Accessibility links

Ауыл тұрғындарының қалаға қоныстануы үдеген сайын шаһарда сиырлар көбейе бастады


Қаладағы қоқыс-қалдық төгетін орында сиыр жайған бақташы. Семей.

Қаладағы қоқыс-қалдық төгетін орында сиыр жайған бақташы. Семей.

Семей көшелерінде азық іздеген сиырларды жиі көруге болады. Бүгінде бұл тек экологиялық мәселе ғана емес. Жайылымның, бос жатқан жердің қалмауынан малшылар қаланың ішіне, тұрғын үйлердің ара-арасына сиыр жаюға көшкен.


ҚАЛА КЕЗГЕН СИЫР ТАБЫНЫ

Семей қаласының әр бұрышында көше кезіп, ауызына іліккенін жеп, жайылып жүрген сиырлардың шағын табындары жиі ұшырасады. Қалада бұл жағдай, тіпті сиыр табынының көлік қозғалысына кедергі келтіріп жүргені бүгінде ешкімге де таң емес.

Ендігі көше кезіп жүрген бір ғана ит емес, оның қатарына сиыр да қосылып, қоқыс-қалдық тастайтын жәшіктердің маңында жүр. Сонда, шынымен сиыр жайылатын жер жоқ па деген сұраққа бақташы самарқау ғана жауап айтады: қаланың сыртына шыққаннан еш пайда жоқ, өйткені бос жатқан жер жоқ, бәрінің қожайыны бар, мал жайғаның үшін ақы талап етеді.

Амалы жоқ малшы табынды қаладағы аулаларға жаюдан басқа жол таппаған: сиыр да қоректенеді әрі тыйым салып жатқан ешкім жоқ. Төрт түліктің бірі – сиыр малынан келер қауіп жоқ, тек балаларға зияны тиіп кетпесе болды деген қала жұрты бұған түсіністікпен қарайды.

Семей тұрғыны Балкен Омарова Азаттық радиосының тілшісімен әңгімеге келгенде көшеде иттің жүргеніне үйреніп кеткені секілді
Зеңгі баба түліктері қоқыстан қорек іздеп жүр. Семей.
сиырға да көз үйрене бастағанын айтты.

– Тек сиырдың қалдық-қоқыс тастайтын орындарда жүруі ғана көңілге онша қонымды нәрсе емес. Қалдық жеген малдың сүтін ішкен жақсы емес. Сол себепті мен қолдан сүт тағамдарын алуды азайттым. Жер үйлерде тұратын сүт сатушылардың арасында осы сиырлардың иелерінің бар екені анық, – дейді Балкен Омарова.

Бұл қаланы жұрттың үлкен ауыл дейтіні семейліктер үшін құпия емес. Оралмандар мен ауылдан қалаға қоныс аударғандар өздерімен бірге өз тұрмыстық болмыстарын да ала келді. Яғни, қалада мал ұстау, құрбандыққа қой шалу дәстүрлері үйреншікті қалыпқа айналып отыр. Балалар ойнап жүрген аулаларда мал сойылып жатады.

ҚОҚЫСТАҒЫ ҚОРЕК, КҮМӘНДІ ЕТ-СҮТ

Семей қаласы бойынша мемлекеттік бас мал дәрігері Жанат Рақышевтың жергілікті газетке айтуынша, 227 бас ірі қарадан «бруцеллез» ауруы табылған.

«Барлық түлік, яғни ірі қара мен шошқалар ауруға шалдыққан. Бір жақсы жері – бруцеллезден қой малы аман», – деген Семейдің бас мал дәрігері «Спектр» газетіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар мамандар малды сойғаннан кейін 24 сағат ішінде аурудың қоздырушылары өледі де, ет өнеркәсіптік қайта өңдеуге жөнелтілетінін түсіндіреді. Бірақ үйінде малы бар тұрғындар малдан айырылып қалуды, аурудың кесірінен ет бағасының арзандап кететінін ойлап, уайым қылып отыр.

Әйткенмен, қала аулаларында, қалдық тастайтын орындарда жайылып, тамақтың қалдықтарымен қоректеніп жүрген сиырларды және малмен бірге қалдық кешіп жүрген бақташыны жиі жолықтыруға болады.

Қаланың базарларында сатылып жатқан ет сапасына қатысты дау-дамай да шығып қалады. Семей тұрғындары қалаға жаңа сойылған
Бұндай көрініс Семей тұрғындары үшін таңсық емес.
малдың еті емес, тұрып қалған ет әкелінеді дейді. Ет өнімдерін сатушы Николай Васильев Азаттық радиосына берген сұхбатында, ет сатушылардың арасында сапасыз ет сататындардың да бар екенін айтты.

– Егер ет бұзыла бастаса, оны шұжық цехтарына өткізеді, ол жерде бұзылған еттің иісі арнайы қоспалардың иісінің арасында білінбей қалады. Мәселен, біз Ресейге де ет апарамыз, ол жақта, шекарадағы санитарлық бақылау өте қатал. Ал бізде бәрін шешуге болады, пара берсең болды. Сатушының да тауардан айырылып, ақшасыз қалғысы келмейді. Мен шұжық жасайтын цехте жұмыс істеп көргеннен кейін шұжық жемейтін болдым, – дейді Николай Васильев.

Бүгінде қалдық тастайтын темір жәшік тұрған жер – тек кезбе-қайыршылардың ғана жүретін жері емес, бұл жерде сиыр да, басқа тіршілік иелері де жүреді. Қазір Семейде сиырдың көше кезіп жүргеніне, жолда сиырдың жапасының жатқанына ешкім таңғалмайды, және бұндай көрініс қала орталығынан онша алыс емес маңда адыңыздан шығады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG