Accessibility links

Қазақстанда «Борат» фильмінің жалғасы түсірілмек


Британ комигі Саша Барон Коэн «Борат» фильмінің басты кейіпкері Борат Сағдиевтің кейпінде. Германия, 11 қазан 2006 жыл.

Британ комигі Саша Барон Коэн «Борат» фильмінің басты кейіпкері Борат Сағдиевтің кейпінде. Германия, 11 қазан 2006 жыл.

Қазақ режиссері Еркін Рақышев «Менің бауырым Борат» атты фильм түсірмек ойда. Жұрттың көбі осыған дейін түсірілген «Борат» фильмі әлемде Қазақстанның атына кір келтірді деп санайды. Кинорежиссердің ойынша, жаңа фильм ел абыройын күйеден тазартатын туынды болмақ.


КҮЛДІРГІ ӘРІ ЖЕКСҰРЫН БОРАТ

Қазақ режиссері Еркін Рақышев «Борат: Сайыпқыран Қазақстан халқының игілігі үшін Американы мәдени зерттеу» атты комедиялық фильмнің жалғасын түсірмекші деп жазады француздың «Паризиен» газеті.

«Борат» комедиясында Америка жеріне барған Борат атты қазақ журналисінің басынан кешірген оқиғалары баяндалады.

Рөлін ағылшын актері Саша Барон Коэн сомдаған «Борат» фильмінің басты кейіпкері Борат Сагдиев өз жүріс-тұрысы арқылы Орталық Азияның осынау бір елін артта қалған әрі нәсілшілдік жайлаған мемлекет етіп көрсетті, деп атап көрсетеді басылым.

Кинорежиссёр Еркін Рақышев әуелгі «Борат», яғни аталған әжуа-сықақ кинофильмнің жалғасын түсіру арқылы жұртшылыққа Қазақстанның «шынайы бейнесін жеткізем» деп оқталып отыр.

«АНТИБОРАТТЫҢ» КӨЗДЕГЕН МАҚСАТЫ

Жаңадан түсірілетін фильмнің басты кейіпкері – америкалық, тез елігуге бой алдырғыш Борат Қазақстанға сапармен келеді. Ол алдымен «қазақ жері шөлейт дала әрі бір артта қалған, бұратана халықтың мекені» деген ойда болады. Бірақ ол дәулеті шалқыған және мұнайға бай мемлекетке тап болып, таң қалады, деп жазады басылым.

«Біз «Бораттың» бұған дейінгі табысына үміт артып отырмыз және оның Батыстағы жұртшылыққа кең танымал атағын пайдаланып қалып, дүниеге Қазақстанның, Барон Коэннің Қазақстанының нағыз бет-бейнесін көрсетпекпіз», – деп мәлімдеді режиссер Еркін Рақышев.

Экранда алғаш рет 2006 жылы көрсетілген «Борат» фильмі дүние жүзі бойынша үлкен табыстарға ие болды. Бірақ Қазақстан билігі бұл фильмді ұлтты қорлау деп қабылдады. Ел кинотеатрларында фильмді көрсетуге тыйым салынып, актер Коэнге «сенің әлі қыр соңыңнан қалмаспыз» деген мағынада сес айтылды, деп атап көрсетеді газет.

«БОРАТ» ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАҢҚЫН ӘЛЕМГЕ ЖАЙДЫ

«Галф Таймс» онлайн-басылымы әуелгі «Боратты» шыншыл әжуа-сықақ фильмі деп атайды. Әйткенмен, алғашқы «Борат» Қазақстанның даңқын бүкіл әлемге жайды деп түсіндіреді «Галф Таймс».

2009 жылы футболдан әлем біріншілігінің іріктеу ойынын өткізу үшін Қазақстандағы ең ірі қала – Алматыға Англия құрамасы келіп өнер көрсеткенде, қазақ командасының жанкүйерлері стадионның мінбелеріне Бораттың қораш та ажарсыз кейіптегі бейнелерін іліп қойды деп жазады басылым.

«Борат» фильміндегідей емес, Қазақстан өзін шапшаң дамып бара жатқан қазіргі заманға толық сай мемлекет деп санайды. Сонымен қатар, бұл ел өзін Орталық Азияның дамуына серпін беретін экономикалық қозғалтқыш әрі әлемнің аталған аймағының саяси әрі экономикалық көшбасшысы деп есептейді.

Елдің ынта-ұмтылысы оның жаңа ресми елордасы Астана қаласында көрініс тапқан. Мұнда зәулім әрі жарқ-жұрқ етіп қаз-қатар салынған ғимараттар шеттен келген жұрттың көзі алдында мемлекет беделін паш етеді.

Дегенмен, адам құқығын қорғаушылар бұрыннан бері Қазақстанда саяси еркіндіктердің жоқ екендігін сынаумен келеді, деп атап өтеді онлайн-басылым.

«Борат» фильмінің атағы жер жарғанына қарамастан, Саша Барон Коэн фильм кейіпкерінің, яғни әсіре антисемиттік көзқарастағы әрі қарабайырлау келген дөрекі қазақ журналисінің рөлін ойнауын доғарып, келесі түсірілген қойылымдарда оның образын қайтып пайдаланбады.

Ал жаңа «Боратты» түсіру биыл күзде басталмақ. Фильм көрермен қауымға 2011 жылы көрсетіле бастауы ықтимал деп сендіреді режиссер Еркін Рақышев.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG