Accessibility links

Юаньді пайдалану мүмкіндігін айтқан биліктің мәлімдемесінен саясаткерлер қауіптің нышанын байқады


100 юаньдық қытай ақшасы.

100 юаньдық қытай ақшасы.

Қаржы министрі Болат Жәмішев: «Қазақстан юаньды резервтік валюта ретінде пайдалануы мүмкін» деп мәлімдеді. Бақылаушылар мұндай мәлімдеменің президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапары қарсаңында жасалғанын атап көрсетеді.

ҚЫТАЙ ЮАНІ АМЕРИКАЛЫҚ «ДЕФЕКТАЛДЫ» ЫҒЫСТЫРУДА

Қытай юані бірте-бірте америкалық доллардың нағыз бәсекелесіне айналып келеді. Айтқандай, Қазақстан президенті «Дағдарыстан шығу жолдары» деген өз мақаласында долларды «дефектал» деп атаған, президенттің пікірінше доллардың әлем бойынша резервтік валюта мәртебесін иеленуі де-факто, яғни, «заңсыз».

Ал, Қытай юані ендігі америкалық «дефекталды» ығыстыруға кірісті, тіпті, Латын Америкасы нарығының өзінде. Мәні жағынан жапон иенін басып озған юань келер жылы Халықаралық валюталық қордың есеп бірлігін құрайтын валюталар кәрзеңкесін толтыруға тиіс.

Бірқатар ақпарат агенттіктерінің хабарлауы бойынша, наурыздың аяғында Қытай Аргентинамен арадағы сауда-саттықта юаньді пайдалану туралы келісімге қол қойған (10 миллиард доллар немесе 70 миллиард Қытай юані). Сонымен қатар, Қытай Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің ассоциациясына (ОШАМА) мүше елдермен сауда операцияларын жасау кезінде юаньнің кеңінен пайдалануына күш салуда.

Бір сөзбен айтқанда, юань өз аймағынан тысқарыға шығып, алысқа бет алған және Оңтүстік-Шығыс Азия мен Латын Америкасында, сондай-ақ, Қазақстанда жаңа кеңістіктерді бағындыруда.

«ОЛАРДЫҢ ТЕЗ АРАДА ЮАНЬНІҢ ТОЛЫҚ КОНВЕРТАЦИЯСЫНА ҚОЛ ЖЕТКІЗУІ ЕКІТАЛАЙ»


Оппозициялық саясаткер Петр Своик юаньнің әлем бойынша резервтік валютаға айналатыны «іс жүзінде әлден-ақ белгілі» деп санайды, ал, «Ракурс» экономикалық сараптама орталығының директоры Ораз Жандосов Қытайдың алдағы он жылдың ішінде юаньнің толық конвертациясына қол жеткізе қоятынына сенбейді. Оның пікірінше, Қытай мен Аргентина арасындағы келісім секілді өзге де екіжақты келісімдер – үдерістің басы ғана.

Ораз Жандосовтың пайымдауынша, Қытай экономикасының қазіргі құрылымына қарайтын болсақ, әрі оның көптеген шешімін таппаған мәселелері тұрғанда өз валютасының толық конвертациясына қол жеткізу Қытайдағы билік үшін айтарлықтай қиын болмақ. «Сондықтан да, - деп мәлімдеді бұрынғы вице-премьер Ораз Жандосов, - олар юаньнің толық конвертациясына тез арада қол жеткізе қояды деп ойламаймын».

Ораз Жандосовтың айтуынша, Қазақстан сол валюталардың эмитенті боп табылатын елдердің экономикалық ұстанымын көрсететін әртүрлі валюталарды пайдалануға тиіс, сонда, еліміздің алтын-валюталық қоры тұрақтанады. Оның есебінше, Қазақстан үшін юаньді толық конвертацияланған валютаға айналған кезде ғана резервтік валюта ретінде пайдалануға болады.

«БҰЛ МӘЛІМДЕМЕ НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖЕБЕУІМЕН ЖАСАЛДЫ»

Дей тұрғанмен, юаньді әлем бойынша резервтік валютаға айналдыруға ұмтылған қытайлықтар аяқасты, күтпеген жерден Ақорда бейнесінде жаңа одақтас тауып алды. Жуырдағы Қазақстанның қаржы министрі Болат Жәмішевтің «Қазақстан юаньді резервтік валюта ретінде пайдалану мүмкін» деген мәлімдемесі анық соның айғағы.

Болат Жәмішевтің мәлімдемесі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бейжіңге 15-інші ресми сапарының тура қарсаңында жасалуы тегін болмаса керек. Сондай-ақ, қазақ министрі «ол үшін конвертацияланатын валюта болуға юань барынша тырысуы керек» деп атап көрсетті.

Юаньді резервтік валюта ретінде пайдалану мүмкіндігі турасындағы мәлімдеме қаржы министрінің өз көзқарасы емес деп санайды Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин. Нұрсұлтан Назарбаевтың бір кездегі жақтасы, ал, бүгінде Назарбаевтық саяси режимнің бітіспес қарсыласы Серікболсын Әбділдин Болат Жәмішевтің ауызымен президент Назарбаевтың өзі сөйледі деген сенімде.

«Біздің президент көптеген стандарты бар бірнеше «майданды» жақсы ойнайды. Бұл біріншіден. Ал, екіншіден, Назарбаев әлем бойынша жаңа резервтік валюта енгізу арқылы әлемдік мәселелерді шешуге «кірісті». Бұл – бос қиял! Алдағы уақытта бірыңғай аймақтық валюта енгізу мүмкіндігі туа қалып жатса, Қытай юанінен гөрі ресейлік рубльге «отырғанымыз» артық», - деп мәлімдеді Серікболсын Әбділдин Азаттық радиосына берген сұхбатында.

«ТЕГІН ДҮНИЕ ЖОҚ»

Қоғамдық мәселелерді сараптау орталығының директоры, экономист Меруерт Махмутова юаньді резервтік валюта ретінде пайдалану Қазақстанда болжамдық идея деңгейінде талқылануда деп есептейді.

Оның пікірінше, Қазақстанның юаньді пайдалануы — жақын арада бола қоятын шаруа емес, әлі жылдар бойы доллардың үстемдігі сақтала бермек.

Дей тұрғанмен, Меруерт Махмутова қарыздануды қазір жүзеге асырудан Қазақстанға белгілі бір қауіп барын айтады. Азаттық радиосына берген сұхбатында ол былай деді:

«Өз басым, осы елдің азаматы ретінде, бұл мәселелерге бейжай қарай алмайтын адам есебінде мені біздің үкіметтің Қытай тарапынан қарыз алуға бел шешкені қатты алаңдатады. Өйткені, былай да белгілі, тегін дүние жоқ!»

Оппозиция жетекшілерінің бірі Петр Своиктің көзқарасы да осыған шамалас. Азаттық радиосына сұхбат берген ол Қазақстанның резервтік валюта есебінде юаньді пайдалануға көшуі Қазақстанды одан әрі Қытай экспорты мен импортына таңа түседі, ал, саяси және экономикалық тұрғыда тіпті де қаттырақ байлайды деп атап көрсетті.

«Бұл — өте жаман! - дейді Петр Своик. – Анығы - юаньға «байлану» жаман емес, экспорт пен импорттың құрылысы жаман. Бұл — Қазақстан үшін бүгін де, кейін де өте қауіпті дүние».

Петр Своиктің көзқарасы бойынша, Қазақстанның ондай экспорт пен импортқа деген осындайлық «қасіретті тәуелділігі» аздай, енді ақшалай тәуелділігі (Қазақстан резервтік валюта ретінде юаньді пайдалануға көшкен жағдайда. - Азаттық) орнайтын болса, онда Қазақстанның жағдайы мүшкіл болмақ.

«ҚЫТАЙ «ЖАЙМЕН ҒАНА ЖАУЛАП АЛУ» ӘДІСІН ШЕБЕР ҚОЛДАНУДА»


Серікболсын Әбділдин Қазақстанға бағытталған басқыншылық саясатын, «жыландай жылжыған басқыншылық саясатын» Қытай өте шебер жүзеге асыруда деген сенімде.

«Жеріміздің аумағы үлкен, сол себепті, халық та, билік те ендігі қаншама қытайдың аумағымызға кіріп кеткенін аңғармай отыр. Кіріп кеткенде де, өздерінің юаньдарымен...», - дейді Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі.

Сонымен бірге, Серікболсын Әбділдиннің тұжырымы бойынша, қаржы тұрғысынан Қазақстан тәуелсіз бола алады, тіпті, болуға міндетті де:

«Себебі, есепсіз табиғи ресурстар бар, мұнай-, газ-, металлдоллар дегенің жаңбырша төгілуде». Жалпы алғанда, бүгінгі экономикалық әлеуетінің өзі Қазақстанның өзін өзі қаржыландыруына толық мүмкіндік береді».

Серікболсын Әбділдиннің пікірі бойынша, президент Нұрсұлтан Назарбаев өз білгенінше (Әбділдинді бәрінен де осы қынжылтады) елдің стратегиялық ресурстарын жан-жаққа сатуда және мемлекетаралық келісімдерге Ақордада «отырып» емес, өзінің көптеген іссапарларында шетелге барып, қол қояды. Азаттық радиосына берген сұхбатында Серікболсын Әбділдин былай деп мәлімдеді:

«Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға барып, 10-миллиард долларлық несие шартына бір қол қойды, тағы онысымен қоймай, 50 де 50 мұнай мәмілесін жасады. Мұндай іс әлем тәжірбиесінде болмаған, атымен жоқ!

Ол кімге шикізат керек болса, соған өзі барады. Ереже бойынша мемлекетаралық келісімдер шикізаты, табиғи ресурстары бар, байлығы бар елдің аумағында жасалады. Қазақстан тәрізді.

Ал, біздің президент әлемді өзі аралап (соңғы рет Қытайға барды), Қазақстанның табиғи байлығын өз бетінше таратып жүр.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев барлық шикізат көздерін игеру жобаларына Қазақстанның қатысы болу керектігін 20 жылдан кейін ғана есіне алды».

Серікболсын Әбділдин мемлекет басшысының мұндай іс-әрекеті ұлттық экономикаға да, бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқатына да ащы зардабын тигізеді деп санайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG