Accessibility links

Ақтөбеде сот төрағасы абыройсыз қызметке айналды


Ақтөбе облыстық сотының бұрынғы төрағасы Мұхтар Есжановқа қатысты сот процесі 3 қарашадан бері өтіп жатыр. Сот үкімі желтоқсанның 10-да шығатын болды.

Прокурор Есжановты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Өткен аптада екі жақтың жарыссөздері болды, айыпталушы да соңғы сөзін айтты. Мұхтар Есжанов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, мойындап отырған жоқ. Сонымен Есжановқа тағылып отырған айыптар қандай?

Әңгімені басынан бастасақ, үстіміздегі жылдың ақпан айында ҰҚК Ақтөбе облыстық департаменті Мұхтар Есжановты 50 мың доллар көлемінде пара алды деп айыптап, қамап тастаған болатын. Қылмыстық іске тартылған Мұғалжар аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Жайлау Қалиевті ақтау үшін Есжанов қомақты сома талап етті деген ақпарат облыстық прокуратура тарапынан да айтылды.

Арнайы мамандандырылған сот судьясы Ақгүл Қарасаева осы мәселенің басын ашуға тырысып жатыр. Парамен айыпталған сот төрағасының дауы қызған кезде, шұғыл түрде басқа облысқа ауыстырылған бұрынғы облыс прокуроры Дастан Сартаев та келіп куәлік берді. Есжановтың қорғаушысы Өтеген Ихсанов болса, билігін шектен тыс асыра пайдаланғаны үшін ҰҚК Ақтөбе облыстық департаментінің бастығы Әлиасқаровты қылмыстық жауапкершілікке тарту керек дейді. Себебі, ол облыстық сот ғимаратында қауіпсіздік комитетінің қызметкері қарауылда отыруы керек деген бұйрық шығарып, Есжанов орындаудан бас тартқан. Жанжал осы жерден тұтанған.

Әрі қауіпсіздік қызметкері мемлекеттік құпияны таратып қоймасын деп, сот төрағасының басқан ізін аңдып отыруға тиісті болған. Мұхтар Есжанов оған бағынғысы келмеген.

Ақпаннан бері тұтанған жанжалдың аржағында прокуратура, сот пен ұлттық қауіпсіздік департаментінің арасындағы күшті текетірес тұр. Есжанов Әлиасқаровпен нені бөлісе алмай жүр?

Жалпы, Ақтөбеде облыстық сот төрағасы абыройсыз қызметке айналып бара жатыр. Оның алдындағы төраға Қосаев арақ ішіп жұрт көзіне түсіп, онысымен қоймай қарамағындағы қызметкер қызға қырғидай тиіп, арты үлкен шуға айналғаны бар.

Ақтөбеге абыройсыз соттар келе ме, әлде болмаса төрағаларға қарсы ұйымдастырылған әрекет пе? Көпшіліктің пікіріне жүгінсек, бұл күштік құрылымдар мен сот арасындағы «соғыстан» басқа ештеңе емес. Жергілікті жердегі күрестің көзге көрінген майданы кейбір жұрт көзінен жасырылған мәселелерді де ашып тастап жатыр.

Наурыз айында Жайлау Қалиевтің әйелі бізге хабарласып, өзінің күйеуіне тағайындалған жазаны жеңілдету үшін, Есжановқа пара бергенін растаған болатын. Біз сол кезде бұрынғы полицейдің әйелінің күйеуін пара беріп босатып алдық деп, ашықтан - ашық ақпарат құралы өкіліне хабарласқанына таңданысымызды жасыра алмай, «Оны айтқаннан сізге қандай пайда бар?» дегенде, ол телефонды тастай салған-ды.

Бір қызығы, Мұғалжар ауданының бірінші полицейі әлі «қашып» жүр. Қашып жүрген полицейдің әйелі әлгіндей дейді. Есжанов пара алды ма, жоқ па деген мәселенің артында қашқын Жайлау Қалиев қайда деген екінші сұрақтың басы көрініп тұр.

Сот процесінде Жайлау Қалиевтің ағасы Сайлау Кәукентаевтың Есжановқа пара беру мақсатында Қызылордадан Аралбай Қозыбақов деген ықпалды бір адамды тапқаны айтылды. Аралбай Қозыбақов Қызылордадан ұшып келіп, Мұхтар Есжановпен Ақтөбедегі «Амстердам» қонақ үйінде оңаша кездескен. Қозыбақовтың өзі де мұны растады. Есжанов болса, Аралбай Қозыбақовпен таныстығын теріске шығарды.

Процесс кезінде телефоннан жазылған дыбыстар тыңдалды. Онда «давай, попробуем!» деген Есжановтың сөзі анық естіледі. Есжанов айтады: «Давай, попробуем» дегенді әртүрлі түсінуге болады. Бұл арада Жоғарғы Сотқа арызданып көр» дегеннен басқа ештеңе емес.

Сайлау Кәукентаев Аралбай Қозыбақовтың араласуымен Жоғарғы Сот арқылы Қалиевтің ісін қысқартуға 70-80 мың доллар сұратқанын да жеткізді. Оның алдында Тұрсын деген біреудің қылмыстық істі шешіп берем деп, ақшаларын алып тақырға отырғызып кеткенін де айтты. Кәукентаевқа Аралбай Қозыбақов айтқанын орындайтын адам болып көрінген.

Айта кету керек, Мұхтар Есжанов тәуелсіз Қазақстан тарихында өзінің абырой мен ар-намысын қорғау мақсатында ашық сот процесіне қатысудан тайынбай отырған әзірге жалғыз бұрынғы сот төрағасы.

Мұхтар Есжанов 1996 жылы Жоғарғы соттың судьясы болып тағайындалған, 2002 жылы Қызылорда облыстық сотының төрағасы, 2006 жылы Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болып тағайындалған еді.

XS
SM
MD
LG