Accessibility links

Қырғызстан оңтүстігіндегі ахуал қалпына келе бастады


Уақытша үкімет төрайымы Роза Отунбаева Жалалабад ауруханасында. 21 маусым. 2010 жыл.

Уақытша үкімет төрайымы Роза Отунбаева Жалалабад ауруханасында. 21 маусым. 2010 жыл.

Оштағы комендант сағаты 3 сағатқы қысқартылды, Қырғызстан Уақытша үкіметі Ата заң бойынша референдумды өз уақытында, парламент сайлауын шамамен 1 ай ерте өткізбекші. Жалалабад облысы әкімінің міндетін атқарушы Өзбекстандағы босқындарға жолығып, оларды елге оралуға үгіттеді.




Уақытша үкімет елдің оңтүстігінідегі ахуалдың реттеле бастағанына байланысты Ош облысындағы комендант сағатының уақытын 3 сағатқа қысқартты.

Ош пен Жалалабад облыстарындағы жағдайға орай елден мыңдаған адамның босып кетуіне қарамастан, Қырғызстанның Уақытша үкіметінің төрайымы Роза Отынбаева жаңа конституцияның жобасы бойынша 27 маусымға белгіленген референдумның уақытында өтетінін мәлімдеді.

Бірқатар қырғыз партиясының көсемдері оңтүстік облыстардағы қайғылы оқиғаларға байланысты Уақытша үкіметке референдумнан бас тартуды ұсынған болатын.

Осы сейсенбі күні қырғыз кәсіпкерлерімен кездесуі кезінде Уақытша үкімет төрайымының орынбасары Өмірбек Текебаев парламент сайлауы қыркүйек айының бірінші жартысында өтетінін хабарлады. Оның айтуынша, парламент сайлауына деген әзірлік шаралары 27 маусымға белгіленген референдумның ізінше басталады.

Текебаевтың сөзіне қарағанда, қысқа уақыттың ішінде биліктің заңды мекемелері құрылуға тиіс, уақытты созу елдегі ахуалды ушықтыра түсуі ықтимал.

Оның алдында Қырғызстанның уақытша үкіметі парламент сайлауы 2010 жылдың 10 қазанында өтетінін хабарлаған болатын.

Қырғызстанның оңтүстік өңірлеріндегі қақтығыстардан қаза тапқандардың қатары, денсаулық сақтау министрлігінің жаңа мәліметі бойынша, 250-ден асты. 2 мыңнан астам адамның дәрігерлік көмекке жүгінгені анықталды.

Сейсенбі күні Уақытша үкімет төрайымы елдің оңтүстігіне жұмыс сапарын әрі қарай жалғастырды. Р.Отынбаева Ош облысының Ноокат ауданы әкімдігі өкілдерімен және жергілікті тұрғындарымен кездесті. Одан кейін Ош облысының Үзген ауданына баруға тиіс. Оның алдында уақытша үкімет төрайымы Жалалабадта және Ош облысының Базарқорған және Араван аудандарын аралап шықты.

Дәл осы кезде уақытша үкіметтің оңтүстік өңірдегі арнаулы өкілі, әрі қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Ысмайыл Исақов Ноокат елдімекенінде мәлімдегендей, Ош қаласы аудандарының бірінен есірткі заттар, белсенді іс-қимылға дайындалған қару-жарақ пен автокөліктердің тұрғаны анықталды.

Генерал Исақовтың сөзіне қарағанда, Ошта табылған қару-жарақ пен өзге жабдықтар «болған қақтығыстардың алдын-ала жоспарланғанын» байқатады.

Бұның алдын Нариман ауылындағы үкімет күштері жүргізген арнайы операция кезінде оларға қарсылық көрсетіліп, атыста 2 кісі оққа ұшты, қақтығыстарға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен 7 адам қолға түсті.

Өзбекстанның Әндіжан облысының аумағындағы 57 лагерде Қырғызстаннан ауып келген 75 мың босқын тұрақтады. Ол туралы сейсенбі күні Қырғызстанның Жалалабад облысы әкімінің міндетін атқарушы Бектұр Асановпен кездесуі барысында Өзбекстанның Әндіжан облысының басшысы Ахмаджан Ұсманов хабарлады.

«Азаттық» радиосының арнаулы тілшісі хабарлағандай, Жалалабадтан келген делегация босқындардың 3 лагерінде босқындармен келіссөз өткізіп, олардың тұрмыс жағдайымен танысты. Ош пен Жалалабад облыстарындағы жағдайдың жалпы қалыпқа келгенін айтып, босқындарды елге оралуға шақырды.

Қырғыз делегациясына Өзбекстанның ішкі істер және төтенше жағдайлар бойынша министрлері Бахадыр Матлюбов пен Тұрсын Құдайбердиев серік болып жүрді, деп хабарлады біздің арнаулы тілшіміз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG