Accessibility links

Ху Цзиньтао Қазақстанға келгіштеп кетті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай басшысы Ху Цзиньтао.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай басшысы Ху Цзиньтао.

Қытай басшысы Ху Цзиньтао жұма күні Астанаға келмекші. Қытай Орталық Азияға экономикалық экспансиясын жеделдете жүргізуде. Сарапшылардың пікірінше, саяси қарым-қатынаста да «ақшаны кім төлесе, соның айтқаны жөн» деген принцип орныққан.


ҚЫТАЙ ҚАРЖЫЛАНДЫРҒАН БИТУМ ӨНДІРІСІ


Қытай төрағасы Ху Цзиньтао Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекет басшылары кеңесінің Ташкентте өтетін кезекті мәжілісіне қатысқан соң, 11-маусымда, Қазақстанға сапарлап келеді.

9 маусым, сәрсенбі күні Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен болған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы Ақтаудағы битум өндіретін зауыт құрылысын бастады. Рәсім кезінде Нұрсұлтан Назарбаев бұл зауыттың құрылысын қаржыландыру мәселесі өзінің Қытайға жасаған соңғы сапарында шешілгенін атап өтті.

«Бұл бізге өте қажетті нысан. Біз еліміздегі жол құрылысы үшін қажетті битумның барлығын Қазақстаннан тысқары жерлерден тасимыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің Қазақстандағы бөлігін салу үшін өте көп мөлшерде битум қажет болады. Сол себепті жол құрылысы үшін Қазақстанның өзінде шыққан битумды пайдалану тиімді болмақ.

Бұдан бұрын Азаттық радиосы Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстанның экономикасына Қытай мемлекетінің дендей еніп бара жатқандығы жайында бірнеше мәрте жазған болатын.

Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында Қытай төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстан мен Түркіменстанда жұмыс сапарымен болып, алдымен құбыр желісінің Қазақстан-Қытай бөлігінің, содан соң Түркіменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай құбыр желісінің іске қосылуына қатысты.

Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл – ұлы жоба. Осы құбыр арқылы ШЫҰ-ға енетін төрт мемлекеттің достығын қамтамасыз еткен ежелгі Жібек жолы қайта жандануда», – деп мәлімдеген болатын.

Түркіменстан мен Өзбекстан басшылары да сұлу сөзден еселерін жіберген жоқ. «Газ құбырының іске қосылуы біздің қарым-қатынастардағы жаңа белес болып, тарихқа алтын әріптермен жазылып қалады», – деді Түркіменстан президенті Құрбанғұлы Бердімұхамедов.

Ал Өзбекстан президенті Ислам Каримов Қытайға баратын құбырдың іске қосылуы аймақтағы қуат көздерін тасымалдау үшін жаңа бағыттар ашу арқылы Орталық Азияның «геосаяси картасын өзгертеді» деп салды.

ҚЫТАЙ МЫСЫҚТАБАНДАП КЕЛЕДІ

Сарапшылардың пікірінше, Қытай Орталық Азия аймағына экономикалық экспансия жасау барысында кейбір қиындықтарға да тап болып отыр. Соның ең бастылары, аймақтағы шешілмей қалған мемлекетаралық, ұлтаралық проблемалар. Бұны шешу үшін Қытай кәдімгі банк сияқты аймақтағы мемлекеттерге несие беруі керек және әр тараптың мүддесін жіті бақылап отыруы қажет.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылдың сәуір айында Қытайға жасаған сапарындағы басты қорытынды - Қытайдың Қазақстанға 10 миллиард доллар шамасында несие беруі болды.

Дәл осы оқиғадан соң болған инвесторлар кеңесінде Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың Қазақстаннан соя мен рапс өсіру үшін бір миллион гектар суармалы жерді жалға сұрап отырғанын айтқан болатын.

Алайда бұл мәселе оппозиция тарапынан қатты қарсылыққа тап болды. Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев жағдайды ушықтырып отыр деп оппозицияға тарпа бас салды. Бұл арандатушы мәлімдемелерді жасағандардың мәселесін қарауды прокуратураға тапсырған президент бұлардың артында кімнің тұрғанын, ақшаны да кім төлеп отырғанын жақсы білетіндігін айтқан.

Белгілі қазақ қытайтанушысы Мұрат Әуезов 9 маусымда Азаттық радиосының тілшісімен болған әңгімеде Қытайдың экономикалық экспансиясына байланысты бұрынғы ұстанымында қалатындығын атап өтті.

– Бұл мәселеге қатысты менің ұстанымым жалпыға белгілі. Қытайдың экономикалық экспансиясы, сонымен бірге, саяси және өзге де қауіптерді тудырады, – деді ол.

Солай бола тұра ол соңғы кездері болып жатқан өзгерістерді қаперге алу керек деп есептейді. Атап айтқанда, Қытай соңғы жылдары Орталық Азия аймағындағы ықпалын едәуір нығайтты. Осыған байланысты Мұрат Әуезовтың пікірінше, Қазақстан оппозициясы Қытаймен байланыстағы Қазақстан үшін тиімсіз мәселелерде жай ғана эмоциядан арылып, пайдалы, жоспарлы іске көшуі керек. Атап айтқанда, елде Қытай институты құрылып, онда Қытай жайындағы толып жатқан барлық ақпараттар жиналуы керек.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ӘСКЕРИ-САЯСИ ҚЫРЫ

Қытай төрағасы Ху Цзиньтао ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының кеңесінің мәжілісіне қатысады. Бұл ұйымға Өзбекстан мен Қазақстан да мүше. Сонымен бірге, ШЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттер бұл ұйымның ең алдымен лаңкестікке қарсы бағытталғандығын айырықша атап өтуде.

Қытай үшін ұйғыр исламшылары деп аталатындар басты лаңкестер саналады. Өткен жылы Үрімжіде болған жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан 150-дей ұйғыр опат болып, мыңнан астамы жараланған соң ұйғыр-ислам проблемасы Қытай үшін көкейкесті мәселеге айналды.

Радикалды исламшылар мәселесі Өзбекстанның да басын қатырып отыр. Өзбекстан президенті Ислам Каримов кезінде Әндіжанда орын алған қайғылы оқиғалар үшін жауапкершілікті өзбек исламшыларына артып қойған болатын. Алайда құқыққорғаушы ұйымдар, керісінше, адамдардың жаппай қырылуына Ислам Каримовтың авторитарлық режимі жауапты деп есептейді.

Қазақстан билігіне келсек, осыдан бірнеше жыл бұрын олар Қытай билігі лаңкестік іске қатысы бар деп күдіктелген екі ұйғырды Қытайға берген. Өткен жылы Шыңжандағы ұйғырлардың толқуынан соң және осыдан кейін оларға қарсы Қытай билігінің жазалау шаралары кезінде де Қазақстан билігі түсініксіз ұстанымда болған.

Сөз соңында атап өтер бір жай – биылғы күзде Қазақстанда ШЫҰ аясында «Бейбіт миссия – 2010» әскери жаттығулары өтеді. Бұған Қытай әскері де қатысады деп жоспарланып отыр. Қытай – әлемде ең көп әскерге ие ел. Қытай әскерінің саны 2,2 миллионнан асады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG