Accessibility links

Мұнай-газ құбырларын жүргізіп алған Қытай енді Орталық Азияның әскери саласына сұғынып барады


ШЫҰ-на мүше елдердің бірлескен жаттығуларына қатысқан Ресей сарбаздары әскери техниканың үстінде отыр. Ресей, Челябинск, 17 тамыз 2007 жыл.

ШЫҰ-на мүше елдердің бірлескен жаттығуларына қатысқан Ресей сарбаздары әскери техниканың үстінде отыр. Ресей, Челябинск, 17 тамыз 2007 жыл.

Қазақстанға әскери көмек бере отырып Қытай Орталық Азияның өзге де мемлекеттерін қаперінен шығармайды. Аймақтың басқа елдерінде де Қытай қаруының иісі сезіледі. Орыс тілінде өткізілетін бірлескен оқу-жаттығулар жыл өткен сайын жиілеп барады.


Қытай мен Орталық Азияның арасындағы әскери ынтымақтастық туралы өзінің арнайы зерттеуінде The Jamestown Foundation (Джеймстаун Фаундейшн) ұйымының сарапшысы Бейжіңнің бұл аймақтағы экономикалық мүдделерімен қатар арнайы әскери стратегиясының сұлбалана бастағанын айтады.

СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕС


Соңғы бірнеше жылдың ішінде Қытай Орталық Азия мемлекеттерінің өмірлік қажетті экономикалық серіктесіне айналды. Бұл аймақпен сауда қатынасын арттыруда Бейжің Мәскеуді басып озуға тырысып келеді. Қытайдың Орталық Азия елдерімен сауда айналымы жылына 25 миллиард доллардан асты. Аталған аймақпен сауда айналымы 27 миллиард доллардан аспайтын Мәскеуді қуып жетуге аз ғана қалды деп атап өтеді Jamestown.org веб-сайты Қытайдың Орталық Азия елдерімен әскери ынтымақтастығы тақырыбына арналған зерттеуінде.

Қауіпсіздік саласын алсақ, қытай басшылығына Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен шекарасында, бұрынғы совет-қытай шекарасының бойымен әскерлендірілмеген аймақ құруға мүмкіндік туды. Бұдан бөлек, Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрумен байланысты ұжымдық қауіпсіздік жүйесі пайда болды. Орталық Азиядағы кейбір топтардың Қытайдағы ұйғыр қозғалысын қолдау
Ресей-қытай шекарасы. Приморск өлкесі, 1 тамыз 2002 жыл.
мүмкіндігі жоққа тән.

Осыған қарамастан Қытай үкіметі шыңжаңдық исламшыл топтардың әрекетінен туындаған саяси тұрақсыздық қаупіне, есірткі контрабандасының артуына және Қырғызстандағы «Манас» базасында АҚШ әскерінің орналасу жағдайына қатты алаңдайды. Бірақ, бұл аймақтың әскери әріптестігі шектеулі болса да, Қытай үшін Орталық Азия елдерімен стратегиялық серіктестік негізгі мақсат болып қала береді.

Қытайдағы ұйғырлар қарсылығының ақыры немен тынары әзірге айқын емес, бірақ «Әл-Қаида» өз әрекетін Қытайға қарай ойыстыратыны туралы жариялап қойды. Исламшыл ұйымдардың Орталық Азияны тынышсыз аймаққа айналдыру қаупі де сейілмей отыр. Осыдан барып қытай басшылығы Орталық Азиядағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған белсенді қимылға көшуі мүмкін.

ӘСКЕРИ ЖАТТЫҒУЛАР - БАР ІСТІҢ БАСЫ

Қытайдың Орталық Азиямен әскери ынтымақтастығы екіжақты және көпжақты бірлескен оқу-жаттығуларға негізделген. Алғашында Қытай Шанхай тобы аясында әскери жаттығуларды әр елмен жеке-жеке ұйымдастырды. 2002 жылы осындай алғашқы жаттығулар Қытай мен Қырғызстан арасында өткізілді.

2003 жылы Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның мыңдаған әскери қызметкерлері қатысқан алғашқы көпжақты жаттығулар өтті. Яғни, бұл жаттығуларға өзбектерден басқа Шанхай тобы мүшелерінің барлығы қатысты. 2006 жылы Өзбекстанда Шанхай ұйымының барлық елдері қатысқан лаңкестікке қарсы іс-қимыл шарасы ұйымдастырылды.

Сол жылы Куляб аймағында таулы жерлерде лаңкестермен күресуге бағытталған қытай-тәжік оқу-жаттығулары өтті. Бұл жаттығуларға 300 тәжік және 150 қытай әскері қатысты.

Қытаймен бірлескен осындай үш жаттығу 2006 және 2007 жылдары Қырғызстанда да өтті. Оның бірі «Антитеррор – Ыстықкөл-2007»
Бейжіңдегі стадионның жанында сап түзеп тұрған қытай сарбаздары. 5 тамыз 2008 жыл.
деп аталды. Оған мамыр айында Шанхай ұйымындағы барлық елдердің арнайы әскерлері қатысты.

Екінші әскери жаттығу 2007 жылдың тамыз айында Челябинск аумағында өтті. Жалпы алғанда Қытай Шанхай тобы аясындағы жиырмадан астам әскери жаттығуға қатысты. 2010 жылы Қазақстандағы Мәтібұлақ полигонында тағы бір әскери оқу-жаттығу өткізу жоспарланып отыр.

СЕНІМСІЗДІК

Әңгіме ынтымақтастық жайында болғанымен мұндай жаттығулар кикілжіңсіз өте бермейді. Бұл негізінен алғанда сардарлар арасындағы, ең алдымен Ресей және Қытай әскери басшылығы арасындағы сенімсіздік ахуалын байқатады.

Бұл тұрғыда Орталық Азия елдерінің өз арасындағы қырғи-қабақтық та байқалып қалады. Мысалы, 2009 жылы Ташкент Шанхай тобы аясында Тәжікстанда, ауған шекарасы маңында өткізілетін әскери жаттығуларға қатысудан бас тартты. Бұған су электр стансасын салу мәселесіне байланысты Ташкент пен Душанбенің арасындағы кикілжің себепкер болған еді.

Өзбек басшылығы станса құрылысы аймақтағы су бөлісінің тепе-теңдігіне қауіп төндіреді деп тәжік жағын ашықтан-ашық сынаған болатын.

«ЕҢ ЖАҚСЫ РАЦИЯ ҚАЗАҚТАРҒА БЕРІЛСІН!»

Қытай мен Қазақстан арасындағы сауданың күрт өсуіне байланысты Астана Бейжің үшін аймақтағы ең ыңғайлы серіктеске айналды . 2000 жылдан бастап бұл елдер бірқатар келісімдерге қол қойды. Мұндағы Қытайдың мақсаты ұйғыр сепаратизмі мен діни экстремизмге қарсы белсенді позиция ұстансын деген оймен Қазақстанды «сатып алу» болып отыр.

1997-2003 жылдар аралығында Астана Қытайдан төрт жарым миллион доллар тұратын технологиялық көмек, коммуникациялық құрал-
Қытайдың солтүстік-шығысында өткен терроризмге қарсы қытай-ресей бірлескен жаттығуына қатысушылар. 23 шілде 2009 жыл.
жабдықтар және көлік құралдарын алды. Қазақстан Қытайдан бұдан да басқа қосымша әскери құрал-жабдықтар алуға мүдделі екендігін анық байқатты.

Лаңкестікке қарсы бірлескен әскери жаттығулар кезінде Қазақстан Қытайдың тәжірибесін пайдалануға тырысады. 2007 жылы қабылданған қазақтың жаңа әскери доктринасы қауіпсіздік мәселесінде Қытаймен арадағы екіжақты қарым-қатынастардың маңыздылығын атап көрсетеді. Сонымен бірге мұнда Ресейдің жетекші рөл атқаратындығына да назар аударылған.

Өршіп бара жатқан есірткі контрабандасына қарсы күресте шекара маңындағы ынтымақтастық басымдыққа ие. 2008 жылы екі ел де есірткі саудагерлеріне қарсы бірлескен бірнеше операциялар өткізді.

ҚЫТАЙ ҚАРУЫНЫҢ ҚАПТАУЫ

Турасын айту керек, Қытайдың өзге елдерге көмегі мардымсыз. Қытай мен Түркіменстан қорғаныс министрлері 2007 жылғы кездесулерінде қытай жағы түркімен әскерін атыс қаруларымен, сардарлар мен сарбаздардың бірыңғай әскери киімімен қамтамасыз етеді деп келіскен болатын. Бейжің Түркіменстанның әскери мұқтаждығы үшін үш миллион доллар көлемінде заем ұсынды.

Бейжің сонымен бірге, өзінің жақын көршілері Қырғызстан мен Тәжікстанға да әскери көмек бергісі келеді.

2005 жылы Қытай қорғаныс министрінің Душанбеге ресми сапары барысында шектеулі тұрғыда болса да бірнеше әскери келісімге қол қойылды.

Екі мемлекет лаңкестік, есірткі контрабандасы және ұйымдасқан қылмыс бойынша барлау деректерімен алмасуға келісті.

1993 жылдан 2008 жылға дейін Қытай Тәжікстанға 15 миллион доллар әскери көмек берсе, 2009 жылдың сәуір айында тағы қосымша бір жарым миллион долларлық әскери көмек беруге міндеттенді.

2002 жылы Бішкекте қол қойылған келісімге сәйкес, Қырғызстанға берілетін әскери көмек 1,2 миллион доллармен шектелді. 2008 жылдың
Терроризмге қарсы жаттығуға қатысушылар. Ыстықкөл, 30 мамыр 2007 жыл.
тамыз айында Қытай Қырғызстанға 700 мың доллардың сомасына әскери құрал-жабдығын жіберді.

Қытайдың Өзбекстанмен қарым-қатынасы күрделене түсіп отыр. 2000 жылы Қытай Ташкентті снайперлік винтовкалармен қамтамасыз етіп, Орталық Азияның әскери нарығына алғашқы қадамын жасады.

2009 жылы жаңа өзбек-қытай келісіміне қол қойылды. Оған сәйкес Қытай өзбектің шекаралық бекеттеріне жылжымалы сканерлеу кешендерін сатып алу үшін 3,7 миллион доллар көлемінде көмек берді.

Совет Одағы тарқаған соң советтік әскери техниканың ескіріп, қолданыстан шығуынан пайда болған бос кеңістікті Қытай өзінің әскери құрал-жабдықтарын беріп, оқу-жаттығулар өткізу арқылы иемденгісі келеді.

ТІЛ КЕДЕРГІСІ

Орталық Азия елдерінің әскери қызметкерлерімен оқу-жаттығулар ұйымдастырғанда Қытай үшін тілге байланысты елеулі кедергілер пайда болады. Орталық Азия елдерінің барлық сардарлары үшін Қытайдың әскери академияларындағы оқулар орыс тілінде жүргізіледі. Қытайлық нұсқаушылар мен оқытушылар Орталық Азия елдерінің тілдерін білмейді. Оқып жатқан сардарлар қытай тілінен мақұрым.

1990 жылдан 2005 жылға дейін тек 15 қазақ сардары Қытайға оқуға жіберілді. Кейінірек ынтымақтастық біршама өсе түсті.

2003-2009 жылдары 65 қазақ әскериі қытайдың әскери училищелерінде оқыған. Қырғызстан мен Тәжікстаннан Қытайда 30 әскери маманнан оқыды.

ТӨРТ БАҒЫТ

Бұдан кейінгі жылдары Қытай мен Орталық Азия елдерінің арасындағы әскери ынтмақтастық ең алдымен мына төрт бағыт бойынша дамиды деген болжам бар.

Ең басты міндет – бұл есірткі тасымалдаумен және контрабандасымен күрес. Бейжің алдымен Қырғызстан мен Тәжікстанға назар аудармақ болып отыр. Шекаралары әлсіз бұл елдер дәстүрлі түрде есірткі контрабандасы өтетін бағытқа жатады. Соңғы кездері есірткі саудасы қытай нарығына қарай бағытталуда. Және де негізгі назар көпжақты емес, Қытайдың Орталық Азия елдерімен екіжақты келісімдеріне аударылады.

Екінші тақырып негізінен Ауғанстанда қызмет етуге бағытталған бірлескен бітімгершіл бригадаларын құру мүмкіндігін іздеумен байланысты. Жақын уақытта Ауғанстанға жаппай гуманитарлық көмек көрсетілмек. Ауған үкіметі бұл идеяны қолдап отыр.

Ресей мен Қытайдың ауған проблемасын шешуге көбірек қатысуы мен олардың экономикалық мүдделері мұндай бітімгершіл күштерді құруға ықпал етеді. Бұның Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымақтастығын байқататын символдық мәні бар болуы мүмкін. Бұл, сонымен бірге, саяси басшылардың ауған бағытында бірлескен шараларды ұйымдастыру қабілетін дәлелдеп бермек.

Лаңкестікке қарсы күрес мәселесінде Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастыққа дәл Қытайдың өзі бастамашы болуы мүмкін. Алайда осы уақытқа дейін бұл ынтымақтастық негізінен ниет білдіру декларацияларымен ғана шектеліп келген болатын. Қытайдың өтініші бойынша ұйғыр диссиденттерін Орталық Азиядан депортациялау оқиғалары өте сирек кездесетін.

Бірақ Орталық Азиядағы ислам радикализмінің артуы және Қытайдағы ұйғыр бас көтерулері – осының барлығы Бейжіңді бірлескен шаралар жүргізуге итермелеуі мүмкін. Бірақ, солай бола тұра Орталық Азия елдерінің үкіметтері бұл ынтымақтастықтың Қытай үшін өздерінің ішкі істеріне қол сұғуына сылтау болғанын қаламайды.

ҚҰБЫР ЖЕЛІЛЕРІН ҚОРҒАУ

Және соңғы, бірақ мейлінше маңызды бағыттардың бірі – Бейжіңнің Орталық Азиядағы энергетикалық қауіпсіздігін қорғау қажеттілігі.

2009 жылы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы газ құбырының салтанатты түрде ашылуы мұндай қорғанысты іздеудің қажеттілігін байқатып қалды. Бұл қазақ-қытай құбыр желісінің қауіпсіздігіне байланысты алаңдаушылықты бұрынғыдан да күшейте түсті.

2009 жылдың желтоқсан айында Қытайдың Орталық әскери комиссиясының вице-президенті Гуо Қазақстанның қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековпен кездесті. Оған қатысушылар бұл алаңдаушылық ең жоғары деңгейде талқыланады деп атап өтті.

Батыстан айырмашылығы, Қытай өзіне тартылған құбыр желілерін, сырттағы компаниялары мен қытай эмигранттары қауымдастықтарының мүдделерін қорғаудың стратегиясын әлі құрған жоқ.

Ал Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төнетіні себепті Орталық Азия аумағындағы Бейжіңнің энергетикалық қауіпсіздігін қытай әскерилерінің қорғауына рұқсат бергісі келмейді. Сондықтан бұл мәселені тиімді түрде шешу үшін алдымен мұнай-газ құбырларын, кейінірек қытай корпорацияларын бақылау мен қорғауға қажетті бірлескен бөлімдер құрылуы мүмкін.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG