Accessibility links

Жайнар Қажығұмарқызы: Әкемнің арманы – туған еліне оралу


Жайнар Қажығұмарқызы, Қытайдағы қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының қызы. Алматы, 19 қараша 2009 жыл.

Жайнар Қажығұмарқызы, Қытайдағы қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының қызы. Алматы, 19 қараша 2009 жыл.

Саяси қылмыскер деп айыпталып Қытай түрмелерінде 40 жылға жуық өмірін өткізген қазақ қаламгері Қажығұмар Шабданұлы атажұртқа оралу арманын айтып, 2006 жылы Қазақстан президентіне хат жолдаған болатын. Оның түрмеде бастап жазған «Қылмыс» романының толық нұсқасы 6 кітап болып Қазақстанда алғаш рет жарық көрді. Жайнар Қажығұмарқызы тағдыры тауқымет пен шырғалаңға толы әкесі туралы Азаттыққа әңгімелеп берген еді.

Жазушы, ақын, драматург Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Таңсық елді мекенінде дүниеге келген. 1930 жылдардың басында Қазақстанды жайлаған ашаршылықтан бассауғалап, ата-анасымен Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Дөрбілжін ауданына ауып барған. Жергілікті халықтардың мәдени-ағарту көтерілісі кезеңінде Дөрбілжіндегі «Қазақ-қырғыз ұйымын» басқарған.

Алғаш рет 1958 жылы «оңшыл», «солшыл» деген саяси айыптаулармен сотталып, 22 жылға бас бостандығынан айырылған Қажығұмар жазасын Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде толық өтеп, 1980 жылы бостандыққа шығады.

1986 жылдың желтоқсанында ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрды және Қазақстанның ұйымдарымен астыртын байланыс жасады деген айыптаулармен, шетел жансызы деген желеумен 13 жылға екінші мәрте түрме жазасына кесіледі. Бұл жаза мерзімін ол Үрімжі қаласының №1 түрмесінде өткереді.

Қытай өкіметі тарабынан саяси себептерге байланысты қудаланғаны үшін Қажығұмар Шабданұлы қамауда отырған кезде адам құқығын қорғау жөніндегі «Халықаралық рақымшылық» (Амнести интернешнл) ұйымы оны «ар-ождан тұтқыны» деп танып, Қытайдың ресми орындарынан ол кісіге байланысты әділ тергеу мен ашық сот жүргізуді жүйелі түрде талап еткен.

Қазір жазушы Шыңжаң автономиялы ауданына қарасты Шәуешек қаласында тұрады.

Ал Қажығұмар Шабданұлының кенже қызы Жайнар Қажығұмарқызы қазірде Алматы облысында тұрып жатыр. Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ол әкесі, отбасы жайлы әңгімеледі.

– Әкеңізді қалай тұтқындағаны есіңізде ме?

– Менің жасым алтыда болатын. Желтоқсан айының іші еді. Түскі асымызды ішіп жатқан кезде сақшылар келіп әкемді ұстады. Үйдің іші ұлардай шулап, менен үлкен әпкелерім жылап жүр. Мен ешнәрсе түсінбесем де, үлкендердің шулағанына қарап, қоса жылап жүрмін. Бұл менің есімде анық қалған көрініс. Бұл әкемнің соңғы тұтқындалуы. Алғашында 15 жылға соттаймыз деп, ақыры 13 жылға кесті. Сөйтіп, мен ержетіп, Шыңжаң университетіне оқуға түскен жылы наурыз айында бостандыққа шығарды.

– Түрмеде жатқан кезде әкеңізбен кездесіп тұрдыңыздар ма?

– Барып тұратынбыз. Әсіресе, жыл сайын жазғы демалыста Үрімжіге барып, кездесіп тұратынбыз. Ол кісі Үрімжідегі №1 түрмеде жатты. Алғаш рет барғанымызда темір қоршаудың ішінде, ол кісі ар жақта, біз бер жақта тұрып кездесетінбіз. Кейіннен бөлек үй босатып беретін болды.

– Әкеңіздің істі болып, түрмеге түсуі отбасы мүшелеріне кесірін тигізген жоқ па?

– Менің өз басыма ешқандай кесірі тиген емес. Қазақ мектебінде оқыдым. Ол жерде сенің әкең қылмыскер деген сөз естіп көрмеппін. Керісінше, әкемді бәрі құрметтеп, іштей үлгі тұтатын. Кейін университетке түскен кезімде де ондағы қазақтар мені басына көтеріп, құрмет көрсетті. Алайда, әпкелеріме кесірі тиді. Ол кісілер жұмыстарынан шеттетіліп, басқа жерден жұмыс іздеуге мәжбүр болған жайттар бар.

– «Қылмыс» романының түрмеде жазылу тарихы жайлы айтсаңыз?

– Әкем «Қылмысты» Тарым лагерінде айдауда жүргенде бастаған ғой. Менің өте кішкентай кезімде «Қылмыстың» бірінші томы Қытайда жарық көрген кезде үйде той жасағанбыз. Одан екінші томы шықты. Үшінші томы шығып, мұқабасы қапталмаған күй қалды. Өйткені, әкемді алып кетті. «Қылмыстың» қалғанын Үрімжідегі түрмеде жатқан кезінде жазды. Тілдей қағазға жазылған романның үзінділерін кездесуге барғанда бізден және Үрімжіде тұратын үлкен ағамнан беріп жіберетін. Үйге әкеліп жинап қоятынбыз. Кейін әкем түрмеден шыққан соң, бәріміз жабылып көшіріп, осы жаққа жіберді.

– Отбасыларыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

– Әкем менің алты жасымда ұсталып кетті. Мен апамның тәрбиесінде өстім. Апам әкемнің қандай адам екен, ол кісінің ұлылығын, жұрттың о кісіге деген көзқарасының қандай екенін бәрі-бәрін құлағыма құйып өсірді.

Бір үйде алты баламыз. Ең үлкен ағам қайтыс болған. Екі әпкем, екі ағам бар. Мен үйдің кенжесімін. Әкемнен басқаларының жүріп-тұруына шектеу жоқ. Апам Қазақстанға келіп тұрады. Аға-әпкелерімнің өз тұрмыстары бар. Бәрі Қытайда тұрады.

Мен өзім Алматыда жоғарғы оқу орнын бітірдім. Қазақстанның азаматтығын алғанмын. Күйеуім Шамалғанда мұғалім болып істейді. Өзім кішкентай баламмен үйдемін. Туысқанымыздың үйінде тұрып жатырмыз. Мұғалімнің айлығын білесіз ғой, әйтеуір, асып-төгілмесе де шүкіршілік.

– Әкеңіздің шығармаларын және ол кісінің тағдырын Қазақстанда көп біле бермейді. Соның себебі не деп ойлайсыз?

– Кітаптарын оқымаған ғой. Оқымаған соң, қайдан білсін. Қытайдағы қазақтардың білетін себебі, олар әр шыққан кітабын оқып отырды. Оқып жатса білер жатар деп ойлаймын.

– 2006 жылы әкеңіз Қазақстан президентінің атына хат жазған болатын. Хатында туған еліне ораулына көмектесуін өтінген еді. Сол хатқа жауап болды ма?

– Ондай жауап көрген жоқпыз. Үлкен кісілер, бұл Қытайдың ішкі ісі, біз оған араласа алмаймыз дейді. Ал, егер, келіп жатса, көмегімізді аямаймыз деп отыр.

– Әкеңіздің дәл қазіргі уақытта денсаулығы қалай? Шығармашылықпен айналысып жатыр ма?

– Әкем қазір үйде, қартайған. Ұмытшақ та болып кеткен. «Төте қырсық» деген роман бастаған, бірақ әлі аяқтаған жоқ. Жалғастырып жазу үшін, басынан бастап қайта оқып шығуына тура келеді.

Өзі жүріп, тұрады. Үйде болғанымен аңдуда деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстанға келу үшін паспортын жасамай отырғаны да содан болар. Жыл сайын Қазақстанға келу үшін құжаттарын өткізеді. Бірақ, әлі рұқсат ала алмай отыр. Әкемнің бар тілегі – туған еліне келіп, туған жерімді бір көріп қайтсам дейді. Шекарадан өтіп, туған елдің топырағына аяғым бір тисе деп тілеп отыр. Менің де тілегім сол, әкем туған еліне оралса.

– Әңгімеңізге рақмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG