Accessibility links

Копенгагенде 192 елдің өкілдері ғаламдық жылыну проблемасын талқылауда


Ауа-райының өзгеруімен күреске қатысты Копенгагендегі көрме. 7 желтоқсан 2009 жыл.

Ауа-райының өзгеруімен күреске қатысты Копенгагендегі көрме. 7 желтоқсан 2009 жыл.

Копенгагенде өтіп жатқан жиынға 15 мыңға жуық адам жиналды. Олар ғаламдық ауа райының жылынуы салдарынан әлемде тіршілікке атаулыға төнген қауіп-қатердің алдын алу жайын талқылауда. Бірақ, бұл проблеманы ғалымдар әсірелеп көрсетті деген сын да айтылып жатыр.


БҰҰ АУА РАЙЫНЫҢ ЖЫЛЫНУЫН КҮН ТӘРТІБІНЕ ШЫҒАРДЫ


Ғаламдық ауа-райының өзгеруіне қатысты Копенгагендегі халықаралық конференция осы аптада баспасөз құралдары жазып жатқан басты тақырыпқа айналған. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұндай саммиттерге қоғам онша назар аудармайтын. Себебі ғаламдық ауа-райының жылынуы мәселесі кеңінен талқыланғанымен оған қоғам шұғыл проблема деп қарамайтын.

Енді жағдай түпкілікті өзгерді. Копенгагендегі конференция оның қаншалықты айтарлықтай өзгеріп жатқандығына дәлел болып отыр.

Екіапталық конференцияға шамамен 15 мың адам жиналды. Олардың тек бірнеше жүзі ғана қатысушы 192 елдің өкілдері, ал қалғандары болса ғалымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қызығушылық танытып отырған топтардың мүшелері мен бақылаушылар боп табылады.

Бұл конференцияға жиналғандардың саны көп болғандықтан Дания тәртіпті сақтау үшін полиция күштерінің жартысын ел астанасына орналастырып отыр.

ҒАЛАМДЫҚ ЖЫЛЫНУ - ӘЛЕМДІК ПРОБЛЕМА

Неліктен Копенгагендегі жиын кең ауқамды деңгейде өтіп жатыр?

Оның бір себебі: әлем елдері газ эмиссиясының шығарылуын бақылау арқылы ғаламдық ауа-райының жылынуымен күресу керек деген ортақ пікірге келіп отыр.

Ауа-райының өзгеруі бойынша БҰҰ басшысы Иво де Бур саммит ашылғанда сөйлеген сөзінде былай деп мәлімдеді:

«Ресми мәлімдемелер үшін уақыт аяқталды. Белгілі ұстанымымыздарды қайталау үшін уақыт өтті. Енді бір-бірімізге қайырылуға уақыт келді».

Бұл жолғы конференцияға атмосфераның ластануына ең көп үлес қосатын екі ел – АҚШ пен Қытай қатысуда. Мұның өзі оптимизмге жол ашып отыр. Аталған екі мемлекет газ эмиссиясын бақылауға немесе қысқартуға уәде етуде.

Дегенмен олардың ешқайсысы ғаламдық көмір қышқыл газының таралуын азайту жөніндегі Киото хаттамасына қол қоймаған.

Дания астанасындағы конференция әлем елдерін ғаламдық ауа-райының өзгеруі мәселесін шешу үшін бірігуге шақырды.

ҰРЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ҒАЛЫМДАРДЫ СЫНАУҒА НЕГІЗ БОЛДЫ

Кейбір баспасөз құралдарында Британиядағы ауа-райын зерттейтін жетекші орталықтың, яғни Шығыс Англия универститеті ғалымдарының электронды поштасы заңсыз түрде ашылғандығы жазылуда.

Сыншылардың айтуынша, әлгі электронды пошталардан құпия түрде ұрланып, интернетте жарияланған хаттарға сәйкес, ғалымдар ғаламдық ауа-райының жылынуынан төніп тұрған қауіпті әдейі ұлғайтып көрсетуге тырысуда.

Мұндай хабарлардан кейін Британиядағы әлгі зерттеу орталығының директоры қызметінен кетті. Бұған қоса, бірқатар топтар мен АҚШ конгресі осы мәселені тергеуге шақырды.

Ғаламдық ауа-райының жылынуы саясаты бойынша қордың директоры Бенни Пейзердің айтуынша, ғалымдардың бұл мәселені жақсылап зерттеуіне көбірек уақыт керек. Бірақ басқалар көмір қышқыл газының қысқартылуы керектігін ғылым дәлелдеген, сондықтан бұл мәселеде тезірек алғабасушылық жасалуы тиіс дейді.
XS
SM
MD
LG