Accessibility links

Мұхтар Әблязовқа қатысы болған 12 менеджер түрмеге кесілді


«БТА Банктың» Алматыдағы бөлімшелерінің бірі.

«БТА Банктың» Алматыдағы бөлімшелерінің бірі.

«БТА Банк» пен «Темірбанк» менеджерлерінің төрт айға созылған ісін қараған сот айыпкерлерге прокурор сұраған жазадан да қатал үкім шығарды: 11 адам түрмеге кесіліп, бір кісі шартты мерзімге сотталды.

25-желтоқсанда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты 12 адамды – «Темірбанк» бөлімінің және «БТА Банктың» несие комитеттері мен басқармаларының бұрынғы алты қызметкерін, сондай-ақ басқа да компаниялардың алты басшысын әртүрлі мерзімге бас еркіндігінен айыру туралы үкім шығарды.

Алматы прокуратурасының мәліметі бойынша, Бадатғали Тасыбеков, Ермек Диқанбаев, Айдос Мұқатаев, Асхат Естаев, Жәнібек Жұмамұхамбетов – 8 жылға, Алексей Домашенко, Ермек Жаныбеков, Жанна Бекбаева, Ерлан Бейсекеев – 5 жылға, Әблахат Кебіров, Дәулет Дашев – 2 жылға бас бостандығынан айрылды.

Тағы бір айыпталушы - Генриг Холодзинский 5 жыл шартты түрде жазаға кесілді.

Сот айыпталушыларға Қылмыстық кодекстің «қызметін асыра пайдаланған», «жасырып қалу», «өзгенің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу» және басқа да баптары бойынша айып тақты.

Үкіммен таныстырған судья Арман Шәмшиевтің өзі бұл істің машақаты мол, әрі ауқымды болғандығын жасырмайды.

– Істің өзі ерекше болды: банк қызметкерлерінің өзі айла-әрекеттерге барғандығы бірінші мәрте кезігіп отыр. Сонымен бірге, бұл аса үлкен процесс еді – мен 123 томдық қылмыстық істі қарап шықтым, – деді ҚазТАГ агенттігіне судья Шәмшиев.

Десе де, Алмалы аудандық сотының шығарған шешімі айыпталушы жақты одан бетер таң қалдырғанға ұқсайды. Сотта «Баск инвест»
Сот үкімі өте қатал болды. Мұны ешкім күтпеген еді. Барлығына дерлік прокурордың сұрағанынан артық мерзім берді...
компаниясының бұрынғы директоры Ермек Жаныбековты қорғаған адвокат Наталья Шахова Азаттық радиосына берген сұхбатында, сот процесінің өту барысына өкпесі жоқ екендігін, бірақ үкім дәл осындай қатал болады деп күтпегендігін айтты.

– Сот үкімі өте қатал болды. Мұны ешкім күтпеген еді. Барлығына дерлік прокурордың сұрағанынан артық мерзім берді. Ең жеңіл жаза – 5 жылдық шартты мерзім – Холодзинскийге берілді. Оның жасы 63-те, президент Назарбаевтан алған түрлі құрметті наградалары мен медальдері бар екен. Екі айыпталушыны сот залынан кісенмен алып кетті. Тіпті, балалы ана – Жанна Бекбаеваны 5 жылға түрмеге кесті. Ал прокуратура Бекбаева үшін шартты жаза сұраған болатын, – деді адвокат Шахова.

Адвокаттың айтуынша, айыпталушылардың ешқайсысы үкіммен келіспей отыр және олардың барлығы да аудандық соттың шешіміне шағым түсірмек. Заң бойынша, олар сот үкімі шыққан соң 15 күннің ішінде апелляциялық шағым беруге құқылы.

Хабарларға қарағанда, «БТА Банктің» бұрынғы басшыларына қатысты іс бойынша 45 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұған дейін тергеу ісі ұйымдасқан қылмыстық топты «БТА Банк» директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов пен басқарма төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Жәрімбетов басқарды деп айып таққан еді.

Әблязов пен Жәрімбетов, сондай-ақ басқа да айыпталушылар мен күдіктілерге халықаралық іздеу жарияланғандықтан, оларға қатысты қылмыстық іс жеке топтастырылып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG