Accessibility links

Қаһарман Қожамбердиев: Ұйғырлар қытайға жұтылып кетуді қаламайды


Қаһарман Қожамбердиев, Бүкіләлемдік ұйғыр конгресі төрағасының орынбасары. Алматы, 9 шілде 2009 жыл.
Қаһарман Қожамбердиев, Бүкіләлемдік ұйғыр конгресі төрағасының орынбасары. Алматы, 9 шілде 2009 жыл.

Бүкіләлемдік ұйғыр конгресі төрағасының орынбасары Қаһарман Қожамбердиев Қытайда қуат көздеріне ең бай өңірлердің бірін мекендейтін ұйғырларға қатысты ассимиляция саясаты жүргізіліп жатыр дейді.

Қытайдағы ұйғырлар мәселесі тағы да әлем баспасөзінің назарына ілінді. Тура біріншідегідей, тағы да болған қақтығыс пен оның зардаптары үшін екі тарап бірін-бірі айыптап отыр: Бейжіңдегі билік бәріне ұйғыр сепаратистері кінәлі десе, ұйғырлар бәленің бәрін Қытай шовинизмінен көреді.

Қытайдағы ұйғырлар мәселесі Ресейдегі шешендер, Испаниядағы баскілер, Түркиядағы күрттер, Солтүстік Ирландиядағы ирландықтар мәселесімен барабар. Әрине, әр елдегі жағдай әртүрлі. Бірақ, шағын халықтардың көксеген арманы біреу ғана, ол —тәуелсіздік.

Ресми мәліметтер бойынша, 5 шілде және одан кейінгі күндерде қытай мен ұйғыр арасында болған қақтығыс салдарынан кем дегенде 192 кісі өлген (бейресми мәлімет бойынша одан да көп), мыңнан астамы жараланған, мың жарымға жуық адам тұтқындалған. 300 мыңнан астам қазақстандық ұйғыр диаспорасы Қытайдағы оқиғаның өрбуін жіті бақылауда.

Үрімжідегі ұйғырлардың наразылық шеруінде есінен таңып қалған әйел. 7 шілде 2009 жыл.
Бүгінде ұйғырлардың Қытай билігіне қойып отырған талабы қандай?

Қытайлықтардың арасында шағын халықтардың өзін өзі анықтауға деген құқығын қолдайтын күштер бар ма? Болашақта мемлекетті басқарудағы Қытай коммунистерінің ұстанымы қаншалықты күшті? Бүгінде Қытайдағы 15-20 миллион ұйғыр үшін тәуелсіздік алатындай қандай да бір мүмкіндік бар ма? Саяси антагонизмнің баламасы бар ма?

Қазақстандағы ұйғыр диаспорасының жетекшісі Қаһарман Қожамбердиевпен болған әңгіме осы және басқа да жәйттер жайында өрбіді.

ҚЫТАЙДАҒЫ ПЕРСОНА НОН ГРАТА

Қаһарман Қожамбердиев – Совет армиясының отставкадағы полковнигі, саясаттанушы, Қазақстан азаматы. Ол Шыңжаң-Ұйғыр автономиясында соңғы рет 1994 жылы болған, сол кезде Қытайдағы билік оны персона нон грата деп жариялаған. Бұған ол шексіз қуанышты. «Бұл — нақақтан нақақ тұтқындалып, Қытай түрмесінде отырғаннан жақсы» дейді Қаһарман Қожамбердиев.

Оның қалған үш серіктесі – Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының тумалары. Қазақстанға олар ХХ ғасырдың 60-шы жылдары келген. Шыңжаңнан әркім әртүрлі себеппен кеткен. Оларды біріктірген мүдде – езгідегі өмірден құтылу. Олар өздерінің Қазақстанға қоныс аударуларының себебін осылай деп түсіндірді.

Азаттық радиосы тілшісінің сұрақтарына негізінен Қаһарман Қожамбердиев жауап беріп отырды. Ол – Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің төрағасы Рабия Қадырдың бес орынбасарының бірі. Бұл ұйымның штаб-пәтері Германияда.

