Accessibility links

Назарбаевтың бір ауыз сөзі қазақ белсенділерін Қытай консулдығының алдынан бір-ақ шығарды


«Свобода Слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева мен «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай Қытайдың бас консулдығының алдындағы наразылық шарасында. Алматы, 11 желтоқсан 2009 жыл.

«Свобода Слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева мен «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай Қытайдың бас консулдығының алдындағы наразылық шарасында. Алматы, 11 желтоқсан 2009 жыл.

Бір топ қазақ белсенділері Қытайдың Алматыдағы бас консулдығының өкілдеріне петиция тапсыруға әрекеттенді. Олар миллион гектар қазақ жері Қытайға жалға берілуі мүмкін деген хабарға өз наразылықтарын білдіріп келді.

ҚАЗАҚ ПЕТИЦИЯСЫ

Қытай миллион гектардан астам қазақ жерін ауыл шаруашылық мақсатында жалға алу туралы Қазақстанмен келіссөз өткізбек деген хабарға қарсылықтарын айтқан бірнеше белсенді желтоқсанның 11-інде Қытайдың Алматыдағы бас консулдығына келіп, оның қызметкерлеріне наразылық петициясын тапсыруға әрекет жасады.

Қытайдың бас консулдығының маңына шамамен 20 шақты адам жиналды. Бірақ олардан петицияны алуға консулдықтан ешкім шықпады.

Қытай тарапына арналған мәлімдемеде қандай желеумен болмасын, қазақ жерінің шетелдік иеленушілерге берілуі «ұлттың ашу-ызасын» тудыруы мүмкін екендігі айтылған.

«Біз Қытай Халық Республикасы үкіметінің ауыл шаруашылығы мақсатындағы миллион гектар жер алқабын жалға алу мәселесін қоюдан бас тартуын сұраймыз. Қытай консулдығынан осы жолдаманы Қытай билігінің қаперіне шұғыл түрде жеткізуін сұраймыз», – делінген алматылық белсенділердің петициясында.

Өзгелермен бірге Қытай консулдығы ғимаратының алдына келген алматылық «Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан
Қытайдың бас консулдығының алдына қазақ белсенділері бұл елге қазақ жерін жалға бермеу туралы талаппен келді. Алматы, 11 желтоқсан 2009 жыл.
Ерғалиева Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Шетелдік инвесторлар кеңесінде Қытайдың ұсынысы жайында айтуы бұл мәселені ендігі Ақорданың шешіп қойғанын білдіреді деп санайды.

– Онымен қоса, қазір төрт облыс – Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында премьер-министр Мәсімовтың нұсқауы бойынша алдын ала толық жер кадастры жасалып жатқаны белгілі болып қалды. Яғни, біздің жерімізде бұрын-соңды өсіріліп көрмеген дақылдарды егуге қолайлы жерлердің кадастры жасалуда. Демек, әңгіме Қытай билігінің бізде ұйымдастырғысы келіп отырған плантациялары турасында болып тұр. Сол себепті, егер бұл ұсынысты президенттің өзі жария етіп отырса, демек, ол өте маңызды мәселе деп білеміз. Қытай тарапының ұсынысын қабылдамау керек, – деді Гүлжан Ерғалиева.

СЫЙЛАМАУ ЖӘНЕ ҚОРҚЫТЫП-ҮРКІТУ

Шараны ұйымдастырушылар бұл петицияның Қытай төрағасы Ху Цзиньтаоға және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бірдей жолданатынын мәлімдеді.

«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай шараға қатысушыларға жүзін көрсетуді қажет санамаған Қытай консулдығы қызметкерлерінің бұл ісін Қазақстан қоғамының пікірін сыйламау деп бағалады.

– Біз оларға қонаққа келіп тұрған жоқпыз. Біз өз жеріміздің тағдырына алаңдаушылығымызды білдіру үшін келдік. Олардың бізге шықпауы – мүлде сыйламайтындығының белгісі. Қалай болғанда да біз Қазақстан азаматтарымыз ғой, олар бізге құлақ асуға тиіс, – деді Рысбек Сәрсенбай.

Наразылық шарасы кезінде оған қатысқандардың біреуін полиция қызметкерлері күштеп алып кетті. Бірақ, бірнеше минуттан кейін жас студентті қайта алып келді. Полиция қызметкерлерінің бұл әрекетін шараға қатысушылар қорқытып-үркіту деп бағалады.

Қытай консулдығы ғимаратының маңында бір сағат тұрған наразылық білдірушілер у-шусыз тарасты.

ҚЫТАЙ ЕЛШІСІ «МӘСЕЛЕДЕН БЕЙХАБАР»

Еске сала кетейік, биылғы 4-желтоқсанда Астанада өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылық мақсатында 1 миллион қазақ жерін сұраған Қытай үкіметінің ұсынысы жайлы хабарлады. Бұл жерде әңгіме Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде соя мен рапс дақылдарын өсіру жайында болып отыр.

Ал, Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чэн Гопин сәрсенбі күні журналистерге өз елінің соя мен рапс өсіру үшін Қазақстаннан бір миллион гектар жер сұрап отырғаны жөнінен бейхабар екенін мәлімдеді.

Бұрын Қазақстанның Қытайдағы елшісі болған қоғам қайраткері Мұрат Әуезов бұл мәселеге қатысты Азаттық радиосына берген сұхбатында аталмыш хабардың қауіпті жаңалық екенін айтты. Оның пікірінше, Қытайдың қазақ жерін игеруге ұмтылуының астарында Қазақстанды отарлау қаупі жатыр.

12-желтоқсанда Қытай төрағасы Ху Цзиньтаоның Қазақстанға екі күндік ресми сапары басталады. Қазақстан СІМ хабарлағандай, сапар шеңберінде Ху Цзиньтао мен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан – Қытай газ құбырының бірінші арнасын пайдалануға енгізу рәсіміне және екінші арнасындағы балқытып дәнекерлеу жұмыстарының аяқталу рәсіміне қатыспақ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG