Accessibility links

«Ұйғырлардың жанжалын егжей-тегжейлі таратқан телеарналар қытайлардың шабуылы жайында үнсіз қалды»


Қытай әскері тиелген жүк көлігі көше кезіп бақылап жүр. Үрімжі, 11 шілде 2009 жыл.
Қытай әскері тиелген жүк көлігі көше кезіп бақылап жүр. Үрімжі, 11 шілде 2009 жыл.

Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы районының орталығы Үрімжі қаласында шілденің 5-7 аралығында болған оқиғаның куәгері, қазақстандық турист Достай Орынбекұлы Азаттық тілшісіне өзінің көріп-білгендері жөнінде айтып берді.

– Достай мырза, Үрімжідегі оқиғалар басталғанда сіз сол қалада болыпсыз. Оқиға неден басталған еді?

– Біз шілденің 5-і күні кешке асханада тамақ ішіп отырған едік. Аяқ астынан ұрыс басталып кеткені жайында естідік. Сөйтіп, әлгі асханада 1-2 сағаттай отырып қалдық.

Көшеге шыққан ұйғыр шерушілері мен қытай қауіпсіздік күштері. Үрімжі, 5 шілде 2009 жыл.
Ұрыс саябырлады-ау дегенде асханадан шығып, өзіміз үй жалдап тұрып жатқан Шаң-юань деген ауданға қарай бет алдық. Көшеде ешқандай көлік жоқ. 2-3 аялдама жүргеннен кейін, қалың топ адамның көшеде автобус төңкеріп, машиналарды өртеп жатқанының куәсі болдық.

Әлгі нөпір бізге қарай лап қойғаны сол еді, қайдан пайда болғаны беймәлім, милиционерлер кез бола кетті. Олар бізді үйлердің арасына қарай кіріңдер деп қуып жіберді. Сонда кіргеніміз жақсы болған екен. Әлгі сүрең салған топ көшені басына көтеріп айғайлап өте шықты. Егер, сол маңда тұрғанда таптап өтер еді.

Сол маңдағы дарбазадан асып түсіп едік, жаңадан салынып жатқан құрылыс екен. Сол құрылыстың 5-ші қабатына шығып алып, 3 сағаттай алаңды бақылап отырдық. Алаңға әскер әкеліп төгіп, көшені қоршап, өртті сөндіріп жатты. Абыр-сабыр басылды-ау дегенде ғана сыртқа шықтық.

Қолымызға паспортымызды алып, өзіміздің Қазақстан азаматы екендігімізді көрсетіп, 4-5 аялдама жаяу жүріп, үйге жеттік. Сол кезде сағат түнгі 12 болып қалған еді. Жол бойында жаралы екені әлде өліп жатқаны белгісіз, қанға бөккен адамдарды көрдік. Төңкеріліп жатқан автобустарды кездестірдік.

Қытай әскері ұйғырларға қарсы ұрысқа шыққан қытайлықтардың жолын бөгеп тұр. Үрімжі, 8 шілде 2009 жыл.
Үйге жеткеннен кейін, үш күндей сыртқа шыға алмадық, Әуелі алғашқы екі күні қара нанды талғажау етуге тура келді. Тек сәрсенбі күні таныс жігіттеріміз машина әкеліп, бізді автобус бекетіне жеткізіп тастады. Сөйтіп, аман-есен елге оралдық.

– Қазақстанның Үрімжідегі консулдығына хабарласа алмадыңыз ба?

– Жоқ. Қазақстанның консулдығы бар деп естідік. Бірақ, жұрт бізге: «олардан сендерге қайран бола қоймас, одан да халықаралық автовокзалға жетіп алғандарын жөн» деп кеңес берді.

– Болған оқиға жөнінде жергілікті жұртпен сөйлесе алдыңыздар ма? Олар оқиғаға қандай баға беріп жатыр? Өздеріңіз не деп түйдіңіздер?

– Бұл оқиға жайында жергілікті телеарналар шілденің 6-сынан бастап көрсете бастады. Біз сол ақпараттарды ғана қанағат ете алдық. Теледидардағы ақпарат бойынша, Гуан доң деген жерде төбелес болған екен, бұл соның салдары деп хабарланды.

Ертеңінде теледидардан бұл ақпаратты естіп алған қытайлар көшеге шығып, ұйғырларға шабуыл жасады. Оны біз терезеден көріп отырдық. Ұйғырлардың асханасын, дүкенін қиратып жатты.

– Қытай телеарналары қандай ақпарат таратып жатты?

Ұйғырдың жас баласы (оң жақта) көшемен сап түзеп бара жатқан қытай әскеріне қарап отыр. Үрімжі, 12 шілде 2009 жыл.
– Олардың айтуына қарағанда, 1000-нан астам адам жарақаттанып, 160-тай адам өлді делінді. Оның көбі – ұйғылар екендігін айтты. Жексенбі күні кешке ұйғырлар бейбіт шеруге шыққан көрінеді. Милиция оларды таратуға әрекет еткен сияқты. Бұның соңы жалаңқол төбелеске ұласып кеткен.

Бір-бірінен естіп алған екі жақ Үрімжінің кез-келген көшесінде жанжал ұйымдастырған. Халықаралық автовокзалға барғанда да оның қарсысындағы мешіттің есік-терезесін қиратып кеткенін көрдік.

– Үрімжіні Қытай әскері қоршап алды деп еді ғой?

– Солай болуы керек. Өйткені, қаланың ішіне әскер қаптап кетті. Жанармай құятын станцияларда 20-30-дан әскер жүрді. Әсіресе, сондай жерлерді қатты күзетеді екен.

– Бұл белгілі бір күштердің ұйымдастырған қарсылығы ма? Жоқ аяқасты, стихиялы түрде өріс алып па екен?

– Сондағы адамдардың айтуына қарағанда, Үрімжіде орталық алаңда митинг жасаймыз деп бір-біріне интернет арқылы, телефон арқылы хабарламалар жіберіпті.

Жұма күні бесін намазына санаулы уақыт қалғанда мешіттердің есігінде құлып ілулі тұрды. Үрімжі, 10 шілде 2009 жыл.
Дегенмен, меніңше, бұл – ешқандай ұйымдасқан топтың немесе өзге де сыртқы факторлардың әсерінен туындамаған секілді. Жай бір төбелестің салдары осылай болғанға ұқсайды.

Тағы бір жайт – шілденің 5-і күнгі оқиғаны Қытайдың орталық телеарналары толықтай дерлік көрсетті, ал шілденің 6-сында ұйғырларға қарсы шыққан қытайлардың әрекетін телеарналардың ешқайсысы көрсетпеді.

Алайда, дәл үшінші күні сондай қатты бүліншілік бола қойған жоқ. Бүліншіліктің бәрі алғашқы күні болған.

– Бейбіт шеруге шығу жайлы үндеу тастады дейсіз. Сондағы қойған талаптары не екен?

– Жеке ел болу, Шығыс Түркістан мемлекетін құру, азаттыққа қол жеткізу болған сияқты. Бұл бізге жеткен ақпараттар ғана.

– Сұхбатыңызға рахмет!
XS
SM
MD
LG