Accessibility links

Үрімжі: Тыйымға қарамастан кейбір мешіт жұма намазына ашылды


Қытайдың қауіпсіздік күштері жұма намазына санаулы сағат қалғанша мешіттердің қақпаларын күзетіп тұрды. Үрімжі, 10 шілде, 2009 жыл.

Қытайдың қауіпсіздік күштері жұма намазына санаулы сағат қалғанша мешіттердің қақпаларын күзетіп тұрды. Үрімжі, 10 шілде, 2009 жыл.

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының осыдан санаулы күн бұрын ғана жаппай тәртіпсіздік болып өткен Үрімжі қаласында мешіттерді жабуға нұсқау берілуіне қарамастан, бірқатар мешіт дәстүрлі жұма намазына ашылды.

Соңғы мәлімет бойынша, ұйғырлар мен қытайлықтардың арасындағы ұлтаралық жанжалдан 156 адам мерт болып, 1500-ден астам адам, негізінен ұйғырлар ұсталды.

Бірнеше мешіт - алдына жиналған жүздеген мұсылманның, негізінен ұйғырлардың талап етуінен кейін ашылды. Олар ресми билік рұқсат берген соң ашылды ма әлде жиналған мұсылман жұртшылығы тағы да көтеріле ме деп алаңдаған қауіпсіздік күштері ашуға мәжбүр болды ма, ол белгісіз. Қазір қала көшелерін Қытай армиясының мыңдаған жауынгері күзетіп жүр.

Жұма намазы басталмас бұрын қытай қауіпсіздік қызметкерлері мешіттің мұнарасына дейін бақылау орнатты. Үрімжі, 10 шілде, 2009 жыл.
2,3 миллион халқы бар Үрімжіде нақты қанша мешіттің ашылғаны да беймәлім. Кейбір мешіттің ашылуы алдында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының әкімшілік орталығы болып табылатын Үрімжідегі барлық мешітті жабуға ресми биліктің нұсқау бергені хабарланды. Аты-жөнін атамауды өтінген Қытай шенеунігі мешіттердің «мемлекеттік қауіпсіздік мақсатында жабылғанын» хабарлады.

Бірақ Үрімжідегі ұйғыр ауданына көрші жұма намазға көп келетін Ақмешіттің қақпасы жұрт жиналып қалған соң ғана ашылды. Күзетшілер жиналған жұрттың қысымымен қақпаны ашуға мәжбүр болды.

Ақмешітті күзеткен ұйғыр полицейі жиналған жұртпен жанжалға бармас үшін күзетшілердің қақпаны ашқанын айтты (ол да өзінің аты-жөнін атамауды өтінді). Көп ұзамай намазға жығылған 1 мыңдай діндарға қоса мешіттің сыртына тағы 500-дей кісі жиналып қалды.

Орта жастағы бір мұсылман, Ахмедаджи есімді ұйғыр кісі егер жұма күні ресми билік жұртты мешітке жібермеген болса, «үлкен қасырет болар еді» дегенді айтып қалды. Мешіттің жабылғаны туралы құлақтандыру Ақмешіттің алдыңғы қақпасына да жапсырылыпты. Бірақ олар алынып, жүздеген мұсылман намазға жығылу үшін ішке кірді.

Жұма күні бірнеше жүз адам жиналып, айқай-шу көтерген соң мұсылман қытайлықтардың мешіті де есігін ашуға мәжбүр болды. Бірақ келесі бір мешіттің алдына жиналған ұйғырлар мешіттің ашылмағанына қатты қапаланып, наразылықтарын айта бастады.
Жұма күні бірнеше жүз адам жиналып, айқай-шу көтерген соң мұсылман қытайлықтардың мешіті де есігін ашуға мәжбүр болды.


Олардың бірі мешіттің ашылмауын «қорлық» деп бағалады. Мешітті ішінен күзетіп жүрген және мешіттің мұнараларына шығып алған қытайлық қауіпсіздік күштерінің өкілдерін көрген ол адам мешітке мұсылмандарды жібермей, «дінсіздерді» кіргізді деп қапаланды.

Ал осы кезде көрші Гуюань мешітінің қақпасында «басшылықтың нұсқауы» ілініп тұрды. Нұсқауда әркімнің жұма намазын өз үйлерінде оқуға тиіс екені жазылыпты.

Саяси сарапшылардың атап көрсетуінше, Қытайдың билік етуші коммунистік партиясы ұйғырлардың жаппай жұма намазға бір жерге жиналуы олардың бұрынғыдан да үлкен наразылыққа көтерілуіне түрткі болмай ма деп алаңдап, мешіттерді жабуға бұйрық берсе керек.

Қытайдың сыртқы істер министрлігінің өкілі Қин Ганг: «Ішкі дағдарысты өз күшімен шешуге ресми Бейжіңнің шамасы жетеді және елдің ішкі істеріне халықаралық қоғамның араласуын қаламайды», - деп мәлімдеді.

«Қытай үкіметі заңға сәйкес тиянақты шаралар қабылдады. Бұл – толығымен Қытайдың ішкі істері. Бұл мәселені БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі талқыласын деп өтінудің ешқандай қажеті жоқ. Біз халықаралық қоғам шындықта көріп, өз территориясының біртұтастығы мен Қытайдағы ұлттық топтардың бірлігін және әлеуметтік тұрақтылығын қорғау жолындағы Қытайдың іс-әрекетін түсінеді және қолдайды деп үміттенеміз», - деп мәлімдеді Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі.

Мешітте жұма намазына жығылған ұйғыр жамағаты. Үрімжі, 10 шілде, 2009 жыл.
Шыңжаң – көп уақыттан бері ұлтаралық жанжалдардың ордасы болып келді. Мұндай жанжалға ұйғырлар мен қытайлықтардың арасындағы әл-ауқатының үлкен айырмашылығы, дін мен мәдениетке мемлекеттік бақылау орнатылуы, сондай-ақ Шыңжаңға қытайлық мигранттардың ағылып келуі себеп болды. Қазір Шыңжаң қалаларының көпшілігінде, оның ішінде Үрімжіде тұрғындардың басым көпшілігін қытайлықтар құрайды.

Бірақ Қин Гангтің мәлімдеуінше, таяудағы Үрімжіде болған ұлтаралық қақтығыстарды шетелдегі «үш зұлым күш ойластырып жоспарлады». Қытай шенеунегінің сөзіне қарағанда, ол үш күш «діни экстремистер, сепаратистер және терроршылар» көрінеді.

«Біз бұл адамдардың шетелдердегі террористік топтардың, оның ішінде «Әл-Қаиданың» оқу-жаттығуынан өткенін және олардың шетелдердегі үш зұлым күшпен тығыз байланыста екенін дәлелдейтін мол айғақты аңғардық. Міне сондықтан осы мәселеге келгенде біз бейбітшілікті бірігіп қорғау үшін және Қытай мен әлемдегі тыныштықты сақтау үшін тиесілі елдерді ынтымакқтастыққа шақыруымызды жалғастырамыз», - дейді Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Қин Ганг.

Атап айтқанда, ресми Бейжің Үрімжідегі ұлтаралық жанжалды жоспарлады деп Дүниежүзілік ұйғыр конгресі мен оның АҚШ-та тұратын президенті Рәбия Қадырды айыптайды. Алайда Рәбия Қадыр бұл айыпты «нақақ айып» деп сипаттады. Оның атап көрсетуінше, Шыңжаңдағы ұлтаралық жанжалдың бірден-бір себебі - Қытайда үстемдік еткен коммунистік биліктің ондаған жыл бойы жалғасқан репрессиялық саясаты.

«Мен екі жақ та ұстамдылық көрсетіп, тыныштық болады деп үміттенемін. Сонымен қатар мен Қытай үкіметі жергілікті халықты адастыратын, алдайтын біржақты хабар беруін доғарады, наразылықты күштеп басуын қойып, халықтың талап-тілегіне құлақ түреді, сөйтіп тыныштық пен тұрақтылық орнайды ғой деп үміттенемін.

Қытай шенеунектері көп адамды өлім жазасына кесетінін және одан да көп кісіні түрмеге жабатынын мәлімдеді. Алайда мұндай іс-әрекет ол аудандағы ахуалды іс жүзінде өршіте түседі», - деп мәлімдеді Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің президенті Рәбия Қадыр.

Ұйғырлар - Орта Азия мен Қазақстан халықтарымен жақын тілдік және мәдени ортақтығы бар түрік тектес халық. Басым бөлігі мұсылман. Осы күні ұйғырлар Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының 20 миллион халқының шамамен тең жартысын құрайды. Шыңжаң ауданы мен Үрімжі қаласын мекендейтін этникалық қытайлықтардың көпшілігі өткен 20 жыл ішінде Қытайдың өзге облыс-өлкелерінен қоныс аударып келді.
XS
SM
MD
LG