Accessibility links

Орталық Азия басшыларының ынтымақтасу мәселесін шеше алмағанына 20 жыл болды


Президенттер Эмомали Рахмон, Нұрсұлтан Назарбаев және Ислам Кәрімов. Мәскеу, 8 мамыр 2005 жыл.

Президенттер Эмомали Рахмон, Нұрсұлтан Назарбаев және Ислам Кәрімов. Мәскеу, 8 мамыр 2005 жыл.

2010 жылдың шілде айында 70 жасқа толатын президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктегі жылдары интеграциялық бастамаларымен танылып, бірыңғай экономикалық аймақ пен әлемдік жаңа валюта идеяларын ортаға салып келе жатқандығы белгілі. Ал Қазақстан президентінің Орталық Азия одағын құру туралы ойын Өзбекстан президенті бірде қолдап, енді бірде сынға алған болатын.

Осы ретте Азаттық радиосы «Орталық Азия одағын құрудың болашағы мен оның аймақ елдері үшін маңыздылығы» атты дөңгелек үстел сұхбатын өткізді.

Оған – қазақстандық саясаттанушы, әрі Тәуекелділікті бағалау тобының директоры - Досым Сәтпаев, Францияда тұратын тәуелсіз өзбек саясаттанушысы - Камолоддин Раббимов, саяси диссидент, түркменстандық экономикалық сарапшы және саясаттанушы - Аннадурды Хаджиев және тәжікстандық тәуелсіз саясаттанушы - Парвиз Мулоджонов қатысты.

Енді осы сарапшылардың Орталық Азия одағы туралы айтқан ой-пікірлерін сіздердің назарларыңызға ықшамдап ұсынып отырмыз:

БІР-БІРІНЕ КЕРЕҒАР МӘЛІМДЕМЕ

Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тілі, діні, ділі жақын бес мемлекетпен: Қазақстан, Қырғызстан, Түркменстан, Тәжікстан және Өзбекстанмен бірігіп, Орталық Азия одағын құру туралы ұсыныс айтқан болатын. Бұл идеяға қатысты түрлі пікірлер болды, тіпті кей мемлекет басшылары өз көзқарасын ара-тұра өзгертіп отырды.

Нақтырақ айтқанда, Қазақстанның аймақтағы ресми емес жетекшілігінде басты бәсекелес саналатын Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов, өзінің Астанаға соңғы сапарынан кейін, Орталық Азия одағының құрылуына қатысты үзілді –кесілді қарсылығын білдірген еді.

«Әр мемлекет бұл бастамаға деген көзқарасын, мемлекетке тиімділігі тұрғысынан өзі белгілеуі тиіс. Сондықтан мен бұл бастама бізге, Өзбекстанға қолайлы емес екендігін бірден мәлімдеймін. Аталған мәселеге қатысты алыпқашпа әңгіме болмас үшін бірден басын шешіп алайық. Егер Қырғызстанға Қазақстанмен өзара одақтың қажеті болса, олар өздері екеуара шешуі тиіс»

2008 жылы осылай деген Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов, бұдан сәл ертеректе, 2006 жылы керісінше «қазақ, өзбек бір болса, бізді ешкім жеңе алмайтын болады», - деп айтқан еді.

Орталық Азия одағының жақтаушылары ретінде Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері Құрманбек Бәкиев пен Эмомали Рахмонды атауға болады. Дегенмен Орталық Азия одағының тағдыры Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының өзара қарым-қатынасымен байланысты сияқты, бұл туралы дөңгелек үстелге қатысқан сарапшылар тілге тиек етуде.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ОДАҒЫНЫҢ БҰРЫС ЖӘНЕ ДҰРЫС ЖАҚТАРЫ...

Саяси диссидент, түркменстандық экономикалық сарапшы және саясаттанушы Аннадурды Хаджиевтің пайымдауынша, орталық Азия мемлекеттерінде бір одаққа бірігуге тұрарлықтай жайттар аз емес.

- Біздің мемлекеттерде ту, әнұран, конституция сияқты тәуелсіз мемлекеттерге тиесілі атрибуттардан өзге, экономикалық базамыз да өте мықты. Бізде пайдалы қазбалардың шикізат қоры мен қомақты энергетикалық әрі еңбек ресурстары бар. Ал Қазақстан, Өзбекстан және Түркменстан сияқты мемлекеттерде мұндай базаны құра алатын қаржы ресурстары да бар. Осының барлығы аталған одақтың құрылуына жақсы негіз бола алады.

Дегенмен біздің басшыларымыз әлі күнге дейін балалықтан арыла алмай жүр. Олар ылғи да бұл мәселеде солтүстіктегі көршіге жалтақтап қарайды. Басқаша айтқанда Совет одағы кезіндегі стереотиптен арыла алмай жүр.

Жоғарыда келтірілген Ислам Кәрімовтың бір-біріне кереғар мәлімдемесі соның дәлелі,- дейді түркменстандық экономикалық сарапшы және саясаттанушы Аннадурды Хаджиев.

Саясаттанушы Аннаудурды Хаджиевтің пікірінше мұндай одақ құрылатын болса бұл мемлекеттердің заңнамалық базасын өзгерту, ортақ өлшем қалыптастыру қажет.

Францияда тұратын тәуелсіз өзбек саясаттанушысы - Камолоддин Раббимов, Өзбекстан президентінің әр мәлімдемесінің астарлы сыры бар екенін айтады.

- Кәрімов әрдайым астарлап сөйлейді. 2006 жылдың басында интеграция туралы жақсы көзқарасын білдіре сөйлеген сөзінде, Өзбекстанда дағдарыс өршіп тұрған. Ол дағдарыс Әндіжандағы оқиғалармен байланысты еді. Сол кезде ол Қазақстан мен Ресейдің көмегіне зәру-тұғын. Алайда, 2008 жылы Қазақстанның позициясын сынға алған уақытта мәселенің мәнісі басқада еді.

Ішкі мұқтаждыққа белгілі бір мөлшерде астық сұраған Өзбекстанға, Қазақстан өз еліндегі экономикалық дағдарысқа байланысты белгілі көлемде жетіспеушіліктің бар екенін айтып, Кәрімовтың сұранысын қанағаттандырмай тастаған.

Ал, жалпы алғанда, бүгінгі жағдаймен интеграцияға қол жеткізу мүмкін емес. Тіпті Еуроодақтың өзі оған эволюциялық жолмен, жарты ғасырдан кейін ғана қол жеткізді. 1950 жылдың басында көмір және болат одағы құрылып, одан кейін басқа да құрылымдар құрыла бастады. Бүгінгі біздің көріп отырғанымыз – Еуропалық одақтың жарты ғасырлық жұмысының нәтижесі. Біз ол туралы ұмытпауымыз керек.

Әрине, біздің ресурстар өзара тең емес. Бізде әртүрлі ресурстар болғандықтан бізге интеграция қажет. Мәселен, Қазақстанда – кең байтақ территория, Өзбекстанда – адами фактор яғни тұрғындары, басқаларда - өзге нәрсе бар. Сондықтан бізге біздің күштерімізді біріктіру қажет. Кооперация арқылы біз интеграцияға қол жеткіземіз. Интеграциясыз бізде тек ішкі ғана емес, сыртқы қауіп төніп, үлкен проблемалар туындауы мүмкін, мен бұған сенімдімін, - дейді өзбекстандық саясаттанушы - Камолоддин Раббимов.

МҰНДАЙ ОДАҚТЫ ТАЯУДА ҚҰРУ МҮМКІН ЕМЕС

Тәжікстандық саясаттанушы Парвиз Мулоджонов дәл қазіргі уақытта бір одаққа бірігуге орталық Азия мемлекеттерінің дайын емес екенін айтады.

- Еуроодақ құрылған кезде әр мемлекетке арнайы талаптар қойылды. Яғни Еуродаққа үміткер әр мемлекет белгілі бір экономикалық дамуға, белгілі бір экономикалық көрсеткішке қол жеткізуі тиіс болатын.

Италияның қанша жыл күткенін біз жақсы білеміз. Экономикалық өлшемдер алынып тасталғаннан кейін оларда қандай үлкен проблемалардың туындап жатқанын көріп отырмыз.

Мұндай ахуал орталық Азияда да қайталанып отыр. Орталық Азия одағын құру мәселесін егжей-тегжейлі талқыласақ та оның қаншалықты қиын екенін бірден аңғарамыз. Одақ болғаннан кейін еңбек ресурстары бір елден екінші елге оңай жете алуға тиіс. Қаржылық ағымдар да.

Мұндай жағдайда Қазақстан Тәжікстан мен Өзбекстаннан келетін еңбек күштерінің еркін келуіне еш тосқауыл болмауға тиіс. Бірақ қазірдің өзінде екі миллион заңсыз мигранттардың елдің оңтүстігінде жұмыс істеп жатқанына Қазақстан қатты қиналып, олардан тазарту керектігін айтып дабыл қағуда.

Келешекте Қазақстанның мұндай интерграцияға дайын болатынына сенбеймін. Бұл мүмкін емес. Экономикалық жағынан да оны жүзеге асыру қиын.


ҚАЗАҚСТАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ОДАҒЫН ҚҰРУ ИДЕЯСЫНАН БІРТЕ-БІРТЕ АЙНЫП БАРАДЫ

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сатпаев:

- Менің әріптестерім Еуропа одағына сілтеме жасап мұндай одақты құрудың ақылға симайтынын тілге тиек етіп, олардың бұл жолдан ұзақ уақыт өткенін, үлкен проблемалардың болғанын мысалға келтірді.

Бірақ біздің де кезінде біртұтас советтік халықтық-шаруашылық кешеннің құрамында өмір сүргенімізді ұмытпайықшы. Яғни бұл жағынан біздің белгілі бір тәжірибеміз бар. Ол уақытта Мәскеу талап қойды. Міне сондықтан да әлі күнге шейін бізде экономикалық және экологиялық проблемалар аз емес.

Дегенмен қалай болған күнде де бізде тәжірибе бар. Еуропа елдерімен салыстырғанда бізде экономикалық салада тығыз қарым-қатынас болды. Алайда дәл бүгінгі уақытта біздің қарым-қатынастарымыздың нығаюына кедергі келтіретін екі себеп бар.

Оның біріншісі біздегі елдердің бәрі де авторитарлық болғанына қарамастан, экономикалық-саяси дамуымыздың моделдері әр түрлі. Экономикалық дамуымыздың деңгейі де әр түрлі болғандықтан оларды біріктіру де қиындық туғызады.

Біздің мемлекеттеріміздің бәрі де авторитарлық болғандықтан сыртқы саясатты нақты мемлекет басшылары анықтайды. Яғни олардың іс-әрекеттеріндегі субективизмнің үстемдігі мен біздің президенттердің өз араларындағы жеке қарым-қатынасы көп жағдайда осы елдердегі халықтың бәрі зардап шегіп отырған проблемаларды шешуге кедергі келтіреді.

Мен бұл тарапта туындап отырған өзекті проблеманы су және энергетика мәселесін шешуден бастағанды қалар едім. Өзбекстанның біртұтас энергетикалық жүйеден шығатынын мәлімдегені естеріңізде ме? Бұл орталық Азия мемлекеттерінің бәрінде үлкен дүрлігіс туғызды. Ал су мәселесі ше? Ғаламдық жылу жағдайында біз бәрібір бұл мәселені 10-15 жылдың ішінде шешуіміз керек.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан дәл қазіргі уақытта Орталық Азия одағын құру идеясынан бірте-бірте айнып барады. Бұдан гөрі Қазақстан 1 қаңтардан бастап күшіне енген Ресей және Белоруссия мемлекеттерінің қатысуымен құрылған кеден одағына қатты көңіл бөліп отыр.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG