Accessibility links

Үкімет басшысы «Қуат» корпорациясының үлескерлерінің мәселесін шешу үшін мемлекеттің бірнеше нысандарды сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.



Алматы қаласының тұрғыны Әнел Гумарова осыдан екі жыл бұрын «Қуат» корпорациясынан пәтер алмақ болады. Ол үшін пәтерін сатып, үстіне алған несиесін қосып аталған корпорацияның үлескері атанады. Екі жылға созылып барып әрең алған пәтерге жақында кірген үлескерлер оның толыққанды жабдықталмағанын сонда біледі.

Үлескер Әнел Гумарова: Толыққанды жабдықталмаған пәтердің бірде суы, бірде жарығы болмай қадады. 4 тамыз 2008 ж.
- Үйді сатып, 7-8 ай пәтер жалдап тұрдық. Туған-туысқандардың барлығын жағалап шықтық. Бір күн жарықты өшіреді, бір күн су болмай қалады, бір күн құбыр жүрмей қалады. Сенесіз бе, жарық жоқ кезде 20-шы қабатқа бала-қарт демей барлығы жаяу шығады. Өзіңіз көріп тұрсыз, мынадай 42 градус аптапта осындай азап көріп жатырмыз. Біздің қазір қорқып жатқан нәрсеміз - осынша жүгіріп істегендегі тірлігіміздің босқа кетуі - енді «Қуатқа» берген ақшадан қалған ақшамызды ертең ыстық су келмей, жылу күзге дейін келмейтін болса мынаның барлығының күлі көкке ұшады, – дейді Әнел Гумарова.

Бұл - құрылысы аяқталмаған «Сайран» мега ауданындағы 500-ден астам үлескерлердің бәріне тән жағдай. Олар аяғына дейін жетпеген жаңа үйлердің кейбірінің тоналып, қазірдің өзінде қиранды үйлерге айналып бара жатқандығын айтып, зар илеуде.


Ал үлескер Бауыржан Исаевтың жағдайы мұнан да күрделі. Ол ақшасын салған құрылыс нысанының тіпті іргетасы да қаланбаған.

"Сайран" мега ауданындағы құрылысы әлі бітпеген үйлер. Алматы, 4 тамыз 2008 ж.

- Біз ақша салған кешеннің ахуалы нашар. Біз берген ақшаны корпорация кезінде өзге кешен үшін жұмсады. Олар нарықты дұрыс болжай білген жоқ. Олар тұрғын үйдің бағасы сәт сайын өсе береді деп ойлады. Сөйтіп, 3 кешенді төмен бағаға сатып жіберді. Нәтижесінде жинаған ақшалары жетпей қалды.

Корпорация басшыларының уәделерінен шаршаған үлескерлердің үміті енді үкімет пен ел президентінде. Осыған дейін тамыздың 2-сі күні Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «Қуат» корпорациясындағы бірқатар құрылыс нысандарын мемлекеттің сатып алуы туралы ұсыныс айтқан болатын.


- Мәселен, Астанадағы «Қуат» корпорациясының қандай да бір құрылыс нысанын сатып алу мүмкіндігін қарастырып көрелік. Бірақ бұл ақшалардың жоғалып кетпей, Алматы қаласының инфрақұрылымын дамытуына бағытталуы шарт, - деген үкімет басшысы.

Премьер Мәсімов "Қуат" корпорациясының бірқатар құрылыс нысандарын мемлекеттің есебіне сатып алу туралы ұсыныс айтты.

«Қуат» корпорациясы өкілдерінің айтуынша, Сайран ықшам ауданында бітпеген нысандардағы жұмысты аяқтау үшін 11 млрд теңге қажет екен. Бұдан бөлек корпорацияның мойнында ақшасы төленген, бірақ әлі іргетасы қаланбаған үйлерді салу міндеті тұр. Тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Талғат Тұрысбеков жекелеген мәселелер болмаса, үкімет үлескерлердің тұтастай мәселелерін шеше алмайды деп есептейді:


- Үлескерлердің құқықтары тапталмауы үшін әуелі оларды далада қалдырған салушы компанияларды жауапқа тарту қажет. «Қазстрой», «Столичная недвижимость», «Қуат», «Ақ ауыл» т.б компания басшыларының шендеріне қарамай үлескерлер алдында өз міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тарту қажет. Сонда ғана құрылыс саласының жұмыстары әрі қарай жалғаса беретін болады. Қарапайым тұрғындар бар жиған-тергендерін бұл компанияларға сеніп тапсырды.


Ал құрылысы бітпеген, қолдарында тиісті құжаттары жоқ «Сайран» мега ауданының тұрғындары 20-сына дейін «барлық байланыс жүйесін қосамыз» деген корпорация басшыларының уәдесін орындауын күтуде. Олар егер бұл жолы да корпорация басшылары уәделерін орындамайтын болса, көп кешікпей ереуілге де шығатындықтарын айтады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG