Accessibility links

Қырғызстанда бас көтерген ұлтшылдық этникааралық жанжалдың аймаққа тарау қаупін туғызды


Төлқұжатын ұстаған әйел Оштағы қақтығыстан зардап шеккендерге берілетін гуманитарлық жәрдем алу үшін кезекте тұр. 24 маусым 2010 жыл.

Төлқұжатын ұстаған әйел Оштағы қақтығыстан зардап шеккендерге берілетін гуманитарлық жәрдем алу үшін кезекте тұр. 24 маусым 2010 жыл.

Қырғызстан үкіметі маусым айында бұрқ еткен этникааралық қақтығыстарға екі тараптан да кінәлілер барын айтады. Сарапшылар елдегі күшейіп отырған ұлтшылдық толқыны болашақта жаңа қақтығыстарға түрткі болуы ықтимал деп ескертеді.


АТАМБАЕВ БАТЫС ЖУРНАЛИСТЕРІН СЫНАЙДЫ

Қырғызстанның оңтүстігінде жүздеген адамның өліміне әкелген этникааралық қақтығыстарға куә болғандардың айтуы бойынша, онда қырылғандардың көбі - этникалық өзбектер.

Қақтығыс ошағы болған Ош қаласында олардың мыңнан аса үйіне өрт қойылып, көбісі тоналғанда жергілікті қырғыздардың үйіне ештеңе болмаған.

Бұл жердегі қақтығыстан бас сауғалап, Өзбекстанға ағылған жүздеген мың адамды да өзбектер құрады. Олар өздеріне қырғыздың топтасқан жігіттері шабуылдағанын, олардың көбісі қырғыз полициясы мен әскерилері болғанын айтқан.

Бірақ уақытша үкіметтің мүшесі болған, алдағы премьер-министрліктен де үміткер Алмазбек Атамбаев бұл туралы айтқысы келмейді. Ол батыс журналистерінің қақтығыста қаза тапқандардың көбі өзбектер деп хабар таратқанын сынады.

Этникалық қақтығыста қаза тапқандардың нақты саны туралы мәлімет сұраған тілшілерге «Біз өз қоғамымызды екіге жаруға жол бермейміз» деп жауап берген.

Атамбаевтың айтуынша, Орталық Азияда бірінші демократиялық ел орнатпақшы болған уақытша үкіметтің қарсыластары жергілікті қырғыз бен өзбектерді бірін-бірі өлтіруге арандатып, ұлтараздық тудырды:

«Осының бәрі мұндай үкіметті құруға қарсы жасалынып, көтеріліс жасау ұйымдастырылған әрі ол үшін төленіп қойылған. Бұл ешқандай да этникалық тазалау емес».

Бұл үкімет елдің бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевті сәуір айында тақтан құлатқан жаппай халықтық толқулардан кейін билікке келген болатын. Халыққа оқ атылғанына наразылықтар күшейген тұста Бакиев өзінің туған жері оңтүстікті паналап, одан кейін Қазақстан арқылы Беларусь еліне қашып кеткен еді.

ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ ТҮП-ТӨРКІНІ

Өткен айда Қырғызстанның қауіпсіздік қызметі Бакиевтің туыстарын исламшыл бүлікшілермен байланыс орнатып, ұлтаралық араздықты қоздырған деп айыптады. Олардың мақсаты Талибан мен исламшыл қозғалыстардың араласуымен қақтығыс тудырып, жаңа үкіметті тұрақсыздандыру болған деді арнайы қызмет өкілдері.

Бірақ кейбір бақылаушылар үкімет бұл қырғындарды кімдер жасап отырғаны жайлы ақпаратты басынан білген әрі оны жасырып қалған
Босқындар лагеріндегі қырғыз балалары құбырдан су алып жатыр. Ош, 27 маусым 2010 жыл.
дейді. Сыншылардың пікірінше, ел жетекшілері бұл қырғынға өздерінің қатысы туралы ауыз ашпай, оны жылы жауып қойып отыр.

Қырғызстан-Өзбекстан достастығы қауымдастығының вице-президенті Жылдыз Жолдошеваның айтуынша, ел астанасы Бішкектің өзінде көп арандатушылықтар болды. Оның сөзіне қарағанда, оңтүстікте өз бизнестері бар әрі аймақта ықпалды болған біраз өзбектер қара майка киген белгісіз біреулердің арандатуымен қақтығысқа барған:

«Жергілікті өзбектер жалданған адамдар алдын-ала қаруланып, белгі берілген кезде көшеге шығу тапсырылғанын айтты. Олар университет жатақханаларына барып, онда көптеген қырғыз қыздарын жауыздықпен зорлап, өлтірген».

Осыған дейін Қырғызстанның оңтүстігіндегі қырғынды қырғыздар бастаған деген сөздер жиі айтылып, ол этникалық топтар арасында жаулық қарым-қатынасты қоздырды.

Ал қақтығыс кезінде өз еркімен Ош аймағындағы полиция басшысы қызметін уақытша атқарған оппозиция жетекшісі, «Ата-жұрт» партиясының жетекшісі Өмірбек Суваналиевтың айтуынша, аймақтағы қақтығыс аяқ астынан қырғыз бен өзбек жастарының казинодағы төбелесінен шықты. Ол жалданған адамдардың немесе шабуылдаушылардың қырғыз әйелдерін зорлады дегенге еш дәлел жоқ дейді:

«Мұнда ислам экстремистері мен жалданған адамдар туралы түрлі сөздер айтылып жатыр. Оның бәрі - қиялдан туған әңгімелер. Уақытша үкімет тым жауапсыз әрекет етуде».

Уақытша үкімет өзінің жауапкершілігін жасырып қою мақсатында қақтығысқа жауапты деп «үшінші күштерді» ойлап тапты дейді Суваналиев. Бұл тұрғыда ол сәуір айынан бергі оңтүстіктегі оқиғаларға тоқталады.

БАКИЕВ ПЕН БАТЫРОВ

Мамыр айында биліктен қуылған Құрманбек Бакиевтің жақтастары Жалалабадтағы жергілікті әкімшілік үйін басып алғанда, аймақта жаппай көтеріліс болу қаупі астында қалған уақытша үкімет азшылық өзбектерге қайрылып, көмек сұрағанын айтады Суваналиев.

Бұларада этникалық өзбек, халықтар достығы университетінің директоры Қадыржан Батыров өзінің «Родина» партиясын Құрманбек Бакиев жақтастарына қарсы күш жинауға жұмылдырған.

«Қылым шамы» адам құқын қорғаушы ұйымның жетекшісі Азиза Абдурасулованың айтуынша, Батыров өзінің жақтастарын Бакиев әулетінің меншігіндегі үйлерді өртеуге шақырған:

«Мен Өмірбек Текебаевтың кеңсесіне барып, оны тоқтатуын сұрадым. Мен жылап тұрып, жалынып сұрадым. Текебаев оған телефон соққанымен Батыровты тоқтата алмады. Уақытша үкімет бұл этникалық жағдайды пайдаланды. Олардың олай жасауға құқы жоқ еді».

Үкімет кейін бұл жақтан қашып кеткен Батыровқа қарсы қылмыстық іс ашты. Көптеген қырғыз оны өткен айдағы қақтығысты ұйымдастырды деп айыптайды.

Абдурасулованың айтуына қарағанда, мамыр айындағы оқиға бұрыннан келе жатқан жағдайды ушықтырды. Десе де Абдурасулова мен басқа да сын айтушылар онсызда қысым астында отырған үкіметті айыптағылары келмейді. Бұл аймақтағы біршама еркін әрі ашық қоғамдағы көпшілік қазіргі үкіметке Қырғызстанды Орталық Азияны жайлаған өктемшіл биліктен құтқарады деген үмітпен қарайды.

ТӘУЕЛСІЗ ТЕРГЕУ ҚАЖЕТ

Қырғызстандағы АҚШ елшісінің орынбасары Ларри Меммотт өткен айдағы қақтығысқа қатысты антипатия енді халықты біржола біріктіреді деген үмітпен жаңа үкіметке сенім арттырып отыр дейді:

«Осындай қақтығыстар болған көптеген елдерде өз-өздеріне келу үшін 2-3 күн уақыт қажет болады. Ал бұл мәселеде Қырғызстанда басқаша болып, ол өзіне тез келді. Бұл жақсы белгі болды».

Бірақ Ларри Меммотт сияқты басқалар да маусым айындағы қақтығыстың шығуына бірқатар қарама-қайшы себептер болды дей келе, ол
Шекаралық Қарасу кентінде өткен этникааралық бейбітшілік келісім жиыны. 7 шілде 2010 жыл.
алдағы уақытта да қайталану қаупін тудырып отырғанын айтады. Олардың ортақ пікірінше, тұрақты келешекке деген жалғыз үміт тәуелсіз зерттеулердің әділ әрі шынайы өтуіне байланысты болады.

Оңтүстіктегі қақтығысты тәуелсіз тергеуге кепілдік бере аласыз ба деген сұраққа Қырғызстанның жаңа президенті Роза Отунбаева үкімет комиссия құрамына өзбектерді де енгізетін айтқан болатын:

«Қырғызстан өзінің жеке баяндамасын жасағысы келеді, бірақ комиссияның құрамына халықаралық сарапшылар да енетін болады. Біз оның сенім туғызатындай болу керектігін, осы жерде де халықаралық қауымдастықтың да сенімінен шығатындай болу қажеттігін түсінеміз».

Десе де Қырғызстанда азшылық болып табылатын өзбектер мен халықаралық қауымдастықтың тергеулер әділ жүретініне күдігі басым. Бұл тұста Қырғызстанда ұлтшылдық екі тараптан да ұлғайып отыр. Сыншылар үкіметтің оңтүстіктегі қақтығыстың шынайы себептерін анықтаудан бас тарту арқылы қырғыздардың ұлтшылдығын өсіріп отыр дейді.

ДАҒДАРЫС ҚАУПІ СЕЙІЛГЕН ЖОҚ

Бұл тұста өзбектер арасында да ұлтшылдық сезімі ұлғайып барады. Өзбекстанда елдің белгілі эстрада жұлдызы Юлдуз Усманова өзінің әнінде Қырғызстанның оңтүстігіндегі қырғын үшін қырғыздарды айыптаған. Сол қырғын кезінде түсірілген суреттер оның интернеттегі видео клипіне қойылған.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов қырғыз үкіметінің бұл ұлтаралық қақтығыстың артында «үшінші күштер» тұр деп айтқанын қолдап, қоғам алдында мәлімдеме жасағанына қарамастан, өзбек әншісінің мұндай даулы әнді өктемшіл биліктің рұқсатынсыз жарыққа шығарғанына сенетіндер аз ғана.

Егер жағдай осылай күрделене берсе, этникалық қақтығыс шекарадан асып, Орталық Азияның басқа бір бөлігінде де бұрқ ете қалуы мүмкін дейді сарапшылар.

Роза Отунбаева қазан айында өтеді деп жоспарланған парламенттік сайлауға дейін жаңадан уақытша үкімет құрып жатқанда, оның бірқатар одақтастары жікке бөліне бастады. Олар өз алдына саяси партия құрып жатыр.

Бұл тұрғыда сарапшы Марс Сариев мұндай саясаткерлермен жаңа үкімет этникалық топқа бөлінушілікті реттей алады деп айту қиын екенін айтады.

Оның айтуынша, елдің оңтүстігі кез келген уақытта лап ете қалатын тұрақты дағдарыс орны болып қала береді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG