Accessibility links

Қазақ кино өнерін танытудағы халықаралық кинофестивальдердің рөлі қандай?


V «Евразия» халықаралық кинофестивалінің жарнамасы. Астана, қыркүйек, 2008 жыл.
V «Евразия» халықаралық кинофестивалінің жарнамасы. Астана, қыркүйек, 2008 жыл.

Биыл күзде Алматыда VI «Евразия» халықаралық кинофестивалі өтпекші. Алайда кинорежиссерлер мен киносыншылар арасында осындай байқауларға деген пікір екіге жарылып отыр.


«ӘЛЕММЕН ЖАҚЫНДАСТЫРАТЫН БАЙҚАУ»


Қыркүйектің 21-25 аралығында Алматыда өткелі отырған VI «Евразия» халықаралық кинофестивалінің бағдарламасы Орталық Азия мен Түркі тілдес елдердің киносына арналмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл дәстүрлі фестивальде биыл 10 елден 40 кинотуынды көрсетіледі.

«Келін» кинофильмінен көрініс. 2009 жыл.
Олардың арасында қазақстандық режиссерлер түсірген «Келін», «Секер» сияқты шығармалар да бар.

Қазақ кинорежиссері Данияр Саламат мұндай кинофестивальдерде көрсетілетін фильмдер көрерменнің талғам деңгейін қалыптастыруға оң ықпал етеді деген пікірде.

– Халықаралық кинофестивалдердің үлкен пайдасы бар. Өз басыма тиген бір пайдасын айтайын. 2005 жылы «Евразия» кинофестивалінің ашылу салтанатында «Көшпенділер» фильмі көрсетілетін болды. Алайда, мен оған бармай, «Целинный» кинотеатрында көрсетілетін түрік режиссерінің «Отчуждение» деген фильмін көрдім. Әлемдік киноның бағыт-бағдарынан хабар берген осы фильмнен оның поэтикасына қанығып, үлкен рухани ләззат алып шықтым, – дейді Данияр Саламат.

Мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова Қазақстанда халықаралық кинофестивалдердің өтуін жақсы көрсеткішке балайды. Оның ойынша, кинофестивалдерді кез келген ел өткізе бермейді.

– Қазақстанда халықаралық кинофестивалдердің өткізілуі еліміздің өркениетке қосыла бастағанының бір белгісі. Екіншіден, бұл біздің киногерлердің әлемдік кеңістікке шығуына жақсы мүмкіндік. Үшіншіден, жақсы тәжірбие жинақтауға мүмкіндік береді, төртіншіден, жас
«Біржан сал» фильмінен көрініс. Алматы, тамыз, 2009 жыл.
ұрпақтың әлемге еркін енуіне, сосын кейін өзімізді танытуға қатысты дүние. Және осы халықаралық фестивальдер біздің киноға талапты жас буынды дүниеге әкелді. Олар осы фестивальдерді көріп өскен буын, – дейді Әлия Бөпежанова.


«АҚШАНЫ ЖЕЛГЕ ШАШУ»

Алайда, Қазақстанда өтетін кинофестивальдерге қатысты қазақ режиссерлері мен драматургтері тарапынын сыни пікірлер де естіліп қалады.

– Халықаралық фестивальдер – босқа ақша шашу ғана. Одан да біз жаңа буын режиссерлердің шеберлігін, білімін жетілдіріп, техникалық, қаржылық мәселелерді толықтай шешіп, қазақ режиссерлерінің ұлт мүддесін қорғайтын кинотуынды түсіруіне жағдай жасауымыз керек. Содан кейін ғана халықтың көңілінен шыққан фильмдерді халықаралық фестивальдерге апарғанымыз жөн, – дейді кинорежиссер Қалдыбай Әбенов.

Ал «Қазақфильм» киностудиясы көркемдік кеңесінің мүшесі Дулат Исабеков Қазақстанда кинофестиваль өткізуді азайтқан жөн деп
VII «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі. Алматы, 20 мамыр 2009 жыл.
санайды.

– Фестивальдерді сиретсе деген ойым бар. Өйткені, қазақ киносына олардың берері жоқ. Керісінше, ұлттық кино жасайыншы деген адамдарды жолдан тайдырып, жалпыадамзаттық, белгісіз, адресі жоқ, ұлты жоқ киноларды түсіруге үгіттеу сияқты, – дейді Дулат Исабеков.

Қазақстанда «Евразия», «Астана» халықаралық фестивальдарымен бірге Қазақстанның өз ішінде өтетін «Шәкен жұлдыздары» атты кинофестиваль де бар.

Биыл алтыншы рет өткелі отырған «Евразия» халықаралық кинофестивалі қыркүйектің 21 күні Алматыдағы Лермонтов атындағы орыс драма театрында шымылдығын ашпақ.
XS
SM
MD
LG