Accessibility links

Сайлау сайын Назарбаевты қолдайтындар да үштік кеден одағына қарсы шықты


Қазақ-ресей шекарасында. Астрахань облысы, 24 мамыр 2009 жыл.

Қазақ-ресей шекарасында. Астрахань облысы, 24 мамыр 2009 жыл.

«Тәуелсiздiктi қорғау» қозғалысы Кедендік одаққа наразылық бiлдiріп, мәлімдеме таратты. Онда бұл ұйымға қосылу Қазақстанның тәуелсiздiгiне қауiп төндiретiнi айтылған. Сондай-ақ талаптары орындалмаса, президент пен парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы мәселе көтеретіндерін ескерткен.


ОТАРЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІККЕ ОРАЛУ


Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев, парламент сенаты мен мәжiлiсiнiң төрағалары Қасымжомарт Тоқаев пен Орал Мұхаметжанов және премьер-министр Кәрім Мәсімовке жолданған мәлімдеге 60-тан астам партия, қоғамдық ұйым мен баспасөз құралдарының басшылары және 100-ден астам әдебиет, өнер, ғылым және басқа салалардың қайраткерлері, бас-яғы 175 адам қол қойған. Қол қою бүкіл елде жалғаса беретіні хабарланды.

– Әлемдік тәжірибеге қарасақ осындай одақтар, осындай экономикалық ынтымақтасық негізінен саяси жүйелері бірдей, кезінде отарлық не болмаса өзге де синдромдардан айрылған елдер арасында мүмкін болып отыр. Өкінішке қарай, Ресей елі өзінің империялық ұстанымдарымен қош айтысқан жоқ. Оны қайта үдете түсіп жатыр. Бұл тұрғыдан Қазақстанның ешқандай есепсіз одаққа кіріп кетуі елдің егемендігі мен тәуелсіздігіне үлкен қауіп төндіреді, – дейді Азатық радиосына берген сұхбатында мәлімдемеге қолдау білдіргендердің бірі саясаттанушы Айдос Сарым.

«Қазақстан билiгi халықтың келiсiмiнсiз ресейлiк кеден аумағына енiп отыр. Кедендiк одақ тарифының 92%-ы Ресейдiң кедендiк кодексi тiзiмiнде белгiленген. Барлық кедендiк алымның 90%-на жуығы ресейлiк бюджетке түседi, ал Қазақстан шамамен 7%-на жуығын ғана иеленедi. Сарапшылардың есебі бойынша, соның салдарынан бiздiң мемлекеттік бюджетiмiз жылына 500 миллион доллар жоғалтатын болады» делінген бес күндік наурыз мейрамынан кейін, бейсенбі күні таратылған мәлімдемеде.

ЕКІНШІ ҚАДАМ – ВАЛЮТАЛЫҚ ОДАҚ

– Кедендік одақ интеграцияның басы. Екінші қадам – валюталық одақ. Бүгін Қазақстан қалай болғанда да өзінің экономикалық мәселелерін монитарлық және валюталық реттеу арқылы өзінің мәселелерін шешу мүмкіндігі бар. Ертең валюталық одақ құрылса Қазақстан ондай мүмкіндіктен айырылып қалады, – дейді Айдос Сарым.

– Үшінші, егер Беларусь адамға керек тауарлардың барлығын өндіріп отырған мемлекет болса, Қазақстан негізінен шикізаттан басқа ешнәрсе өндіріп отырған жоқ. Көп жағдайда ол Ресеймен әріптес емес, Ресеймен бәсекелес мемлекет. Осы тұрғыда алғанда Ресей өзінің мүддесін аяқасты етіп, қазақтың мәселесін шешеді дегенге өз басым өлсем де сенбеймін. Аталғанның барлығын назарға алатын болсақ одақты құру – Ресей үшін саяси мәселе. Яғни бұрынғы совет одағын қайтадан қалпына келтіру, – дейді саясаттанушы.

Оның пайымдауынша, Қазақстанға Ресейден гөрі түркі мемлекеттерімен бірлесе жұмыс істеген әлдеқайда тиімді болмақ.

«КЕДЕНДІК ОДАҚҚА БІРІГУ ӨРКЕНИЕТКЕ ҰМТЫЛУ»

Экономист Илияс Исаұлы, бүгінгі нарықтың дүлей дауылына қарсы тек көршілермен бірігіп, «қол ұстасып қарсы тұра аламыз» дегенді айтады.

– Қоғамның саяси-экономикалық сана сезімі дамыған сайын, жоғарылаған сайын бірігіп әрекет етуге мүмкіндіктер туады. Сана сезім төмен болса, ұрыс-керіс болып, төбенің артындағының барлығын жау көреді. Бұл бірігу – өркениетке ұмтылу. Кедендік салым уақытша дүние, оның үстіне кедендік салықпен күн көру мүмкін емес. Ондай мемлекет жоқ. Кедендік салықтан өзге де салықтардың түрі бар. Сондықтан ол біздің экономикамызға қандайда бір нұқсан келтіреді дегенмен келіспеймін, – дейді экономист Азаттық радиосына білдірген пікірінде.

Мәлімдемеде, «жоғарыда келтiрiлген мәселелерге орай бiз Кедендiк одақ жайлы келiсiмдердiң күшiн жойып, Қазақстан Республикасының бұрынғы Кедендiк кодексiн қалпына келтiрудi үзiлдi-кесiлдi талап етемiз! Жоғарыда айтылған талаптар орындалмаса бiз азаматтық наразылық акцияларын ұйымдастырамыз, билiк басындағыларды қызметтен кетiру және президент пен парламент сайлауын мезгiлiнен бұрын өткiзу туралы мәселе көтеремiз» делінген.

Қазақстанның жоғары билігіне жазылған мәлімдемеге қол қойғандардың арасында оппозициялық саяси партиялардан Жармахан Тұяқбай, Болат Әбілов, Ғазиз Алдамжаров, Әміржан Қосанов, Владимир Козлов, қоғамдық ұйымдардан Зәуреш Батталова, Мұхтар Шаханов, Дос Көшім, Бақытжан Төреғожина, Эрнест Төреханов, Айдос Сарым, Кенесары Қаптағай, тәуелсіз журналистер Гүлжан Ерғалиева, Рысбек Сәрсенбай, Ермұрат Бапи, Розлана Таукина, Серғазы Мұхтарбек, қазақ ақын-жазушылары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұзафар Әлімбаев, Қабдеш Жұмаділов, Тұрсынбек Кәкішев, Софы Сматаев, өнер қайраткері Асанәлі Әшімов, Алтынбек Қоразбаев, айтыскер-ақындар Ринат Заитов, Жандарбек Бұлғақов, Айнұр Тұрсынбаева, Айбек Қалиев, Сара Тоқтамысова, Айтақын Бұлғақов және т.б. жұртқа танымал кісілердің есімдері бар.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG