бойынша, БТА банктің жалпы қарызының көлемі – шамамен алғанда 12 млрд доллар. Ал, 2008 жылы Қазақстанның ІЖӨ көлемі шамамен 135 млрд долларды құрады.

ДЕФОЛТ БАНК ЖҮЙЕСІНІҢ КЕМШІЛІКТЕРІН АШЫП КӨРСЕТТІ

Сонымен қатар, Қанат Берентаев Қазақстандағы жетекші банктердің бағасының төмендеуі жалпы республикадағы банк жүйесіне ауыр соққы болып тиетіндігін болжап отыр.

– Әсіресе, елдегі банктердің сыртқы әлеммен қарым-қатынасы күрделене түседі. Бұл жағдайда қазақстандық банктердің елден тыс аймаққа шығу мүмкіндігі күрт кемиді. Яғни, бізге ешкім қарыз бермейтін болады. Оның үстіне, шілденің 1-інен бастап банктердің жарғылық капиталы көтеріледі. Соның салдарынан 15-ке жуық банк өзара бірігуге мәжбүр болады, - деді экономист.

Қазақстандық банктерге шетелден қарыз алу өте қиынға соғады
Бұдан бөлек, сарапшылар Қазақстандағы банктерді бақылау сапасына қатысты сыни пікірлерін білдіруде. Олар өткен жылдың күзінде ғана банк жүйесінің жалпы жағдайы жаман емес көрінгендігін, ал қазіргі кезде тақырға отырудың сәл алдында тұрғандығын атап көрсетуде.

– Біріншіден, бұл банк жүйесінің ашық емес екендігінің көрінісі. Мұнымен қоса, банктерді дамыту саясатының жоқтығы тағы бар. Осының барлығы банктердің шетел инвесторлары алдындағы беделін түсіреді, - деді Қанат Берентаев.

КІМ КІНӘЛІ?

Қазақстандық сарапшылар дәл қазіргі жағдайда банктерді тығырықтан шығарудың барлық мүмкіндіктерін мейлінше пайдалану маңызды екендігін айтып отыр. Алайда экономист Қанат Берентаев «кім кінәлі?» деген сауалдың аса маңызды рең алатын уақытының да жақын екендігін жоққа шығармайды.

– Банктердің өздері және сыртқы қарызды реттемеген, сол арқылы қауіпсіздіктің шегінен асырып жіберген Ұлттық банкі кінәлі. Ең бастысы, менің пікірімше, ұлттық қордың қаржысын ұқсатудың тұжырымдамасы дұрыс емес. Кезінде біз ұлттық қордың сыртта жатқан қаржыларын ел экономикасына салып, сол арқылы екінші деңгейлі банктер белгілі бір пайыздық несие арқылы оны пайдалану мүмкіндігін ұсынған едік. Сонда елдегі банктер қарыз алу үшін сыртқа жүгірмеген болар еді, – деді Қанат Берентаев.

Қазақстанда 37 банк жұмыс істейді. Олардың шетелге қарызы 40 млрд долларды шамалайды. Ал, жалпы Қазақстанның сыртқы қарызы 100 млрд доллардан асады.
XS
SM
MD
LG