Қаһарман Қожамбердиевтің сөзінше, ол Қытайдағы ұйғырлардың ауыр жағдайына нақты баға береді, десе де, ол сенімді оптимист. Бүгінде әлем басынан кешіріп отырған жаһандық процестер көп ұзамай Қытайға да ауыз салады деп сенеді ол. Сол кезде ұйғыр халқы өзін-өзі анықтауға мүмкіндік алады деп есептейді Қаһарман Қожамбердиев. Бүкіләлемдік ұйғыр конгресі жетекшілерінің бірі бұл сөзді қандай негізбен айтып отыр, мұны оқырмандар біздің әңгімемізден білетін болады.

60 ЖЫЛДА ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҰЙҒЫР САНЫ 2 ЕСЕГЕ, ҚЫТАЙЛЫҚТАР - 32 ЕСЕГЕ ӨСТІ

– Қаһарман мырза, әңгімемізді басты мәселеден бастасақ, ұйғыр көтерілісшілерін Қытайдағы билікке қарсы шығуға қандай шиеленістер мәжбүр етті?

– 2009 жылғы 5 шілдеде Үрімжіде басталған кең ауқымды наразылықтың тамыры тарихи, саяси, экономикалық, мәдени негіздерде жатыр.

Қашғар базарындағы ұйғыр қариялары.
Бір кездері өз мемлекеті болған ұйғыр халқына 250 жыл бұрын Қытай отарлық билігін орнатты, тарих солай шешті. Сол 250 жылдың ішінде ұйғырлар басқыншыларға қарсы 400-ден аса көтеріліс жасады, оның 20-ға жуығы бүкіл дерлік халықты қамтыған ірі көтеріліс.

Қытайлықтардың өздері былай дейді: Ұйғырстан – әрбір бес жыл сайын шағын, ал, әрбір он жыл сайын ірі көтеріліс болып тұратын өлке. Яғни, ұйғырлар тәуелді ел болуға бәрібір көндіге алмай келеді.

– Осы жерде мына бір нәрсені сұрағым келіп тұр. Ортағасырлық Қытай саясаткерлерінің ұйғыр жерін иемдену үшін ақтаулық мұсылмандар және қаратаулық мұсылмандар болып екіге жіктелген ұйғырдың өз ішіндегі алауыздықты сәтті пайдалана білгені тарихқа мәлім. Діни көзқарас негізінде ағайындар бір-бірін түсінбеді, кейде, тіпті, соғысқан кездері де болды. Сол кезде қолданылған саясат қазір де қолданылып отырған жоқ па?

– Аллаға шүкір, бүгіндері біздің халықта ондай алауыздық жоқ. Рас, ондай қасіретті кезеңді біздің ұлт өз тарихында басынан өткерді. Бүгіндері біз жаппай сунна жолындамыз.

Бірақ, бүгіндері Қытай ұйғырларына басқа тәсілмен жік салуға тырысуда. Геноцид саясатына қарсы шыққан кез-келген адамды сол сәтте радикалды ислам ұйымдарына, немесе одан да сорақысы – «Хизб ут-Тахрир» секілді лаңкестік топтарға қатысы бар деп айыптайды. Мұның өзіндік бір қалтарысы бар, бірақ, ол туралы сәл кейінірек сөйлесетін болармыз.

Сонымен, бүгін Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында не болып жатыр? Қытай билігі ұйғыр халқына қатысты қандай саясат жүргізіп отыр? Мәселені мынадан бастайық – әлі күнге дейін төрағадан басқа Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының барлық билік органдарында негізінен этникалық қытайлар отыр.

Біз, Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің мүшелері, мұны жергілікті халыққа жасалып отырған саяси дискриминация деп санаймыз. Бұл
Этникалық ұйғыр, Қашғар, солтүстік-батыс Қытай. 8 тамыз 2008 жыл.
шынайы автономия болса, онда оны ұйғырдың өзі басқару керек. Болмады дегеннің өзінде, басым бөлігі ұйғыр болу керек. Автономия әкімшілігінің бүгінгі басшысы этникалық ұйғыр болса да, ұйғырдың мүддесін қорғап отырған жоқ, ол жай ғана қуыршақ.

Келесі бір шиеленісті мәселе – этникалық қытайлықтардың ішкі аудандардан автономия аумағына жаппай қоныс аударуы. Бұл бүгіндері неге әкеп соқты? Сандарға назар аударайық. Қытай халық республикасы құрылған 1949 жылы алғаш рет коммунистік Қытай әскері автономия аумағына енгізілген кезде Ұйғырстандағы қытай саны ресми түрде 261 мың болатын.

Ал, қазіргі статистика мүлдем басқа. Автономиядағы қытайдың саны соңғы санақтың мәліметі бойынша 8 миллион 400 мың адам, яғни, бүкіл аудан тұрғындарының 50 пайызына жуықтап қалған.

1944 жылғы гоминдандық статистика сол уақытта аймақтағы ұйғыр саны 4 миллион 600 мың адам болған дейді. Ал, 2009 жылғы ресми статистика бойынша, ұйғырлардың саны бар болғаны 9 миллион 327 мың адам. Сонда, 65 жыл бойына ұйғыр екі есеге ғана, ал, қытайлықтар 60 жыл ішінде 32 есеге өскен.

– Қытай халқының қарқынды өсіп келе жатқаны, бала туудың жоғарғы деңгейде екені бәрімізге белгілі...

– Жо-жоқ. Мұның себебі тек қытайлықтардың жаппай қоныс аударуында ғана жатыр. Өзге себеп жоқ. Тағы бір мәселе бар – ұйғыр халқының санын қолдан төмендету. Бірақ, бұл басқа мәселе. Қазір ол туралы сөз болып отырған жоқ.

ЕКІНШІ БАЛА ҮШІН ДҮНИЕ-МҮЛКІҢНЕН АЙЫРЫЛАСЫҢ НЕМЕСЕ ТҮРМЕГЕ КЕТЕСІҢ

– Ұйғырдың ұлттық санасы мен дәстүріне соққы болып отырған екінші мәселе – бала тууға қолдан тежеу қою. 1980-інші жылдардың ортасынан бастап, бала тууға жүйелі түрде бақылау жасалынып келеді.

Ол қалай іске асырылуда? Қалалық отбасы екі балалы, ал, ауылдық отбасы төрт балалы бола алады. Ал, соңғы үш жыл ішінде бұл шектеу
Үрімжідегі ұйғырлардың наразылық шеруіне сәбиін алып шыққан ұйғыр әйелі. 7 шілде 2009 жыл.
жайына қалып, бір отбасы бір балалы болуға ғана хақылы болып қалды. Қытайдың ресми билігі мұны қатаң бақылауда ұстап отыр. Шектеуді бұзғандардың жазасы ауыр. Осы шектеуге байланысты небір қасіретті оқиғалар болып жатады.

– Қаһарман мырза, Қытайдың ең әуелі қытайлықтардың өздерінің бала тууына шектеу қойып отырғанын бүкіл әлем біледі. Бір отбасы – бір бала деп бекіткендеріне біраз болды. Халық санының шамадан тыс болып кетуіменен олар солай күресіп жатқан жоқ па?

– Иә, келісемін. Қытай өз халқының шамадан тыс көбеюіне қарсы ерте бастан-ақ анағұрлым қатаң шаралар қабылдаған. Бірақ, мұнда бір мәселе бар. Халық санын шектеу саясаты Қытай мен қытайлықтар үшін қажет болғанымен, 1 миллион 710 мың шаршы шақырым аумағы бар (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) ұйғырлар үшін қажет емес.

Ресми мәліметтер бойынша бүгін ауданда 22 миллион адам тұрады. Ал, бұл жер және оның табиғи байлығы мамандардың есебінше 60 миллион адамның өмір сүруіне жетеді.

Тағы бір мәселе бар. Жоспарға сай бала туу саясаты ұйғыр жұртының мұсылмандық дәстүрі мен демографиялық мәдениетіне өте қарама-қайшы. Сондықтан, өңін қалай айналдырса да, мұның жасырын да ашық геноцидтік әрекеттер екені көзге ұрып тұр.

– Жоспардан тыс балалы болып қалған отбасыға не болады?

– Ондай балаға құжат та бермейді, мектепке де қабылдамайды. Ал, әке-шешесіне әкімшілік шара қолданылады. Жарты жыл түрмеге жабылады және 3 мыңнан 25 мың юаньға дейін айыппұл салынады. Ауыл тұрғыны үшін бұл шамадан тыс сома. Байлар баланың құжаттарын сатып ала алады. Бірақ, ондайлар аз.

– Қаһарман мырза, мұндай саясатты Қытайдағы билік өзге шағын халықтарға қатысты қалай жүргізуде, мәселен қазақтарға қатысты?

– Бүгіндері ол заң сонау түкпірдегі қазақ ауылдарына да күшін жүргізуде: бір отбасы – бір бала. Бұрынырақта қиырдағы елді мекендер бақылаудан тыс қалып жататын, ал, бүгін таудағы оқшау тұрған төрт-бес киіз үй де биліктің қатаң бақылауында.

АНА ТІЛІНЕН АЖЫРАУЫМЕН БІРГЕ ҰЙҒЫРЛАР БІРКЕЛКІЛІКТЕН ДЕ АЙЫРЫЛУДА

– Тілдік саладағы ахуал жөнінде айтсаңыз.

– Соңғы кездері аз халықтардың тілдік мәдениет саласында жүргізіліп отырған саясаттан да көріп отырған қорлығы аз емес. Шын мәнінде ол саясат Қытайдағы этникалық ұйғырлар үшін ғана емес, басқа да аз халықтар үшін өлімге кескен үкімдей болып отыр. Тіпті, Мао Цзэдуннің өзі саясатты бұлайша қатал жүргізбеген болатын.

Бейжіңдегі мектеп сабағында тақта алдында тұрған шәкірт. 8 қараша 2005 жыл.
Бүгінгі заң бойынша бәрі қытай тілін білуге міндетті. Бір қарағанда, онда тұрған ештеңе жоқ сияқты. Ақыры, қытай тілі негізгі мемлекеттік тіл болса, онда оны білу аз халықтар үшін, қайта, тиімді емес пе? Бірақ, бұл саясаттың астарында не жатыр, мәселе сонда.

Бұрын Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы барлық қырғыз, қазақ, ұйғыр ұлттық мектептерінде бірінші сыныптан бастап ана тілі оқытылатын. 5-6 сыныпта ғана қытай тілі оқытыла бастайтын. Сонда мемлекеттік тілді бәрі де меңгеріп шығатын. Еш қиындық болмайтын.

Ал, 2005 жылдан бастап жағдай күрт өзгерді. Қатаң заң қабылданып, барлық қалаларда, ірі елді мекендерде бірінші сыныптан бастап оқу қытай тілінде жүргізілетін болды. Ұйғыр тілі болса, тек 6-шы сыныптан бастап қана оқытылатын болды.

Бұл нені білдіреді? Біздің халықты толық мәңгүрттік күтіп тұр деген сөз! Жетіден он үш жасқа дейінгі аралықта баланың миы иліккіш, икемді болатыны белгілі. Осы аралықта бала қай тілде оқитын болса, өмір бойы сол тілде ойланатын болады деген ғылыми дәлел бар.

Демек, Қытай ұйғырлары мұндай тәртіпке көндіккен жағдайда, мыңдаған жылдар бойы ғұмыр кешіп келе жатқан кейпін бар-жоғы 30-40 жылда-ақ жоғалтады. Мүлдем басқа ұлт болып шыға келеді. Ұйғырлығы түрінде ғана қалып, жан-дүниесі, дүниетанымы, мәдениеті, тілі өзгеріп кетеді.

Қытай ұйғырларының қарсылық көрсетіп жатқанының себебі осы. Тек ұйғырлар ғана емес, басқа халықтар да қарсыласуда. Мәселен, өткен жылы Қазақстан шекарасына жақын Шәуешек өңірінде қазақтар бас көтерді. Олар балаларын бірінші сыныпқа бергісі келмеді. Бірақ, қытайлық биліктің қысымға алатын мәжбүрлеу әдістері бар — ол әкімшілік, экономикалық, қаржылық әдістер. Олар әрдайым да өз дегендеріне жетіп тынады.

– Қаһарман мырза, 2005 жылға дейін қанша пайыз ұйғыр балалары бастауыш сыныптарда ана тілінде оқыды?

– 70 пайызға дейін. Қазір балалар 100 пайыз дерлік бірінші сыныптағы оқуды қытай тілінде бастауда.

– Қытай билігі білім саласындағы жүргізіп отырған жаңа саясатын қалай түсіндіруде?

– Қытайлықтар ұйғыр тілі артта қалған, бүгінгі ғылыми-техникалық прогреске ілесе алмайды деген желеумен жүргізуде әлгі саясаттарын. Олар қытай тілі – әлемдік тіл, ұйғырлар өркендегісі келсе, қытай тілінде сөйлеуді, ойлануды және жазуды үйрену керек дейді.

– Бәлкім, қытайлық биліктікі де өзінше дұрыс шығар? Шыңжаң-Ұйғыр автономиясында болып қайтқан шетелдіктердің бәрі соңғы 10-15 жылдың ішінде аймақтың экономикасы тез өсті дегенді айтады.

– 15 жыл бұрын қазақ тіліне байланысты бізде – Қазақстанда да болған әлгіндей теория. Қазақ тілі артта қалған, ғылыми-техникалық прогресте, атап айтқанда, интернетте бұл тілді пайдалану ауыр соғады деген сөздер болған. Ал, бүгін мемлекеттік тіл деңгейінде қазақ тілінің толыққанды және жан-жақты қызмет ете алатынына көзіміз жетіп отыр.

Ұйғыр тілі де сондай. Ол жап-жақсы дамыған, классикалық көне тіл. Жоқ, мәселе тілдің осалдығында емес. Қытайлықтар алысты көздеп отыр: шағын халықтардың бәрін, бірінші кезекте анағұрлым мазасыз ұйғыр халқын қытайландыру.

Енді экономикаға көшейін. Қытайда 22 провинция, 5 автономиялық аудан бар. Сол провинциялар мен автономиялық аудандардың арасында өмір сүру деңгейі жағынан ұйғырлар соңғы жағынан бастап санағанда екінші орында. Ұйғырдан кейінгі орында Ішкі Моңғолия.

Сөйте тұра, ұйғыр ауданында өткен бір жылдың өзінде 38 миллион тонна мұнай алынған, газ өндірісі жағынан аудан жетекші орындардың бірін иеленеді. Яғни, автономиялық аудан энергетика жағынан Қытайдың ең бай аудандарының бірі болып табылады. Міне, мәселе қайда жатыр.

Бірақ, ұйғырлардың өздері ол байлықтың қызығын көрмейді. Иә, рас, заманауи жолдар, инфрақұрылым салынуда, сырттан қарағанда аудан түрленіп келеді. Бірақ, оның бәрі ауданды тезірек игеріп, байлықты Қытайдың ішкі аудандарына жөнелту үшін жасалып жатыр.

ҰЙҒЫР ҚЫЗДАРЫН ҚЫТАЙЛЫҚТАРМЕН ТҰРМЫС ҚҰРУҒА ҮГІТТЕУДЕ

– Қаһарман мырза, қытай билігі аз халықтарды, оның ішінде ұйғырларды ассимиляцияға ұшыратудың тағы қандай тәсілдерін қолдануда?

– 2000 жылдан бері, әсіресе 2005 жылдан бастап автономиялық аудан халқын жұмыспен, біліммен (расымен-ақ, автономияны
Ұйғырлардың бас көтеруін күшпен басқан соң, әскерилердің бақылауындағы Үрімжінің ұйғырлар қоныстанған ауданындағы базарда. 14 шілде 2009 жыл.
жұмыссыздық жайлаған) қамтимыз деген желеуменен жастарды ішкі жақтағы ірі-ірі экономикалық аудандарға әкете бастады. Негізінен қыздарды.

– Оны қалай іске асырды?

– Таза коммунистік жолмен. Аудандық парткомға нұсқау беріледі, ал, аудандық партком әкімшілікпен бірлесе үйді-үйге хабарландыру таратады. Тәртіп былай: әрбір отбасыдан бір ер бала немесе қыз бала баруы тиіс. Бұл науқан қақтығысқа да апарды. Әсіресе, өзге ұлттар тығыз қоныстанған ірі елді мекендерде жаппай қақтығыстар болды. Жастардың жас мөлшері 18-30 жас аралығында және олар үйленбеген, тұрмыс құрмаған болуға тиіс.

Кеткен балаларының артынан ата-аналары Шанхайға, Шаугуаньға барды, балаларының қай жерде жұмыс істейтінін көріп шошыды. Жастар негізінен қол еңбегін қажет ететін ең лас және ауыр, қытайлықтар істемейтін жұмыстарға жегілген болып шықты. Еңбекақысы өте төмен.

Тағы бір келеңсіздік – келген қыздарды бірінші күннен бастап міндетті түрде қытайлықпен тұрмыс құруға үгіттеген. Бірақ, әзірге бұл саясат құрдымға кетуде. Ұйғыр қыздары ондай үгітке ілеспеуде.

Тура осы негізде Шаугуаньда ұйғырлар мен қытайлықтар арасында бірнеше рет қақтығыс болған.

– Ол қыз-жігіттер үйлеріне қайта алмай ма?

– Қытайдың тіркеу жүйесі қатаң. Келген бетте жеке басты анықтайтын құжатты жергілікті полиция бөлімшесі алып қояды. Ал, құжатсыз, өзіңіз білесіз, билет те сатып ала алмайсыз, бір жаққа кете де алмайсыз. Еңбекақы бөлшектеніп төленеді. Бір бөлігін қолға берсе, екіншісін, рас-өтірігін бір Құдай біледі, банкке жинақтауда.

– Қаһарман мырза, бүгінгі таңда қанша қыз-жігітті әкетіп үлгерді?

– Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің мәліметі бойынша, бүгіндікке 400 мыңнан аса ұйғыр жастары туған жерлерінен мәжбүрлеп әкетілуде. 2009 жылғы жоспарда 100 мыңнан астам жасты жбіерк көзделген.

Мәжбүрлі көшірудегі түпкі мақсат – мұсылман жұртын этникалық қытайлықтармен ассимиляцияға ұшырату. Мұны бәрі түсінеді: қытайлықтардың өздері де, ұйғырлар да. Қалған сөздің бәрі – демагогия. Еңбекпен қамту мәселесін шешкісі келген билік жұртты жылы орнынан жұлып алмай, сол жерге-ақ зауыт пен фабрика салады, кәсіпорын ашады.

Қытай билігінің мұндай қитұрқы саясатының тағы бір мысалы: Қытайдың ішкі ауданы Шаугуаньда жұмыссыз жүрген этникалық қытайлықтар көп. Солар өздерінің жұмыс орындарын алып қойғандар деген түсінікпен жұмыс істеуге келген ұйғырларға жек көре қарайды.
XS
SM
MD
LG