Accessibility links

Әзіл-оспақ театрлары шығармашылық дағдарыста


Theatre, logo,
Theatre, logo,

Қазақстанда соңғы жылдары әзіл-оспақ театрларының саны көбейгенімен, олардың қоғамдағы рейтингі төмендегені байқалады. Мұны актерлардың өздері де жоққа шығармайды.

Арзан күлкіге әуестік ізденіспен, актер шеберлігімен келетін комедиялық қойылымдарға деген ықыласты азайтты. Бұл көрермен талғамының таяздана бастағанын аңғартады. Бұл жолдардың иесі «Бауыржан шоу» әзіл-оспақ театрының актері Алмат Сақатов өз ойын әрі қарай сабақтай келе:


— Дәл қазір комедиялық театрлардың шығармашылық деңгейі мен көрермен алдындағы беделі шатқаяқтап тұр. Негізі, әзіл мен сықақ болып екіге бөлінеді ғой. Осыған дейін біз сықаққа көбірек мән беріп келдік. Арзан күлкіден іргемізді аулақ салып, дүниенің, қазақтың мәселесін уытты сахналық сатирамен елге жеткізіп келдік. Кейінгі кезде көрермен жеңіл әзілге бой алғызып, астарлы, проблемалық сахна ойынына марғаулық таныта бастады. Өйткені, өз өміріндегі түйткілді мәселелерден бір сәт бой сергітуге театрға келсе, мұнда тағы да сол шешуі жоқ мәселені сахнаға алып шығады. Шамасы, содан жалыққан. Бірақ, халықтың тәрбиелік мәні жоқ жел сөзге құрылған қалжыңға көңіл бөлуі көрерменнің талғамын тұралатып тастауы мүмкін.


Алайда, мәселенің мәні тек қана көрерменге байланып тұрмағаны байқалады.


— Әзіл-оспақ театрларының басты мәселесі актерлардың ойнау шеберлігінің кемшіндігі дер едім. Өйткені, талантты актер кез келген көрерменді ортанқол шығарманы орындап-ақ баурап алады. Қазір, халықтың сүйіктісіне айналғысы келетін, еңбек сіңірген қайраткер болғысы келетін, жалғыз рет сахнаға шығып, жарқ ете қалғысы келетін және содан пайда табуға ниетті адамдар сахнада өріп жүр. Басты гәп осында жатыр,-дейді пародист Нұржан Тутов.


Аталмыш театрлардың тағы бір «бас ауруына» айналған мәселесі шығармашылық тапшылық. Сатира жанрында қалам тартып жүрген жазушылар мен күлкі театрлары арасында әлі күнге нақты бір шығармашылық келісім жоқ екенін мәдени басылымдар жиі жазады. Дегенмен, тығырықтан шығудың жолын қарастырып жатқан режиссерлар да бар екен.

Биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған «Тамаша» ойын-сауық отауының режиссері Асылбек Боранбай:


— Шыны керек, кейінгі уақытта актерлар өзіне керек әзілді өздері жазуға мәжбүр болып отыр. Осы мәселені бір жақты шешу үшін келесі жылдан бастап, үш-төрт сатирик таңдап алып, солармен ғана ортақ жұмыс істеуге бел буып отырмыз. Әйтпесе, авторға тапсырыс бересің де бір айдан кейін хабарласып, шығармасын алып, тағы бір айдан кейін телефон шалып өзгерту қажет деп жүргенде концерт өтіп кетеді.

Ал, комедиялық театрлардың қойылымдары арасында бүгінгі билікке тікелей түгілі, жанама болса да айтылған әзілдер теледидардан берілетін кезде қиылып тасталады екен.


— Әр театр концерт кезінде ақшасын төлеп, теледидарды шақырып қойылымдарын түсіреді. Ал, эфирге кететін кезде монтажды театрдың режиссері емес, теледидардың режиссері жасайды. Қазіргі теледидардың барлығы мемлекеттікі болғандықтан ондағы әсіре мемлекетшіл пысықтар жан салып билікті қорғаштап бағатыны рас.


Тағы бір айтатыны, «Әзіл театрларында шығармашылық дағдарыс бар. Кейде әлемдік дағдарысты мойындамай отырған билік сияқты біз де, шығармашылық дағдарысты мойындағымыз келмейтіні бар. Бірақ, шынтуайтында дағдарыс бар. Себебі, әр театрдың бір сатирик ұстауға жағдайы жоқ. Сосын бәрін тапсырыспен жазғызады. Оны кейін автордың қатысуынсыз түзетіп, сахнаға бейімдеп алады. Арнайы авторлардың жоқтығынан қазақ қалжыңының сахнадағы көркі мәз емес», - дейді «Терісқақпай» комедиялық театрының актері Олжас Сыдықбеков.

Қазіргі әзіл театрларының көбі — ең алғаш рет Қазақ теледидарында бағдарлама болып ашылып, кейін бүтін бір ұрпақтың сүйікті әзіл-оспақ театрына айналған «Тамаша» ойын-сауық отауынан ірге бөліп шыққан комедия театрлары. Асылбек Боранбай бір сөзінде, «Тамашадан» тәлім алған қазіргі сатиралық театрлар қайталауға ұрынып жатқанын айтып қалды.

XS
SM
MD
LG