Accessibility links

БТА банк дағдарысты еңсергенін мәлімдеді. Бірақ Мұхтар Әблязовтың пікірі басқаша


БТА банк сыртқы қарыздарын реттеу арқылы банктен күдер үзгендердің үмітін оятпақшы. Банк басшысы Әнуар Сәйденов ақпаннан бері алғаш рет дағдарысты еңсергендерін айтса, бұрынғы төраға Мұхтар Әблязов банк дефолттан құтыла алмайды дейді.

БТА банк басқармасының төрағасы Әнуар Сәйденов сыртқы қарыздарды қайта құрылымдауды сәтті өткізген соң салымшылардың банкке қайта оралатындығына сенім білдіреді деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігі.

«Егер сырты міндеттерді қайта құрылымдау сәтті өтсе, онда, әрине, мұның нәтижесінде банк қосымша тұрықтылыққа ие болады, жеке және заңды тұлғалармен қарым-қатынас оңалады деп үміттенемін», - деді Ә.Сәйденов.

БТА басшысының айтуынша, салымшылар ақпан айында банктен сырт айналғаннан кейін, биылғы наурыздан бастап жеке және заңды тұлғалардың банктегі депозиттер көлемі реттелген және «бірқалыпты деңгейді» ұстап тұр.

Алайда БТА банктың бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов, қалыптасқан жағдайға байланысты «Bloomberg» агенттігіне берген сұхбатында, банктен сырт айналған шетелдіктер ұзақ уақыт көлемінде БТА-ға қайта соқпайтындығын ескертті.

«БТА банкте мүдделері барлар, халықаралық несиегерлер, акционерлер, клиенттер және қызметкерлер, Қазақстан үкіметінің ақылға сыйымсыз қылмысының құрбаны болды, - деді қазақ билігінен шетелге қашуға мәжбүр болған Әблязов. – Ең қынжылтатыны, үлкен көлемді шығынның алдын алуға болатын еді, солай жасау керек те еді. Қазақ компаниясына барлық шетел рыногы жабылды және бұл жағдай әлі бес жылға созылады».

Қазірдің өзінде сарапшылар БТА банкті өз қарамағына өткізген билік, банктегі жағдайды реттеуден гөрі, ондағы проблемалардан банкті сатып жіберіп құтылуға күш салатындығын атап көрсетуде.

Бұл жағдайды БТА басқарма төрағасының орынбасары Генриг Холодзинский де жоққа шығармайды. Банкир, БТА банктың Алматыдағы бөлімшесінің ашылу салтанатынан соң, «банк қалыптасқан жағдаймен өз бетімен күресе алатын болса, онда ол сатылмас еді» деп атап көрсеткен.

Қазіргі таңда БТА банкке ресейлік Сбербанк қызығушылық танытып отыр. Генриг Холодзинскийдің хабарлауынша, банк саудасына қатысты түпкілікті шешім банкті қайта құрылымдау жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана қабылданады.

«Банктің құны оның капиталының санына байланысты болады. Үш, төрт, бес «кітап» дегендей сандар келтіріліп жатады. Бүгін ол екі болуы мүмкін, сәтін салып кітап шығарсақ жақсы. Бағасын реструктуризациядан кейін білетін боламыз». – деді ол.

Қазақстандық экономист Қанат Берентаевтың пікірінше, Сбербанк БТА-ны сатып алудан бас тартпайды, бірақ ресейлік банк оның бұрынғы қарыздарын төлеуге мүдделі болмауы тиіс.

«Тиімді дейтініміз банктың ауқымды жүйесі қалыптасқан, сатып алушы үшін бұл маңызды филиалына айналмақ. Сондықтан, Сбербанк оны сатып алуға тырысады. Бірақ, Сбербанк БТА-ны банк несиелерін қайта құрылымдау жұмыстарын аяқтағаннан кейін барып қана сатып алуға тырысады. Өйткені ол бұрынғы қарыздарды жабуды қаламауы мүмкін. Сондықтан ресейлік банк, соттардың ең болмағанда алғашқы кезеңі аяқталмайынша, БТА-ға қол салмайтын болуы керек», - дейді Қанат Берентаев.

Қазіргі таңда БТА банктың 75,1 % үлесі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына тиесілі.

Биыл сәуірдің 20-ы күні банк өзінің несиегерлеріне берешегі бойынша төлемдерді тоқтатқандығын жариялады.

Артынша-ақ, несиегерлер БТА банктен берешекті толық өтеп беруін талап етсе, банк акционерлері «Самұрық-Қазына» қорының банктің жарғылық капиталына кіруіне байланысты шеккен шығандарын сұрап халықаралық сотқа шағымданды.
XS
SM
MD
LG