Accessibility links

Қазақ босқынының ұлы чех зиратына жерленді


Мұсылман босқын Хамит Нұрғалиевтің ұлы Мұхаммед Хамитұлы.Чехия, тамыз 2007 жыл.
Мұсылман босқын Хамит Нұрғалиевтің ұлы Мұхаммед Хамитұлы.Чехия, тамыз 2007 жыл.

Жол апатынан қаза тапқан тоғыз жасар Мұхаммед Хамитұлының тарихы екі жүзден астам мұсылман-босқындардың басынан кешкен оқиғаларының бір парағы ғана іспеттес. Мұхаммедтің әкесі өз елінде қуғынға ұшырады. Ал, Чехия оған баспана беруден бас тартып отыр.


ЖОЛ АПАТЫНА ҰШЫРАДЫ

Атырау қаласы бұрынғы имамының ұлы, тоғыз жасар Мұхаммед Хамитұлы ата-анасымен бірге Чехияның қиыр шығысында орналасқан Хавиржов қаласындағы босқындар лагерінде тұрды. Оның ата-анасы 2006 жылы арнаулы қызметтердің қуғындауынан құтылу үшін Қазақстаннан қашқан кезде Мұхаммед жеті жаста болатын. Мұхаммед шет жерде жүрсе де Хавиржовтағы чех мектебінің екінші сыныбындағы үздік оқушылардың қатарында болды.

2008 жылдың 5 ақпанында мектептен қайтып келе жатқан Мұхаммед босқындар лагерінің маңында көліктің астына түсіп қаза тапты. . Бұл лагерь - шарбақпен қоршалған кәдімгі жатақхана. Ауланың артқы жағында шағын ғана балалардың ойын алаңы бар. Ол жерге бару үшін жолдан өтіп, жоғарыға қарай екі жүз метрдей жүру керек. Бұл жердің жолы үлкен, сондықтан көліктерге жылдам жүруге рұқсат етілген.

Марқұмның әкесінің бізге айтып бергеніндей, ол жерде жаяу жүргінші өтетін жол да, бағдаршам да болмаған. Босқындар лагерінің тұрғындары бұл мәселені бірнеше мәрте қойған, бірақ бұл жерде бағдаршам да, жаяу жүргінші өткелі де Мұхаммед қайтыс болған соң екі айдан кейін ғана пайда болды. Әдетте балаларды мектептен күтіп алуға тырысатын. Бірақ сол күні осындай бақытсыздық орын алды.

Мұхаммед сол күні өзінің әкесі сияқты мұсылман қазақ босқындарының балаларымен бірге мектептен келе жатқан. Олар қалалық автобустан түсіп, енді жолдан өтулері керек болған. Балалар жолдың оң жағында, тротуарда қалды. Тек қазақ босқыны Хамит Нұрғалиевтің ұлы Мұхаммед қана жолдан жүгіріп өтті.

Кейіннен Карвин қаласы полициясы анықтағанындай, Мұхаммед автомобиль жолына оң жақтан, белгіленбеген жерден жүгіріп шығып, «Пежо-605» жеңіл көлігінің астына түскен. Соққы қатты болған. Басынан жарақат алып, сол жақ аяғы сынған жас бала тікұшақпен өлке орталығындағы ауруханаға жеткізілген. Алайда сол күні кешкісін байғұс бала есін жимастан дүние салды.

Мұхаммедпен бірге сол күні мектептен қайтып келе жатқан достары аналарының көзінше полицияға чех тілінде куәлік берген. Абдурахим Қайыржан атты баланың айтуынша, өзге балалар машина келе жатқан жоқ па деп қарау үшін жол шетінде тұрған кезде Мұхаммед
Мұсылман қазақ босқыны Хамит Нұрғалиевтің ұлы Мұхаммед Хамитұлы (оң жақта) мектепте. Чехия, Хавиржов, тамыз 2007 жыл.
жолдан жүгіріп өткен.

Саадулла Мұздыбаев деген бала Мұхаммед жолдан өткен кезде жүгірді ме, әлде жай жүрді ме, осы кезде жан-жағына қарады ма, жоқ па, бұны білмейтіндігіне куәлік берген. Екі баланың да айтуларынша, оқиға бола салысымен әлдебір ер адам келіп оларға үйлеріңе қайтыңдар деген.

Жергілікті полиция «Пежо-605» машинасының жүргізушісі Богумил Гузиур кінәлі емес, ол жерде сағатына 70 шақырымға дейінгі жылдамдықпен жүруге рұқсат етілгенімен, Гузиур сағатына 50 шақырым жылдамдықпен жүрген деген қорытындыға келді.

2008 жылы мамыр айында полиция рұқсат етілмеген жермен жолға жүгіріп шыққан баланы Богумил Гузиурдың қақпауы мүмкін емес еді деген қорытынды жасады. .

БАЛА ӘКЕСІНІҢ ДОЛБАРЫ ӨЗГЕШЕ

Алайда, арада бір ай өткен соң, 2008 жылдың маусым айында қайтыс болған баланың әкесі жол полициясының аймақтық басқармасына арыз берді. Оның атынан адвокат Фарид Ализейдің жазғанындай, полиция бала опат болған оқиғаның басқа да жағдайларын қаперге алмаған. Бұл жердегі басты дәлел мынадай: жүргізуші Богумил Гузиур мүгедек болатын және оқиға болған кезде оған рұқсат етілген жоғары жылдамдықпен келе жатқан.

Өз сөзіне дәлел ретінде адвокат Богумил Гузиурдың өзінің:«Алғашқы сәтте мен үлкен кісіні қағып кеттім бе деп ойладым, оның жас бала екенін білмедім»,-деген сөзін келтіреді. Адвокат жүргізушінің сөзіне сілтеме жасап, Богумил Гузиурдің - физикалық мүмкіндігі шектеулі адам екенін, көлікке отыру және шығу үшін оған біраз уақыт керегін айтады. Осыған орай адвокат жүргізушінің оқиға болған сәтте аса абай болмағанын тілге тиек етеді. .

Адвокат Фарид Ализей жүргізушінің мүгедектігіне, көлікті тым қатты жылдамдықпен айдағанына, егер жолдағы жағдайға мұқият болғанда көлігін тоқтата алатынына полицияның назар аудармағанын ескертіп, трагедияның себебін анықтайтын жаңа тергеудің жүргізілуін талап етті. Қаза тапқан баланың әкесі Хамит Нұрғалиев бір ғана сараптаманың қорытындысына қанағаттанып, полиция істі ерте жауып тастады деп есептейді. Богумил Гузиурдың медициналық жағдайын бағалау үшін адвокат өзге де сараптамалар жүргізуді ұсынды.

Адвокат, сонымен бірге, қарсы келе жатқан көліктегі куәлардың куәліктерінің Богумил Гузиурдың әрекетін ақтау үшін жеткіліксіз екенін атап өтті. Адвокат Фарид Ализей болған оқиғаны сағатына 70 шақырым жылдамдықпен қарсы келе жатқан көлікте отырып бақылаған куәлар Петр Шукал, Павел Качар Лукаш Топинактардың, жағдайды ресми құжатта жазылғандағыдай көруі мүмкін емесін айтады. .

Адвокаттың мәлімдемесінен соң бір ай өткенде Карвина аймақтық прокуратурасы прокурорының қаулысы шықты. Прокурор Отакар Цибиен «Пежо-605» автокөлігінің жүргізушісі Богумил Гузиур кісі өліміне алып келген жол оқиғасында кінәлі емес деген қорытындыға келді. Прокурор тексеру нәтижелерінен мысал келтіреді. Оған сәйкес, Мұхаммед жүріп келе жатқан машинаның алдынан 14 метр қашықтықта жолға жүгіріп шыққан. Оқиға осыдан соң бір секундтың ішінде орын алған. Ал жүргізуші бір секундтың ішінде ешнәрсе істей алмайтын еді, оқиғаға жаяу жүргіншінің өзі кінәлі деген қорытынды шығарды прокурор.

Баланың әкесі Азаттық радиосына істің осымен жабылғанын, оның өзі де Чехияда саяси баспана сұрап, кіріптар күйде жүргендіктен бұдан ары қарай іздене алмағандығын айтады.

Бұл жерде жергілікті халықтың ділінің айырмашылығы да байқалды. Хамит Нұрғалиев Қазақстандағы сияқты, «Пежо-605» автокөлігінің жасы келіп қалған жүргізушісі, чех азаматы одан келіп кешірім сұрайды, сөйтіп болған оқиға жайында ер азаматша сөйлесерміз деп ойлаған. Бірақ бұлай болмады. Хамит Нұрғалиев кездесу үшін оны іздеп те көрмек болды. Бірақ Хамитті адвокаты тоқтатты. Мұнда, Еуропада ешкім бұлай жасамайды. Егер оны іздей бастасаң, екінші жақ менен кек алғалы жатыр деп полицияға шағымдануы да мүмкін екен. .

ҚАБІРДІ 2028 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ЖАЛҒА АЛУ

Қазақстандық босқындар елге қайтып келмесе, ерте ме, кеш пе сол жақта дәм-тұздары таусылады. Бұл Құдайдың жазғаны. Әлемде жас Қазақстан мемлекетінен шыққан босқындардың бір ғана қауымы бар. Осы екі жүзден астам босқындар балаларымен бірге үш жылдан
Бұл жерде мұсылман қазақ босқыны Хамит Нұрғалиевтің ұлы Мұхаммед Хамитұлы жерленген. Чехия, Тшебич, 2009 жыл.
бері Чехиядан саяси баспана алуға әрекеттенуде. Және осы жас тәуелсіз мұсылмандардың қауымы Чехияның миграциялық лагерлеріндегі ең қомақтысы.

Осы қауымда 2007 жылы алғаш рет екі жасар Ибрагим атты бала ауыр науқастан шетінеді. (Оның ата-анасы Қазақстандағы туыстарын одан ары қудалап жүре ме деген қауіппен фамилияларын жәриялағысы келмейді). Бала ата-анасымен Чехияға ауырып келген болатын. Чех дәрігерлері бір жыл бойы әрекеттенгенімен, балаға ажалдан құтқара алмады Ибрагимнің ата-анасының қолында Чех ІІМ -нің теріс қорытындысы болғандықтан, Чехия билігі оларға саяси баспана бермеген.

Ибрагим мен Мұхаммед Тшебичи қаласындағы бейітке жерленді. Бұл – Чехиядағы мұсылмандарды жерлейтін жалғыз қорым. Еуропада қабылданғанындай, қабір үшін үнемі ақша төлеп тұру керек. Бұны – «бейітті жалға алу» дейді. Қазақ босқынының ұлына бейітті жалға алуға байланысты Тшебичи қаласының старостасымен типтік келісімшарт жасалды. Келісімшарттың 20 жылға, 2028 жылдың ақпан айына дейін күші бар. Осы уақыт аралығындағы жалға алу ақысы -200 еуро шамасында. Бұдан соң бұл шарт ары қарай тағы да, тағы да ұзартылады.

Қазақ босқыны Хамит Нұрғалиев ұлы Мұхамеддтің қабірінің басында. Чехия, Тшебич, 2009 жыл
Әдеттегі пәтерді жалға алғандағы сияқты, бейітті жалға алуда да жалға берушіге қарағанда жалға алушының міндеттері көп. Бұл жерде қазыналық бюрократияның қалыптасқан сөздері жетерлік. Мысалы, «жерлеу орнын тек келісім мақсатында ғана пайдалану»; «жерлеу орнын белгіленген тәртіппен өз есебіңнен күту»; «әкімшіліктің ұсынысы бойынша анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде түзеу» деген сияқты.

Бұл жерде, әсіресе, жалға алушының күшімен бейіт айналасын үнемі тәртіпке келтіру мәселесіне көңіл аударылған:«жерленген күннен үш ай мерзімнің ішінде жерленген орынды тәртіпке келтіру»; «жерленген орынды қисынсыз өсімдіктер басып кетпеуін қадағалау»; «тәртіпке келтіру барысында өзге жерлеу орындарына кедергі жасамау»; «кез-келген құрылыс жұмыстарын тек әкімшіліктің жазбаша рұқсатымен ғана жүзеге асыру, жұмыс біткен соң құрылыс қоқыстарын арнайы орынға төгіп, бейіт айналасын 48 сағаттың ішінде тәртіпке келтіру және жұмыстың біткендігі жайында міндетті түрде хабарлау».

ИМАМ ХАМИТ НҰРҒАЛИЕВ НЕГЕ БОСҚЫН БОЛДЫ?

Мұхаммедтің әкесі Хамит Нұрғалиев 24 жасынан молдалыққа бет бұрып, Атыраудағы ескі мешіттің имамы болса, 30 жасында Атырау облысы Индер ауданының имамы болды. Хамит қажы Нұрғалиев «Таза дін» ағымын ұстанатын тәуелсіз мұсылман қауымы мүшелерінің бірі.

Отанында жүрген соңғы жылдары өзінің ондаған жақтастары сияқты биліктің қудалауына ұшырады. Осындай бір оқиға жайында 2002 жылдың сәуір айында жергілікті «Старый парк» газетінде жазылды. Сол жолы, 2002 жылдың 15 сәуірінде, бірнеше полиция қызметкері Аққыстау мешітіне басып кіріп, сол жердегі имамдар Хамит Нұрғалиев пен Жасталап Шұғайыповтарды соққыға жыққан. Газеттің жазуынша, мас полиция офицерлері имамдарды соққыға жыға жүріп: «мына жерді уаххабшылардың ордасына айналдырғансыңдар ма?» деген.

Бұдан соң полицейлер имамдарды бөлімшеге алып кеткен. Тек жергілікті бір топ депутаттардың талабымен Исатай ауданының прокуроры араласқан соң ғана ұсталғандарды жіберген.

Осындай қуғындаулардан соң Хамит мешіттен кетіп, кәсіпкерлікпен айналыса бастаған. Ол Атырауда өзінің «Халал» азық-түлік дүкенін ашып, оның дүкені тез арада танымал болды. Бірақ бұдан соң: «тауар қайдан келеді, ақшаны қайда жібересің, шетелден қандай ақша аласың, неге елдер етті тек сенен ғана алады?» деген сияқты таусылмайтын тексерулер басталады.

2006 жылдың шілде айында Хамитқа тұтқындалу қаупі төнді. Бір жолы үйіне келе жатқанда оны жол полициясының офицерлері аңдып тұрып соңына түскен. Жолда тоқтатып, көлігін айып тұрағына алып кеткен. Бұл сенбі күні болатын. Біраз әуре-сарсаңға салған соң көлігін дүйсенбі күні алып кетуге болады деген. Бұл кезде оның біраз жолдастары қылмыстық айыптаумен түрмеде отырған. Хамитқа да жақсылық болмайтындығын байқатқан. Келесі күні ол Түркияға ұшып шықты. Ол жақтан Чехияға өтті. Бұл кезде Чехияда өзге де қазақтар баспана алуға әрекеттеніп жатқан.

Осылайша оларды қудалау, атап айтқанда: мұсылман қауымдары жиналатын пәтерлер мен үйлерде рейдтер ұйымдастыру; арнаулы қызметтер кеңсесінде үнемі сұраққа алып, қорқыту; тәуелсіз мұсылмандар мен олардың туыстарын жұмыстан босату және стандартты қылмыстық айыптаумен олардың бірқатар жолдастарын түрлі мерзімдерге түрмеге жабу – бұл қауым мүшелерінің жаппай эмиграцияға кетуіне себепкер болды.

Алайда, Хамит Нұрғалиевке чех билігі саяси баспана бермей отыр. Чех билігі Хамит Нұрғалиевтің өз елінде діни көзқарасы үшін жүйелі түрде қуғындалғандығы жайында нақты дәлелдері жоқ дейді. Оларға қатысты тінтулер ұйымдастырылды, полицейлер ұрып-соқты деген сөздерге чех полицейлері бұлар бірен-саран ғана болған оқиғалар, бұған қатысты Қазақстан заңдары бойынша шағымданулары керек еді дейді. Чехия билігі босқын мәртебесінен үміткер екі жүзден аса қазақстандық «Таза дін» қауымының мүшелері мен олардың кәмелетке толмаған балаларына да қатысты осындай уәж айтады.

ӨМІР БІР ОРЫНДА ТҰРМАЙДЫ

Қазір Хамит Нұрғалиевтің қолында чех билігінің екінші теріс шешімі бар. Бұл - өлкелік сот деңгейіндегі үкім. Енді соңғы шешімді Чех Республикасының жоғары әкімшілік соты шығарады. Хамит оның оң шешім шығаратындығынан үміттенбейді.

Алайда өмір бір орында тұрмайды. Чех бюрократиясы асықпай, баппен қимылдайды. 20-30 жасар қазақстандық босқындар сарсаңға түсіп жүрген жылдарда балалары да дүниеге келіп жатыр. Хамит Нұрғалиевтің артын ала Чехияға оның екі әйелі балаларымен қашқан.

Мұсылман қазақ босқыны Хамит Нұрғалиевтің қызы Ақкенже Хамитқызы. Чехия, Хавиржов, 27 маусым 2008 жыл
Ислам заңдары рұқсат бергендіктен, бұл қауымның кейбір мүшелері екінші әйел алады. Хамит Нұрғалиев Атырауда жүрген кезде-ақ, 2005 жылы жас балалы әйелге үйленген. Қазір оның қолында екі әйелінен жеті баласы бар. Үлкен екі қызы мектеп бітірді. Ең үлкені Дана жақында ғана жүргізуші куәлігін алды. Екінші қызы Ақкенже Острава қаласындағы тіл колледжінде оқиды.

Дәл осы кезде, билік оларға баспана беруге негіз таппағандықтан, полиция мен бірінші сатыдағы сот Хамиттің барлық балалары мен екі әйеліне Чехиядан кетулері керек деген теріс шешім шығарды.

Бұны - «негатив» деп атайды. Тіпті, ең кішкентайы – жеті айлық Жүсіп есімді ұлына да алғашқы «негатив» жазылды. Ата-аналары саяси баспана құқына ие болмағандықтан, балалары да бірге кетулері керек.

Хамит Нұрғалиев жақында әлеуметтік жағдайын жақсартып алған соң алғашқы отбасымен босқындар лагерінен шығып, көрші қалаға еркін тұруға көшті. Ал екінші отбасы әзірге босқындар лагерінде қалды.

Қазақстандағы өзінің халал-бизнесін есіне алған Хамит Чехияда да осы жұмысын бастады. Ол бірнеше қазақпен бірге чех фермерлерімен ынтымақтасып жұмыс істеуде.

Олар ет өнімдерін өндіріп, оны өз қауымының мүшелеріне және эмиграцияда жүрген өзге де мұсылмандарға сатады. Өзге қазақ-босқындар да әр жерлерде жұмыс істейді: біреулері құрылыста болса, екіншілері фермерлермен бірге жұмыс істеуде.
XS
SM
MD
LG