Accessibility links

Серік Бүркітбаевтың билік баспалдағы мен абақтының арасы. Түркменстанды елестеткендей


Ұлттық компаниялардың бұрынғы бастықтарына қарсы соттардан туындайтын сауалдар аз емес. Оған мүмкін болатындай жауаптың бірі - мемлекеттік жазалау машинасына жаңа құрбандар керек болды. Түркменбашының тұсындағы Түркменстанда шенеуніктерді ел алдында масқаралау оқиғаларын еске салады.

СЕРİК БҮРКİТБАЕВ КİМНİҢ ЖОЛЫНА БӨГЕТ БОЛДЫ?

«Қазақтелекомның» бұрынғы жетекшісі, ҚазМұнайГаз мемлекеттік компаниясының бұрынғы басшысы Серік Бүркітбаевқа қатысты сот ісінің қорытындысы қарапайым адамның құлағына тосындау естіледі: Ақмола гарнизонының әскери соты наурыздың 20-сында үкім шығарып, Бүркітбаевтың өзіне алты жыл берді. Осы іске байланысты онымен бірге сегіз әріптесі өтті. Полиция оларды да аяған жоқ.

Осы уақытқа дейін біраз сауалдарға жауап табылмай келеді. Қармаққа неге Бүркітбаев ілінді? Оны нысанаға алған кім? Ол саяси қайраткер емес еді ғой. Демек, биліктің айналасында өріп жүрген сұр, қара, қоңыр кардиналдардың ешқайсысына бәсекелес болмайтын еді.

Бүркітбаевты билік кәсіпқойлығы үшін ескерген менеджерлердің бірі болатын. Олар карьерасын советтік, постсоветтік кезеңде кеңінен таралған әдіспен, яғни айла-шарғымен, біреудің орнын аңдып, жағымпаздықпен жеткен жоқ. Олар өздерінің біліміне, кәсібилігіне және ақылына сүйене отырып өмірбаяндарын қалыптастырды.

Олай болса Серік Бүркітбаев кімнің жолына көлденең болды? Біріншіден, былай қарасаң – кәдуілгі ұрлық. Онда әскери соттың шаруасы қанша? Демек, бұл істі трибуналға беру жайында жоғарыдан бұйрық түскен. Болмаса, әскери сотты пайдаланудың заңдылығы барынша бұлыңғыр, сондықтан Қазақстандағы кез келген қылмыстық істі трибуналға жіберуге мүмкіндік бар.

Ал, гарнизондық жағдайда қоғамға назар аудармастан адамға не істесең де болады. Демек, біреуге осылай істеу керек болған. Бүркітбаевтың өмірбаянын ақтарған тергеушілер істі президенттің өзімен байланыстырып қойған. Бұны іске асырғандар қазір өздерінің жаңа погондарын жуып жатуы да ғажап емес.

ТЫҢ ТЫҢДАҒАНЫ ҮШİН 5 МИЛЛИОН ДОЛЛАР

Бүркітбаевтың ісін Нұрсұлтан Назарбаевтың қудалауға түскен күйеу баласы Рахат Әлиевпен байланыстырып қойған. Әскери сот қабырғасынан шықты делінген азын-аулақ ақпараттарға қарағанда, Бүркітбаев Әлиевпен бірге телефондарды жасырын тыңдайтын арнайы құралдарға қатысты бір нәрсе жасаған.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Рахат Әлиев арнайы құралдар жайында білетіндігін айтты. Әлиевтің сөзіне қарағанда, арнайы құралдар мәселесі президенттің толықтай қолдауымен жүзеге асқан. Бүркітбаевтың оған қатысы формалді түрде ғана болған. Бұған Қазақстан президентінің өзінің қатысы көбірек.

2001 жылы Әлиев органдармен бел шешіп айналыса бастағанда КГБ-ҰҚК-нің техникалық жарақтандырылуы совет кезеңінің деңгейінде қалып қойғанын байқайды. Ол Назарбаевқа органдар жүйесінде Ресейдегі ФАПСИ тәріздес арнайы техникалық қызметті құру жөнінде ұсыныс жасайды.

Ресейде жасырын тыңдау жүйесі қалай жұмыс істеп жатқандығын білу үшін Әлиев Мәскеуге барып қайтты. Әлиев Назарбаевқа өзінің жоспарын ұсынып, ол оны мақұлдады. Азаттық радиосына берген сұхбатында Әлиевтің есіне алғанындай, сол кездері Қазақстан Израилдің «Инфосис» фирмасынан арнайы компьютерлік техника сатып алған. Соның арқасында Қазақстан аумағындағы кез келген телефон әңгімесін тыңдауға болатын. Оның бағасы да Әлиевтің есінде – шамамен бес миллион доллардай.

Бүркітбаев сол кездері «Қазақтелекомның» президенті болғанымен бұл жайында ештеңе білген жоқ. Оның қатыстылығы тек мынада: Израилден әкелінген компьютер жұмыс істеуі үшін «Қазақтелеком» ҰҚК-не арнайы арна бөлді. Сол кезде Әлиев пен Назарбаев құрған арнайы ақпараттық қызметтің бастығы болып генерал Жомарт Мәжренов тағайындалды.Кейінірек ол Әлиевке қарсы әрекеттердің құрбаны болып, жұмбақ жағдайда түрмеде қайтыс болды. Азаттық радиосына берген сұхбатында Әлиев осы жайларды айтып берді.

Рахат Әлиев өзінің сайтында былай дейді: «Серік Бүркітбаев пен оның он бес (ҰҚК-нің ресми хабарламасында айтылғанындай сегіз емес) серіктестері мен қызметкерлері жабық әскери соттың үкімімен ұзақ жылдарға бас бостандығынан айрылды».

Әлиевтің пікірінше, трибуналдың ықыласты қызметкерлері жасырын тыңдау аппаратына Бүркітбаевтың қатыстылығын өздерінше бұрмалаған. Әлиевпен байланыстыру арқылы істің салмағын арттыра түскен. Осы арқылы президенттің алдында ұпай жинаған.


ЖАҚСЫБЕК КҮЛЕКЕЕВ КİМГЕ ЖАҚПАЙ ҚАЛДЫ?

Осның алдында ғана Қазақстанның тергеу-сот жүйесінде көп жағдайда Бүркітбаевтың драмасына ұқсас оқиға болды. Нағыз реформатор деп есептелетін адам кенеттен сотқа тартылды. Бұл – Жақсыбек Күлекеев еді.

Серік Бүркітбаев сияқты Күлекеев те саяси ойындарға араласпайтын. Ол ешқандай саяси топтарға жатпайтын технократ, білікті менеджер еді. Қара тізімге іліккен кезінде Күлекеев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын басқарып отырған.

Қазақстанның жағдайы нешінші мәрте көрсетіп отырғандай, Күлекеев те әлдекімдерге жақпай қалған. Ол кімге ұнамай қалды? Оның үстінен алғашқы арызды кім ұйымдастырды? Бұл қастықтың ауторы кім және не үшін?

Өткен жылдың 13-ші қарашасында Астанада Күлекеев үш жылға сотталды. Қызметтік қылмыстар жасағаны үшін. Мына бір жағдай болмаса соттың айтқанымен келісуге де болар еді.

Күлекеевті тұтқындауға негіз болған басты айыптау органдар тарапынан ұйымдастырылған арандату болып шықты. Оған пара ретінде 100 мың долларды тастай салған. Күлекеев бұл ақшадан бас тартқанымен, бәрібір алды деп оған жапсырған. Арандату айла-шарғысы тура сот кезінде ашылды.

Бірақ, (осы бір сиқырлы «бірақ» деген сөзге сену де қиындау)... Оны бәрібір арандату әрекеттерімен бірге белгілі болған фактілердің негізінде, қызметтік қылмыс деп айдар тағып, соттап жіберді.

ТҮРКМЕНСТАНДАҒЫ ЕЛ АЛДЫНДАҒЫ МАСҚАРАЛАУЛАР

Жазалаудың мемлекеттік машинасы сыр бере бастады. Мүмкін, бұл машина жаңа мазмұнға ие болған шығар? Ол өзін өзі бақылаудан қалды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, ол тек процестерді көбейте береді. Оған механизмнің өзіне қызмет көрсету үшін үнемі жаңа құрбандар қажет.

Мұндай жағдай кезінде Түркменстанда болған еді. Бір кездері жоғарыдағы әрбір жиналыс, министрлер кабинетінің әрбір мәжілісі биліктегі кадрлардың кезекті біреуін ел алдында масқаралаусыз өтпейтін.

Бұл мемлекеттік процестің бөлінбес бөлшегіне айналды. Ол кездері кезекті мәжілістен соң министр, министрдің орынбасары, банк басшысы немесе завод директорын бірден түрмеге тоғытатын.

Елдің бас прокуроры Гурбанбибі Атажанованы президент Сапармұрат Ниязовтың қалай жазалағаны да барлық түркмендердің есінде. Атажанова телекамера алдында көзінің жасы көл болып, түркменбашыдан өзін кешіруді сұрады. Камера алдында Ниязов оны кешірді. Содан соң не болғанын көз алдыңызға елестете беріңіз. Ол әлі күнге дейін бостандыққа шыққан жоқ.

Осылай ел алдына шығарып қойып масқаралау Ниязов үшін халықа арналған басты ермек болатын. Халық үшін шынында бұл ермек еді. Өйткені, Ниязов жұрттың көзінше бұған дейін өзі сылап, сипап, мәпелеп өсірген кадрларының сазайын беретін. Бейне бір ең басты тозақ өзі тудырған кішкене тозақтарды жұтып жатқандай әсер тудыратын. Ермекті табиғаттың өзі тоқтатты. Ниязов қайтыс болды. Жүрегі жарылды ма, жоқ әлде жүрек талмасынан кетті ме, әлі күнге дейін түсініксіз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG