Accessibility links

Қырғыздардың үлкен қалаларға қоныстануы сондағы өзбектермен арада бәсекелестікті өршітті


Жер жыртып жүрген қырғыз дихандары. Қарой ауылы, Ферғана жазығы, Қырғызстан. 12 мамыр 2009 жыл.

Жер жыртып жүрген қырғыз дихандары. Қарой ауылы, Ферғана жазығы, Қырғызстан. 12 мамыр 2009 жыл.

Оштағы қақтығыстар назарды тағы да Ферғана жазығына аударып отыр. Бұл жанжал оты тез өршитін аймақтардың бірі. Қырғыздар үлкен қалаларға қоныстана бастасымен, дағдарыс кезінде сол жердегі өзбектермен арада бәсекелестік шиеленісіп кетті.


ЖАНЖАЛ ОШАҒЫ

Ферғана жазығы – Ош пен Әндіжан сияқты Орта Азиядағы халық тығыз орналасқан қалалардың мекені әрі бұл жер қақтығыс бұрқ ете қалатын өңір болып отыр.

22 мың шаршы шақырымға созылған осы жазықта 10 миллионнан аса халық тұрады. Оның көлемі Кашмир немесе Ніл жазығымен бірдей. Мыңдаған жылдар бойы Ферғана жазығы өзіне тән құрғақ тау-жоталары мен жазық далаларына қарамастан Орта Азияның астық қоймасы болып келген.

Бірақ қазір бұл өңір ондай тартымдылығынан айрылып, көбіне өте үлкен қақтығыстарымен танылып отыр. Қырғызстанның
Ош тұрғыны этникалық қақтығыс кезінде күйреген үйінің орнында. 17 маусым 2010 жыл.
оңтүстігінде осы айда болған этникааралық қанды қақтығыстардан шамамен 400 мың өзбек пен қырғыздың өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болуы - соның бір көрінісі.

2005 жылы өзбекстандық күштер Әндіжандағы көтерілісшілерге оқ атты. Кейбір дерек бойынша, ол қырғында мыңға жуық адам қаза тапқан болатын. Бұл қақтығыс та әлем назарын аударған оқиға болған еді.

ҮШ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ АЙМАҚ

1999 жылы Өзбекстан ислам қозғалысының жүздеген аламаны Өзбекстанға шабуыл жасау үшін әуелі Қырғызстандағы ауылдарды басып алды. Бірақ Қазақстан мен Өзбекстан ұшақтарының көмегімен қырғыз күштері оларға тойтарыс берді.

Бұл тұста не себепті Ферғана жазығы Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан арасында үшке бөлініп, түрлі
Этникалық қырғыздар жергілікті өзбек қауымының қаржысына салынған университет ғимаратына шабуыл жасаған кездегі қақтығыста зардап шеккен адамды серіктері көтеріп келеді. Жалалабад, 19 мамыр 2010 жыл.
қақтығыс ошағы болып отыр деген сауал туындайды.

Оның бір себебі – өткен ғасырдағы Иосиф Сталин кезінде жасалған аймақты бөлісу жарлығы. Онда әрбір республикаға құнарлы жерлерді бөліп берсе де, жазықтағы бір-бірімен онша сіңісіп кете қоймайтын этникалық топтарға мән берілмеген.

Бұл жердегі жағдай Совет Одағы ыдыраған соң ушыға бастады. Оның бірі – тәуелсіздік алған үш мемлекет түрлі этникалық анклавтарына қарамастан, өз елдерінің ерекшеліктеріне басымдық бере бастады.

ДАҒДАРЫС БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ШИЕЛЕНІСТІРДІ

Тағы бірі – Ферғана жазығындағы ұжымдық фермалар негізіндегі ауылшаруашылық жүйесі құлаған соң, өмір сүру деңгей бірден төмендеп, тіршілік ету жолындағы бәсекелестіктер қалыптасты.

Лондонда орналасқан Соғыс және бейбітшілік институтының Орталық Азия бойынша сарапшысы Джон МакЛеудтің пікірі:

«Ұжымдық шаруашылық нәтижелі жүйе болды дегенді білдірмейді. Совет одағының жүйесі экономикалық бірліктер ретінде үлкен ауылдық көлемдегі фермерлерді иеленген. Бірақ Совет Одағы құлағаннан кейін басқа да құлдырап кеткен жағдайлар сияқты фермалық шаруашылық та бұрынғыдай нәтижелі болмай қалды. Әлбетте, кейбір жетістікке жеткен фермерлер болды, бірақ басқалардың жеткілікті жерлері немесе тракторлары, тіпті, сатып алатын тұқымдары да болмады».

Сарапшы МакЛеудтың айтуынша, Қырғызстанның оңтүстігіндегі бұл экономикалық ығысулар көптеген қырғызды қалаларға жұмыс іздеп кетуге мәжбүрледі. Бірақ қалалардағы экономикалық тіршілікті жазықтағы дәстүрлі саудагерлер - өзбектер ұстап тұрды:

«Соңғы онжылдықтарда атап айтқанда, Қырғызстан тәуелсіз ел болғаннан бері мұнда ауыл қырғыздары қалаларға ағыла бастады. Сол себепті қырғыздардың қалаға келуінен жұмысқа тұру үшін, ашық базардағы орындар үшін, кішігірім кәсіпкерлік пен осы сияқты барлық мәселелерде бәсекелестік қалыптасты».

Соңғы кезде бұл бәсекелестік экономикалық дағдарыс күшейгенде Ферғана жазығын кедейлік шегіне жеткізді. Жұмыс күші нәпақа табу қамымен шетелге ағылды. Ферғананың мыңдаған тұрғыны соңғы жылдары Ресей мен Қазақстанға жұмыс іздеп кетіп, тапқан
Қырғыз-өзбек шекарасы. Ош, 27 мамыр 2009 жыл.
табыстарын отбасына жіберіп отырды.

Қазір бұл мүмкіндіктің өзі шектеліп, дағдарысқа байланысты шетте жүрген еңбек мигранттарының көбі табыссыз қалды.

ҚАУҚАРСЫЗ БИЛІК

Оштағы жанжал бұл аймақтың тек әлсіз Қырғызстан билігімен басқарылып, әлеуметтік-экономикалық қысымның күшеюінен болуы мүмкін.

Бұған қатысты Лондонда орналасқан IHS Jane's ақпараттық тобының еуразия бойынша сарапшысы Мэтью Клеменц мұндай жағдай 1990 жылы Совет Одағы құлауға бір жыл қалғанда, Қырғызстандағы орталық билік қатты әлсіреген кезде де болған дегенді айтады:

«Совет одағы ыдырай бастаған болашақ бұлдыр кезде ондағы елдердің үкіметтері әлсіреп, үкімет тарапынан аймақтарға да бақылау азайды. Ондай жағдайлар мәселенің ушығуына себеп болды. Дәл осындай жағдай Қырғызстанның қазіргі уақытша үкіметі нақты бір аймақтарда өз билігін құра алмай отыр. Бұл деген 10-шы маусымда Ошта басталған текетірестің үлкен қақтығысқа ұлғаюына соқтырды».

1990 жылы Ошта болған қырғыз-өзбек көтерілісінен 300-дей адам қаза тапқан еді.

ТАУ ТАСАСЫНДАҒЫ ТӘЖІКСТАН

Сарапшы Клеменц Ферғана жазығындағы ортаазиялық екі ел де осындай қысымдармен бетпе-бет келіп отыр дейді. Бұл тұрғыда өктемшіл билік Өзбекстан өз аймағындағы жазықты қауіпсіздік жағдайларын бекем ұстап, жанжалды тұтандырмау үшін өзбек тұрғындарын басып ұстап отыр.

Ташкент өз аймағында орналасқан азшылық қырғыздар мен тәжіктерді де қатаң бақылауынан шығармай келеді.

Бұған керісінше, Тәжікстан көбіне өзбектер мекендейтін өз аумағындағы жазықта билігін жүргізе алмай отыр.

"Тәжікстан толығымен алғанда басқаша және онда Душанбенің сыртында үкіметтің бақылауы аз ғана. Географиялық жағынан алғанда Тәжікстан аймағындағы негізінен өзбектер тұратын Ферғана жазығы тау шеңберімен елден айтарлықтай бөлініп тұр. Менің пікірімше, бір жағынан алғанда ол алшақтық аймаққа тәжік билігінің ықпалын азайтады әрі мұндай күрделі жағдайдың дамуына жол бермейді" -дейді Клеменц.

Дегенмен де Ферғана жазығының үш бөлігі де бұл елдерге қауіп төндіріп отыр. Олардың әрқайсысы кедей, үкіметке қарсы пиғылда және радикалды ислам қозғалыстарының ықпалына көнгіш. Бұл үш елде де Ауғанстаннан келетін есірткіге байланысты тасымал жолындағы ұйымдасқан қылмыс элементтері бар.

Осындай қақтығыс ошағы бар Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдері өздерінің су, энергетикалық және басқа да мәселелерге қатысты қайшылықтарына қарамастан, радикализмге қарсы күрес жүргізу жөнінде өзара түсіністік қалыптастырған сияқты.

"Орта Азия ішінде" деп аталатын кітаптың ауторы Дилип Хиро қазіргі дағдарыс Өзбекстан билігінің қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шекара бойына үкіметтік күштерін жолдау арқылы онда тұрып жатқан өзбек қауымдастығын қорғауға итермеледі дегенге ұқсамайды дейді. Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселе Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарты ұйымының бұл қақтығысқа байланысты өткен жиынында айтылды.

Ресей президенті өз мәлімдемесінде, "егер қажет болса біз жеті елден (оның ішінде Өзбекстан да бар) ҰҚКШ ұйымынынан бітімгершілік күштерін жіберетін боламыз" деді. "Бірақ олар жекелеген елдің күштері ретінде бармайды" дейді Медведев.

ҰҚКШ ұйымына Орта Азияның Түркменстаннан басқа мемлекеттері, Ресей, Беларусь және Армения кіреді.

Бұл топ қырғыз күштерін елдің оңтүстігіне жолдау үшін Бішкекті тікұшақ, әскери көліктер мен жанармаймен қамтамасыз ететінін айтқан. Бірақ олардың бітімгершілік күштерін жіберуі Қырғызстанның әлсіздігін айқын көрсетіп отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG