Accessibility links

Арада жиырма жыл өткен соң Ресей Чехияға ықпалын қайта күшейте бастады


Чехия президенті Вацлав Клаус (сол жақта) пен Ресей президенті Дмитрий Медведев Барвихадағы резиденцияда. Ресей, 14 қазан 2009 жыл.
Чехия президенті Вацлав Клаус (сол жақта) пен Ресей президенті Дмитрий Медведев Барвихадағы резиденцияда. Ресей, 14 қазан 2009 жыл.

Осыдан жиырма жыл бұрынғы «Барқыт төңкерісінен» соң Чехиядағы коммунистік режим құлады. Алайда кейбір сарапшылар «чехтар тағы да Мәскеудің ықпалында кетіп қалуы мүмкін» деп ескертеді.


Олардың айтуларынша, ендігі қауіп Ресейдің танктерінен емес, энергоресурстардан келуі мүмкін. Ал энергоресурстар өндірісінде Ресейдің әлемдегі алдыңғы орындардың бірінде тұрғаны белгілі. Оңтүстік Богемиядағы «Темелин» атом электр стансасы ел тарихындағы бизнес саудасының ірі орталығына айналды. Осы және тағы бір атом электр стансасы қазіргі уақытта чех еліндегі электр энергиясының үштен бірін өндіреді. Және бұл көрсеткіш алдағы уақытта өсе түспек. Өйткені, үкімет елдегі көмірмен жұмыс істеп, қоршаған ортаны ластайтын ең ескі электр стансаларын жаппақ.

Мемлекет бақылауындағы CEZ («чез» деп айтылады) энергетикалық компаниясы қосымша тағы екі реактор салуды жоспарлауда. Бірақ бұған қатысты сыншылар қатты алаңдаулы. Олар CEZ-ді жай ғана энергетикалық компания емес дейді.

CEZ РЕСПУБЛИКАСЫ

CEZ – Орталық және Шығыс Еуропадағы ең табысты компаниялардың бірі. Оның саясат пен бизнестегі алатын орнының маңыздылығы соншалық, кейбір чехтар өз елдерін CEZ республикасы деп те атайды.

Оның үстіне компанияның меншік құрылымының сыры белгісіз. Бір кездері қоршаған орта мәселелері бойынша министр болып қызмет еткен Жасылдар партиясының бұрынғы жетекшісі Мартин Бурсик осы фактінің өзі чех саясатындағы асқынған сыбайлас жемқорлықтың көрінісі деп атайды.

«CEZ өте күшті компания, ол заң шығару саласына, электр энергиясының бағасына ықпал ете алады. Ал мемлекет болса компанияның шешім қабылдау үдерісіне ықпал ете алмайды», - дейді Мартин Бурсик.

Жасылдар партиясы «CEZ байланыстар мен жең ұшынан жалғасудың ортасында тұр. Бұған соттар, полиция, прокуратура, аймақтық үкіметтер мен саяси партиялар кіреді» деп мәлімдеп, компаниядан өзінің меншік құрылымын ашып көрсетуін сұрады. Ал жауапты қызметкерлер бұл өтінішті қабыл алған жоқ.

ТЕНДЕРГЕ ОРЫСТАР ҚАТЫСЫП ЖАТЫР

«Темелин» АЭС-інің өкілі жаңа реакторлар елдің «энергетикалық тәуелсіздігін» сақтап қалуда шешуші маңызға ие болады дейді. Осылайша, Чехия сатып алып жатқан мұнай мен табиғи газдың басым бөлігін беріп отырған Ресей реакторлар құрылысына қатысты тендерге қатысуы мүмкін.

Реактор құрылысын салудан үміткер болып отырған үш компанияның бірі - Ресейдің «Атомстройэкспорт» компаниясы. Үміткерлер
Чехиядағы «Темелин» атом электр станциясы.
қатарында бұдан бөлек жапондық Westinghouse және француздың Areva компаниялары да бар. Олар өз ұсыныстарын биылғы жылдың күзінде ұсынбақ. Келесі жылы құны 15-30 миллиард долларлық келісімдерге қол қойылмақ. Жаңа реакторлар 2020 жылдарға қарай іске қосылатын болады.

CEZ-дің пікірінше үш компанияның да біліктіліктері жоғары. Сондықтан негізгі мәселе қызметтің бағасына байланысты болмақ. Бірақ мұндай пікірмен барлығы бірдей келісе бермейді. Чехияның энергетика қауіпсіздігі проблемалары жөніндегі өкілі Вацлав Бартушка мәселе тек ақшаға ғана тіреліп тұрған жоқ дейді.

«Сөз жоқ, «Темелин» көп жылдардан бері елдегі аса ірі инвестор болып келеді. Сондықтан, мен үшін оның жасаған таңдауы өркениеттің таңдауы болады. Мен өз елімнің АҚШ-пен болмаса Франциямен байланыста болғанын қалаймын. Бұл Areva бола ма, әлде Westinghouse бола ма, оған мен алаңдамаймын. Мен ешкімнің жақтасы емеспін, тек біреулердің ғана қарсыласымын дегенді жиі айтамын», -дейді Вацлав Бартушка.

СЫБАЙЛАСТЫҚТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Вацлав Бартушка «Ресей компаниялары сыбайлас жемқорлықты тарататындықтан алаңдаймын» дейді. Вацлав Бартушка өткен жылы «Темелиндегі» пайдаланылған ядролық отын қалдықтарын сақтайтын қойма құрылысына қатысты жайды айтып берді.

80 миллион долларлық келісім-шартқа қатысты бірден-бір ұсыныстың құпия болғандығы соншалық, оның директорларының біреуі екіншісін ұрлап, қоқан-лоқы жасамақ болғандығы үшін тұтқынға алынған.

Кімнің меншігі екендігі белгісіз болғанымен, CEEI деп аталатын компанияны ресейліктер басқарады деген болжам бар. «Темелин» өкілі келісім-шарт барысында бұрмалаушылыққа жол берілді деген сөзді жоққа шығарды.

Бірақ Вацлав Бартушка CEEI компаниясына қатысты сыбыс алдағы реакторлар құрылысына байланысты тендерде CEZ не істер екен деген алаңдаушылықты тудырып отырғанын айтады. Ал сыбайлас жемқорлықтың Ресейдің ықпалын арттыра түсетіндігін Вацлав Бартушка өте алаңдарлық мәселе деп есептейді.

САЯСАТҚА ЫҚПАЛ ЕТУ ҚҰРАЛЫ

Вацлав Бартушканың пікірінше тиімді жасалған ұсыныс Кремльдің қолына Чехиядағы саясатқа ықпал ету құралын береді. Ресейдің «Темелинге» қатысты тиімді жағдайға барынша ұмтылуына қарап кейбір сарапшылар «Вашингтон әлі ұйқысын аша алмай отыр» деп есептейді.

Өткен қыста Прагада болған сапарында АҚШ вице-президенті Джо Байден «Вестингаус» компаниясының сөзін сөйледі. Бірақ сыртқы істер министрі Карел Шварценберг кезінде АҚШ-тың өзге де мүдделері бар деп мәлімдеген болатын.

«Олар біздің қамымызды ойлап жатыр деп ойламаймын. Біз Орталық Еуропадағы бізге қарағанда маңыздылау өзге де елдердің ортасындағы шағын ғана елміз. Олар не үшін біздің қамымызды ойлаулары керек?» - деді Карел Шварценберг.

Көпшілігі бұл тендерде Ресейдің артықшылығы бар деп есептесе де қай компанияның жеңіп шығары әзірге белгісіз. Вацлав Бартушка бұны әзірге чехтардың Ресей ықпалында кете қоймағандығынан дп есептейді. «Бірақ бұл жағдай мәселенің шешілгендігін білдірмейді, – дейді ол. – Қандай елде тұрғымыз келетіндігін біз өзіміз шешуіміз керек», -дейді Вацлав Бартушка.

КЛАУС КРЕМЛЬДЕ

Еуропа Одағы басшыларының өткен жылдың қазан айында мазасы кеткені анық еді. Сонда Чехия президенті Вацлав Клаустан өзгелері одақтың жаңа президентін сайлауға көмектесетін жаңа құжат – Лиссабон келісіміне қол қойды. Вацлав Клаус сонда өзге елден
Чехия президенті Вацлав Клаус (оң жақта) және АҚШ вице-президенті Джо Байден. Прага, 23 қазан 2009 жыл.
әріптестерінің шалған телефондарына да жауап қатқан жоқ.

Бұның орнына ол шетелге сапарға шығып, бұл сапар Мәскеуде аяқталды. Еуроодақты сынаған баспасөз-мәслихатында оның күлімсіреген Ресей президенті Дмитрий Медведевтің қасында отырғанын теледидардан көрсетті.

Вацлав Клаус ақырында Лиссабон келісіміне қол қойды. Бірақ оның бұл әрекеті Еуропа Одағындағы бірліктің жетісіп тұрмағанын аңдатты. Сыншылар оны өзіне назар аудартпақ болды деп сынады. Бірақ көптеген бақылаушылар бұл әрекетті Кремль мүддесі үшін қызмет етуге ұмтылыс деп бағалады. Және бұл бірінші рет емес болатын.

Көптеген жылдардың бедерінде Мәскеуді қолдап жүргендіктен Прагада ол Ресейдің жансызы деген әзілдер де айтыла бастады.

Белгілі журналист Ярослав Плешл «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деп есептейді. «Егер әлдебір файлдар бар болса, сіз оны көрмеуіңіз керек. Сіздер оның әрекетіне қарап баға берулеріңіз қажет. Ресейліктер Еуропа Одағының барынша әлсірегенін қалайды. Осы тұрғыда Клаустың олардың мүддесі үшін жұмыс істеп жатқандығы анық», – дейді Ярослав Плешл.

РЕСЕЙМЕН БАЙЛАНЫС

Алайда Вацлав Клаус жалғыз емес. Ресеймен байланысы болуы мүмкін деген саясаткерлер санының өсе түсуі алаңдатарлық жағдай.

Сыншылардың айтуларынша, Мәскеудің негізгі ықпал ету құралы энергетика саласы болып отыр. Ресейдің әлемге, оның ішінде Орталық және Шығыс Еуропаға аса ірі мұнай мен газ экспорттаушысы болып отырғаны ешқандай құпия емес. Олардың кейбіреулері қажетті қуат көздерінің 90 пайызын Ресейден алады.

Ал негізінен өз мүдделерін ойлайтын батыстық фирмаларға қарағанда ресейлік мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындардың Кремльдің сыртқы саясатында қаншалықты маңызды рөл ойнайтындығы түсініксіздеу.

Чех барлау қызметінің бұрынғы басшысы Карел Рандак ресейлік кейбір ірі компаниялар байқатпай, астыртын жұмыс істейді дейді. Олар былай қарағанда чехтар басқаратын, соларға тиесілі сияқты, бірақ шындығында Мәскеудің бақылауындағы фирмалар желісі арқылы жұмыс істейді.

«Егер ресейліктер өз мүдделері үшін Чехияға инвестиция салғысы келсе, оны Швейцариядағы немесе Батыс Еуропадағы кейбір компаниялар арқылы жасайды. Сол себепті әлдебір компаниялардың артында ресейліктер тұр деп ешкім де айта алмайды», – дейді Карел Рандак.

ТЕК АТЫ ҒАНА ЧЕХТІКІ

Мұндай компаниялардың қатарында газбен сауда жасайтын, Ресейден келетін газды сату үшін 2001 жылы құрылған Vemex компаниясы болуы мүмкін. Чехияның ішкі газ нарығының 12 пайызы осы компанияға тиесілі. Бірақ компания сайтында бұл жайында ешнәрсе айтылмайды. Компанияның аты ғана чехтікі. Бұл – Швейцарияда, Алманияда, Аустрияда және Кипрде орналасқан бірқатар компаниялар арқылы «Газпромның» бақылауындағы құрылым. Vemex - энергетика кәсіпорындарына ықпал ету үшін Еуропаның барлық аумағында «Газпром» құрған көптеген компаниялардың біреуі ғана.

Ал Мәскеудің әрекетіне байланысты алаңдап отырған чехтар өз отандастарын Мәскеудің мүддесіне қызмет етіп жатыр, бизнес пен саясаттағы кең таралған сыбайлас жемқорлыққа жол беріп отыр деп айыптайды. Жасылдар партиясының бұрынғы жетекшісі, бұрынғы қоршаған орта министрі Мартин Бурсик лоббистердің рөліне назар аударады.

«Ресейлік компаниялар коммунистік кезеңнен қалған байланыстары арқылы ықпал жасауда. Құрама Штаттар бұны пайдалана алмай отыр. Президенттің немесе мемлекеттік хатшының тарапынан болған құқықтық негіздегі ашық лоббизм мұнда саясатты қалай басқарып отырғанын ескерсек, олармен бәсекелесе алмайтыны анық», – дейді Мартин Бурсик.

«ЛУКОЙЛ» ЖӘНЕ ЧЕХ САЯСАТКЕРЛЕРІ

Осындай компаниялардың арасында «Лукойл» бар. Ол өткен жылы Праганың халықаралық әуежайында пайдаланылатын авиация отынының 20 пайызын сатуға қол жеткізді. Өзге компаниялар бұл саудаға қатысты өтінім жасаған жоқ.

«Лукойлдың» бұл келісім-шартқа қол жеткізуіне жең ұшынан жалғасу себепкер болған сияқты. Ресей премьер-министрі Владимир
Мәскеуде орналасқан «Лукойл» компаниясы бас кеңсесінің ғимаратындағы жазу.
Путинмен тығыз байланыстағы компанияның бас директоры Вагит Алекперовтың Вацлав Клауспен президент сарайында құпия кездескені жөнінде сыбыстар таратқанын чех БАҚ-тары хабарлады.

«Лукойл» компаниясының өкілдері сұқбат беруден бас тартты. Бірақ Ресей сауда-өнеркәсіп палатасының өкілі Сергей Микоян «Лукойл» мен өзге де ресейлік компаниялар әрине өз бизнестерін кеңейтуге ұмтылады, бірақ тек өздерінің жеке мүдделері үшін ғана дейді.

«Шетелден жылжымайтын мүлік сатып алуға ақшасының барлығы үшін Ресей неге ақталуы керек? Егер сатылуға болмайтын бірнеше компаниялар болмаса, олар сатылмасын. Немесе ашығын айтсақ, сатылуға болады, бірақ тек ресейлікткерге емес десеңіз, онда бұны шынында да әділетсіздік және жеке кәсіпкерлерді құрсауда ұстау деп есептеймін», - дейді Сергей Микоян.

Қалай болғанда да «Лукойл» Вацлав Клауспен қатар көптеген саясаткерлермен байланысын кеңейтуде. Олардың арасында бұрынғы премьер-министр Милош Земан бар. Оның «Азаматтар құқықтары» деп аталатын партиясы оларды «Лукойл» қаржыландырады деген айыптауды жоққа шығарады, бірақ ресейліктермен байланыстары бар лоббистерден ақша алатындықтарын мойындайды.

Олардың ішіндегі басты тұлға – бұрынғы чех комсомолының жетекшісі Мирослав Слоуф. Ол «Лукойлдың» Прага әуежайына авиаотын сатуына байланысты делдалдық жасаған. «Лукойлдың» Чехиядағы басты промоутері болып табылатын Мирослав Слоуф, сонымен бірге, Милош Земанның оң қолы да.

ЛОББИСТЕРДІҢ ЫҚПАЛЫ

Алайда бұрынғы премьер-министр Милош Земан Ресей ақшасынан пайда тауып отырғандығын жоққа шығарады. Ол Мирослав Слоуф сияқты лоббистердің ықпалы жөніндегі сұраққа байланысты ашу білдірді.

«Сіздерге саясаттану сабағын жүргізуге рұқсат етіңіздер. Лоббистер маңызды жұмыспен айналысады. Вашингтонда, Колумбия округінде 45 мың лоббист бар, Брюссельде 15 мың лоббист тіркелген және олар өз мамандықтары үшін ұялмайды. Керісінше олар өз мамандықтарын мақтан тұтады», - деді Милош Земан.

Ол өзінің партиясы қалай болғанда да «Лукойлдан» бір тиын да алған жоқ дейді. Бірақ, сыртқы істер министрі Карел Шварценберг тәрізді америкашыл саясаткерлер Мирослав Слоуф сияқты лоббистерден қауіптенеді. Шілде айында берген сұқбатында Карел Шварценберг Чехиядағы лоббистер тобы «өте күшті» және ресейдің ережесі бойынша жұмыс істейді деп мәлімдеген.

«Әсіресе энергетикалық секторда көптеген ресейлік компаниялар мемлекеттің күшті ықпалында. Ресей барынша авторитарлы мемлекетке айналып бара жатыр. Сондықтан экономикалық ықпалдың біртіндеп саяси ықпалға айналып кету қаупі әрқашанда бар», - дейді Карел Шварценберг.

ҚЫРҒИ-ҚАБАҚ СОҒЫСТЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Сыншылардың айтуларынша, Вацлав Клаус пен өзге де чех жетекшілерінің әрекеттері Еуроодақтың өздерінің жалпы мүдделерін қорғаудың бірыңғай жүйесін орнатудан бас тартуына себепкер болған. Олардың айтуларынша осының өзі жекелеген елдердің компанияларымен энергетика саласында келісім жасағанда Ресейге өзінің ойын ережесін таңуға мүмкіндік береді.

Чехия – Мәскеудің жалпы стратегиясындағы кішкентай ғана бөлік. Еуропа жиырма бес пайызға Ресей газына тәуелді. Мәскеу аса ірі жаңа екі газ құбырын салып жатқандықтан бұл цифр тек қана өсе береді. Яғни, Еуропаның Ресей энергиясына тәуелділігін арттыра береді.

Жасылдар партиясының бұрынғы жетекшісі Мартин Бурсик қуат көздерінің саудасы қырғи-қабақ соғыстың бір бөлігі болып табылады дейді. «Бұл – саяси ықпал үшін биліктің ойыны, НАТО мен Ресей арасындағы бұрынғы айқастың жалғасы», – дейді Мартин Бурсик.
XS
SM
MD
LG