Accessibility links

Чех өкіметі лейкемияға шалдыққан қазақ баласына «босқын» мәртебесін берді


Босқын ата-анасымен Чехияға баспана іздеп барған Ибрагим Сүлейменов. Сурет 2009 жылы сәуір айында, дәрігерлер бұл баланың қанның қатерлі дертіне шалдыққанын анықтаған соң бір ай өткенде, Костелец қаласындағы босқындар лагерінде түсірілген.

Босқын ата-анасымен Чехияға баспана іздеп барған Ибрагим Сүлейменов. Сурет 2009 жылы сәуір айында, дәрігерлер бұл баланың қанның қатерлі дертіне шалдыққанын анықтаған соң бір ай өткенде, Костелец қаласындағы босқындар лагерінде түсірілген.

Чехияға бассауғалап барған қазақ отбасындағы 4 жасар Ибрагим Сүлейменов босқын мәртебесіне ие болды. Қан дертімен ауыратын кішкентай Ибрагим секілді ауыр дерт меңдеген осы елдегі басқа қазақ босқындарының жағдайы өзгеріссіз қалып отыр.

БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІ СЫРҚАТ БАЛАҒА БЕРІЛДІ

Діни наным-сенімдеріне байланысты қудалауға түскен соң 2006 жылы Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған Өтешқалиевтер отбасындағы 4 жасар Ибрагим Сүлейменовтің лейкемия дертіне шалдыққанын биылғы сәуір айында дәрігерлер анықтағаны туралы Азаттық радиосы хабарлаған болатын.

Ибрагим Сүлейменов ауруханаға жатқызылған соң Чех билігі оған медициналық сақтандыру берді. Онсыз науқас баланың еміне оның отбасы бір жарым миллион крон төлеуге міндетті болар еді. Ал олар үшін тіпті аурухананың бір күндік шығынын өтеудің өзі қиын болатын.

Қанат Өтешқалиев, ауыр дертке шалдыққан Ибрагим Сүлейменовтың әкесі. Костелец қаласы, шілде, 2009 жыл.
Чехиядағы қазақ босқындарының бірі Қайрат Досметов Ибрагимнің қазіргі жағдайы туралы Азаттыққа айтып берді:

- Женевалық конвенцияға сәйкес, Чехия үкіметі Ибрагимге науқастануына байланысты «босқын» мәртебесін берді. Ол қазір ауруханада емделіп жатыр. Емдеу шамамен бір жылға дейін созылады. Ақшасын үкімет төлеп отыр. Дегенмен баланың ата-анасы әлі «босқын» мәртебесін ала алмай отыр, жақын арада ол да болып қалар деген үміт бар, - дейді Қайрат Досметов.

НАУҚАС БОСҚЫНДАР ДӘРІГЕРЛІК ЖӘРДЕМГЕ МҰҚТАЖ

Ал Чехиядағы өзге де сырқат босқындардың жағдайы еш өзгеріссіз қалып отыр. Олардың арасында әлі күнге дейін медициналық көмекке зәрулері де бар.

- 25 жасар Ардақ Шакиева мен 28 жасар Жанар Қожанепесовалардың жағдайы тым мүшкіл. Дәрігердің айтуынша, Ардақ Шәкиеваның ауруына мидағы қан айналымының бұзылуы себеп болған. Бұл алдын-ала қараудың нәтижесі ғана. Келіншек жиі-жиі есеңгіреп, коллаптоидтік күйге (көздің қарауытуы) түседі және мида қатерлі ісік бар деген күдік те жоқ емес. Оған нақты диагноз қою үшін құны қымбат тұратын толық тексеруден өткізу керек, - дейді Қайрат Досметов.

Екіншіден, Жанар Қожанепесованың денсаулығы оның бойында онкологиялық ауру бар деген күдік туғызады. Қайрат Досметовтың сөзі бойынша, Ардақ Шәкиева да, Жанар Қожанепесова да әлі күнге толық қаралудан өтуге жол ашатын «босқын» мәртебесінен де, медициналық сақтандырудан да, өзге де мүмкіндіктен мақұрым.

Олардың қолындағы онкологиялық аурудың барын қуаттайтын, алдын-ала дәрігерлік қаралудан өткендігі туралы анықтамаларын чех билігі ескермей отырғандығын айтады сұхбаттасымыз.

КҮДЕР ҮЗГЕН БОСҚЫНДАР ЧЕХИЯДАН КЕТУДЕ

Бұдан өзге Қайрат Досметов Чехияның бірқатар елді мекендеріндегі уақытша тұру лагерьлерінде жан кешіп жатқан 200-ден астам қазақ босқындары құжаттарының дұрыс болмауынан түрлі қиындықтарға тап болып отырғанын айтып берді.

- Біздің барлығымыз қазір заңсыз табыс тауып күн көріп отырмыз. Кез-келген жұмысқа уақытша жалданамыз. Өйтпеске шарамыз жоқ. Біздің арамызда қолынан іс келетін білімді азаматтар аз емес, дегенмен жергілікті жұмыс берушілер «құжаттарың дұрыс емес» деген сылтаумен ешқайсысымызды жұмысқа алмай отыр, - дейді Қайрат Досметов.

Осындай қиындықтарға шыдамаған оншақты босқын Чехияны тастап отбасымен кетіп қалған.

- Алайда, олардың қазір қайда екендігі және қандай күн кешіп жүргендігі бізге белгісіз, - дейді Чехиядағы қазақ босқындарының белсендісі Қайрат Досметов.

«ЧЕХ ӨКІМЕТІ ЕУРООДАҚ АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТІН ОРЫНДАМАЙ ОТЫР»

Чехиядағы қазақ босқындарының бүгінгі хал-жағдайына тоқталған Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросының жетекшісі Серік Медетбеков, Чехия үкіметі ЕуроОдақ алдындағы өзінің міндетін орындамай отырғандығын айтады.

- Біріншіден, Чех үкіметі қазақ босқындарына озбырлық көрсетуде. Екіншіден, бұл барлық халықаралық заңдар мен келісім-шарттардың бұзылуы. Үшіншіден, ЕуроОдаққа кірген Чехия босқындарға қатысты өзінің міндеттерін мүлдем орындамай отыр, - дейді Серік Медетбеков.

Ал 4 жасар Ибрагим Сүлейменовке «босқын» мәртебесінің берілуін сұхбаттасымыз кездейсоқтық деп атайды.

- Бұл жерде Чехия үкіметі өз міндетін орындауға кірісті деп айту қиын. Өйткені, бұл жерде Ибрагимнен өзге бірнеше жүздеген құжаттар мен өтініштер қараусыз жатыр. Ал қаралғандарының көпшілігіне елден шығарылуға үкім шығарылған, - дейді Серік Медетбеков.

Қазақстанға күшпен қайтарылу қаупі төніп тұрған екі жүзден астам қазақ босқындарының жағдайына байланысты Чехияның билігінің ресми ұстанымы жұртшылық үшін әзірге белгісіз қалып отыр. Азаттық радиосының журналистері Чехияның сыртқы істер мекемесі мен ішкі істер министрлігіне жазбаша және ауызша түрде бірнеше мәрте сауалдар жолдағанымен, олардан ешқандай жауап келмеді.

Адам құқығын қорғаушы ұйымдардың пікірінше, егер босқындар Отанына күшпен қайтарылатын болса, Қазақстанда олар түрмелерге қамалып, азап пен қорлыққа кезігеді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG