Accessibility links

Католик шіркеуіндегі нәпсіқұмарлыққа қатысты жанжалдың отын өшіру мүмкін болмай отыр


Архиепископ Диармуид Мартин тергеу қортындысы шыққаннан соң нәпсіқұмар пірәдарлардың құрбаны болған балалардан кешірім сұрады. Дублин, 26 қараша 2009 жыл.

Архиепископ Диармуид Мартин тергеу қортындысы шыққаннан соң нәпсіқұмар пірәдарлардың құрбаны болған балалардан кешірім сұрады. Дублин, 26 қараша 2009 жыл.

Католик пірәдарларының педофилдік қылмыстары кеңінен дабыра болуда. Нәпсіқұмарлық жанжалдың шуы Аустрия, Нидерландия, Швейцарияға жайылып, Британ аралдары, Германия және Құрама Штаттар арқылы бүкіл әлемге тарап отыр.


БҰРЫН СОТТАЛҒАН ПІРӘДАР

Католиктер әлемін шулатып отырған педофил пірәдарларға қатысты шіркеудің әрекеті жайындағы дабыра Пасханың қарсаңында да басыла қоймаған еді, Пасханы атап өту барысында да еш басылмады.

Неміс және италиялық баспасөздер Рим Папасы XVI Бенедикттің өзін осы қылмысты жасыруға сырттай қатысқандардың біріне балаған. Бұл тұжырымның бастамашылары — бавариялық «Зюддойче цайтунг» газетінің даушыл журналистері болып отыр. Газет сайтындағы жарияланымды италиялық «Республика» іліп алып, одан ары таратқан. Осылайша әлемге тарап кеткен.

Бүгіндегі Рим Папасы, бір кездегі кардинал Йозеф Ратцингер Германия архиепископы болып тұрған уақытында мюнхендік кафедраға
Папа XVI Бенедикт мінәжат кезінде. Ватикан, 29 наурыз 2010 жыл.
әлдебір аббатты жұмысқа қабылдаған, хабарламада ол аббат «N» деп аталған. Масқара болғанда, сол пірәдар жасөспірімдерге қарсы жасаған қылмысы үшін бұрын сотталған адам болған (онысын бәрі алдын ала білген).

Істің насырға шабатынын сезген Ватикан шапшаң жауап қатып, жанжалды тумай жатып тұншықтыруға әрекеттеніп көрді. Бірақ, бұл олардың қолынан келетін шаруа болмай шықты.

Ватиканның баспасөз хатшысы Федерико Ломбарди әлгі пірәдардың педофилдік ауытқушылықтан айығу мақсатымен арнайы емделу курсынан өтуі үшін тағы да епархияға қабылданғанын хабарлады. Бірақ, қандай негізге сүйенгендері белгісіз, әлгі педофил қайтадан оқыту ісіне араластырылған. Алайда, ол бұрынғы әдетін қоя алмаған.

1986 жылы ол тағы да жасөспірімге қарсы нәпсіқұмарлық іс-әрекеті үшін шартты түрде 18 айға сотталып, оған төрт мың марка айыппұл салынған. Сөйте тұра, болашақ Рим Папасы басқарып отырған герман шіркеуі қисынсыздықтың шегінен де асып, аббатты қайтадан оқыту ісіне жолдайды. Екінші рет.

Осынау масқара оқиға, әлбетте, шіркеу педофилдарына қатысты жанжалдың отына одан сайын май құйды.

МЕРЕКЕНІ БҮЛДІРМЕУ

Пасха мерекесі жанған отты ешқалай өшіре алмады. Қайта керісінше, одан сайын маздатты. Оның үстіне нақты да ірі нысана пайда болды, ол — Рим Папасы.

Әңгіменің шеті шыққан сәтте баяғыдан Риммен бақасатын британдықтар бірінші болып бүлік ыңғайына көшті. Әлбетте, Ватиканнан толық рұқсат алмастан, Англия мен Уэльс католиктерінің жетекшісі – Вестминстер архиепископы Винсент Николс «...қазір Қасиетті
Архиепископ Роберт Золитш католик шіркеуінде болған арсыз қылықтар өзін қатты күйзеліске түсіргенін айтып, нәпсіқұмарлардан жәбір көргендерден кешірім сұрады. Германия, Фрайбург, 22 ақпан 2010 жыл.
аптаның ішіндеміз. Осынау христиандық ұлы мерекенің мәнін ашу үшін біз өз күнәміз бен өз масқарашылығымыздан бастауға тиіспіз» деген мәлімдеме жасады.

Рим Папасы болса, өзінің пасхалық жолдауында мұндай әңгімеге барған жоқ. Ол түгілі, жалпы педофилдік тақырыпты мүлдем қозғамады. Римдегі Қасиетті Петр алаңында мінәжат атқарылып жатқан мезетте Ватиканның мемлекеттік хатшысы кардинал Анджело Содано мынадай сөздерімен Рим Папасын ашық қорғаштады: «Қасиетті әке, Құдайдың нұры сізге түсіп тұр, оны бір сәттік пыш-пыш өсек өшіре алмайды».

ҚЫЛМЫСТЫ ЖАСЫРУ ҚИЫН

Алайда, ұлы мерекелік рәсімдер мен мәтіндердің қалқасында жанжалды жуып-шайып жіберуді католик шіркеуінің құрамындағылардың барлығы бірдей қош көрген жоқ. Себебі түсінікті, әрине. Пірәдарлар істеген балаларға қарсы қылмысты жасыруға тырысқан дін өкілдерінің өзі өткір де уытты сын садағына ілініп жатыр.

Сол себепті Шотландия католик шіркеуінің басшысы кардинал Кит О‘Брайен қарабет болғысы келмеді. Ол пасхалық рәсімді: «Балаларға қарсы қылмыс жасалғаны рас, ал, осындай қылмыстардың жасалғанын біле тұра жасырған католиктер біздің бәріміздің атымызға кір келтіреді» деген сөздерден бастады.

Рим Папасының ыңғайына берілмеген тағы бір адам Брюссель архиепископы Андре-Жозеф Леонар болды. Бельгияның діни көсемі шіркеудің педофил пірәдарларды жасыруын қылмыс деп бағалады. Оның айтуынша «...қылмысты айту — ар алдындағы парыздан құтылу...».

Бұл сөздер, жұмсартып айтқанда, мерекені бүлдірмеуді жөн санаған Рим Папасына тікелей бағытталған сөз болып естіледі. Бірақ, сол Рим Папасының сабырлылығы жұрт көңілін көншіте алмады. Барлық жерде бірдей католик жұртының ауызын бағу мүмкін емес. Тіпті жария түрде кешірім сұрау да көпшілікті тыныштандыра алмауда.

Дублинде бір топ адам астаналық кафедралдық собор қызметіне кедергі келтіруге әрекеттенді. Олар педофил пірәдарлардың қылмысын еске салу мақсатында қоршаудың ұштарына он шақты жұп баланың аяқ киімін іліп қойған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG