Accessibility links

Арандату туралы ескертулерге қарамастан Алматыдағы ұйғырлар жиыны бейбіт жағдайда өтті


Алматыдағы ұйғырлар жиыны. 19 шілде 2009 жыл.

Алматыдағы ұйғырлар жиыны. 19 шілде 2009 жыл.

Алматыда жиын өткізген ұйғырлар әлемдік қауымдастықты Үрімжідегі этникааралық қақтығыстың себебін анықтап, Қытайдағы ұйғырлардың наразылығын басып-жаншығаннан кейін билік жүргізген жаппай тұтқындаулардың қаншалықты негізді екендігін тексеруге шақырды.

Шілденің 19-ы, жексенбі күні Алматыдағы Республика сарайында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районында тұратын ұйғырларды қолдауға арналған Қазақстандағы ұйғыр ұлты өкілдерінің митингісі өтті. Оған қатысуға 8 мыңдай адам жиналды деді ұйымдастырушылар.

Әуел баста бұл митингті Сарыарқа кинотеатрының артында өткізу жоспарланған еді. Алайда, осы оқиғадан бір күн бұрын, алдын ала сақтық шарасы ретінде, митингінің өтетін орны өзгертілді. Өйткені соның алдында ғана осы болар жиында арандату туғызу үшін
Ұйғырлар жиыны өткен Республика сарайының алдында медициналық жедел жәрдем көлігі кезекшілік атқарды. Алматы, 19 шілде 2009 жыл.
Қытайдан экстремистік пиғылдағы адамдардың келгендігі жайында сыбыс тараған-ды.

«Митингі барысында түрлі арандатулардың болу мүмкіндігі жайында бізге ескертілді. Сондықтан, біздің өтінішіміз бойынша, жергілікті билік митингіні қалыпты жағдайда өткізу үшін бізге Республика сарайын берді», – деп түсіндірді митингіні ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан ұйғырлары мәдени орталығы республикалық басқармасының төрағасы Ахметжан Шардинов журналистерге.

Митингі Қазақстан ұйғырлары мәдени орталығы өкілдерінің, саясаткерлердің, қоғам және мәдениет қайраткерлерінің сөздерімен ашылды. Олардың барлығы Үрімжідегі этникааралық қақтығыста опат болғандардың қазасына көңіл білдіріп, абақтыда қамауда отырған балалар мен әйелдерге байланысты алаңдаушылықтарын білдірді. Марқұм болғандардың рухтарына арналып құран оқылып, жиналғандар оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Алматыдағы ұйғырлар жиынына қатысушылар Үрімжідегі қақтығыста қаза болғандардың рухына арнап құран бағыштады. 19 шілде 2009 жыл.


Митинг барысында Біріккен Ұлттар Ұйымы мен құқыққорғаушы ұйымдарға үндеу қабылданды. Үндеуде Үрімжідегі трагедия мен оның себептерін, ондағы ұйғырлардың бас көтеруін күшпен басқаннан кейін басталған жаппай тұтқындауларға байланысты тәуелсіз және обьективті зерттеу жүргізілуі жайында өтініш айтылған.

Сонымен бірге, Қазақстан ұйғырлары Қытайдың билеуші режимінің ШҰАР ұйғырларына қатысты жүргізіп жатқан геноцидті тоқтатуға көмектесу жөнінде халықаралық қоғамдастыққа өтініш білдірді.

Олар, сонымен бірге, «ұйғыр терроризмі, сепаратизмі және экстремизмі» деген жапсырма атты олардан алып тастауларын қытай өкіметінен талап етті.

Ұйғырлар жиынына қатысқан мына бір әйел Шығыс Түркістанның туын ұстап тұр. Алматы, 19 шілде 2009 жыл.
Митингке жиналған Қазақстандық ұйғырлардың көпшілігі Үрімжімен телефон байланысының жоқтығына байланысты алаңдаушылықтарын жеткізді.

Митингіні ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан ұйғырлары мәдени орталығы республикалық басқармасының мүшесі Талғат Хамраев Азаттық радиосының тілшісімен әңгімеде, он күннен бері Үрімжіге телефон шала алмай отырғандығын айтты:

– Соңғы рет Үрімжідегі таныстарыммен 7 шілдеде сөйлестім. 8 шілдеден соң байланыс түпкілікті үзілді. Ұялы телефондарға да, қалалық телефондарға да хабарласу мүмкін емес. Үрімжіде таныс адамдарым болатын. Солардың халдерін білемекке хабарласайын десем, еш мүмкіндік жоқ. Ол жақта туыстары барлардың көпшілігі оларға хабарласып, жағдайларын біле алмай отыр.

Жексенбі күнгі митингке қазақ және украин қоғамдастығының өкілдері де қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері ұйғыр халқын қолдап сөз сөйледі.
Ұйғырлардың жиынына қатысуға «Аттан» қозғалысының серкесі Амантай қажы Асылбеков (сол жатқа) те келді. Алматы, 19 шілде 2009 жыл.


Митинг Қазақстанның мемлекеттік әнұранын айтумен аяқталды. Митинг кезінде де, одан соң да ешқандай оқыс оқиғалар болған жоқ.

Шілденің 5-і күні Үрімжіде ұйғырлар мен хансулар арасында болған жаппай қақтығыстардың салдарынан, ресми деректер бойынша, 150-дей адам қаза тауып, мыңға жуық адам жараланған.

Қазір 1400-дей адам тұтқында отыр. Олардың арасындағы әйелдер мен балаларға дейін Қытай өкіметі «жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, қатысқан» деген айыптар тағып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG