Accessibility links

Ресей мен Қазақстанға ортақ кедендік кодекс күшіне енді


Қазақстан мен Ресей шекарасы. Астрахан облысы, мамыр, 2009 жыл.

Қазақстан мен Ресей шекарасы. Астрахан облысы, мамыр, 2009 жыл.

Шілденің 1-нен бастап Қазақстан мен Ресей арасындағы Кедендік одақ аясында кедендік кодекс күшіне енді. Әзірге бұл құжатқа Белорусь елі қол қойған жоқ.


БІРЫҢҒАЙ КЕДЕНДІК АЙМАҚ

Бейсенбі күні Астанадағы ІІІ Астана экономикалық форумында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шілденің 1-інен бастап Кеден одағының жұмысы бастау алғанын мәлімдеді.

«Бұдан әрі қарай ықпалдастық қажет етіледі. Өткен 10 жылдықтардың ықпалдастығы түрлі құрлықтар арасында жасалды. Біздің алдымызда Еуразиялық құрлық ішіндегі әлеуетті пайдаланудан орасан зор мүмкіндіктер ашылуда. Осының жарқын айғағы ретінде Қазақстан мен Ресей арасында құрылып, бүгін қол қойылған Кеден одағы мысал бола алады. Бүгін, шілденің 1-інен бастап Кеден одағының жұмысы бастау алды. Мен осыны мәлімдеймін, – деді президент Назарбаев.

Қазақстан экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова Қазақстан мен Ресей арасында бірыңғай кедендік аймақ қалыптасты деп мәлімдеді.

– Сондай-ақ осы екі мемлекетке тасымалданатын тауарлар бірыңғай импорттық бажбен енген болса, оларды кедендік процедурасыз, яғни кедендік декларациясыз өтеді. Бұған қоса Қазақстан азаматтары 3-10 жылдың аралығында пайдаланылған көліктер үшін жеңілдетілген тәртіп бойынша баж алымын төлейді, – деді Жанар Айтжанова.

Кедендік одаққа мүше мемлекеттер арасында жасалған келісім базасы негізінде жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне импорт баждары 10-15 пайыз көлемінде белгіленеді. Осылайша жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне бұрынғы жеңілдіктер алынып тасталып, жалпыға бірдей тәртіп енгізіледі.

– Бұл ретте айта кететін мәселе, біз алып тастаған талаптар бұрын ресейліктерде де, беларустарда да болмаған. Алайда бұл Қытай мен Түркияның тауарлары бізге келмейді деген сөз емес. Олар бізге келеді және бұрынғыдай бәсекеге қабілеттілігін сақтайды. Бірақ олар жалпыға бірдей тәртіппен әкелінеді, – деді министр.

Сонымен бірге қазір Қазақстан азаматтарына көліктерді жеңілдетілген тәртіппен әкелуге рұқсат беретін құжат дайындалып жатыр.

ГЕОСАЯСИ ҚАТЕЛІК

«Азат» жалпы-ұлттық социал-демократиялық партиясының хатшысы Әміржан Қосанов Кедендік одақ Қазақстанның геосаяси қателіктерінің бірі болуы мүмкін деп санайды. Ол бұл құжатта бірқатар кемшіліктер бар екендігін айтады.

– Біріншісі, бұл құжатты қоғам талқылаған жоқ. Құжатқа қоғамның өкілдері, соның ішінде баға мен тарифтердің қымбаттауынан зардап шегетін және өз өндірісінен айырылып қалуы мүмкін шағын және орта бизнес араласқан жоқ. Көбіне көп шенеуніктер араласты.

Екіншіден, мұнда көптеген экономикалық, нақты тұспалдар алдын ала шешілген жоқ. 1 қаңтарда жарияланғаннан кейін осы күнге дейін көптеген цифрлар мен көрсеткіштерді Қазақстан да, Ресей де, Белорусь да келісе алмайды.

Үшінші кемшілігі, кезінде Ресейдің вице премьері Шуваловтың: «бұл кедендік одақ болашақта бірыңғай ортақ экономикалық кеңістікке және бара-бара ортақ валютаға алып келеді» деген ресми мәлімдемесі болды. Ал соған қатысты біздің ресми Ақ орда әлі жауап берген жоқ. Сондықтан осындай үш түрлі дүдәмалы бар құжат дәл қазір дағдарыстан әлі шыға қоймаған Қазақстанға және экономикалық әлеуеті Қазақстаннан оншақты есе көп Ресейді және осы күнге дейін түрлі себептермен одаққа қосыла алмай келе жатқан Белорус халықтарын жарылқайды дегенге мен сенбеймін, – дейді Әміржан Қосанов.

БЕЛОРУСЬ ӘЛІ ӘРІ-СӘРІ

Мамыр айының соңында Ресей мен Қазақстан кедендік одаққа шілденің 1-інен, Белорусь елінің қатысуынсыз екеуара бастау туралы келісімге келген болатын. Ал газ тасымалы үшін алынатын баж көлеміне қатысты Ресеймен ортақ шешімге келе алмаған Белорусь билігі бұл одаққа әзір кірмейтіндігін мәлімдеген еді.

Бұл мәселе алдағы аптаның басында Қазақстан, Ресей және Белорусь елдері басшыларының Астанадағы кездесуінде тағы да сөз болмақ.

– Шілденің 5-і күні Астанада Еуразия Экономика қауымдастығының саммиті өтеді. Сол жерде Қазақстан мен Ресей президенттері кездесіп, бірлескен мәлімдемеге қол қоюы тиіс. Беларусь президенті де саммитке шақырылған, – деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдрахманов.

Рейтер агенттігі сәрсенбі күні Белорусь парламенті жабық жиынында Ресей мен Қазақстан арасындағы кеден бірлестігіне кіруге қажетті құжатты бекітті деген ақпаратты әзірге Белорусь үкіметінің жоғары лауазымды шенеунігі растамай отыр деп хабарлады.

Кедендік одақ оған мүше елдермен сауда-саттық саласында Ресейдің ықпалын күшейтеді. Алайда, Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылғысы келетін Мәскеу онымен келіссөздер барысында осы кедендік бірлестікке байланысты елеулі қиындықтарға кезікті.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG