Accessibility links

Евгений Жовтистің тағдыры екі-ақ күнде шешіліп, төрт жылға сотталып кете барды


Балқаш аудандық сотының төрағасы Чолан Толқынов. 3 қыркүйек, 2009 жыл.

Балқаш аудандық сотының төрағасы Чолан Толқынов. 3 қыркүйек, 2009 жыл.

3 қыркүйекте Алматы облысы Балқаш аудандық сотының төрағасы Чолан Толқынов Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро директоры Евгений Жовтисті кісі өліміне себепкер деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.


ЖАРТЫ САҒАТТА ЖАЗЫЛҒАН ҮКІМ

Бейсенбі күні Алматы облысы Балқаш ауданының орталығы -Бақанаста жол жүру ережесін бұзу салдарынан кісі өліміне себепкер болды деген айып бойынша Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтиске қарсы сот поцесі аяқталды.
Құқыққорғаушы Евгений Жовтис айыпталушы орындығында отыр. Бақанас, 3 қыркүйек, 2009 жыл.


Судья Чолан Толқынов құқыққорғаушыны 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімді оқып бола салысымен, Евгений Жовтисті сот залынан бірден қамауға алып кетті деп хабарлады құқыққорғаушы Андрей Свиридов.

Сонымен қатар, ол сот үкімі прокурордың бұдан бұрынғы айтқан талаптарымен сәйкес келгендігіне назар аударады.

Жовтистің адвокаты Виталий Воронов болса шығарылған үкімнің алдын ала дайын болғандығына күмән келтірмейді.

«Бес беттік үкімді судья жарты сағаттың ішінде жазып шығуы мүмкін емес. Бұл Қылмыстық кодекс талаптарының өрескел бұзылуы, адамды қорғау және қорғану құқының бұзылуы», - деп мәлімдеді адвокат Азаттық радиосына берген сұхбатында.


АДВОКАТТАР ЖАРЫССӨЗДЕРГЕ ҚАТЫСПАДЫ, ТУЫСТАР БІР БАЙЛАМҒА КЕЛЕ АЛМАДЫ

Бұған дейін сотталушының жақтаушылары тараптардың жарыссөздеріне қатысудан бас тартқан болатын. Ал Евгений Жовтистің өзі бұл сот процесін «саяси жаза» деп атап, соттағы соңғы сөзін айту мүмкіндігін де пайдаланбады.

Евгений Жовтистің қорғаушылары сот процесіндегі жарыссөздердің бейсенбіге белгіленуін де қолдамаған еді. Алайда судья Толқынов жарыссөздерді кейінге қалдырмайтындығын айтып, тараптардың дайындығына 40 минут уақыт белгіледі. Ол жарыссөздерге адвокаттар қатысқан жоқ, прокурор ғана сөйледі.

Сәрсенбі күнгі сот мәжілісі барысында сөйлеген қаза болған азаматтың туыстары соттан Жовтистің жазалануын талап еткен еді.

Жовтистің қорғаушылары болса Қанат Молдабаевтың туыстарының бұған дейін сотталушыға шағымы болмаған еді дейді.

Соттың алғашқы күні сөйлеген марқұм Қанаттың ағасы Манат Молдабаев "Жовтиске тағар кінәміз жоқ. Бірақ мәселені мен жалғыз шешпеймін туыстардың басқасы не айтатынын білмеймін" деп анасы жазып берген өтінішті сотқа тапсырған болатын.
Евгений Жовтистің ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы Алтай Жәнібеков.Бақанас, 3 қыркүйек, 2009 жыл.


Онда қайтыс болған жігіттің анасы Жовтис өзінен кешірім сұрағанын, марқұм ұлын жерлеу рәсімін ұйымдастырып, өткізуге көмектескенін, материалдық шығынды мойнына алып, 15 мың доллар төлегенін жазған.

Дегенмен Қанат Молдабаевтың әкесі жағынан туыстары және әпкесі Жовтиске қарсы қылмыстық іс қозғалып, оның сотқа тартылуын талап еткендерін айтады. Бейсенбідегі соттың соңғы мәжілісінде Қанат Молдабавтың әпкесі Толқын Құдабекова сөз алып, бауырының қазасы туралы қашан, қалай естігені жайында айтып берді.

Сот процесінің алғашқы күні Евгений Жовтистің адвокаты Виталий Воронов судья Чолан Толқыновты ауыстыру туралы өтініш түсірген болатын. Сот қорғаушының ұсынысын қанағаттандырған жоқ. Сондай-ақ, сот айыпталушының қорғаушыларының тергеуді толығымен қайта жүргізу туралы талабын да орындамады.
Жовтистің адвокаты Виталий Воронов, Бақанас, 3 қыркүйек, 2009 жыл.


Осы процесті бақылаушы режиссер Болат Атабаев Жовтиске қатысты сот үкімін «әділетсіз» деп есептейді. Оның айтуынша, жол апатынан қаза болған Қанат Молдабаевтың "ішкілікке әуестігі" туралы әңгімелер сотта айыпталушының өз қалауы бойынша айтылмай қалған.

«Бақанас - менің туған жерім. Маған Гүлнәр есімді жергілікті тұрғын марқұм болған жігіттің қайғылы оқиға болған күні алкогольдік ішімдік ішкендігін айтты. Бірақ Евгений Жовтистің өзі, марқұмның өткен өмірін қазбалау арқылы анасының жүрегіне ауыр тимес үшін, бұл жағына сотта көп назар аударылмауын сұрады. Жовтистің бұл әрекеті құптарлық»,- деді Болат Атабаев.


ДОС КӨШІМ ІСТІҢ САЯСИ АСТАРЫНА СЕНІМДІ

Евгений Жовтистің қоғамдық қорғаушыcы Дос Көшім сот шешіміне шағым түсіретіндіктерін айтып, мұндай қатаң үкімнің астарында саясат жатыр дейді :

«Бұл жазаны мен Жовтистің абайсызда жасаған жағдайына сай келмейді деп ойлаймын. Сондықтан біз апелляциялық шағым түсіріп, бұл істі аяғына дейін жеткізуге тырысамыз. Адамды қағып кету салдарынан қаза болған кезде тараптар өзара келісімге келтін жайттар болады. Осының алдында ғана дәл осыған ұқсас оқиғаға тап болған "Время" газетінің журналисі Тоқнияз Күшіковтің де сотталуы бұл істердің аржағында саясат тұр ма деген ойға итермелейді,- » деді Дос Көшім Азаттыққа берген сұхбатында.

Бақанастағы сотқа қатысып отырған журналистер мен саясаткерлер, қоғам өкілдері.


Тамыз айының аяғында Қапшағай қаласының соты көлігімен жаяу жүргіншіні қағып кеткен "Время" газетінің журналисі Тоқнияз Күшіковті төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған болатын. Ол оқиғада да жүргінші машинаның қағуы салдарынан қаза тапқан еді.


Осы сот процесі қарсаңында халықаралық «Хьюман Райтс Вотч» ұйымы, ЕҚЫҰ және қазақстандық құқыққорғаушылар Қазақстан билігінен Евгений Жовтистің ісінің әділетті қаралуын сұраған еді. АҚШ, Ұлыбритания, Германия елшіліктерінің өкілдері істің барысын қадағалап отырды.

Евгений Жовтис өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі «тапсырыс» деп бағалайтындығын мәлімдеген-ді.

Естеріңізге салар болсақ, құқыққорғаушы Евгений Жовтис «Тойота» маркалы автокөлігімен шілденің 26-сы күні сағат 22.30-дың шамасында Қараой-Алматы тас жолының 131-шақырымында 34 жасар жаяу жүргіншіні қағып кеткен болатын. Қанат Молдабаев оқиға орнында қаза тапты. Тамыздың 17-і күні полиция осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғандығын жариялады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG