Accessibility links

Қазақ тілінде дыбысты мәтінге айналдыратын компьютерлік бағдарлама жасалды


«Ізет» фирмасының директоры Ізетәли Тілешов қазақ тіліндегі дыбысты мәтінге айналдыратын жаңа компьютерлік бағдарламаны таныстырып отыр. Алматы, 12 қараша 2009 жыл.

«Ізет» фирмасының директоры Ізетәли Тілешов қазақ тіліндегі дыбысты мәтінге айналдыратын жаңа компьютерлік бағдарламаны таныстырып отыр. Алматы, 12 қараша 2009 жыл.

Қазақстандық компьютер мамандары қазақ тілінде ауызша айтылған сөзді өздігінен мәтінге түсіретін арнайы компьютерлік бағдарлама жасап шығарды. Жаңа өнім қазақ тілінде жазба жұмысын жеңілдетумен бірге тіл үйренушілер үшін көмекші құрал ретінде ұсынылады.

« ЖАҢА ӨНІМ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСАДЫ»

Мамандардың дерегінше, ауызша айтылған сөзді қаріптеп жазбаша мәтінге түсіретін бағдарламалар қазіргі кезде батыс елдерінде және Қытайда бар. Бірақ Қазақстанда, оның ішінде қазақ тілін ғана қабылдайтын мұндай бағдарлама бірінші рет жасалып отыр.

Жаңа бағдарламаны жасап шығаруға үш жыл уақыт және 200 мың АҚШ доллары шамасында қаражат жұмсалғанын айтқан қазақстандық «Ізет» фирмасының директоры әрі бағдарлама авторларының бірі Ізетәли Тілешов бұл жаңа өнім елде өзекті мәселе болып отырған қазақ тілінің дамуына септігін тигізеді деп сенеді.

Ізетәли Тілешов, компьютерлік бағдарлама әзірлейтін «Ізет» фирмасының директоры. Алматы, 12 қараша 2009 жыл.
— Қазақ тілінің мәселесі туралы қазір екінің бірі, егіздің сыңары айтатын болды. Депутаттар да, саясаткерлер де айтып жатады. Дегенмен, біреу іс арқылы көрсету керек қой. Осы бағдарламаны жасау арқылы қазақ тілінің дамуына үлесімізді қосып жатырмыз деп ойлаймыз, — дейді Ізетәли Тілешов.

Журналистерге арналған таныстырылымда ауторлар жаңа бағдарламаның қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Компьютер микрофонына айтылған қазақша сөздерді бағдарлама қазіргі қазақ әліпбиіндегі қаріптерге өздігіне түсіріп, дайын мәтін күйінде монитордан көрсетіп жатты. Әйтсе де, айтылған сөздің кейбірін мәтінге дұрыс түсірсе, кейбір сөздің орнына мүлдем басқа сөздер жазылып шықты. Мұның себептерін бағдарламаны жасаушылар дәл қазіргі кезде жаңа өнімнің сексен пайызға жұмыс істеп тұрғандығымен және оның дыбысты ажырату қорына әлі де қосымша дыбыстарды енгізу қажетттігімен түсіндірді.

— Біз бұл бағдарламаны фирманың өз қаржысына жасап шығардық. Бағдарлама жүз пайыз жұмыс істеу үшін оны әлі толықтыру керек, ол үшін әртүрлі жастағы адамдардың дауысын жазып алып, оларды өңдеп бағдарламаға енгізуіміз қажет. Бұған кемінде 250-300 мың доллар ақша кетеді. Бұйыртса, біз мұны толық жұмыс атқаратын деңгейге жеткіземіз, — деді Ізетәли Тілешов.

Оның айтуынша, бұл компьютерлік бағдарламаны көптеген салаларда көмекші құрал ретінде пайдалануға болады. Мәселен, парламент, сот мекемесі секілді мемлекеттік орындарда, сондай-ақ журналистердің жұмысын жеңілдетуге, сонымен бірге қазақ тілін үйренушілерге дыбысты дұрыс айтуға жәрдемдеседі.

БАҒДАРЛАМАҒА ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІН АУЫЗША АЙТУҒА ТУРА КЕЛЕДІ

Жаңа бағдарлама ауторларының бірі Есіл Қасенов оның өзіне тән ерекшеліктері бар екендігін айтты.

— Бұл бағдарлама айтылған сөзді мәтінге түсіргенімен тыныс белгілерін «танымайды». Сондықтан тыныс белгілерін оған ауызша айтуға
Есіл Қасенов, компьютерлік бағдарлама әзірлейтін «Ізет» фирмасының қызметкері. Алматы, 12 қараша 2009 жыл.
тура келеді. Әрине, ондай тыныс белгілеріне дейін ажырата алатын бағдарламалар өзге елдерде қолданыста бар. Ал болашақта ондай мүмкіндік бізде де болары даусыз, — деді Есіл Қасенов.

Бағдарлама ауторларының тағы бір айтқаны, бұл бағдарламамен жұмыс істеу үшін қазақ тілін дұрыс меңгерген адам болу керек. Себебі, бағдарлама тек дұрыс әрі қатесіз айтылған қазақша сөздерді ғана мәтінге түсіре алады.

Яғни, бұл өнім адамды басыбүтін толық алмастырады деген сөз емес. Бағдарлама дыбыстан түсірген мәтінді бастан-аяқ қайта сүзіп шығып, тыныс белгілерін қойып шығуға тура келеді.

Бұл бағдарлама «Ізет» фирмасының қазақ тіліне қатысты алғашқы өнімі емес. Соңғы он жылдың бедерінде фирма «Тілмаш», «Сөздік» секілді қазақша компьютерлік бағдарламалар жасап шығарған. Ізетәли Тілешов бұл жолғы жаңа бағдарлама да нарықта сұранысқа ие болады деп сенеді.

— Қазір қазақстандықтардың, әсіресе қала тұрғындарының басым көпшілігінің үйінде компьютер бар. Сол себепті бұл бағдарламаға жұмысы жазумен байланысты адамдар тарапынан сұраныс болады деген үміттеміз, — дейді Ізетәли Тілешов.

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ КОМПЬЮТЕРЛІК БАҒДАРЛАМАР ҮКІМЕТТІҢ ҚОЛДАУЫНСЫЗ ДАМУДА

Азаттыққа пікір білдіргендердің бір бөлігі, жаңа бағдарлама қазақ тілін дамыту ісіне оң әсер етудің орнына әдеттегідей тілге қатысты айтылатын құрғақ уәделердің «құрбаны» болуы мүмкін деген қауіптерімен бөлісті.

Журналист, интернетте қазақ тілін дамыту ісімен шұғылданып жүргендердің бірі Асхат Еркімбайдың ойынша, мұндай бағдарламаның қарапайым азаматтар үшін қажеті шамалы.

— Маған журналист ретінде бұл бағдарламаның қажеті жоқ. Себебі, мәтінді бәрібір қолмен жазасың, досыңа хат жазғың келсе, оны микрофонмен айтып отырмайсың ғой. Сондықтан, мен сияқты қарапайым тұтынушыларға керегі шамалы. Бірақ, бұл бағдарламаны қазақ тіліне пейілсіз, қырын қарайтын жоғарғы жақтағы мекемелер сатып алып, «міне, біз, қазақ тілін дамытуға ақша бөліп, нақты іс жасап жатырмыз», - деп жар салады. Ал, шын мәнінде бәрін техникаға итере салып, өздері қазақ тілін үйренуге, оны өркендетуге саусақтарын да қимылдатпай қоюы мүмкін, — дейді Асхат Еркімбай.

Әйткенмен Асхат Еркімбай бұл бағдарлама компьютер саласындағы қазақ мамандарының тағы бір үлкен жетістігі деген баға береді.

«Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің қызметкері Серікқазы Кәкібаланов бүгінгі таңда үкіметтің қазақ интернетіне де, бұл саладағы мамандардың жетістігіне де назар аудармайтынын қадап айтты. Әйткенмен, маман осы салада қазақ тілін дамыту бағытында жұмыс істеп жатқандар үкіметтің жылы қабағын тосып қол қусырып отырмай өздігінен талпынып жатқандығын атап өтті.

— Үкімет елеп, ескермеді екен деп, тұралап қалған қазақ интернеті және қазақ компьютер саласы мамандары жоқ. Ауызша айтылғанды мәтіндеп беретін бағдарламаның тек қана қазақ тілінде жасалып отыруының өзі қазақтың заманауи технологиясының баяу да болса дамып келе жатқанының көрінісі, — деді Серікқазы Кәкібаланов.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG