Accessibility links

Үкім шығарылған соң бұрынғы экология министрі журналистерге рақмет айтты

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Экс-министр Нұрлан Ысқақов үкім шыққан соң баспасөз өкілдеріне мәлімдеме жасап тұр. Астана, 16 қазан 2009 жыл.

Экс-министр Нұрлан Ысқақов үкім шыққан соң баспасөз өкілдеріне мәлімдеме жасап тұр. Астана, 16 қазан 2009 жыл.

4 жылға бас бостандығынан айрылған экс-министр Нұрлан Ысқақов үкім шыққан соң баспасөз өкілдеріне алғыс білдірсе, оның әйелі күйеуінің Назарбаевқа қарыздар екендігін айтты.


ҚЫЛМЫС ПЕН ЖАЗА

Экология министрлігінің бұрынғы басшыларына қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша төрт айдан астам уақыта созылған сот ісінде шығарылған үкімді оқу судья Ердан Тасыровқа ерекше қиындыққа түсті. Бейсенбі күнгі сотта қан қысымы көтеріліп, мазасы болмаған судья екі рет үзіліс жариялап, ақыр соңында үкім оқуды келесі күнге қалдырған-ды.

Ал жұма күні отырысқа келген судья Тасыров сергек көрінді. Оның жария еткен үкімінде ең ұзақ жаза «Меркурий Плюс» компаниясының өкілі Әділбек Жайылғановқа шығарылды. Оның мемлекет қаржысынан 875 миллион теңгені жымқыруға қатысқаны дәлелденген деп
Судья Ерлан Тасыров сот үкімін оқып тұр. Астана, 16 қазан 2009 жыл.
тапқан судья айыпкерді алты жыл мерзімге бас еркіндігінен айырып, жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтеуге үкім етті. Сонымен бірге Жайылғановтың жеке мүлкі тәркіленетін болды.

Сот Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Меркурий плюс» компаниясына берген талабын ішінара қанағаттандырып, компаниядан мемлекет есебіне 875 миллион теңгені және баж алымы есебінде 26 миллион теңге қаржыны өндіріп алуға кесім жасады.

Министрліктің тапсырысы бойынша ғылыми зерттеулер мен техникалық-экономикалық негіздеме дайындау, контейнерлер әзірлеу, арнайы техниканы жалдау және т.б. жұмыстарды атқарған қарағандылық жеті фирманың іс-әрекеттері заңсыз және олар бюджет қаржысын қымқыруға септескен деп танылды.

Еске сала кетейік, осы қылмыстық істің тергеуін жүргізген қаржы полициясы әлгі компаниялардың меншік иелерін тек куәгер ретінде қарастырып, олардың іс-әрекетінен ешқандай қылмыс құрамын байқамаған болатын.

БҰРЫНҒЫ БАСШЫЛАР

Ал қылмыстық іс бойынша басты айыпкердің бірі ретінде сотқа тартылған бұрынғы экология министрі Нұрлан Ысқақовқа тағылған «қылмыстық топты ұйымдастырған» деген айып сот барысында дәлелденген жоқ деген ұйғарым жасады судья. Алайда, Ысқақовты Қылмыстық кодекстің 307-бабының 4-бөлігі бойынша, яғни «қызмет бабын теріс пайдаланған» деп тауып, сот оны 4 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын жалпы тәртіптегі қамау мекемесінде өтейді. Сондай-ақ Нұрлан Ысқақовқа 5 жыл мерзімге мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынды.

Сот үкімімен бұрынғы вице-министр Әлжан Брәлиев 2 жыл мерзімге шартты жазаға кесілді. Сот оған екі жыл бойы мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салды.

Бұрынғы экология вице-министрі Зейнолла Сәрсенбаев сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 16 қазан 2009 жыл.
Сол секілді тағы бір бұрынғы вице-министр Зейнолла Сәрсенбаевқа 3 жыл шартты жаза тағайындалды. Сот шешіміне сәйкес, ол да 3 жыл бойы мемлекеттік қызметке тағайындалу құқығынан айырылды.

Осы іс бойынша тергеу басталғалы бері қамауда болған Әлжан Брәлиев үкім оқылып біткен соң сот залынан бостандыққа шықты. Ал Зейнолла Сәрсенбаевтан ешқайда кетпейтіндігі туралы қолхат алынып, соты оны үйқамақтан босату туралы шешім қабылдады.

Судья Тасыров қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұрынғы басшылары – Нұрлан Ысқақов, Әлжан Брәлиев және Зейнолла Серсенбаевқа Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-тармағына сәйкес қаржы полициясы таққан айыптар негізсіз деп тапты, сондай-ақ олардың «мемлекет қаржысын талан-таражға салғандығы» сот барысында дәлелденбеді деген ұйғарым жасады. Бұл айыптаулар бойынша сот оларды ақтады.

ТУЫСҚАНДАРДЫҢ КӨҢІЛ-КҮЙІ

Судьяның үкімін сотталғандардың өздері мен туысқандары әртүрлі қабылдады. Әсіресе, Нұрлан Ысқақовтың анасы Дәметкен журналистерге соттың әділетті болатындығына соңғы сәтке дейін сеніп келгендігін айтып, көз жасына ерік берді. Шерлі ана ұлының «өз
Нұрлан Ысқақовтың анасы Дәметкен сот үкімі шыққаннан кейін журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 16 қазан 2009 жыл.
қызметін адал атқарғаны үшін сотталады» деген үш ұйықтаса түсіне кірмегенін айтып жылады.

Адвокат Сергай Деев пен оның қорғауында болған Әлжан Брәлиев қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Әйткенмен, сот үкіміне шағым берместен бұрын оның мәтінімен мұқият танысып шығатындарын жеткізді.

Бұрынғы вице-министрдің әкесі мүсінші Хамидулла Брәлиев ұлын бостандыққа шығарған сот шешіміне қанағаттанатындығын, әйткенмен ұлының «психологиялық тұрғыда әлі азат» еместігін атап өтті.

«ҚАРЫЗ» ЖӘНЕ «ТІРЕУ»

Ал, бұрынғы экология министрі Нұрлан Ысқақов сот үкімі оқылып болғаннан кейін журналистерге берген сұхбатында баспасөз өкілдеріне алғысын айтып, өзіне тағылған айыптардың ешбірімен де келіспейтіндігін мәлімдеді.

– Менің ойымша, бұқаралық ақпарат құралдары төрт ай бойында сот отырысының барысын обьективті көрсетіп, бұл істе кінәміздің жоқ екенін жан-жақты дәлелдегеніміздің толық куәсі болдыңыздар. Маған бұл айыпты не үшін тағып отырғанын білмеймін. Апелляциялық шағым беретін боламыз. Журналистерге рахметімді айтамын, – деді экс-министр Нұрлан Ысқақов.

Нұргүл Жандосова, бұрынғы экология министрі Нұрлан Ысқақовтың зайыбы. Астана, 15 қазан 2009 жыл.
Алайда, оның зайыбы Нұргүл Жандосованың баспасөзге қояр кінәсі жоқ емес. Ол тергеу аяқталып бітпей жатып күйеуін қылмыскер деп жазған республикалық күнделікті басылымды, сондай-ақ оның күйеуі осы қылмыстық істе аты-жөні аталған Татьяна Савицкаямен көңілдес болған-мыс деп мақала жазған оппозициялық газетті атады.

Дегенмен де ол осы процестің ашық өтуі арқасында жұртшылық арасында объективті пікір қалыптасқандығына сенімді екендігін айтты. «Бәрібір біз моральдық тұрғыда жеңіске жеттік», – деді Нұргүл Жандосова.

Ол өзінің күйеуін адалдығынан опық жеді деп санайды. «Бұл қандай ерсі естілсе де айтайын – оның «тіреуі» болған емес, ол қызметінде өз еңбегімен, тек президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының арқасында ғана өсті», – дейді Нұрлан Ысқақовтың зайыбы.

Жұбайының бұдан ары қарайғы тағдырына қатысты Азаттық радиосының сауалына берген жауабында Нұргүл Жандосова күйеуінің мемлекеттік қызметке оралғанын қаламайтындығын, бірақ «оның оппозицияның қатарына да қосылмайтындығын» қадап айтты.

«Ол президентке өте қарыздар», – деді Нұргүл Жандосова.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG