Accessibility links

Астаналық балалар Аяз Атадан ата-аналарының несиелерін төлеп беруді сұрайды


Астаналық бала Аяз Атаға хат жолдап тұр. 29 желтоқсан 2008 ж.

Астаналық бала Аяз Атаға хат жолдап тұр. 29 желтоқсан 2008 ж.

Компьютер ғасырында балалар ертегіге сенбейді дегенімізбен, қазіргі балалар да Аяз Атаға хат жазады (кейде хатта «Бәйтерек» деген де мекен-жай көрсетіледі).

Балалардың сұраған сыйлықтарын кейде хат тасушылардың өздері салып жібереді.
Әлемдік қаржы дағдарысы астаналық балалардың көңіл-күйіне де әсер еткен сияқты. Бұрынғы оқушылар Аяз Атадан ойыншық, қуыршақ сұрап хат жазса, бүгінгі балалар өздері үшін емес, ата-аналары үшін өтінішпен хат жазатын болған.
Сондай-ақ олардың өтініштері балаң да емес. Олар әкесіне қымбат маркалы көлік, шешесіне құндыз тон, теңізге жолдама, тіпті ипотекалық несиені төлеп беруді де сұрайды.

«Астана почтамт» пошта байланысын ұйымдастыру және жеткізу бөлімінің бастығы Алтынбике Мұхамедғалиева Азаттық тілшісіне балалардың сұраныстары жыл сайын өзгеріп отыратындығын айтады:

— Біз, әрине, мөр басылған, аузы жабық хаттарда не жазылғанын білмейміз, өйткені оларды ашуға құқымыз жоқ. Ал ашық хаттардың бәрінде балалар жаңа жылдық сыйлықтар сұрайды. Және бұрындары балалар шырша, кәмпит, ойыншық, торт сұрап хат жазатын болса, бүгінгі балалар өздеріне қымбат маркалы ұялы телефон, компьютер сұрайды, сондай-ақ әрбір хатта әжесіне, әке-шешесіне де бірдеңе сұрайды.

Алтынбике Мұхамедғалиеваның айтуынша, балалардың хаттары мен ашық хаттарының көбі қолдан жасалған, яғни маркасыз. Хат тасушылар балалардың Аяз Атаның мекен-жайын жыл сайын өзгертіп отыратынын да байқапты. Лапландиядан Солтүстік полюске және Үнді мұхитына дейінгі көрсетілетін мекен-жайды астаналық кей балалар «Бәйтерек» немесе «Ақорда» деп те көрсетіпті.

Пошта қызметкерлерінің айтуынша, мұндай мекен-жайы белгісіз, маркасыз хаттар жарты жыл ғана сақталады.

— Бірақ біз балалардың үмітін аяқасты еткіміз келмейді, сол себепті де мұндай хаттарды газет редакцияларына салып жібереміз немесе ата-аналарына хабарласып, балалардың қалаған сыйлықтарын алып беруін сұраймыз, — дейді Алтынбинке Мұхамедғалиева.

Пошта қызметкерлері мұндай өтініш хаттарды кез келген редакцияның да қабылдай бермейтінін айтады, сол себепті де олар балаларға өздері жауап беріп, тілектерін орындап жатады. Осыған байланысты хат тасушылар мынадай анекдот айтты.

Бір бала Аяз Атаға хат жазады. Хатында өзінің кедей екендігін айтып, қолғап, пима, тон, қалпақ және ойыншықтар сұрайды. Пошта қызметкерлері балаға көмектескілері келіп, бірігіп ақша жинайды да оған тон, етік, малақай және қалаған ойыншықтарын сатып алып салып жібереді, бірақ қолғапты ұмытып кетеді. Біраз уақыттан кейін әлгі баладан Аяз Атаның атына жазылған мынадай мәтіндегі хат келеді: «Қымбатты Аяз Ата, сіз сондай мейірімдісіз, сыйлықтарыңыз үшін рахмет, барлығын алдым, тек қана қолғап жоқ екен, оны поштаның жемқорлары алып қалса керек».

Поштаның жеткізу бөлімінде біраз уақытттан бері жұмыс істейтін, өз тұтынушыларының мекен-жайларын жатқа білетін қызметкерлердің байқауынша, Аяз Атаға хат жазатындардың көбі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының балалары екен.

— Бұл да түсінікті жай, ауқатты ата-аналар балаларының тілегін өздері-ақ орындайды ғой, — дейді пошта қызметкерлері.
  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

XS
SM
MD
LG