Accessibility links

Тәжікстан президентінің күйеу баласы ақылы жолға байланысты жұрт назарына ілікті


Тәжікстан қаржы министрінің орынбасары, ел президентінің күйеу баласы Джамоллидин Нұралиев. Душанбе, 25 желтоқсан 2009 жыл.
Тәжікстан қаржы министрінің орынбасары, ел президентінің күйеу баласы Джамоллидин Нұралиев. Душанбе, 25 желтоқсан 2009 жыл.

Душанбеден өзбек шекарасына дейін созылған жаңа ақылы жолға қызмет көрсету құқын жеке дара иеленген компанияның қожасы – Тәжікстан президентінің күйеу баласы Джамоллидин Нұралиев деген болжам бар.


РАХАТ ПЕН ДАРИҒАНЫҢ САРА ЖОЛЫМЕН

Бүгінде, әсіресе, Орталық Азия елдерінде, жұртшылық президенттердің күйеу балаларының әрбір қадамын қалт жіберместен бағып отыр. Ал кейде көпшілікке белгілі осынау отбасыларында Қазақстан президентінің қызы Дариға Назарбаева мен күйеу баласы Рахат Әлиевке қатысты жанжал секілді үлкен дау-дамайлар да шығып жатады. Әйткенмен, қайын жұрты билік тұтқасын ұстап отырғанда күйеу балалар әдетте, ең жоқ дегенде тасы өрге өрмелеген бизнесмен, немесе дарынды шенеуніктер санатында жүреді.

Ондайдың не екенін Тәжікстан қаржы министрінің бірінші орынбасары әрі соған қоса ел президенті Эмомали Рахмонның үлкен қызы – Озоданың күйеуі Джамоллидин Нұралиев жақсы біледі. Озоданың өзі де осал емес: алғыр дипломат, қазір Тәжікстан сыртқы істер министрінің орынбасары қызметінде отыр.

Мэриленд университетінің (Балтимор) түлегі Джамоллидин Нұралиевтің есімі жуырда «Неміс толқыны» сайтында жарияланған бір мақалада аталған соң, жұрттың назары тағы да соған ауды. Мақалада Innovative Road Solutions (IRS) көлік компаниясы британдық Вирджиния аралдарында Нұралиевтің атында тіркелгендігі және оның қожайыны соның өзі болуы ықтимал екендігі жайында жазылған-ды. «Неміс толқыны» тілшісі Хайрулло Мирсаидов бұл ақпаратты Ұлыбританиядағы «бірнеше тәуелсіз ақпарат көздерінен» алғанын хабарлаған.

«Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының Тәжік қызметіне шілденің 9-ы күні берген сұхбатында Джамоллидин Нұралиев өз атына айтылған айыптауларды жоққа шығарып, қаржы министрлігі Тәжікстандағы IRS компаниясының жұмысына ақша бөлген емес деп мәлімдеді.

IRS компаниясы Душанбе – Чанак – өзбек шекарасы стратегиялық даңғыл жолына жеке дара қызмет көрсету құқына ие болғандықтан, тәжік қоғамы оның артында кім тұрғанын білгісі келеді.

КҮЙЕУ БАЛАНЫҢ КҮРЕ ЖОЛЫ

Тәжікстанның солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын, ұзындығы 354 шақырым Душанбе – Чанак аутокөлік жолын осынау таулы шағын ел үшін шынында да теңдесі жоқ жол деуге болады. Қыс мезгілінде қар басып қалатын тау асуларынан өту қиынға соғатындықтан, осы кезге дейін тұрғындар Өзбекстан аумағы арқылы өтетін айналмалы жолмен жүруге мәжбүр болып келді.

Орталық Азиядағы бұл екі елдің басшыларының арасынан қара мысық жүріп өткеніне біраз болған, Өзбекстанның еш себебін түсіндірместен өз шекарасынан өтетін жолды толық жауып тастайтын кездері аз емес.

Сол себепті, Душанбе – Чанак бағытындағы аутокөлік қатынасын түбегейлі жаңартып, үш бірдей тау туннелімен өтетін 32 галереялы жол жобасын қаржыландыру туралы 2006 жылдың маусымында жасалған тәжік-қытай үкіметаралық келісімін ел қуанышпен қабылдады. Келісім бойынша Қытайдың Эксимбанкі жылдық екі пайыз өсіммен 280 миллион АҚШ долларының жеңілдікті несие бөлуге, ал Тәжікстан үкіметі 14 миллион 800 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуға уағда жасалды.

Жолдың елу шақырымдық алғашқы бөлігі 2010 жылғы 31 наурызда ресми түрде ашылды, бірақ бірнеше күн өте салысымен жергілікті
Душанбеден аймаққа қатынайтын автокөлік жолы.
жұрт көптен күткен жобаға наразылық танытты. Мәселе мынада – 2009 жылы Тәжікстан парламенті ел үкіметі мен IRS компаниясы арасында 30 жылға жасалған концессиялық келісімді мақұлдаған болатын.

Сол келісім бойынша жеке компания-оператор жолды қалыпты күйде ұстауға, мезгілімен жөндеп отыруға міндеттеме алып, соның есесіне компания өткен-кеткен жүргіншіден жол ақысын алу құқына ие болды. Тәжік ақпарат көздерінің айтуынша, компания өз қызметкерлерінің әлеуметтік төлемдерінен басқа барлық салықтардан босатылған.

Халқының табысы жөнінен постсоветтік кеңістікте ең соңында тұрған мемлекет болып саналатын елде жолдың әрбір шақырымы үшін жеңіл аутокөліктен 30 дирамнан (0,06 АҚШ доллары) алынуын жергілікті халық тым қымбат деп бағалады. Мамыр айында тариф үш есеге төмендетілді, бірақ тәжік жүргізушілері бәрібір наразылығын қоймай, жолмен жүру тегін болсын деген талап қойды.

Варзоб ауданының он мыңнан астам тұрғыны жол ақысы тым қымбат екендігін айтып және IRS компаниясы қызметінің қаншалықты заңды екенін түсіндіріп беруін талап етіп, ел президенті Эмомали Рахмонның атына шағым жолдаған.

Тәжік басылымдарының хабарлауынша, жергілікті жүргізушілер бірнеше рет жолды бөгеуге әрекет жасаған, енді біреулері әлі күнге ақша алатын бекеттерді айналып өтуге тырысады – Тәжікстан жерінің басым бөлігі таулы аймақ екендігін ескерсек, бұл оңай шаруа емес. Әсіресе, халықтың ашуын келтіргені – ақылы жолмен бірге міндетті түрде балама жолдың да болуы туралы ел заңдарында ештеңе айтылмаған.

Тәжікстанның монополияға қарсы қызметінің төрағасы Амонулло Ашур да бекітілген тариф «өте қымбат әрі бекер шығын, мұндай тариф әлемде жоқ» деп мәлімдеме жасап, тұтанып үлгерген отқа май құйғандай болды.

Бірақ 2010 жылдың 22 маусымында арнайы үкіметтік комиссия IRS компаниясының қызметін заңды деп тауып, тараптар арасындағы концессиялық келісім халықаралық заңнаманың барлық талаптарына сәйкес деген қорытынды жасады.

Компания-оператордың өкілі Рустам Абдуллоев жаңа жолмен өткен-кеткендерден ақша жинауға қатысты: «осы жолды тиісті деңгейде ұстап тұруға республиканың мүмкіндігі жоқ, ал жолды бар-жоғы екі-ақ жыл тиісті деңгейде ұстамасақ, Қытайдан алған несие босқа ысырап болмақ» деген уәж айтты. Сонымен бірге компанияның ресми сайтында Тәжікстан халқының 54 пайызы кедейлік шамасынан да төмен жағдайда өмір сүретіні туралы жазылған.

"КОНЦЕССИЯНЫ МАҒАН БЕРІҢДЕР"

Пікірталасқа Тәжікстанның белгілі экономисі Виктор Лядский де араласты. Ол елдегі ірі ақпарат құралы – мемлекеттік емес Asia-Plus агенттігі жариялаған мақаласында Тәжікстанда бұрын-соңды болып көрмеген бұл бизнестің экономикалық тиімділігі туралы ой-пікірін білдірген. Оның есебі бойынша, IRS компаниясы тек жолдың жеңіл-желпі жөндеуіне ғана (он жылға дейін жолдың бастапқы күйі тоза қоймайды) бір миллион АҚШ доллары мөлшерінде қаражат жұмсайды. 45 миллион АҚШ доллары мөлшеріндегі кірістен салықтарды төлегеннен кейін IRS офшорлық компаниясы қожайынының иелігінде 30,9 миллион доллар таза пайда қалады.

Экономика ғылымдарының кандидаты Виктор Лядскийдің пікірінше, әуелі мойнында қытай несиесі тұр дегеннің өзінде «IRS компаниясының он-ақ жылда, ал несиелік үстеме пайызды есепке аслақ, 11 жылдың ішінде ол несиеден құтылуға мүмкіндігі бар, ал содан кейін 19 жыл бойы компания өз пайдасын қалауынша жұмсай алады».

Бұл – бұл ма, концессиялық келісімге сәйкес қытай несиесінің қайтарылуына IRS компаниясы жауапты емес, ол тек Тәжікстан мемлекеттік бюджетінің ғана шаруасы. Міне, осы мәселе ел президентінің күйеу баласы Джамоллидин Нұралиевпен аты-жөні бірдей әлдебір адамның ықпалы мен керемет лоббистік мүмкіндігі туралы қоғамда қызу пікірталас тудырған еді.

Экономист Виктор Лядский өз есебін тиянақтай келе, тек жалғыз бір ғана сұраққа жауап беруге дәрменсіз екенін мойындаған: «Концессия берушінің алдына қалай тап болуға болады» деген бір ғана мәселе маған беймәлім болып қалды».

IRS компаниясы қаржы бөлімінің менеджері Камилла Саидова өзінің жауап-хатында, Виктор Лядский «аутокөлік жолының күрделі рельефтік құрылысы мен қыс, көктем мезгілдерінде түсетін қар мен жауынды ескермеген, бұл жағдайлардың шығынның, сондай-ақ табыстың да құрылымы мен деңгейін өзгертетіні күмәнсіз» деп хабарлады.

Камилла Саидова сонымен қатар «аутокөлік жолының келешектегі күйі емес, бүкіл күш-жігерін компания құрылтайшыларының кім екендігін анықтауға бағыттаған» журналистердің табандылығына таңдай қағады. Ол IRS компаниясының атынан: «Тағы да ресми түрде мәлімдейміз – компания құрылтайшылары мен қожайындарының арасында Тәжікстан азаматтары жоқ және олардың ешбірі әлемдегі ешқандай елдің президенті, министрі немесе министрінің орынбасары емес» деген мәлімдеме жасады.

АҚЫЛЫ ЖОЛДАР ҚАЗАҚСТАНҒА КЕШЕУІЛДЕП КЕЛЕДІ

Душанбе – Чанак – Өзбекстан шекарасы стратегиялық маңызға ие аутокөлік жолы, азиялық дәстүрге сай, 2011 жылдың қыркүйегінде, республика тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай толықтай пайдалануға берілмек. Бірақ Тәжікстан үкіметі алған бетінен қайтпай, бұл жолды ақылы жасағылары келеді. Мәселен, 2010 жылдың соңына қарай, Душанбе – Куляб жолын жөндегеннен кейін жол бойында арнайы бекеттер пайда болмақ.

Ал Қазақстанға келер болсақ, оның «Аутомобиль жолдары туралы» заңында балама концессиялық келісімдер жайында жазылғанымен, балама жолдар туралы айтылмаған.

Қазақстанның көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов өткен аптада Қазақстанның алғашқы ақылы жолы Астана – Бурабай аутожолы болады деп мәлімдеді. Бірақ ол келешектегі жолақы сомасының нақты қанша болатынын айтпады, сөйтті де негізгі тариф ретінде жеңіл аутокөліктен әр шақырымға бес теңгеден, ал жүк көлігінен әр шақырымға он теңгеден аса алынатын болып қарастырылып жатыр деп хабарлады.

Қазақстандағы бірінші аутожолды ұстап отыруға кететін шығын көлемі қазірдің өзінде жылына бір миллиард теңге болды деп айтылып отыр. Кейінірек 104 шақырымдық Алматы – Қапшағай жолында да ақша жинау бекеттері пайда болуы тиіс.
XS
SM
MD
LG