Accessibility links

Алматы әкімдігіне басып кірген наразылық білдірушілер сот жауапкершілігіне тартылады


Полиция пикетке қатысқан белсенділерді тұтқындады. Алматы, 10 желтоқсан, 2008 жыл

Полиция пикетке қатысқан белсенділерді тұтқындады. Алматы, 10 желтоқсан, 2008 жыл

Сәрсенбі күні қалалық әкімшілік ішіне күшпен кіріп кеткен Алматыдағы даулы аудандар мен жатақханалар тұрғындарының наразы топ өкілдері мен полиция арасында қақтығыс болды. Пикетке шыққандар әлеуметтік мәселелердің шешілуін және әкім Ахметжан Есімовпен кездесуді талап етті. Бірақ олардың талабына бола төбесін көрсеткен әкім болған жоқ.

Қаладағы даулы жатақханалар мен «Красный трудовик», «Шаңырақ-5» елдімекендерінің 50-ге жуық тұрғыны жерлерін заңдастырып беру және Алатау аудандық әкімшілігі тарапынан құрылған комиссия құрамын өзгерту сияқты талаптарды қала әкімі А.Есімовтің алдына тартпақшы болған екен бүгін.

Наразы топтың қасында «Талмас» қоғамдық қозғалысының бұрынғы жетекшілерінің бірі Ризада Жақыпбек те бар. Ризада Жақыпбекке бұрын да әкімдік алдында рұхсат етілмеген митинг өткізгені үшін айыппұл салынған болатын.

Полиция мен әкімдіктің қауіпсіздік қызметкерлерінің қарсылығына қарамастан, кеңсесінен шықпай қойған әкімге наразы топтың өзі "бармақшы" ниетпен, полицияның құрсауын бұзып, есіктен ішке лап қойған. Әкімдіктің ішіне күшпен кірген "шақырусыз қонақтар" қарсылыққа тап болғандықтан, дәлізде "Менің Қазақстаным" әнұранын шырқап, шенеуніктердің назарын өздеріне аудартпақ болды. Бірақ наразылық білдірушілерге қауіпсіздік қызметінен басқа ешкім "көңіл бөле қоймады".

"Жиналған жұрттан 2 есе көп полиция мен қауіпсіздік қызметкерлері наразылық білдірушілерді сыртқа сүйреп шығарып, есік алдында тұрған автобустарға тоғытып алып кетті. Кейбір тұрғындардың ұялы телефондары тартып алынып, көбісінің киімдері де жыртылды. Полиция автобусқа күштеп отырғызылған наразылық танытушыларды Бостандық ауданының İшкі істер бөліміне алып кетті," — деп хабарлайды оқиға орнынан Азаттық тілшісі.

Наразылық акциясына қатысқандарды енді әкімшілік жазаға тарту ісі қарастырылып жатыр. Оппозиция белсенділерінің Азаттық радиосына хабарлауына қарағанда, оларға қарсы сот ісі ертең-ақ, яғни 11 желтоқсан күні болмақшы. видеосюжетті осы арадан көріңіз





Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG