Accessibility links

«Ұйғыр дүниеден кетсе жалпы адамзат мәдениеті үлкен шығынға ұшырайды»


Қаһарман Қожамберді, Қазақстандағы ұйғыр қауымдастығының жетекшісі, Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің мүшесі. Алматы, 9 шілде 2009 жыл.

Қаһарман Қожамберді, Қазақстандағы ұйғыр қауымдастығының жетекшісі, Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің мүшесі. Алматы, 9 шілде 2009 жыл.

Қытай үкіметі Үрімжі қаласының ұйғыр және қытайлық тұрғындары арасындағы қақтығыстарды әскердің күшімен басқан соң Қытай президенті Ху Дзиньтао Шыңжаң ауданындағы көтеріліске қатысы бар адамдарды қатал жазалайтынын ескертті. Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында осы оқиғаның себеп-салдарына арналған дөңгелек үстел өтті.

Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында өткен дөңгелек үстел мәжілісіне мәдениеттанушы, жазушы, қытайтанушы ғалым Мұрат Әуезов, «Жұлдыз» журналының бас редакторы ақын Ұлықбек Есдәулет, Қытайдан келген қазақ, «Ан Арыс» баспасының редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы, Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің мүшесі Қаһарман Қожамберді және Қазақстандағы ұйғыр қауымдастығының өкілдері - Усенжан Асан, Аруп Мусабаев пен Әбдужәлел Хамрам, сондай-ақ Азаттықтың Алматыдағы тілшілері қатысты.

Амангелді Кеңшілікұлы, Азаттық радиосы Қазақ қызметінің бас редакторы:


– Құрметті зиялылар! Бүгінгі таңда Қытайдың Шыңжаң провинциясындағы болған төтенше жағдай әлем жұртшылығының алаңдаушылығын туғызып отырғаны аян. Бұл мәселеге ұйғырлармен тағдыры тамырлас қазақ халқының немқұрайлы қарай алмайтыны белгілі.

Қытайдың ресми дерегі бойынша 150-ден астам адам қаза тапқан. Бейресми ақпарат көздері қаза тапқандар санының бұдан әлденеше есе көп екенін айтады. Мұндай әлімжеттікті алып империя аз ұлтты халыққа алғаш жасап отырған жоқ. 1959 жылы Қытай қарулы күштері Лхаса алаңына шыққан мыңдаған тибеттіктерді қырып тастағанын тарихтан білеміз.

Бүгінгі таңда Қытайда болып жатқан оқиғалар туралы обьективті ақпарат алу мүмкін емес. Ол жақтағы негізгі ақпарат көзі биліктің ықпаландығы Синхуа ақпарат агенттігі. Дерек көздері Қытайдағы аз ұлт өкілдерінің жағдайының ауыр екенін айтады. Ахуал осылай күрделене берсе келешекте олар ассимиляцияға ұшырап, ділінен, тілінен, дінінен, рухани мәдениетінен айырылып қалуы мүмкін.

Өгіздің басына туған күн, бұзауға да туады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстандағы зиялылар Шыңжаң провинциясындағы қалыптасқан күрделі ахуалға немқұрайлы қарамауға тиіс. Оны қалай шешуге болады? Қайтпек керек?


Мұрат Әуезов, жазушы, қытайтанушы ғалым:

ҚЫТАЙ ҰЙҒЫРМЕН САНАСУЫ КЕРЕК

Жазушы, мәдениеттанушы, қытайтанушы ғалым Мұрат Әуезов Азаттықтың Алматыдағы бюросында Үрімжідегі ұйғырлар наразылығы тақырыбына өткізілген дөңгелек үстел отырысында. 9 шілде 2009 жыл.
– Дәл осындай құрамда әңгіме-дүкен құрудың мүмкіншілігі туғанына аса қуаныштымын. Соңғы бір айда осы жаққа Үрімжі болмаса Шыңжаңдағы қазақ жастарының хаты келді. Әрине, бұл екі оқиғаның арасында ешқандай да тікелей байланыс болмауы керек. Әйтсе де Шыңжандағы соңғы оқиғалар қазақтарды да бейжай қалдырмауға тиіс. Мұны біз жақсы түсінуіміз қажет.

Сондықтан бұл қанды оқиға бірде-бір қазақты басқа ұлттың, бөтен елдің басына түскен ауыр жағдай деген сыңайдағы ойға жетелемеуі керек. Мысалы, елуінші жылдары шығыс Түркістан құрмақшы болған қазақ пен ұйғырдың ынтымағы күшті болды. Олар өздерінің күресін бастағанда бір-бірін жақсы түсінген.

Биліктің өзінде, қолбасшылардың арасында қазақтың да біраз азаматтары болған. Олардың сол кездегі арманы шығыс Түркістан мемлекетін құру еді. Содан кейінгі мәдени төңкеріс кезінде де қазақ пен ұйғырдың қарым-қатынасы өте жақсы болды. Мәдени революция кезінде олар қазақ-ұйғыр болып, жалпы түрік тектес халықтарының мүддесін ойлап, бір-бірімен жақсы тіл табысып, бірге істесті. Өте қиын және қауіпті жағдайда.

Досым марқұм Айтан Нүсіпханмен ең соңғы күндеріне шейін бірге болғанмын. Ол 1969 жылы Қытайдан қашуға мәжбүр болды. Джон Лайнның арнайы телеграммасы болған екен. Онда Айтанды құрту керек деп жазылған көрінеді. Айтанның Қазақстанға келгенде өте күшті ақын екенін білдік. Ол мына Қытайдағы жағдайлар туралы көптеген күшті еңбектер жазды.

Қытайдан олар осында қолдарында қаруы бар бес-алты жігіт, атқа мініп шекараны бұзып келді. Ал енді Айтанды шығарып салған азаматтардың арасында ұйғыр достары болған. Кейін заман өзгерген соң, 1997-1998 жылдары Айтанмен екі жыл қатарынан Шыңжанды араладық.

Бірінші аралағанда Тұрпанды аралап шықтық. Содан кейін келесі жылы мына Қашқарға бардық. Сонда Қашқарға барғанда әсіресе мына Айтан үшін түрмеде он-он бес жыл отырған ұйғыр азаматтарымен кездестік. Сонда мен бұлар іштей Айтанды кінәлай ма екен деп ойлағанмын.

Азаттықтың Алматыдағы бюросында Үрімжідегі ұйғырлар наразылығы жөнінде өткізілген дөңгелек үстел. 9 шілде 2009 жыл.
Сөйтсем олар Айтанды іштеріндегі ортақ көсемі ретінде құрметтейді екен. Сол кездегі қазақ-ұйғыр ынтымақтығымыз өте күшті еді. Бара-бара Қазақстан тәуелсіздік алды. Қазақтардың біразы үлкен үмітпен еліне келе бастады. Сонда олардың ұйғырлармен бірге ынтымақты істесудегі бағыттары әлсіреді. Соған ұйғыр бауырларымыз да ренжіген болуы керек, «жарайды, ондай болса мемлекеттеріңіз бар, қайта беріңіздер» дегендей сөз айтты.

Қытай бұл жағдайды пайдаланып қазақ пен ұйғырдың арасына іріткі салуға біраз әрекеттер жасауға тырысты. Оны қалай істегенін жақсы білеміз. Керек бола айтып беруге де болады. Қазір Қазақстанның өзінде біраз ұйғырлар тұрады. Сондықтан, меніңше, ең бірінші біздің саналы азаматтардың міндеті – мына қазақ-ұйғыр бауырлас халықтар, бір-бірімен сол көптеген, мыңдаған жылдар қазақтың бабалары, мына ұйғырлар бірге болғанын ұмытпауы қажет.

Жібек жолы болды. Көптеген қалалар Жібек жолының бойында орналасты. Біз қазір Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласұғаниді, ХІ ғасырдағы қараханид дәуірін еске аламыз. Біз біртұтас халық болдық. Ал енді бөлінсек қазақ-ұйғыр болып, жалпы түрік тектес халықтардың саны азайып кетеді.

Жалпы түрік тектес халықтардың саны Қытайдың Сычуан провинциясында тұратындардан азбыз. Енді қазір соның кемінде 11-ін мына қытайлар ассимиляцияға ұшыратып, құртып жіберсе, оның ішінде ұйғырларды, онда барлықтарымыздың, соның ішінде қазақтардың да әлсірейтіні сөзсіз.

Осындай жағдайларды біз қазір еске алуымыз қажет. Онсыз болмайды. Мысалы, енді мына көне түрік заманы, болмаса мына Шыңғысхан кезіндегі мына ұйғырлар, мына Шыңғыс ханның барлық қарым-қатынастары ұйғырлар білімді, мына жазба жұмысының барлығын ұйғырлар атқарған.

Мәдениеттанушы Мұрат Әуезов (сол жақта) және ұйғыр қауымдастығының мүшелері Аруп Мусабаев (ортада) пен Қаһарман Қожамберді Азаттықтың Алматыдағы бюросында өткізілген дөңгелек үстел отырысында. 9 шілде 2009 жыл.
Біз енді ол жағын жақсы білуіміз керек те, содан кейін ұйғырдың мәдениетін насихаттауымыз керек. Қазақтың арасында. Ұйғырлар көне, өте мәдениетті халық. Олардың он екі мұқандарын тыңдап көріңдерші. Болмаса мына ұйғырдың биі. Дүниежүзінде мұндай бишілер жоқ. Бұл енді менің жеке пікірім. Ұйғырдың тағамы.

Мен Тұрпанда жасы жүзден асқан ақсақалдармен көп әңгімелестім. Олар қандай еңбекқор халық. Олар жоқтан бар жасайтын халық. Болмаса мына Шыңжанның хами қауымдары, мына ақсайлы, қызылсайлы жүзімдері. Ол да үлкен өркениет қой. Бұл үлкен мәдениет. Осындай өсімдіктерді дүниеге келтіру. Ұйғырлар мәдениеті, тарихы, ділі, тілі ұлттық сана-сезімі және де намысы бар халық. Қытай сонымен санасуы керек. Ұйғырларды шығыс Түркістанның табиғи тұрғындары деуге болады.

Менің көзім жеткені – ұйғырлар ұлы халық. Ұйғыр дүниеден кетсе, тілінен, дінінен айырылса жалпы адамзат мәдениетіне үлкен шығын болады. Сондықтан осы тұрғыдан біз қазір болып жатқан оқиғалардың тұсында тарихи байланыстарымызды ұмытпайық. Және де мынандай бір жағдай бар. Қазір Ресейіміз жаңа империя болайын деп тұр. Бұрынғы өздерінің билігін таратпақшы осы жерлерге.

Қытайдың саясатын жақсы білемін. Мұнда қазір бір-ақ қана амал, Қазақ тәуелсіздігін сақтау үшін Орталық Азиялық ынтымақтық керек бізге. Сол ынтымақты мәдениеттің, тарихи сана-сезімнің арқасында тірілтуміз керек.

Ана ұйғырларды Тұрпан жағы ақтаулықтар дейді, Қашғар жағы қаратаулықтар дейді. Ұйғырдың бір жақсы сөзі бар. Ақтаулық, қаратаулық болмайық, ынтымақты болайық деген. Қазақ, ұйғыр болып бөлінбеу, осы күнгі тарихтың талабы. Қытайдың ең үлкен мәселесі ол жақтағы халықтың көптігі.

Қазақ ақыны Дәулетбек Байтұрсынұлы (сол жақта), Қазақстан ұйғыр қауымдастығының мүшесі Әбдужәлел Хамрам және «Жұлдыз» журналының бас редакторы ақын Ұлықбек Есдәулет Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында Үрімжідегі ұйғырлар наразылығы туралы дөңгелек үстел отырысында. 9 шілде, 2009 жыл.
Ұшақпен Алматыдан Бейжіңге ұшсаңыз адам тұратын жер көп емес онда. Шөл дала, баяғы биік таулар, тағы басқа. Халқы көп. Бұл мәселені қытайлар қазір өте саналы түрде шеберлікпен шешіп, ханжуларын дүние жүзіне таратып жатыр.

Ал енді негізгі бағыт, немесе негізгі бағыттың бірі деуге де болады (Өйткені олар Ресейге да кіріп жатыр шығыс жағынан). Олар Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға кіру үшін үлкен дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шыңжанның қақпасын ашты олар ханжулар үшін. Америкада бұрын Клондайк деген ұғым болды ғой, сол.

Дәл осындай саясатты Қытай мына Шыңжанға қолданып жатыр. Олар ханжулармен толтыруды мақсат етеді сол жерді. Ал енді оны қалай толтыруға болады? Әрине, жергілікті халықты басып тастау, тілінен, ділінен, мәдениетінен айыру арқылы. Бұл саясатты қазір қытайлар өткізіп жатыр.

Қазір ондағы көптеген қазақ мектептері жабылып қалды. Онда әрине, қазақ тілі мен әдебиетінің сабағы болады. Бірақ сол сабақ санының өзі қазір қысқартылып кетті. Ал енді қалған пәндердің қытай тілінде өтеді. Қытайдың осы күнгі ұраны «біз барлықтарымыз жунгожен болайық. Бұрынғы совет дәуірінде «біртұтас совет халқы» деген ұғым болды ғой. Соған әкелмекші.

Мұның артында тұрған өздерінің арам ойы бар. Олар жерді ханжулар үшін босатпақшы. Шығыс Түркістанның жерін олар Қазақстанға баратын бір плацдарм ретінде пайдаланбақшы. Сол жерде қытай көп жиналады да, сауда жолдары секілді неше түрлі жолдарды табады.

Әрине, Қытайға мұнай да, газ да керек. Бірақ та олардың түпкі мақсаты осында өздерінің көп болуын заңдастырғысы келеді. Біздің мұнаймыз Қытай компанияларына қалай кетті? Кезінде тоқсаныншы жылдары авантюралық халықаралық компания құрылды. Фест интернешнл ойл компани деген.

Олар біздің басты шенеуніктерге пара беріп, Қазақстанның қай жерінде мұнай қоймалары бар, соның геологиялық картасын сатып алған. Сондықтан олар қазақтың қай жерінде мұнайдың бар екенін жақсы біледі. Қазір олар ақшасын аямай сол жерлердің бәрін алып жатыр.

Болашақта осы жақтағы мұнайды бақылайтындар қытайлар болады. Оған менің еш күманым жоқ. Бұл біздің шикілігіміз. Сосын қытайлар басқа ұлттың тамағын жемейді, еуропалық медицинамен емделмейді. Олардың әрқайсысына аспазшы, дәрігерлер керек.

Олар көптеген сылтау іздеп көп халықты келтіруге ниеттенген. Қытайдың осындай жымысқы саясатына Шыңжандағы халықтар қарсылық көрсетіп жатыр. Шыңжаңда ұйғырларға жұмысқа тұру өте қиын. Олар барлығын сол саудаға салмақшы. Олардың түсінігі бойынша саудада жүрген адам өзінің ұлттық психологиясын тез ұмытып кетеді.


Усенжан Асан, ұйғыр қауымдастығының мүшесі:

ҰРПАҒЫМЫЗ ӨЗ ДІНІНЕН, ТІЛІНЕН АЙЫРЫЛУДА, БАЛА ТУУҒА ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛҒАН

– Мен жақын жылдары Үрімжіге бірнеше рет барып қайттым. Үрімжідегі жағдайға келсек, қазір Шыңжанға миллиондаған қытай әскерін кіргізді. Сол әскердің күшімен көтерілісті басып отыр. Онда Қытай тілін оқытады, қытай дініне тартады. Бұл жаман.

Усенжан Асан, Қазақстанның ұйғыр қауымдастығының мүшесі. Алматы, 9 шілде 2009 жыл.
Әр жылы Шыңжаңнан мың талантты оқушыны бесінші кластан бастап әр түрлі мамандыққа тәрбиелеу үшін өзге қалаларға алып кетеді. Он бес жыл баланы көрмейсің. Бөтен адам болып шығады.

Сосын өздері жұмыс тауып береді. Келіп қытайларға қызмет жасайды. Бала өз дінінен , тілінен безеді. Екіншіден, Шыңжаңнан мың талантты оқушыны әкеліп, қазақша, ұйғырша оқытады. Бізден жақсы біледі тілді.

Сосын үшінші балаға рұқсат етілмейді. Әйелдің үшінші баланы көтеріп жүргенін білсе, қанша айлық екеніне қарамастан ішін жарып алып тастайды. Адам ретінде құқымыз бар ма деп көшеге шыққанда, өкімет ешқандай мәмілеге келген жоқ. Қытай ұйғырларға айуан ретінде қарап отыр.


Аруп Мусабаев, ұйғыр қауымдастығының мүшесі:

ҰЙҒЫРЛАР МӘДЕНИЕТІМЕН ДҮНИЕГЕ ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСҚАН ХАЛЫҚ

– Қазір біз орта ғасырдағы Африкадағы негрлер секілді болып қалдық. Қытай коммунистік партиясы бізді алдап 1949 жылы Шығыс Түркістанды басып алды. Уақытылы қытайдың қол астынан шықпай комунизмге барамыз деп алданып жүре беріппіз. Ол кезде саясат күшті болатын. Қазір онда ұйғырларға институт бітіргенмен жұмыс жоқ. Жекешелендіру кезінде қытайлар барлық фабрика, зауыттарды жекешелендіріп алды да енді ұйғырлармен шаруасы жоқ.. Аш жүрген ұйғырлар қандай жұмысқа шақырса да бара береді. Біреулерді қырып жатқанда басқасы қарап тұра ма?


Ұлықбек Есдәулет ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы:

ҮЛКЕН ЕЛДЕР ТАРАПЫНАН ЖАС МЕМЛЕКЕТТЕРГЕ ҚАШАНДА ҚАУІП БОЛАДЫ

– Мысалы, көршің бала-шағасын сабап жатса да, жаның ашып араша түсесің ғой. Оның қасында Қытай өз ішіндегі аз ұлттың бірін қанжоса қылып қырып жатса, оған жай ғана қарап отыру ұят іс. Біздің даусымыз жете қоймас, бірақ ресми орындар бар, ондағы қандастарымыздың тағдырына алаңдаушылық білдіруі керек қой деп ойлаймыз.

Ұлықбек Есдәулет, ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы. Алматы, 9 шілде 2009 жыл.
Бүгінгі Қытайдағы ұйғырларың басына түскен жағдайға жанашырлықпен қарауымыз керек. Өйткен, «өгізге туған күн бұзауға да туады» дегендей, ұйғырларға жасалып жатқан қысым ертең ол жердегі біздің қазақтарға да жасалмасына кім кепіл.

Шындығын айтқанда, Қытай секілді мемлекеттілік тарихы мыңдаған жылдарға кететін үлкен елдер тарапынан Қазақстан сияқты жаңа қалыптасып келе жатқан көкөрім мемлекеттерге қашанда қауіп, алаңдаушылық болатыны рас.

Өткенде abai.kz деген сайттан Қазақстандағы этникалық қытайлардың саны 300 мың жеткен дегенді көрдім. Бұл ертең кішігірім диаспораға айналады. Бүгін 300 мың болса, ертең миллионға жетеді.

Ал, біздің халқымыздың саны көп емес. Сондықтан біз мұндай жағдайда мықтап ойланғанымыз дұрыс. Қытаймен арадағы су мәселесі, мұнай, газ және басқа да қазба байлықтары мәселесі, оған Қытайдағы аз ұлттарға жасалып жатқан қысымды қосыңыз, мінеки, біз бұл мәселелерге бей-жай қарамай сергектік танытуымыз қажет.

Қаһарман Қожамберді, Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің мүшесі:

НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ СЕБЕПТЕРІ ТЕРЕҢДЕ ЖАТЫР, ОНЫҢ БІРІ – ТІЛ МӘСЕЛЕСІ

– Бұл жердегі басты нәрсе — бұл қақтығыс туралы ақпарат дүние жүзіне тек біржақты ғана, яғни Синьхуаның таратуындағы нұсқада беріліп жатыр. 5 шілде күні Үрімжіде Шыңжан университеті мен 1 август Ауыл шаруашылық университетінің студенттері наразылық шеруіне шықты.

Қаһарман Қожамберді, Қазақстанның ұйғыр қауымдастығының жетекшісі, Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің мүшесі. Алматы, 9 шілде, 2009 жыл.
Жексенбі күні Үрімжінің халқы көшеде, яғни базарда болады. Шеру өткізілген Халық алаңына жақын жерде орталық базар бар, онда он мыңдаған адам жүреді. Бес минут өтпей-ақ үкіметтің адамдары шерушілердің алдын тосып, шегіндірді, 20-30 минуттың ішінде көшеге адам толып кеткен.

Алдында газбен, итпен, су шашумен қорқытып тұрса, сағат 5 жарымдар шамасында алғашқы оқ атылды, ұйғырлар айқайлап тұрды, мен мұның бәрін ұялы телефон арқылы естідім.

Жастардың неге көшеге шыққанын Қытай үкіметі айтпай отыр. Гуандон өлкесіндегі 600-ге жақын ұйғыр жұмыс істейтін ойыншық фабрикасы бар, ол жерде жұмысшыларға берілген жатақхана өте нашар және қытайлар өздері істемейтін жұмыстарды ұйғырларға істетеді екен.

Ұйғырлар мен қазақтардың қыздарына жергілікті қытайларға күйеуге шығыңдар деген және алдынан шыққан ұйғырларды қытайлар сабап тастаған. Мұны Синьхуа жергілікті ұйғырлар мен қытайлар қақтығысып қалды, екі ұйғыр өлді деп таратты. Ал бұл өлген ұйғырлардың туыстары барса, онда елу шақты ұйғыр жоқ болып шыққан, ал жергілікті қытайлар бұларды шұңқырға көміп тастағанын айтқан.

Бұл ақпарат 5-6 күннен соң Үрімжіге тарайды, сол бойынша ең бірінші көтерілген студент жастар болды. Оқиға осы жерден басталған, оқ атылған, ал 156 адам құрбан болды деген ақпараттағы санды 4-5-ке көбейтсеңіз адам шығынының саны шамамен белгілі болып қалады. Ал қазір көп аймақта комендаттық сағат енгізілген, не болып жатқанын да біле алмайсың.

Қытайдың жас балалары мен қыздарының қолдарына қару алып, ұйғыр кварталдарына кіріп, оларды сабап, өлтіріп жүргендерін Евроньюс бірнеше рет көрсетті. Медициналық университеттің төрт қызын өлтірген.

Мұндай жабайылықты ешкім тоқтатпаған, сондай-ақ тағы да басқа отбасы мүшелерін іздеп шыққан адамдардың жоғалып кету фактілері болған, бірақ нақты деректер жоқ, барлық ақпарат көздері жабық.

Қазақстанның ұйғыр қауымдастығының өкілдері (солдан оңға қарай): Қаһарман Қожамберді, Усенжан Асан және Аруп Мусабаев. Алматы, 9 шілде 2009 жыл.
Ал енді Қытай үкіметі бұл бас көтеруді неге басып тастамайды деген де заңды сұрақ туады, әрине, оған ол елдің күші жетпей отырған жоқ, осы қақтығыста да басып тастаудың орнына әуелі айқайлап, сосын ұрып өлтіруге кіріскен. Енді тағы да осындай толқулар болатын болса, үкімет адамдарды қырып салуға дайын деп білемін.

Осынша шығынға ұшырайтынын, құрбан болатындарын біле тұра мұндай қадамға оларды апарып отырған себептер жетерлік және бұл себептердің тамыры тереңде жатыр. Оның бірі – тіл мәселесі.

Кезінде Мао Цзедун тұсында да осындай жағдай болғанда, ұйғырлар қарсы тұрып қабылдамаған болатын. 2005 жылдан бері бұл жердегі үш сатыдан тұратын мектепте білім алу саласының алғашқы сатысы — 1-5 сыныптарда барлық мектептерде сабақ қытай тілінде жүреді.

Санасы қалыптасатын жасында бір тілде оқыған бала кейіннен басқа тілде оқығанымен, тек сол тілде ойлап тұратыны ғылымда да дәлелденген жағдай. Бұған қарсылық ретінде Үрімжінің бір мектебінің балалары сабаққа бармай қойған екен, бірақ Қытайдың әкімшілік заңдары өте қатал, айыппұл салу сияқты шараларды қолданып жүріп, балаларды мектепке қайтарған.

Тілдік мәселенің тағы бір тұсы — тіл білмейтін азаматтардың жұмысқа қабылданбауы, егер сіздің Бейжің университетін бітірген дипломыңыз болмаса, жұмысқа алына алмайсыз. Кемсітушіліктің тағы бір түрі діни сенімге қатысты.

Мәселен, жұма намазына барар болсаңыз, мешіттің алдында оқушылар мен студенттер және кадрлар кіруге болмайды деп жазылған, егер кіріп кетсеңіз, есіктің алдындағы сақшылар жазып алады. Ал кадрлар деген түсінік мұнда өте кең көлемде қолданылатыны сондай, кез келген үстелде отыратын, қолында папкасы бар адам кадр болып саналады.

Ұйғырлардың наразылығын тудыратын тағы бір мәселе – бала тууды жоспарлау мәселесі. Бұрын қалада екі бала, ауылда төрт бала тууға рұқсат болса, 2005 жылдан бастап барлық жерде биресми түрде бір балаға ғана рұқсат етілген. Ал егер бала туылып қалса, онда оған ешқандай құжат берілмейді, ата-анасына 3 мыңнан 25 мың юань көлемінде айыппұл салынады.

Жалпы айтқанда, Қытайдың ниеті жаман, олар жан-жақта ел бар, мынау ХХІ ғасырда бұлай жасауға болмайды дегенді білмейді, ұйғырдың барлық зиялысы мен басқаша ойлайтын жастарының бәрінің тізімі үкіметте бар, сондықтан олар бұларды бір мезетте-ақ жоқ қылып, қырып жіберуі мүмкін.

Қытайдың экономикалық экспансиясына тосқауыл болу өте қиын, қазір біздің «барахолканы» жабу тіпті мүмкін емес, өйткені оның пайдасын біздің шенеуніктер көріп отыр. Ал енді Қазақстанның Қытайдан 10 миллиард доллар қарыз алуына келсек, бұл біздің елімізді Қытайға байлап қою сияқты көрінеді, біз сөз етіп отырған жанжалға бұқаралық ақпарат құралдарының үн қатпауы да осының айғағы.

Меніңше, Қазақстанда осынша қарыз алатындай ақшаға мұқтаждық жоқ. Мұның бәрі Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына кіруден басталды ғой, әрине, басында шекара мәселесін шешу сияқты жақсы мәселелермен шығып еді, бірақ Қытайдың алысты көздейтін саясаты бар ғой, олар осы екі араға достыққа зиянын тигізеді деп ұйғыр мәселесін кіргізіп қойды.

Дәулетбек Байтұрсынұлы, Қытайдан келген қазақ, «Ан Арыс» баспасының редакторы:

ҚАЗАҚСТАН ӨКІМЕТІ ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ТАҒДЫРЫНА АРАША ТҮСУІ ТИІС

– Қытайлар кез келген мемлекетпендипломатиялық қарым-қатынас жасамас бұрын бірнеше принципті ортаға шарт ретінде қояды. Бірінші, біздің біртұтас қытай екенімізді мойындайсың дейді. Демек, ол жерде Тайвань, Тибет, Гонконг деген ұғымды ұмыт дегені. Екінші,
Дәулетбек Байтұрсынұлы, Қытайдан келген қазақ, «Ан Арыс» баспасының редакторы. Алматы, 9 шілде 2009 жыл.
бейбіт қатар тұрамыз десе, үшінші территориялық тұтастығымызды мойындайсың дейді. Төртінші, ішкі ісімізге араласпайсың дейді, яғни ішкі ісімізге төрелік айтуға және көзқарас білдіруге қақың жоқ дейді.

Міне, осындай шарттарға келіскенде ғана Қытай өзінің достық қарым-қатынасына жол ашады. Сондықтан Қазақстан билігінің Үрімжідегі оқиғаларға байланысты ешнәрсе айта алмай, өз көзқарасын білдіре алмай отырғанының себебі бар. Ол о баста жоғарыдағыдай келісім жүзінде іске асырылып қойған.

Ал, енді Қытайдағы қазақтарға келетін болсақ, олардың қытаймен де, ұйғырмен де қарым-қатынасы жақсы. Қытайлар өзгелерге қолданған саясатын қазақтарға қолдана алмайды. Себебі, Қазақстан деген тәуелсіз мемлекет бар. Яғни, сұраушысы бар.

Және Қазақстанда өзінің экономикалық мүдделері бар. Қытайдағы қазақтар Қазақстанға көшем немесе туысшылап барам десе оған жол ашық. Тек ақшаң болса, көптеген құжаттық кедергілерден өтсең бара бересің. Және Қазақстан жағынан да келетін қазақтарға ешқандай кедергі жасалмайды.

Сондықтан да, қытай қазақтарының Қытай үкіметіне қарсы шығатындай себеп-салдары жоқ. Бірақ, қайбір жылдары Қытайдағы қазақтарды толық көшіріп алу Қазақстанның түпкілікті мақсаты емес деген сөз үлкен кісінің аузынан айтылған болатын. Ал, бүгінгі күні Қытайдағы қазақ мектептері жабылып, 2005 жылдан бері бастауыш сыныптардан бастап барлық пән қытай тілінде оқытыла бастады.

Қытайдың мұндағы саясаты аз ұлттардың ұрпағын қытайландыру арқылы аз ұлттарды жою. Және қытай тілінде мектеп бітірген балаларды жоғарғы оқу орнын қытайша бітіргеннен кейін өз өлкесіне, яғни өз ұлтының ішіне жұмыс істеуге жіберіп жатыр. Ал, қазақша немесе ұйғырша білмейтін ұрпақ өз ұлтының түбіне жететінін қытай әбден біледі.

Кешегі Үрімжідегі шерулердің негізінде Қытайдың осындай саясатына деген қарсылық жатыр. Осы жерде Қазақстан Қытаймен арадағы ынтымақтастықты және Қытайдың Қазақстандағы экономикалық мүддесін пайдалана отырып Қытайдағы қазақтардың құрып бара жатқан тағдырына араша түсуі тиіс.

Талап қоюы керек. Биліктің ұзақ уақыт үнсіз отыра беруіне болмайды. Қазақстан билігі Қытай қазақтары бізге Қытай мен арадағы қарым-қатынастың нығаюына алтын көпір болып отыр дейді.

Сонда ертең Қытайдағы 2 млн. қазақ құрып кетсе, соларды құрбандыққа шалып, Қытаймен достығымызды нығайтқанымыздан не пайда? Сондықтан нақты іске көшетін уақыт жеткен сияқты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG