Accessibility links

Қытайда алтыншы жалпыұлттық халық санағы өтіп жатыр


Ұлттық мейрам күні қызын көтеріп келе жатқан қытай азаматы. Бейжің, 1 қазан 2009 жыл.

Ұлттық мейрам күні қызын көтеріп келе жатқан қытай азаматы. Бейжің, 1 қазан 2009 жыл.

Биылғы халық санағына арнайы униформа киген, қолдарында куәліктері бар 6,5 миллионнан астам санақшылар қатысып отыр. Он жыл бұрын Қытайдағы қазақтар саны 1 миллион 114 мың адам болатын.


2010 жылғы қарашаның 1-іне дейін дүниеге келген қытай азаматтарының барлығы да санаққа ілінді. Ал қарашаның бірінен кейін дүниеге келгендер Ұлттық статистика бюросының жоспары бойынша енді он жылдан соң, 2020 жылы болатын халық санағында есепке алынатын болады.


ЕСІК АШПАЙ ҚОЙСА ПОЛИЦИЯ ШАҚЫРАДЫ

Қытайдағы бұл жолғы санақта жұрттың 90 пайызға жуығы анкетадағы 18 сұраққа жауап береді. Оның ішінде аты-жөні, жынысы, этникалық тегі, тұрғын жағдайы, білімі, тағы басқалары бар. Кездейсоқ тәртіппен алынған қалған 10 пайыз адамдарға 45 сұрақтан тұратын барынша жан-жақты анкетаны толтыру ұсынылған. Шетелдіктер үшін сегіз сұрақтан тұратын анкетаның оңайлау түрі жасалған.

Халық санағын өткізуге орталық үкімет 700 миллондай юань (шамамен 133 миллион доллар) бөлген.

Бейжіңдегі Сhina Daily газетінің жазуынша, халық санағын жүргізушілер өздеріне қажетті ақпаратты үлкен қиындықпен алатын көрінеді. Өйткені, ауылдық жерлерден қалаларға келгендерді айтпағанның өзінде, Қытайдағы көптеген адамдар өзінің жеке істері жайында артық ақпар беруді қаламайды екен. Мұндай ішкі миграция соңғы кездері Қытайда бұқаралық сипат ала бастады.

Бейжіңнің өзіндегі астананың көптеген тұрғындарының қол телефондарына санақшылармен ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырған хабарламалар жолданды.

Жоғары шенді үкімет шенеуніктері әр адам жайындағы жеке ақпарат өте құпия болады деп ант-су ішіп отыр. Атап айтқанда, бұл жайында санақ жөніндегі ұйымдастыру комитетінің басшысы, вице-премьер Ли Кэцян мәлімдеді.

Жергілікті газеттердің хабарлауынша, егер тұрғындар санақшыларға жаппай есік ашпай қойса, онда санақ жүргізуге жауапты адамдар полициядан көмек сұрауға құқылы.

Қытайда шетелдіктерді бірінші рет санаққа енгізіп отыр. Осыған байланысты арнайы даярлық жұмыстары жүргізілді. Жұмысқа екі және одан да көп тіл білетін аудармашы-еріктілер тартылды. Сұрау салу анкеталары да кемінде бес тілге аударылған. Оның ішінде ағылшын, француз, неміс тілдері бар. Қытайда қысқа мерзімді іссапарда жүрген шетелдіктер санаққа ілінбейтін болды.


«ҚЫТАЙ БОЛЫП КӨРІНУ ҚИЫН»

Қытайда бұған дейінгі халық санақтары 1953, 1964, 1982, 1990 және 2000 жылдары өткізілген. Осыдан 10 жыл бұрын жүргізілген соңғы халық санағына сәйкес, Қытайдағы халық саны 1 миллиард 295 миллион адам болды.

Әзірге Қытай бұқаралық ақпарат құралдарында елдегі ең көпұлтты аймақтардың бірі – Шыңжан-Ұйғыр автономиялық районындағы
Көшпелі қазақ отбасы. Шыңжан-Ұйғыр автономиялық районы, 23 қыркүйек 2010 жыл.
халық санағының өтуіне байланысты ерекше хабарлар жоқ.

1990 жылы өткен төртінші бүкілқытайлық халық санағының ресми деректері бойынша, бұл автономиялық районда 48 ұлт өкілдері тұрған. Ол кезде районда 1 миллион 114 мың қазақ пен жеті миллионнан астам ұйғыр тіркелген. Айтпақшы, осыдан он жыл бұрынғы деректер бойынша, мұндағы тұрғын қытайлардың саны ұйғырлардан бір жарым миллионға аз болған.

Өткен жылдың соңында «Алтынорда» интернет-басылымының хабарлағанындай, «Қытайдағы қазақтардың саны ресми түрде бір миллион үш жүз мың адам. Және де көптеген қазақтардың қытай болып жазылып кетуі де жоққа шығарылмайды. Бірақ, шындығында, бұл қиындау шаруа. Өйткені, араларындағы айырмашылықтары көп болғандықтан, Қытайдың өзінде қазаққа қытай болу қиындау».

Биылғы жылы Гонконг, Макао мен Тайвань тұрғындары бірінші рет халық санағына ілікті. World News Forcast интернет-басылымының хабарлауынша, бүкілқытайлық халық санағының Тайваньда қалай өтіп жатқандығы жайында әзірге ақпарат жоқ көрінеді.


ЖАЛҒЫЗ БАЛА САЯСАТЫ

«Бір отбасына – бір бала» саясаты арқылы халықтың өсімін тежеу бағдарламасын қытай өкіметінің қайта қарау, қарамауы басы ашық мәселе болып отыр.

Ел өзін-өзі асырай алмай қалады ма деген қорқынышпен қытай билігі бұл тәртіпті 1979 жылы енгізген. Халықтың табиғи өсімін тежеу үшін екінші баласы дүниеге келгендерге айып салынып, әкімшілік жағынан қысым көрсетілген.

Егер халық санағының нәтижесі әлгіндей саясаттың елдегі демографиялық өсімге теріс әсер еткенін байқатса, онда Қытайдағы бала санын шектеу бағдарламасының тоқтатылуы мүмкін деген болжам айтады World News Forcast интернет-басылымы.

2000 жылғы халық санағында 50 жылдың ішінде Қытайда тұрғындар саны екі еседей өскендігі анықталған болатын. Оның үстіне, ішкі пропорция бойынша, халықтың қартайғандығы байқалып отыр. Қарт адамдардың саны күрт көбейіп кетті. 2050 жылға қарай Қытайда жастары 65 жастан асқандардың саны 400 миллиондай болады деген болжам айтылып жатыр.

Бұдан бөлек, отбасылардың қыз балаға қарағанда ұл баласы болғандығын қалайтындығы да белгілі. 1990 жылы дүниеге келген 100 қыз балаға 111 ұл баладан келген. Ал 2000 жылы 100 қызға 117 ұл баладан келді.

Қытайдағы биылғы халық санағының нәтижелері келесі жылдың сәуір айында жарияланбақ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG