Accessibility links

Н.Назарбаев: Шетелдік кәсіпорындардың бетін бері бұруға шамамыз жетеді


Қазақстан президенті Н. Назарбаев жемқорлыққа қарсы күрес форумында. Астана, 7 қараша, 2008 жыл

Қазақстан президенті Н. Назарбаев жемқорлыққа қарсы күрес форумында. Астана, 7 қараша, 2008 жыл

Бүгін Алматыда шетелдік инвтесторлар кеңесінің 20-шы отырысы өтті. Жиынға төрағалық еткен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвесторлардың жұмысына қатысты бірқатар сын айтты.

Қазақстан президенті отандық өнім өндірушілердің тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алуға байланысты өткізілетін тендерлердің мерзімі мен шарттары туралы ақпараттан, сондай-ақ болашақ жоспарлардан құр қалып келе жатқандарын сөз етті.

«Егер де біз келер жылы және одан кейінгі жылдары компанияларда не болатынын білсек, онда біз өз компанияларымызды тиісінше дайындап қояр едік. Алайда ондай ақпарат бізде жоқ», - деді Н.Назарбаев.

Бұл орайда «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес ұлттық компаниялардың өздеріне керек-жарақтарды мүмкіндігінше Қазақстаннан сатып алуға міндетті екендігін айтқан президент ендігі жерде ондай талап шетелдіктерге де қойылатынын ескертті.

«Осында отырған басшылар төменде не болып жатқанын білмейсіздер. Сіздерге біздің қояр кінәміз жоқ. Бірақ сіздердің шенеуніктеріңіз өзгергісі келмейді», - деген президент «оларды Қазақстанға бет бұруға мәжбүр етуге» биліктің шамасы жететінін атап айтты.

Ал Қазақстанның қазба байлықтарын өндіру жөніндегі тендерлердің Лондонда өткізілетінін «барып тұрған бассыздық» деп атаған президент тендерлерге қазақстандық компаниялардың шақырылмайтындығын сынады.

«Мен сіздерден осыны ескеруді қатты өтінемін. Ондай тендерлерді біз әділетті деп санамаймыз», - деді ол.

Сонымен бірге, Назарбаев елде жұмыс істеп жатқан шетелдік кәсіпорындарға қажет мамандық иелерін Қазақстанның ішкі еңбек нарығы есебінен қамтамасыз етуді атап айтты.

«Аспазшы, даяшыларға дейін, кейбір құрылыс жұмысына бізде де бар мамандарды сырттан алып келмеуі тиіс. Біздің айтып отырғанымыз - барлықтары Қазақстанға жұмыс істеуі керек. Бұлар негізгі жұмысының жанында өздеріне керекті неше түрлі затты, қызметті 18 млрд долларға алады. Соның Қазақстанға тиетін бөлігі 25 проценті ғана. Осыны жартысына дейін көтеру мәселесін қойып отырмыз. Сонда, біздің елде көп адам зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істейтін болады», - деді президент Назарбаев жиын соңында өткен брифингте.

Қазақстан президенті шетелдік инвесторлар кеңесінің келесі отырысы 2009 жылы маусымның 12-сінде Қостанайда өтетінін хабарлады. Ол жиын «Әлемдік қаржы нарығындағы өзгерістер жағдайында Қазақстан экономикасының одан әрі дамуы үшін қаржыландырудың баламалы көздері» деген тақырыпта өтпекші.

Қазақстан президентiнiң жанындағы шетелдiк инвесторлар кеңесi 1998 жылы маусымның 30-да президент жарлығымен құрылған. Президент басқаратын бұл кеңес республика үкіметі мен елде жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар арасында тікелей диалог орнату, инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатын көздейді. Кеңестiң құрамына Қазақстанның бас министрі, Ұлттық банк төрағасы, сыртқы iстер министрi, Индустрия және сауда министрлігіндегі инвестициялар жөніндегі комитет төрағасы , қаржы министрi, экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi енеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG